Өз таңдауларын жасады

       Сонымен, көптен күткен сайлау да жұртшылықтың делебесін қоздыра отырып, өз мәресіне жетті. Өз кезегімен өткізілген сайлауға республиканың түкпір-түкпіріндегі барлық сайлау учаскелері үлкен дайындықпен келді.

       Осыған дейін додада бақтары мен баптарын сынауға шыққан бес партияның «АDAL», «Ауыл», «Ақ жол»,«Қазақстан халық партиясы», «Nur Otan» сияқты партиялардың үкілеген үміткерлері ауыл-ауылдарды аралап, сайлаушылармен емен-жарқын әңгімелесті. Өз бағдарламаларымен таныстырып, партиялардың алға қойған мақсат-мүдделерін баяндады. Еліміздің дамуына алдағы болатын сайлаудың қосатын үлес салмағы, белгіленген жоспарлы межелер жан-жақты таныстырылды. Сайлаушылардың ой-пікірлеріне құлақ асты. Екі айдан аса уақыт жүргізілген сайлауға дайындық жұмыстары мен үгіт-көпшілік шаралары межелі жерге жетіп, бақ пен бап сыналар шақ та туды.

       10 қаңтар жексенбі. Таңертеңгі сағат – 7.00. Аудан орталығындағы Б. Соқпақбаев атындағы орта мектепке орналасқан сайлау үйіндегі комиссия мүшелері таң қараңғысынан дауыс беруге келген сайлаушыларды зор қошеметпен қарсы алды. Сайлаушылар мән-маңызы зор саяси шараның табысты өтіп, мерейлі болуы жайлы бір-біріне ақжарма тілектерін айтысты.

       Саяси шара Мемлекетіміздің Әнұранымен басталды. №763 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлмира Төлегенова саяси шараны ашық деп жариялады. Сайлаушыларды сайлаудың тәртібімен таныстырды. Келесі болып сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев сайлаушыларды мерекемен құттықтап, бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгерек екеніне тоқталды. Ел мен жердің, Тәуелсіз еліміздің дамуы мен әл- ауқаты жолында қызмет атқарғалы отырған саяси партияларға лайықты таңдау жасауға шақырды.

       -Құрметті сайлаушылар! — деп бастады сөзін бүгінгі саяси шараға тұңғыш рет қатысу бақытына ие болып отырған жас сайлаушы Аяулым Нұрмұрат. — Бүгінгі күн мен үшін ерекше айтулы күн. Себебі, ҚР Конституциясына сәйкес 18 жастан бастап сайлау құқығына ие болдым. Өз шешімімді қабылдап, өзім қалаған үміткер партияға даусымды бердім. ҚР әрбір азаматы сайлауға зор құрметпен қарап, өз таңдауын жасауы қажет,-деп түйіндеген Аяулымға сайлаушылар ризашылық танытты. Қарт сайлаушылар мен жас сайлаушыларға комиссия тарапынан естелік сыйлықтар табысталды. Келесі сәтте сайлаушылар қолдарына тиген бюллетендермен алды ашық кабинаға кіріп, өз таңдауларын жасап, Көк Тудың қасына қойылған әйнек жәшікке салып жатты. Сайлау үйіне келуге мүмкіндігі жоқ ең қарт сайлаушылар үйлерінде отырып-ақ дауыс беру құрметіне ие болды. 100 жасқа келген Ілімхан Бөлегенқызы үйінде отырып, өз таңдауын жасады. Бұл күні аудан көлеміндегі барлық сайлау учаскелерінде сайлау жоғары деңгейде жүргізілді. Сайлаушылар сенім артқан үміткер партияларға лайықты таңдауларын жасады.

 «Аспантау ақпарат»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password