Зұлматқа лағынет
«37» деген сан халық зердесіне қанды әріптермен жазылып, мәңгі өшпестей орын алды. Тарихтағы ең қатыгез және жаппай сипат алған кісі өлтіру науқаны 1937жылы басталды.Шетелдік зерттеушілер «үлкен террор» деп атаған сонау 1937-1938 жылдары Кеңес Одағында ,халықаралық «Мемориал» тарихи-ағарту қоғамының мәліметі бойынша ,1 миллион 710 мыңнан астам адамға саяси айып тағылып тұтқынға алынған да, солардың кемі 725 мыңы атып тасталған. Бұлардың ішінде атылған 25 мыңдай қазақстандықтар бар. Совет мемлекеті осы үлкен террор кезінде орта есеппен күн сайын бір мың азаматын атып өлтіріп отырды.
Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің 1937жылғы ақпан-наурыз Пленумы кеңестік қоғамды кең ауқымда тазарту жұмысын бастауға «батасын» берді.
Пленумда Бас хатшы Иосиф Виссарионұлы Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктер және Троцкийшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы» баяндама жасаған. Ол социалистік құрылыс барысында таптық күрестің шиеленісе түсетіні жайындағы доктринасын қайталады. Ішкі істер халық комиссары Н.И.Ежовтың баяндамасында бұрынғы солшылдарды- троцкистер мен зиновьевшілдерді, сондай-ақ, «оңшыл-ауытқушыларды» біріктіруді көздеген «оңшыл- солшыл» оппозиция құрмақ болды. Сталинге қарсы террор жасауды астыртын түрде жоспарлады деп Н.И.Бухаринге айып тағылды.
Сталин өз сөзінде «халық жауларының, екіжүзділікке салынатыны» сондай жымысқы әрекетпен «большевик» партияшыл болғансып» құбылатыны, «біздің сенімімізге» кіру үшін, өздеріне біздің ұйымдарымызға жол ашу үшін» шын келбеттерін көрсетпей, түпкі ниетін бүркеп алдаусырататыны жайындағы алғашқы елеулі ескерту «Киров жолдасты қаскүнемдікпен өлтіру» оқиғасымен жасалғанын айтып өтті.
1937 жылғы 23 ақпаннан 3 наурызға дейін жұмыс істеген БК(Б) П ОК Пленумында 72 адам сөз сөйледі. Бухарин өзіне терроршылдық қызметпен шұғылданды деген деректердің НКВД тергеушілері ұрып-соққылап мойындатуы салдарынан пайда болғанын айтып, жала деп мәлімдеді. Оның бұл мәлімдемесі- «советтік құрылысты қаралаушылық», ал жалаға қарсылық білдіріп, аштық жариялауы- «троцкийшілік әдіс» деп бағаланды.. Партиядан шығарылып, ісі НКВД-ге берілді. Осы Пленумда сөйлегендердің 52-сі террор барысында атып тасталды.
Сонымен, БК (Б) П ОК-нің аталмыш ақпан-наурыз Пленумы үлкен террордың идеялық негізін қалады.
НКВД-нің «Бұрынғы кулактар, қылмыскерлер және басқа да антисоветтік элементтерді репрессиялау туралы № 00447 бұйрығы» халықтың әлдеқандай қарсылық көрсетуге деген ерік- жігерін жаппай басып-жаншып тұншықтыруға бағытталған болатын. Оны 1937жылы 31 шілдеде БК(б) П ОК Саяси Бюросы мақұлдады. Онда ГУЛАГ лагерьлері жүйесін кеңейту жөнінде шешім қабылданды. Аталмыш бұйрыққа сай орындалған тек «Кулактар операциясы» ауқымында жер-жердегі үштіктер 818 мың адамды соттап, оның 436 мыңына ату жазасын кесті.
Өстіп аталған құжаттар жаппай саяси репрессиялар, яғни Үлкен террор кезеңін ашты. Алапат зобалаң шақ 1937жылғы 5 тамыздан 1938 жылғы 16 қарашаға дейін созылды. Оның нәтижесін (сондай-ақ ұжымдастырудың да салдарын) зерттеушілер өз халқына қатысты жасалған геноцид деп атауда. Ұлтымыздың барша қаймағын сыпырып алған жаппай саяси қуғын-сүргінді (сондай-ақ, халқымыздың жалпы санының жарты мөлшерін қынадай қырған ашаршылық апатын) біздің елде де осылай бағалау тіл ұшында жүр.
Сонымен, 1937 жылдың көктемінде ұлан-ғайыр кеңестік кеңістіктің барлық аймағында «халық жаулары мен екіжүзділерді түбірімен қопару және жою науқаны өріс алғанды. Сталиннің басшылығымен күрестің жаңа бағытының мәні; Троцкистерге қарсы күресте қазір ескі әдістер дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер түп- тамырымен құрту, талқандау әдістері керек»-деп тұжырымдалған. Мұны жер-жердегі бас шұлғығыш большевиктер қанағаттана қарсы алған. Сөйткенде большевизмнің түпкір- түпкірден құлдық ұрғыш әлі шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділері мен қилы жарамсақ- жағымпаз жақтастары түгелімен сонау «жаңа әдістермен» шұғыл қаруланған болатын.
Содан барып отыз жетінші жылдың ұмытылмас сүреңсіз суреттері Қазақстанда да орын алған «Қара құзғын» мінген қара киімді чекистер жазықсыз азаматтарды топырлатып түрмелерге тығумен болды. Жаз айларында астанадағы лауазымды азаматтар қамауға алына бастады. Шілдеде республика прокуроры Сүлеймен Есқараев ұсталды. Тамыздың басында ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов , одан сәл кейін Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тұтқынға алынды. Ұзамай егіншілік , қаржы, денсаулық сақтау халық комиссарлары Нығметолла Сырғабеков, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Алматы облыстық және қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы Жанайдар Садуақасов, халкомкеңестің көркемөнер істер жөніндегі басқарма бастығы Ғаббас Тоғжанов ұсталды.
Ғалымдар Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов, Қоңырқожа Қожықов абақтыға әкетілді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды кеңесшіл ақын-жазушылар да түрме төрінен орын алды.
Мәскеу түрмелеріне Ресей халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов, Бүкілресей Орталық Атқару Комитеті ұлттар бөлімінің меңгерушісі Нығмет Нұрмақов, Сауд Арабиясындағы елшілік қызметтен шақырып алынып, КСРО Ұлттар Кеңесі жанындағы Тіл және жазу жөніндегі Орталық ғылыми- зерттеу институтының ғылыми қызметкері боп жүрген Нәзір Төреқұлов, бұрынғы Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Кеңестік бақылау комитеті уәкілінің Өзбекстандағы орынбасары Сұлтанбек Қожанов, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян, екінші хатшысы Садық Нұрпейісов тоғытылды.
1937 жылдың күзінде Мәскеуде Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов пен Нәзір Төреқұлов, Алматыда Ахмет Байтұрсынов, Омбыда Қошке Кемеңгеров атылды. Сол 37-нің соңына қарай Қазақстан большевиктері Коммунистік партиясының Орталық Комитеті республика бойынша бірінші категориямен, яғни ату тәсілімен репрессиялануға тиіс адамдардың мөлшерін алты жүзге дейін көбейтуді сұрап, Мәскеуге өтініш түсірді. Республика басшылығы сондай-ақ, оған қосымша тағы мың адамды екінші категориямен, яғни ұзақ мерзімге соттап жазалауға рұқсат сұрап құлшынды. Ұсыныс 1937жылғы 3 желтоқсанда БК (б) П Орталық Комитетінің Саяси Бюро мәжілісінде бекітілді. Осылай жауды табу және көзін жою орайындағы саяси репрессия ауқымын арттыруды мойынға алған міндеттемесін асыра орындауды көздейтін жоспарлы арнаға салу арқылы Қазақстан билігі халыққа әкелген қасіреті мол үлкен террор көрігін өзіндік отынмен үстемелеп қыздыра түскен еді. НКВД құрамындағы айрықша кеңес «үштік», «екілік» деп аталған соттан тыс жазалаушы құрылымдар облыстардағы еңбекшілер арасын «тазалап» екпінді жұмысы жүргізіп жатты.
«Социалистік Қазақстан» газеті 1938жылы 22 наурызда «Қазақ халқының ежелгі жаулары» деген тақырыппен партия-кеңес қызметіндегі 19 қызметкерлерге «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл және бухариншіл» басшылар үстінен 6-12 наурызда Алматыда жабық сот болғанын хабарлады. Олар «Отанға опасыздық жасағаны үшін, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге, сөйтіп оны шетел империализмнің колониясына айналдыруға тырысқан әрекеттері терроршылдық істері, зиянкестік және диверсиялық жұмыстары, шетелдік шпионаж жасағаны үшін» ату жазасына кесілді және үкім орындалды деп жазды.
Үнпарақ дана әрі «Қазақ халқын бақытты, қызық дәуренінен айыруға тырысқан» осынау «ұлтшыл-фашист,троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттерді дер кезінде әшкерелеген даңқты чекистерге» ризашылығын білдірді. Оларға және «олардың сталиншіл Наркомы Н.И.Ежов жолдасқа Қазақстан халқы көп-көп алғыс айтуда» екенін аян етті. Республиканың басшы орындарына кіріп, орнығып алған сонау «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттердің», «Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге тырысуы салдарынан «бақытты қызық дәуренінен айырылып қала жаздаған Қазақстан халқы» енді бұдан былай ондай әрекетке жол бермес үшін «жауларды түгел жоюда НКВД орындарына әрқашан жәрдемдесіп отыруға дайын» боп тұрғанын жариялап баршаны сендірді.
Өкінішке орай Үлкен террордың екінші жылында халыққа қарсы жасалған мемлекеттік қылмыс барысында Қазақстанда 25 мыңнан астам жазықсыз жанды құпия атып тасталған еді. Ол халықтан жасырылып бұрмаланған еді. Шындықтың беті ашылуына Қазақстанның ерікті «Әділет» тарихи -ағарту қоғамы(құрылғанына жиырма үш жылдай болған. «Әділеттің» әр кезде төрағалары – Санжар Жандосов, Манаш Қозыбаев, Мұрат Баймаханов, Кеңес Нұрпейісов өзгеріссіз атқарушы директоры-Сәуле Айтмамбетова) көп еңбек сіңірді.
Осы қоғамдық ұйым жинақтаған деректерге қарағанда, 1937 жылы Алматы облысында атылғандар саны 440 болса, 1938жылы мыңнан асып кеткен, Жамбыл облысында 1937 жылы 330 адам атылса, 1938 жылы бұл көрсеткіш 510- ға жеткен.
1938 жылы 15 ақпанда Алаш қозғалысының қайраткері, ұстаз зерттеуші, кеңестік мәдениет қызметкері Қоңырқожа Қожықов атылды 25 ақпанда атылған 39 адам қатарында Санжар Асфендияров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сармолдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин құрбан болды. 26 ақпанда ішінде Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Асфендияр Кенжин, Сәлемхат Күленов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Әзімбай Лекеров, Бейімбет Майлин, Асхат Сейдалин, Жұмат Шанин бар 37 адам атылған. 27 ақпанда 41 адаммен бірге Мағзұм Асанбаев, Борис Берлин, Мерғали Қаділбеков, Сабыр Қапин, Әлкей Өтекин, Владимир Случак, Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұнғаншин, Михаил Чудочкин, Телжан Шононов оққа ұшты. 28 ақпанда атылған 40 адамның арасында Бірмұхамед Айбасов, Әшір Бүркітбаев, Оразалы Жандосов ( ағасы Ораз Жандосов 2 наурызда атылған) Мұхамедияр Жанкин, Мұхтар Саматов, Мұхаметқали Тәтімов болды. 3 наурызда Ибадолла Құлжанов, Мағазы Масанчи, Абдолла Розыбакиев, Рахым Сүгіров… барлығы 38 адам, 7 наурызда Нұртаза Ералин, Жұмахан Күдерин, Нұғман Манаев.. барлығы 43 адам, 8 наурызда Әбілқайыр Досов, Атлас Кәлменов, Жақсылық Құптасов, Хакімжан Нұрымов… барлығы 44 адам. 9 наурызда атылған 37 адам ішінде Әбдірахман Айсарин, Ахмет Нұралин, Шахзада Шононова (Қаратаева) Анас Ілиясова бар.
1937 жылдың күзінде Алаштың ар-ожданы Ахмет Байтұрсынов Алматыда, көшбасшысы Әлихан Бөкейханов пен тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұлов Мәскеуде атылды. Сондай-ақ Мәскеуде 1938 жылғы ерте көктемде Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, күзге салым Жанша Досмұхамедов оққа ұшты.
Қысқасы, үлкен террордың екінші жылында саяси айыппен атып тастау мейлінше күшейіп, қазақ қоғамының бетке ұстарлары түгелге жуық жойып жіберілді.
1938 жылдың күзіне қарай Сталин қуғын-сүргін ауқымының тым шектен шығып кеткенін ұқты. Оған жекелеген партия ұйымы басшылары НКВД-ның жол берген бұрмалаулары мен оның жоғарыға жолдап отырған жалған ақпарлары, түрмелердегі адам төзгісіз тәни азаптаулары жайында хат жазуға батылдық етті. 23 тамызда ішкі істер халкомының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Берия қыркүйек-қазан айларында Сталинге және өзгеде Саяси Бюро мүшелеріне тазалауды тоқтату қажеттігі жайында ашықтан ашық айтып жүрді.
Ақыры 1938 жылдың қазан айында сотсыз үкім шығаратын органның бәрі (НКВД-нің жанындағы Ерекше Кеңестен басқалары) таратылды. 25 қазанда Ежов орнынан түсірілді де нарком лауазымына Берия көтерілді
Жаппай репрессияға 1938 жылдың күзінде тоқтау салынса да, қуғын -сүргін одан бергі жылдарда да жалғаса берді. Мәселен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша «халық жауларын әшкерлеп» ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген. Соңғы деректерге қарағанда 1937-1946 жылдары атылып Алматы түбіндегі «Жаңалық» қорымына көмілген құрбандар саны 4219- ға жетті.
Тоталитаризм заманындағы жаппай саяси қуғын-сүргіндер ауқымында жүргізілген мемлекеттік террордың құрбандары аруағына құрмет көрсету- бүгінгі ұрпақтың парызы…
Алтай Байбосынов,
тарихшы, ұстаз.
0 Пікір