Қызыл мия қып-қызыл пайда

Ей, табиғат! Шеберсің — ау шеберсің,
Көрмегенді көрсетерсің берерсің
Ұлан — ғайыр байлығыңды мін етпей,
Ашкөзденген адамдарға не дерсің? (М.Мақатаев)

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласында туған жердің табиғатын, оның байлығы мен әр алуандығын сақтау жайында талғамды ой айтқан болатын. Мұның өзі ендігі арада байтақ даламыздың өсімдік және жан-жануарлар әлемін сақтау, жердің құнарын арттыру, өте сирек кездесетін дәрі-дәрмектік, емдік өсімдіктерді кәдеге жаратуда бей-берекетсіздікке жол бермей, олардың жойылып кетпеуін қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелердің үлкен жауапкершілігін алға тартады. Алайда оған мүлдем қарама-қайшы әрекеттерге барып, табиғатымызға орасан зор нұқсан келтіріп отырмыз. Осы күндері ауданымыздың кейбір аймақтарында ауыл жастары жаппай таулы аймақты бетке алып тамыр іздеуде. Жәй тамыр емес сирек кездесетін, құнды қызыл мия тамыры. 
Естеріңізге салсақ, қызыл мия өсімдігінің адам денсаулығына емдік шипасы мол. Біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырларда ежелгі грек тарихшысы Геродоттың өзі қызыл мия тамырының мың сан дертке дауа екенін айтқан. Қазіргі уақытта дамыған медицинада оның көптеген дертке шипа екені дәлелденіп отыр.
Қытай елінде қызыл мия өсімдігін жоғарғы орынға қойды. Оның тамырын сапалы дәрі дәрмек және дәрілік препараттар дайындауға пайдаланған. Тибетте «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп бағаланды. Жастық рең мен әдемілікті сақтау үшін бұл елде қызыл мия тамырынан қайнатпа дайындайды екен.
Мінекей жоғарыда аталып өткендей медицинада және косметология саласында ерекше қажеттілікке ие болып отырған бұл тамыр талайдың қалтасын толдырды.
Ауыл экономикасының төмендігі мен жұмыссыздықтың салдарынан болар ауыл жастары тауды бетке алуда. Одан түсетін пайда да қомақты көрінеді. Шамамен бір келісі 1500 тг. Бір адам ең азы 15-20 келі тамыр жинайды. Ал, ол тамырды қабылдап, Қытай еліне экспорттаушылар да алыста емес, өз Отанына оралған қандастарымыз болып отыр. Ең сорақысы тамыр терушілердің табиғат анаға залал келтіріп, опатты жағдайға әкеп соқтыратынын бірі білсе, бірі біле бермейді. Таммырымен жұлынған бағалы өсімдік біріншіден қайтып шықпайды, екіншіден тамырдың түбіндегі қопсыған топырақ жауынның салдарынан ағып, елді мекендердегі жолдардың бекітілуіне, және адам өміріне зиянын тигізуі әбден мүмкін. Бұған дәлел 2017 жылдың жаз маусымында орын алған Көлсай, Саты жайлауларындағы таулы аймақтың топырақ көшкіні екені белгілі.
«Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» демекші, тілі жоқ табиғат ананы қорғау орман қорғаушылардың міндеті болып саналады. Осындай өрескелдіктің орын алып жатқаны орман қорғаушылардың өз істеріне салғырттығынан ба әлде, қарапайым халықтың пысықтығынан ба, бірақ қорғауға алынбаған қызыл мияның тағдыры қыл үстінде. Болашақта осы бір қасиетті өсімдіктің қызыл кітапқа енгізілгені экономикамызға да, табиғатымызға пайдасы болмаса, зияны болмас еді…
Ата — бабамыз «жер — қазына, су — алтын, мал – байлық» деп тегін айтпаған, осындай қазыналы қазақ даласын қорғайтын сіз бен біз емес пе? «Бір тал кессең – он тал ек» деп табиғатты қызғыштай қорыған ата-бабаларымыздың аманат етіп қалдырған ұлан байтақ қазыналы даласының қадірінің қашқаны ма?

Айнаш Әлдибек

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password