Қытайдағы Абай тану және біз

 (Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толу байланысымен)

Абай кім? Абайдың кім екенін білмек болсаңыз Қытай астанасы Бейжіңнің төріндегі Тияанәнмин алаңының батыс жақ шетін жанай орналасқан Астананың халық ең көп баратын, Щауяаң халық бақшасына барыңыз! Сол бақшаның дәл ортасында ұлы Абайдың алып мүсіні көз тартады. Қытай мемлекетінің арғы-бергі тарихында ірі тұлғаларға белгі тас мүсін орнату мемлекет пен ұлттық салтында қалыптаспаған дәстүр. Солайда бұл не үшін? Себебі, миллиярдтар елі халқы, Абай Құнанбайұлын қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани көсемдерінің бірі, бірінің ішіндегі бірегейі деп танитындығында жатыр. Мен бұл сөзімді 2015-жылы шілде айында, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік ұлттық кітапхананың ішінен, Абайға арналған кітап бөлімін ашу салтында да айтқан болатынмын. Сол ұлттық кітапхана ішінен Абай бөлімін ашуға да Абайдың әлемдегі ұлы образы мен ол жаратқан өлмес мол рухани байлығы себеп болған. Кітапхана жетекшісі белгілі ғалым Үмітқан Дәуренбекқызының айтуынша, Англияның Лондон қаласындағы әлемдегі ең үлкен кітапханада Абай бөлімі бар екен. Мұны көрген  Үмітқан қарындасымыз өздерінің намыстанып, ұялып қалғанын мәдениет міністрлігіне мәлімдепті. Министрліктің қолдауымен кітапханадан Абай бөлімін ашқандығын, Абай тану жөнінде Қытайдағы халықтардың Абайды қалай танитындығы жөнінде білген әсерімді, ұлттық кітапхананың Абай бөлімін ашу салтында, салтқа қатынасқан әр саланың адамдарына айтып беруімді өтінді. Қабыл алдым. Мен тоқталғам жоқ. Тыңдарманым  Қазақстандағы жас ғалымдар болса керек. Шағын лекциям бірден тыңдармандарымды баураған болатын. Мен мына төрт бағытта сөйледім.

        Бірінші: Мен қытайдан көшіп келдім. Көшіп келгеннен бұрынғы ес білген  50 жылым Ханзу ұлтымен араласып өстік. Қытай тілін біліп, өзім өмір кешкен ауданның идеология бөлімін басқардым да, тіпті де Қытай ұлтымен аралас-құралас болып, олардың Абай жөніндегі көңіл-күйіне көңіл аудара бастадым. Бұрында сырттай білуші едім. Өртекес (Мұңғұлкүре) аудандарында парткомнің (Қытай басшылардың) рұқсатымен барлық ұлттық кадрларды ұйымдастырып ұлы Абайды талай рет таныстырғаным да бар. Ал Қытайдағы Қазақтар жөнінде, мен, және мен сияқты қазақ зиялыларының ең алғашқы көзін тырнап ашып оқығаны, Абай өлеңдері болды. Ес білгенде оқығанымыз Абай ақлиялары (Қара сөздері) болды. Абай Құнанбайұлы сынды ұлы ұстаздың кітабын әрбір қазақ жанұясы асыл мүлкіндей сақтауды әдетке айналдырған. Біздің ақындығымыз да, адамдығымызды да, білім мен морал жақтан өсу жолдарымыздың бас ұстазы Абай Құнанбайұлы.

                                       Жасымда ғылым бар деп ескермедім.

                                       Пайдасын көре тұра тексермедім.

                                       Ер жеткен соң түспеді уысыма,

                                       Қолымды мезгілінен кеш сермедім- атты өмір өлшеміне салып өстік. Бұл жалғыз менің ғана өсу жолым емес, Қытай қазақтары зиялыларының Абай мектебінен өсу, тәрбиелену өлшемі мен жолы болды. Абай сөзі, білген адамға әке сөзімен бірдей. Ақындықтың сыншы ұстазы да Абай. Біздер мүмкіндіктің барынша, Абай жаратқан өлең өлшемімен ақын болуға ұмтылдық. Қараңыз!

                                      Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы.

                                       Қиыннан қиыстырар ер данасы.

                                       Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп,

                                       Жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы. Я! Менде, тағы талай-талай қазақтың ақындары Абайдың өлең жазу өлшеміне жетуге тырыстық. Қаншалық көп үйренсек соншалық поэзиямыздың сапасы құнарланды. Отаршылдық сананың құлы, батыс пен басқа ұлт санасының құлы болған кейбір кеудемсоқ ақындар Абайды түсінбестен «Бас ақын емес» деп оттасада, Абай биігінен орын алған адамзаттың көңілін алған алғашқы ақын, тек Мұқағали Мұқатаев болса керек. Оның ең үлкен белгісі-бұл екі алып, өз ғасырының бұлт жетпес биік шыңдары болса да, оқырманның ой мен көңіл өлшемінде, қан мен қараның, шал мен баланың, тау мен даланың, кемеңгер мен шаланың…. барлығының көңіл төрінен орын алған осы ғасырлар адамы.

    Екінші: Алды да айттық. Қан мен қараның, шал мен баланың, дана мен шаланың да жаны сүйген ақыны ақылы болды деп. Қытайдағы Қазақ ұлтының қарапайым еңбек адамдарының сауаттысы да, сауатсызы да Абай атын біледі. Абай өлеңдерін екінің бірі жатқа соғып жүреді. Менің әкем Жанұзақ өздігінен сауат ашқан адам. Өзі шала сауат болса да маған 2-кластан бастап Абай өлең кітаптарын сатып әкеліп беріп жаттатқан болатын. Сол кітаптарды Ұйғыр саудагерлерден сатып алады екен. (1950-жылдар) Ал өзі, мен ержеткеннен кейін неге, не біліп күлетінін білмейсің, Абайдың «Болыс болдым мінеки» атты өлеңін жатқа айтатында соңынан бір түрлі суық күлетін

 басын шайқап, өз-өзінен шықылықтап отыратын. Меніңше, Қытай Қазақтарының қаны да, қарасы да, білімдісі де, данасы да, барлығы Абайды біледі, білмегендер қазақ емес сықылды болып қалатын. Бір тобы ақын болмаса да, Ұлы Абайдың құрметі үшін өлеңдерін жаттаған. Сөзімізге дәлел, айтыскер жас ақын Ержанат Байқабайұлы бір айтысының сөз кезегінде Абай атасына деген құрметі кеудесінен асып кетіп:

                                     Ақылды атамыздан бастау керек.

                                     Өлеңді Абай сынды шашпау керек.

                                      Абайға тіл тигізген адамдардың,

                                      Тұп-тура басын кесіп тастау керек- деп салған болатын. Бұдан Абай рухы Қазақтың әрбір қарапайым жанұясының пайғамбарына айналған, тең рухани тіреуі болғанына талас жүрмейді.

 Үшінші: Абай шығармалары Қытай еліндегі 55 ұлттың ішіндегі, жеке ұлт тілінде ақпарат-баспа сөзі бар, аз санды ұлттардың  тіліне түгел аударылған. Ал Шынжаңдағы басылымы бар ұлттардың тіліне түгел аударылып, ұлы Абайдың өлең жинақтарымен ақлия сөздері жеке-жеке кітап болып шығып, көп өтпей кітап сөресінен табылмай қалғанына өзім куә. Ал алуан тілдегі мерзімді басылымдар Абай өлеңдерімен ақлияларын дастархандағы асындай қадірлеп рухани өмірдің байуының қажетіне жұмсап жүргенін көріп, біліп, мақтанып жүрдік. Әсіресе адамзаттың 1,5 миллиярд жан санын ұстаған Қытай тіліне аударылып таратылуы үлкен ғанибет, Діңшяупың реформасы басталған, 1980-жылдардың басында, Қытай мемлекетінің бас аудармашысы, Қазақ ұлты ішінде жас өмірін өткізген Сібе ұлтының азаматы Қабайдың аудармасы арқылы Абайдың өлеңдерімен қара сөздері толығымен аударылған болатын. Қытай ұлты бұл жаңалықты өте жылы қабылдады. Содан 2000- жылға келгенде мемлекеттің атақты Түрік тілдерінің профоссор зерттеуші, әрі ақын Су Жоуши мен Қазақтың әйгілі әлем таныған жазушысы Әкбар Мәжитұлы екеуінің аудармасы арқылы ХҚР-ның мәдениет министірлігі мен ҚР-ның, ХҚР-дағы бас елшілігінің демеушілігі нәтижесінде, Абай ақлияларының толық жинағы «Абай ақлиялары» деген атпен кітап болып басылып шықты. 2012-жылға дейін әр реткі басылымында 10000 данадан таралып арт-артынан үш қайта басылды. Сөзімізді одан ары оқырман көңіліне ұялату үшін, Қытай елінің Абайды төбеге көтергендей құрметін дәлелдеу үшін Қытай елінің ең үлкен мемлекет басқаруындағы баспа, «Ұлттар баспасының» редакция сөзінен үзінділер алайық:  «Бірлескен мемлекеттер ұйым оқу-ағарту,  ғылым және мәдениет құрылымының Қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, әйгілі философы, танымал білімпаз Қазақтың таяу заманғы жазба әдебиетінің ірге тасын қалаушы Абай Құнанбайұлының дүеиеге келгендігінің 150 жылдығын еске түсіру үшін, баспамыз «Абай ақлияларының» ханзу тіліндегі және Қазақ тіліндегі нұсқаларын қалың оқырманға ұсынамыз»…  «Бұл кітапты алдымен Дұң ұлтының жазушысы, аудармашы Соу Жоушиоң орыс тілінен аударды. Аударылған нұсқасын еліміздің әйгілі жазушысы, аудармашы Әкбар Мәжитұлы мырза қазақша түп нұсқасына сай аударып бекітті және түсіндірмелер берді»…  Тағы «Еліміздің әйгілі аудармашысы, ақын, суретші Гаумаң мырза қатты жұмыс басты болып жүрсе де, қымбатты уақытын ажыратып, осы кітапқа арнап, Абай Құнанбайұлының суретін сызып берді және Абайға арнап өлең жазды».

      Адам азғындаса атасын жат көреді, әке жағасынан алғыш келеді. Адам мәңгүрттікке басса анасын атуға пейіл. Қазір біз Қазақ елі тәуелсіз елміз десек те соңғы бір ғасырда  (отыз жылда да оң бұрылыс болған жоқ) Қазақтың санасын да, даласын да зұлымдық жайлаған, қатыгездік пен жалғаншылық жайлаған тарихта қаламгерлердің шебінде де, бір топ мәңгүрттер жетілгені рас. Оның басты белгісі, Абайды танымау, Абайды қаралау. Мен сол құл соқырлардың көзін ашу үшін, Қытай жұртының атақты суретші, аудармашы ақыны Гау Маңнің Абайдың суретін сыза отырып жазған арнау өлеңін толығымен көшіремін. Қазақтан тумай кеткірлер сендер не дейсіңдер? Шығыстағы  миллиярдтар елінің ақыны не дейді?

                                              Айналаң тастай қараңғы.

                                               Сейілер қашан қайғыңыз?!

                                                Қазақстанда жаралды,

                                                Сөнбейтін жарық ай, жұлдыз.

                                                Жанын жеп, тауысып көз майын,

                                                 У ұрттап жаны алысқан,

                                                  Арнады ақыл, ойларын

                                                  Тау тұлғалы данышпан.

                                                   Өлеңде тұр  өрілген,

                                                    Қараша қамы тізіліп.

                                                    Құшағың күн боп керілген,

                                                    Жаныңды  жүрміз біз ұғып.

                                                   Ел бастап жырың аттандап,

                                                    Бір өмір ақын шаршадың.

                                                    Адамзатта толды ақ таңдақ,

                                                    Абайлар туды қанша мың.

                                             Хас сұлулық жасадың

                                           Сондықтан жұрттан аса алдың.

                                           Жартастарды жаңғырттың.

                                             Көз жасың жуды жағаны.

                                             Саңлау ашып санадан,

                                             Қазақтың тұрды Абайы.

                                             Ақыл мен жырың ұрпаққа,

                                              Әлемді шарлап таралды.

                                              Ай аунап, жылдар көшкенде,

                                               Ұстаз боп Абай саналды.

                                                Боз торғай әні емес бұл,

                                                Салатын тағы қайталап.

                                                 Жердің шарын ояту,

                                                 Құмары жердің тарқамақ…..

                                                    :::::::::::::::::::::::::::::::

                                                  Бодауы қайтты еңбектің,

                                                 Сылдырап ақты тас бұлақ.

                                                 Самалды жайлау, саумал көл,

                                                   Билейді жаңа жас құрақ.

                                                   Өзіңсің Абай, ата тау.

                                                    Таудың дәмін татады-ау!.

                                                    Ұрпақтары бата алып,

                                                    Өзіңнен енді жатады- ау!

                                                    Гуілдеп желі ғасырдың,

                                                     Ғарышты өбіп жатады.

                                                    Әлемге әйдік әділет,

                                                     Бырт-бырт үзді матауды.

                                                     Көз салшы Абай, тыңдашы!

                                                     Адамзатқа әз болдың,

                                                      Жерді жарып атағың.

    Біз Қазақ ұлты, Ұлы Абайымызды, ұлтымыздың санасын ғылым, білім, мәдениетпен ашып, адамзаттың шыт жаңа өркениетімен тоғыстыруға, жол ашқан мәңгілік рухани көсеміміз деп білуге ақылымыз. Біз ұлы Абайды  Гаумаң танығандай тани алдық па? Я, біздің қаламгерлердің арасында, «жат к…не жалпаңдағыш» «Өзі болған қыз төрлінін танымайтын» есерлерді социялистік релизм әдебиетті жетілдірген. Олар қазір асыр салуда

                                                  «Күшік асырап ит еттім,

                                                   Ол балтырымды қанатты.

                                                   Біреуге мылтық үйреттім,

       Мерген болып, мені атты. Біздің дәуіріміз болған Тәуелсіздіктің тұстарында, әлемнің рухани жаңғыруына шығып болған Абайды құлатпақ болғандар аз болмады. Олар Абайды «Қазақтың бас ақыны емес» деп танытқысы келді. Абайды тану-Қазақты тану. Абайды қазақтың рухани пайғамбары деп танымағандар қазақ емес, олар тәуелсіздік пен ұлттың рухани сатқыны. Олар өз кезінде дара биліктің, отаршылдық әдебиеттің жалауын жалпылдатқандар еді. Қазір өз қожасынан адасып қалған иттей жақсы адамның аяғына жармасып жүр.

Абайдың еңбектерін қайтадан үйрену, үлгі ету, зерттеу-адамзаттық көркем рухани әлемді қалыптастыру үшін болады. Абайдың орны адамзат тарихындағы ұлы данышпандардың қатарында. Социализм қоғамы Абайдың алатау рухани байлығын өзінің үстемдігінің пайдасына бола зерттеді. Ал біз ұлы Абайды тәуелсіз Қазақстан елінің рухани әлемін тазалау, сапаландыру үшін, үйренеміз зерттейміз, насихаттаймыз. Осындағы Абайтану, Абайды үлгі етіп, ұлтының мәдениеті мен әдебиетін дамытудағы біздің қазіргі бас сардарымыз да, үлгімізде президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Бұл адам тоқтап қалған, Абай жолы, Абай мұрасы сынды ел тарихының рухани көшін ең алдымен президентіміз өзі жетектеп келеді. Дәлелсіз сөздің дәмі жоқ. Президент бола салып, Жидебайға барып Абай аруағына тағзым етіп, құран бағыштады. Әрі бүкіл ел халқына үлгі болып Абайдың алып ойлы өлеңдерін өзі бастап жатқа оқыды. Әрі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын бүкіл ел бойынша салтанатпен атап өтуге тапсырма берді.  Іле-шала Астана қаласының тәуелсіздік алаңында ұлттық белгіміз домбараның алып тұлғалы ескерткішін орнатуға аса мән берді. Елдің иесі игілікті іске бастаса, ілеспеген халық, халық болып саналама?!

    Жер шарының батысындағы кітапханаларда Абай бөлімі, бірлескен ұлттар ұйымында Абай Құнанбайұлының өзіндік тұлғалық орны, шығыстағы миллиярдтар елінде де, ел болып Абайды құрметтеп, Абайтану ғылымын дамып отырған бүгінгі күнде, ұлы Абай Құнанбайұлы данышпанымыздың, бір мезгіл бұлт басқан тұлғасы бұлтты жарып шығып асқақтай  түскен қазіргі  Абайдың отанында Абай рухы тағы да асқақтай түсетініне сенеміз.

                           Жүрегімнің түбіне терең бойла!

                           Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!

                           Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

                           Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма! Абайдың «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын», деп налыған дәуірі арғы ғасырдың есебінде қалды. Ол заманға қазір өкпе жоқ. Абайдың рухына у қосып өз халқына ішкізген социализмге кекте көп. Тәуелсіз ел болдық десекте, алдыңғы 30 жылымыз ұлы Абай Құнанбайұлының қадіріне жеткен жоқ.  Қазір сенім мол. Ойлап та, байқап та қарасаң,  Абайдың ұлы рухын адамзаттың озық рухани өркениетінің  легіне шынымен қосатын дәуірі енді жеткен сияқты. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бастаған біздің еркін, тәуелсіз Қазақстан ресубликамыздың саяси өміріндегі сәтті қадамдармен байланысты екенін білу қиын емес. Мақаламды Ұлы данышпанымыз Абайдың мына бір шумақ өлеңімен аяқтайын!

                                        Білімдіден шыққан сөз,

                                        Талаптыға болсын кез.

                                         Түрін, сырын көруге,

                                         Көкірегінде болсын көз.

                              Нұрмұқан ЖАНҰЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

 ақын, сыншы, тарих зерттеушісі,

 Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password