Ырыс пен ынтымақтың мерекесі

      Құдайға  шүкір!Тәңіртау  етегінде  биыл  қыс  жайлы  болды. «Кәрі  құданың» қаһарына  ұшыраған, шығын  беріп, зиянға  шыққан  тіршілік  иесі  жоқтың  қасы. Бас  аман,бауыр  бүтін. Шаруа  оңды, төрт  түлік  қоңды.Жақсылық  берекеге,береке  мерекеге   жалғасып, ел-жұрттың  кемерінен  асқан  қуанышқа  қарық  болған жайы  бар. Көңіл  көркейтер  осынау  қуаныштың  өзіндік  жай- жапсары  да  жоқ  емес. Өткен  жылы  дәл  осы  наурыз  айы  туа  салысымен таулы  өңірдегі  халықтың  ұзақ  жылдан  бері  арманы  орындалып, ақ  түйенің  қарны  жарылған  шадыман  шаттық  салтанат  құрған  еді.Содан  бергі  аралықта аудан  аумағында  жанды  жадыратар  жақсылықтар  жалғасын  тауып, көптеген  игілікті  істердің  басы  қайырылды.Әсіресе,аудан  орталығы  мәртебесін  қайта  алған  Нарынқол  ауылының  тыныс-тіршілігі бұрын-соңды  болмаған  сипатқа  ие  болған.Ауыл  ішіндегі  көшелердің негізгі  дені  асфальттеліп, жарықтандырылды. Батыс жағынан  жаңа  заман  талабына  сай  20  тұрғын  үйдің  құрылысы  бой  көтеріп,осынша  отбасы қоныс  тойын  тойлады.Көптің  көңілін  көпсітер, алдағы  күнге  деген  сенімін  серпілдірер осындай  іргелі  істер әлі  де  жарасымды  жалғасын  тауып,күннен-күнге  қарқын  алуда. Осынау  жүректерді  жылытып, көңілдерді  көпсіткен  қуаныштарды  қасиетті  Наурыз  мерекесінен  бастау  алып, жаңа  келген Ұлыстың  ұлы  күніне  қайта  жалғасқанын  Жаратқанның  жақсылығына  балап, шүкіршілік етпеске  не! Құдайым  берген  қуанышынан  айырмасын.  

       Әз  Наурыз  мерекесі биыл  аудан  орталығында  күн  мен  түн  теңелерден  бір  күн  бұрын, яғни  21  наурыз  күні  басталды.Бұлай  болуының  астарында үлкен  мән  бар  болып  шықты. Таулы  өңірдің  аудан  болып  қайта  құрылуын  аңсай  күткен  қалың  қауымның  арманы  араға  жиырма  бір  жыл  салып  барып  орындалды. Биылғы  Наурыз  мерекесі  өңір  орталығында  21  жылдан  кейін  аталып  өтіп  отыр. Ендеше,осыншама  уақытты  артқа  салып  барып  көрген  қуаныштың  құрметін  осылайша  әспеттегеннің  еш  айып-шамы  жоқ. Ой-ниет  орынды, көңілге  қонымды.

   Ұясынан  арқан  бойы  көтерілген алтын  күн  де  Жер-ананың  кеудесін  мейірім  шуағын  молынан  төгіп, Ұлыстың мерейін асыруда.Айнала  табиғат  жасарып, жайнай  түскен. Аумағы  бірқауым  жерді  ала  тігілген  ақшаңқан  үйлердің  айналасындағы  қайнаған  тіршіліктің оңайшылықта тыным  алар  түрі  көрінбейді. Қайда  қарасаң  да тасыған  мерей, көркейген  көңіл.Ақ  жүректен  ақтарылған  ақ тілек, айқара  айқасқан  құшақтар. Бейілді береке мен ырысты  ынтымақты арқау  еткен   ыстық  ықыластар.Үсті  аузы-мұрнынан  шығып  ұлттық  тағамдармен  көмкеріле  белі  қайысқан  ақ  дастарқан. Жеті  түрлі  дәмнен  жасалып,исі  мұрынды  қытықтайтын  наурыз  көже. Хантәңірі  шыңындай  ақ  қалпақ  киген  ақсақалдардың  ақ  батасы, дидарларына күн  ұялаған  ақ  кимешекті  әжелер,ешкімді  бөліп-жармай  наурыз  көжесін  шын  пейілімен  ұсынып  жатқан  ақ  жаулықты  аналар.Құндыз  бөрік, ою-өрнекті шапан киген бозым  жігіттер  мен   бүрмелі  көйлек, үкілі  тақиялы  айдай  арулардың сыңғырлаған күміс  күлкілері  мен әуелете  шырқаған  әсем  әуендері,өрнекті  өнерлері  көңіл  көкжиегін  қияға  самғатады.

       Бұл  күні  Ұлыстың  ұлы күні  мерекесіне  Нарынқолдың  тұрғындары  ғана  емес, ауыл-ауылдардан  да  адамдар көптеп  жиналды.Ел  тізгінін  ұстаған  азаматтар  да, ел  несібесін  еселеу  жолында  тер  төгіп  жүрген  еңбекқорлар  мен  кәсібін-нәсібіне  балаған  іскер  жандар  да,өнегелі  ісімен  абырой  арқалаған  ардақтылар  да, ақ  баталы  ақсақалдар  мен  ақжаулықты  аналар  да, ұлттық  дәстүрді дәріптеген  өнер  иелері  де, бір  сөзбен  айтқанда, еңбектеген  баладан,еңкейген  кәріге  дейін  осы  жерден  табылып, ырыс  пен  ынтымақтың  мерекесі – Әз  Наурызға  зор  құрмет  көрсетті.

      Айтулы  мереке  күре  жолдың  о  шеті  мен  бұ  шетін  ендей  құрыллған  сахна  төрінде  жарасым  тапты.  Сахна  төріне  көтерілген  ауданға,ел-жұртқа  белгілі азаматтар дүйім  жұртқа  ыстық  ықылас, ақжарма  тілектерін арнады. Алғаш  сөз тізгінін  ұстаған  аудан  әкімі Жолан  Омаров  қалың  қауымды осынау  жөні  бөлек,еншісі  ерек  ұлық  мерекелерімен  құтттықтады. Отбастарына  жақсылық, шадыман  шаттық, таусылмас  ырызғы-несібе, дендеріне  саулық, бастарына байлық, бақуатты  ғұмыр  тіледі.Наурыз  мерекесі  қарсаңында  ел  қуана  құптайтын,көптің  көңіл  түкпірінен  берік  орын  алатын  жағымды  жаңалықтардан  да  хабардар етті. Осынау  аудан  өміріндегі  бүгінгі  таңда  болып жатқан  жақсылықтардың  бастамашысы  Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаевқа  деген  аудан  тұрғындарының ыстық  ықыласы  ерекше  екенін  айтқан  аудан  басшысы,ендігі  жерде  таулы  өңірдегі  ел-жұрттың Тұңғыш  Президентке  деген  жүрек  жарды алғыс  сезімдерін хат  арқылы  жолдау  жөнінде көпшілікке  ұсыныс  тастап,ризашылықтарын  алды. Өз  кезектерінде  сөз  алған  ауданның  Құрметті  азаматы,ардақты  ана  Биқан  Кенебаева, аудандық  аксақалдар  алқасының  төрағасы  Бекболат  Бірбаев,аналар  алқасының  төрайымы  Дина  Молдағожаева, басқа  да  адамдар  ақ  тілектерін  ақтарды. Асып-тасқан  ақ  ниеттер  бұдан  кейін  көңіл  марқайтар  марапаттарға, алғыс  хаттарға  жалғасты. Мереке  үстінде  жасау-жабдығы  мен  сән-салтанаты  көпшіліктің  таңдайын  қақтырған  қазақ  үйлерге, Наурыз  мерекесін  айшықтайтын  наурыз  көжелер  мен  ұлттық  тағамдарға, ұлттық  киімдерге  де  айрықша  назар  аударылып, әділқазылар  ақасының сараптауынан  өткізілді.Талап  деңгейінен  көрінгендер  лайықты  сый-сияпаттарға  ие  болды. Қазақша  киінген  аналар  бұдан  кейін  наурыз күні айтылатын  қазақы  ырым-тиымдардан  көріністер көрсетті. Келесі  сәтте  ақбоз  атқа  мініп  ел  алдына  шыққан  Қызыр  баба  көпшілікке бата  беріп, ниет-тілегін  арнады. Сүмбелік  жырау  Серік  Айтбайұлы  орындаған  Майқы  бидің  өсиет  термесі  де  жүректерден  жол  тапты. Әр  ауылдан  келген  өнерпаздар өнер  сүйер  қауымды  әсем  әуен, мың  бұралған  билерімен  баурап  алды.  

      Мереке  барысында  ұлттық ойындардың  да  бағы  ашылып, абыройы  аспандады. Палуандар боз  кілем  үстінде  белдессе, қарулы  жігіттер  қол  күрестіріп,білек  күштерін  байқасты. Батпандарды  жоғары-төмен  допша  үйірді. Мойны  мықты,белі  мықты  жігіттер  салмағы  50  килодан  кем  емес  қошқарды  70-80  мәрте  көтеріп,көрерменнің  таңдайын  қақтырды. Ұлттық  спорт  түрлерінен  болған  осынау  жарыстардың  қортындысымен  қошқар  көтеруде  Бағжан  Найманбаев  бірінші  орынды  жеңіп  алды. Қазақша  күрестен  Нұрлан  Қайыпберді бірінші, Мағжан  Раванов  екінші, Қайрат  Рақымберді  ұшінші  орынды  қанжығаларына  байлады. Батпан  көтеруден  Берікбол  Қалиханов, Дәурен  Сыпатаев, Бағжан  Әденов, қол  күресінен Марғұлан  Әлдибеков,  Жандос  Дәулетұлы,асық  атудан  Әшір  Асқар, Әбдірахман  Найзанұр,Бағдат  Аят  үздік  деп  табылды.Ұлттық  спорттың  басқа  түрлері  де  осылайша  өрнектелді. Жеңімпаздарға аудандық  спорт  комитеті  тағайындаған  сыйлықтар  табысталды.

     Иә, Ұлыстың  ұлы  күні – Әз  Наурыз  аудан  орталығы  Нарынқолда  ұлттық  талғамға  сай  осылайша  әспеттелді. Көзі  көріп,көңілі  тойған  тойшыл  қауым «Наурыз құтты  болсын, Жаратқан  Иеміз ырыс  пен  ынтымақтан  айырмасын, елімізге  тыныштық, шаттық  заман орнасын, жаманшылық  болмасын, отбасындағы  жарасымды  жақсылық тауып жалғасын, ыстық  ықыластар кеңейте  берсін  арнасын»  деген  ниет-тілектерге  жүрек  түкпірлерінен  орын  бере  тарқасты .
Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,  «Хантәңірі»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password