ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨСІРЕТІН НӘЗІК ЖАН

       Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылдық округінен Зәуре Қабиева атты еңбекқор жанды кездестірдік. Аталған округ аумағынан 6 гектар суармалы жер алыпты. Оның 2,5 гектарына қырыққабаттың екі түрін өсіріпті. Былтыр қырыққабаттың бес түрін отырғызып айналысқан екен. Зәуре негізі Алматы қаласының тумасы. Қалада тұрады. Еңбекшіқазақ ауданының аумағында да жері бар көрінеді. Қырыққабат өсірумен айналысып келе жатқанына оншақты жыл болыпты. Еңбекқор жан биыл салат айзверг және броккели атты қырыққабаттың екі түрімен айналысуда. Бөлек-бөлек 2,5 гектарға өсірілген қырыққабаттар көздің жауын ала жайқалып тұр. Рас, оның құрамында көптеген дәрумендер бар. Жасартатын қасиеті де жоқ емес. Адамдар күнделікті тағам түрлеріне, тамаққа, салатқа пайдаланып келеді.

      — Мұның шаруасы жеңіл емес. Қиындығын көтерген жандар нәтижесін көретін болады. Күзде қырыққабат өсірілетін жерді жыртқызып, дайындап қоямыз. Таулы өңірдің тосыннан келіп жауып өтетін бұршағы жұмысымызға қиындығын тигізуде. Келесі жылы бұршақтан сақтайтын дүниемен үстін жабулаймыз. Онсыз болмайды екен. Алла қаласа, тамыздың аяғында қырыққабатымыз жемісін береді. Алдын ала келісімшартқа отырған сауда нүктелері, базарларым бар. Өнімді қиналмай өткіземіз. Қырыққабаттың еткен еңбегімді ақтап келе жатқан жайы бар. Суармалы жерді таңдап алып, жұмыс жасап жатырмыз. Уақытылы суарылады. Арам-шөптерден тазартамыз. Күтімді көп қажет ететін өсімдік,-дейді Зәуре біраз жайды алға тартып.

    Көзіміз көргендей, қырыққабаттар жап-жақсы орамға келіп қалыпты. Біркелкі жайқала жетіліп келе жатқан тағамдық өсімдікке аз еңбектің кетпегені аян. Мұнда белді көмекшілері бар. Жағдайлары жақсы. Біз қырыққабат өсіруді сүйікті кәсібіне, өмірлік нәсібіне айналдырып келе жатқан Зәуредей нәзік жанның ісіне сәттілік тіледік.

                                                                       Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                                         Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password