Қырандарды түлеткен
Республикамыз егемендік алғанға дейін барлық қазақ өз пікірін ашық білдіре алған жоқ. Пікір айтып ой бөлісу үшін алдыменен партияның қас-қабағына қарау керек болатын еді. Енді құдайға тәуба!! Не десекте еріктіміз.
Бірақ айтылған оңды сөзді тыңдайтын құлақ болса! Меніңше қоғамды рухани жаңғырту, мал өсіріп, құрылыс жасап, экономикалық жағдайды оңалту ғана емес, қазақтың салт-дәстүрімен менталитеттік тәлім-тәрбиесі туралы да болса деймін. Осыған орай неше түрлі ойға келесің. Сол жиырмасыншы ғасырда тіліміз, дініміз, қазақи тәлім-тәрбиемізді жоғалтып алмау үшін жастарымызға түзу жол көрсетіп, адал ақыл айтқан дарабоздарымызды естен шығармай аттарын атап еңбектерін ұлықтап жүрсек қандай жақсы болар еді. Осыған бір мысал Ұлы Отан соғысының ардагері 1941 жылдан 1945 жылға дейін қырғын майданда соғысып, денесінің бірнеше жерінен сау-тамтық қалмай жараланып, запастағы майор атағымен оралған әкеміз Мейірбеков Әлнұр қарияның еңбегін бүткіл Жетісу өңірі білетін еді.Қасиетті Қангелді бабамыздың бел ұрпағы Әлнұр Мейірбекұлы Сарыжаздың төл тумасы еді. Әкесінен ерте айырылған Әлнұр неше түрлі қиындықты көріп өскен. Өзінің саналы қайсар мінезінің арқасында оқып жетіліп ауданымыз Нарынқолдың «Хантәңірі» бұрынғы атауы «Советтік шекара» газет редакциясының тізгінін ұстаған. Әлнұр әкеміз редакцияның тізгінін ұстап қана қойған жоқ. Ол ақындардың зауыты, ақылдың кені, абыз атанды. Әлнұрдың алдында тіпті Мұқағалидың да сөзіне қонақ бермейтін бүкіл таулы аймақтың еркесі Еркін Ібітановтың ол кісіні әкесіндей құрметтеп, қия өтпейтініне куәміз. Өмірдің талай тар жол тайғақ кешуінен өткен сарабдал абыз өзінің өкше басар інісі Бердібек Соқпақбаевпен сырлас, әріптес, қарулас адамдар болатын. Әлнұр Албан атамыздың қалам ұстап, берісі-Алашқа, әрісі-жер жүзіне танымал ақын, жазушыларының ұстазы, ақылшысы, ел аузында ақындар ұстаханасы атанған адам.Ол өз қарамағында тәрбиеленген Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Мұқатай Жылқайдаров, Батық Мәжитұлы, Қанат Тәкебаев, Әбітай Әденов, Баққожа Мұқай, Айтақын Әбдіқалов, Мінуар Әкімханов, Серікжан Қажиев, Айтақын Әбілбековтер сияқты шәкірттерін мәңгі мақтанышы санады. Осылармен бірге республикалық «Жас Алаш» газетінің редакторы болған Ырысбек Сәрсенбайұлын ерекше атауға болатын шәкірті еді. Аудандық «Хантәңірі» газетінің осы жақын күндерде қатар жарық көрген екі нөмірінде ауданға белгілі ұстаздар Дина Молдағожаева Әлекең туралы қалам тербеп, ол кісінің атын Сарыжаз орта мектебіне беру жөнінде орынды ой қозғаса, Бекболат Бірбаев Әлекеңнің тіршілігінде Қайнар ауылының тұрғындарымен етене аралас болғанын айта отырып, есімін Қайнар орта мектебіне беру туралы ұсынысын айтыпты. Несі бар, аға есімін екі мектептің қайсысына берсе де ешкімнің дау-дамайы болмайтыны анық. Ойымды қорыта келе Әлнұр ағамыздың еңбегін ескере отырып, аталған екі мектептің бірін «Әлнұр Мейірбеков» орта мектебі деп атаса, ұрпақ алдындағы бір парыздың өтелгені болар еді демекпін. Ал, сіздер, бұл мәселеге қалай қарайсыздар, ағайын?!
Нұрлан Әкімбайұлы
Зейнеткер ұстаз,
«Қазақстан білім беру ісінің үздігі»,
ауданның Құрметті азаматы,
«Алтынсарин» медалінің иегері.
Талас ауылы
0 Пікір