ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНЦИЯ

       Ауданымыздың басты тіршілік көзі егін шаруашылығы мен мал шаруашылығына негізделетіні белгілі. Соның ішінде, аудандық мал шаруашылығы үшін ветеринария саласының маңызы өте зор. Ветеринарияның міндеті- жануарлар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, мал дәрігерлік сараптау және тексеру арқылы санитарлық тұрғыдан таза жануарлар өнімдерін өндіру нәтижесінде, адамзатты антропозооноз ауруларынан сақтау, сыртқы қоршаған ортаны қорғаудағы ветеринариялық-санитарлық проблемаларды шешу мәселелерімен айналысу болып табылады. Нақтылар болсақ, адамзат тұтынатын барлық мал өнімдерінің тазалығы ветеринария саласының қадағалауымен тығыз байланысты. Демек, ветеринария саласының қызметкерлері- адам денсаулығының сақшылары деуге де толық негіз бар. Жалпы, ветеринариялық станция ісін ҚРсы 2010 жылы 4 наурызда қолға алып нақтылап бекітті. Оған дейінгі уақытта, ветеринария саласы инспекция бақылауында, ал ветеринариялық станция (совет үкіметі кезеңінде) айтарлықтай ауқымды мекеме болған.

        Қазіргі таңда, Нарынқол ауылында жоғарыда аталған міндеттерді мінсіз атқарып отырған аудандық Ветеринариялық станция жұмыс жасауда. Бүгінгі жазбаға арқау болып отырған бұл мекеме өз жұмысын тыңғылықты атқарып отырған мекемелер қатарынан деуге толық негіз бар. Оған дәлел, ауылдардағы мал бастарының түрлі дерттен аулақ болуы және алдын алу шараларының сәтті орындалуы. Аудандағы жануарлар санына қарай, ветеринариялық станция жұмысы да өз алдына күрделі міндеттерді орындайды. 2021 жылдың маусым айының ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасының мәліметі бойынша, Райымбек ауданының мал басы 76570 МІҚ, 391859 бас ҰММ, 40716 бас жылқыны құрайды. Сала қызметкерлерінің айтуы бойынша, қазіргі сәтте ауыл шаруашылық жануарларынан аса қауіпті дерттер тіркелмеген болып шықты. Қауіпті дерттер қатарына, аусыл, сібір жарасы, оба сынды ауруларды жатқызуға болады. Ветеринария сала қызметкерлері де дәл осы аурулардың алдын алып, уақытылы екпе жоспарын орындауды игі әдетке айналдырған. Жылына екі мәрте күйісті малдарға, он үш түрлі ірі қара мен қойларға, үш түрлі жылқы ауруларына- маңқа, сақау, сібір жарасы сынды ауруларға екпе жасалады екен. Ауданымыз буферлік зона қатарына жатқызылатын аймақтар қатарынан болғандықтан, сала қызметкерлері аусыл дертінің алдын алуға баса мән беріп, жылына екі мәрте күйісті малдарға екпе егуді жүзеге асырады. Қуанышқа орай, қазіргі уақытта аудан көлемінде аталған дерт тіркелмеген. Дегенмен, ілгері уақыттарда бұл дерт халықты біраз әбігерге салған сәттер де болған. Осы шараларды жүзеге асыруда басшылық жасап, үздік нәтижелерге жетіп отырған мекеме басшысы-Айбек Берікбай.

        Айбек Берікбай 1980 жылы 23 қазан айында Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында өткен. Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ветеринария факультетінің студенті болып, оқуды сәтті аяқтап, еңбек жолын 2009-2010 жылдардан ветеринария саласында бастаған. Ал аудандық ветеринария саласына 2018 жылы сәуір айында басшылыққа келген. Сол сәттен бастап, осы салада ерен еңбек етіп, ерекше жауапкершілікті маман ретінде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Ауданымыздағы ветеринариялық станцияның тарихында ерекше еңбегімен дәріптелуге тұрарлық тағы бір тұлға- Серік Сабырақынұлын атап өтпеске болмайды.

        Серікбек Солтанбеков Сабырақынұлы 1958 жылы 27 қарашада Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қарасаз орта мектебін аяқтаған Серікбек Сабырақынұлы, Алматы зоотехникалық институтының малдәрігерлік бөлімінің студенті болды. 1987 жылы оқу орнын аяқтап, толыққанды маман атанып, еңбек жолын Қарағанды облысынан бастаған. Кейіннен, Жамбыл ауданында, Еңбекшіқазақ аудандарында малдәрігері болып жұмыс атқарған. 1995 жылы ауданға оралып, М. Мақатаев атындағы колхозда малдәрігері болды. 1997 жылы Райымбек аудандық ветеринариялық инспекциясының Қарасаз малдәрігерлік бөлімшесінің учаскелік мал дәрігері болып қабылданды. 1998 жылы аудан әкімінің 26 қазандағы шешіміне сәйкес, шаруашылық есепке көшуіне байланысты бөлімше меңгерушісі қызметінен босатылып, 2000 жылы Қарасаз селолық әкімшілігі шешімімен учаскелік малдәрігері болып жұмысқа қабылданды. Келесі жылы, өз шешімі бойынша жұмыстан босатылды. Жақсының жақсылығын айта жүру қанымызға сіңген әдет болғандықтан, Серікбек Сабырақынұлының жоғары біліктілігі мен елеулі еңбегін назардан тыс қалдыру үлкен әбестік болмақ. Айбек мырзаның айтуынша, Серікбек Сабырақынұлы ветеринария саласының нағыз майталманы болып шықты. Сөзіне дәлел ретінде, майталманның жақында өткізілген аттестация сауалдарына мүдірместен жауап бергенін алға тартты.

       Ветеринария саласы өз қажеттілігіне орай бірнеше мамандарды керек етеді. Аудандық ветстанция басшысының айтуынша, аталған салада жалпы штат бойынша, округтермен қосқанда 105 адам жұмыс жасайды, ал аудандық мекеме ғимаратында жұмыс жасайтындардандың жалпы саны 15 адамды құрайды, олар: директор орынбасары Берік Қасымханов, эпизоотолог Дархан Рахымов, бас есепші Назым Байбосынова, ИСЖ-маманы Дана Сауданбекова, жұқпалы ауруларға жауапты маман Ерлан Анықбаев. Аталған мекеме қызметкерлерінен өзге, әр ауылдың ветеринариялық пункт меңгерушілерінің де еңбегін елемеске болмайды. Атап айтар болсақ, Қақпақ ауылынан Қайрат Жұмабаев, Текес ауылынан Нүсіпалиев Дүйсен, Сүмбе ауылынан Карбозов Бекен, Сарыжаз ауылынан Бекасыл Спатаев сынды мамандардың да жұмыстары әрдайым өз нәтижесін беріп келеді.

        Мекеме басшысының айтуынша, ветеринариялық станцияның салмақты мәселелерінің бірі- маман тапшылығы. Ветеринария саласын таңдап білім алатын жастар жағы жеткілікті болғанымен, ауылдық аймаққа жұмысқа келуге құлықсыз болып шықты. Бұл мәселе тек ветеринария саласында емес, жалпы ауданымызда өзектілікке ие екені мәлім. Жоғарыда ветеринария саласының қызметкерлер санын атап өттік, өкінішке орай, кейбір ауылдарда арнаулы білімді мамандар жоқ. Маман тапшылығы әсерінен, зейнет жасындағы кісілердің егде тартқан жас ерекшелігіне қарамай жұмыс жасауына тура келуде. Тәжірибеден өту мақсатында келетін болашақ мамандар жоқ емес, дегенмен, тұрақты жұмысқа орналасуға ниет білдірген университет түлектері төбе көрсетпей тұр. Айбек мырза, мұның себебін жастардың ветеринария саласының мәнін терең түсінбеуінен деп тұжырымдап, ветеринария саласына деген таяз түсінік мамандардың біліктілігіне үлкен кесел екенін алға тартты. Сондай-ақ, ауданымыздың ветеринария саласының өз деңгейімен ілгерілеу үстінде екеніне де дәйекті дәлелдер келтіріп, оған елеулі үлес қосушы ретінде, марқұм Жолан Ыбырайымұлына ерекше алғыс айтуды жөн көрді. 2018 жылы Жолан мырзаның тікелей ықпал етуімен ветеринариялық станция бірқатар техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

        Ауданымыздың басты бағыттарының бірі, негізінен, мал шаруашылығын өркендету болғандықтан, мал өнімін молайту мен өндірудегі жұмысқа қойылар талап та жоғары. Мал шаруашылығындағы түрлі аурулардың алдын алу мақсатында ветеринария жұмысында еңбек ететін мамандарға жүктелер міндет те зор. Сапалы мал өнімі молайса, аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмысы мен денсаулығы да кепілді болмақ. Осы мақсатта, ветеринария саласы қызметкерлері ұйымшыл түрде жемісті еңбек етіп келеді.

Ақерке БИЖАН,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password