Ведомствоаралық кеңестің отырысында

    Көктем айының алғашқы аптасында аудан әкімшілігінде прокуратураның ведомствоаралық кеңес жиыны болды. Жиынға аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, аудан прокуроры Шәміл Құтелов, мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

           Күн тәртібіндегі аудан аумағындағы қылмыстық жағдай (профилактика), жергілікті атқарушы органдардың кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қызметіне, оның тиімділігі мен қабылданған шаралары туралы, аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының қызметіне кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы мен олардың құқықтарының сақталу жағдайы, жол көлік апаттарының алдын-алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар және жол қозғалысы саласы бойынша қолданыстағы заңнаманың сақталуы сияқты бес мәселе турасында жиынды аудан прокуроры Ш.Советұлы ашып, жүргізіп отырды.

        Аталған бес мәселе бойынша аудан прокуратурасының аға прокуроры Талғат Әбеков баяндама жасады.

       Айтылғандай, аудан прокуратурасы 2019-2020 жылдары аралығында жергілікті атқарушы органдардың кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қызметіне оның тиімділігі мен қабылданған шараларына талдау жүргізген. Нәтижесінде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалауынсыз және панасыз қалуының алдын-алу туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмысы орындалмағандығы анықталады. Аталған бағытта мүлдем талдау жұмыстары жүргізілмегендігі және аталған бағыт комиссияның назарынан тыс қалған. Бұл туралы баяндамашы ағымдағы жылдың өткен мерзімінде аудан аумағында болған қылмыстарға талдау жүргізілгенін және алдын-алу шарасы жандану керектігін баса айтты.

        –2021 жылдың 2 айында аудандық ПБ-ның арыздар мен ақпараттарды тіркеу кітабына 137 ақпарат тіркелген. Оның 22 сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелсе, 15 әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал ақпараттың 100 қараусыз қалдырылып, нарядқа тігіліп, өкілетті органға немесе аумағы бойынша жолданған,– дейді баяндамашы.

       Қылмыстар санатына қарай 2021 жылдың екінші айында өткен 2020 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауыр және аса ауыр қылмыстардың пайызы өссе, мал ұрлығы 8(5), алаяқтық 1, жол көлік оқиғалары 1 тіркелген. Мал ұрлықтары Шалкөде, Тегістік, Текес, Қызылшекара ауылдарында бір қылмыстан тіркелген.

       Жоғарыда атап өткен комиссиямен қандайда бір зерделеу жұмыстары мен социологиялық зерттеулер жүргізу ұйымдастырылмаған. Осы тұрғыда бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар желісінің дамуына жәрдем көрсету және олардың қызметінің мониторингін қамтамасыз ету былай тұрсын, талдау жасалмапты. Яғни, құқық бұзушылықтың алдын-алумен айналысатын органдар мен ұйымдар жұмысының оң тәжірибесін жинақтау және тарату, оларға әдістемелік және практикалық көмек көрсетілмеген. Керісінше өз қызметтерін басқа мемлекеттік органдарға сілтеп, мүлдем жұмыс атқармағаны анықталады.

       Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының қызметіне кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы мен олардың құқықтарының сақталу жағдайына талдау жүргізілген. Талдауда көрсеткендей аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының құқық бұзушылықтар бойынша профилактикалық шаралардың жүргізілуі және олардың жұмыстарының ұйымдастырылуы төмен екендігі, олардың білім беру мекемелерімен тиісті қатынас жүргізбейтіні дәлелденеді.

       Баяндамада «Жол қауіпсіздігін және регламенттерді, нормативтер мен стандарттарды сақтау саласында әкімшілік полиция бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» ҚР ІІМ-нің №757 бұйрығының 1-тарауының 5-тармағының талаптарына сәйкес автомобиль жолдарын, көшелерді, жол құрылыстарын кешенді тексеру туралы да сөз болды. Онда бақылау жұмыстары жылына екі рет көктем мен күзде 1 сәуірден бастап, 20 маусымға және 1 қыркүйектен бастап, бірінші қарашаға дейінгі кезеңдерде жүргізілетіндігі көрсетілген. Нақтыланған жоспарға байланысты тиісті талаптар орындалмаған. Сәйкесінше, Текес ауылындағы 1 бағдаршамның ұзақ уақыттан бері жұмыс істемеуіне жергілікті атқарушы органға ескертпелер, нұсқамалар берілмегендігі, сол сияқты Нарынқол ауылының Абай және Жәмеңке көшелерінің қиылысындағы 2.4 «Жол беріңіз» басымдық белгісі орнатылмағандығы, Сарыбастау ауылындағы С.Сауранбаев атындағы орта мектептің жанындағы көшенің бойында жылдамдықты азайту жөнінде жол белгісі жоқтығы, сондай-ақ Жаңа Текес-Сарыбастау тас жолында «Қауіпті бұрылысты» ескертетін бірде бір белгі болмағаны ашық айтылды.

       Жиын соңында күн тәртібіндегі бес мәселе бойынша тиісті мекеме басшыларынан сұрау болды. Сондай-ақ, аудан әкімі орынбасарларына сын-ескертпелер айтылып, кеткен кемшіліктерді түзетуге тапсырмалар берілді. Қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру, ірілі-ұсақты мал ұрлығын болдырмау сияқты бірқатар тапсырмаларды жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары мен елді мекен учаскелік инспекторларына жіті жандандыруды тапсырды.

С.Нұрбақытұлы,

«Хантәңірі».

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password