ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНДА

   Шілде айының алғашқы күнінде аудан әкімшілігінде прокуратураның ұйымдастыруымен ведомствоаралық кеңес өткізілді.

       Жиынға аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, аудан прокуроры Шәміл Құтелов, ұйым, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

        Күн тәртібінде аудан аумағындағы қылмыстық жағдай (профилактика), түзеу мекемелерінен босатылған, сондай-ақ, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазасын өтеп жүрген адамдарды жұмысқа, тұрмыстық орналасуына, әлеуметтік және өзге де көмектің басқа да түрлерінің ұйымдастырылуы, жол апаттарының алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу, мал ұрлығы деректеріне талдау жасау сынды мәселелер қаралды.

       Алғаш сөз тізгінін ұстаған аудан прокуроры Шәміл Советұлы Құтелов аудандағы қоғамдық-саяси ахуал барысын сипаттай отырып, өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша аудан прокуратурасының аға прокуроры Талғат Әбеков баяндама жасады.

       Баяндама деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың 6 айында аудандық ПБ-нің арыздар мен ақпараттарды тіркеу кітабына 451 ақпарат тіркелген. Оның, 60-ы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелсе, 67-і ақпарат бойынша тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған, 324 ақпарат қараусыз қалдырылып, нарядқа тігіліп, өкілетті органға немесе аумағы бойынша жолданған.

       Қылмыстарды санатына бөлсек, 2021 жылдың 6 айында өткен 2020 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауыр және аса ауыр қылмыстар өсуде (2020 жылы – 8 қылмыс, 2021 жылы – 14 қылмыс), және жалпы қылмыстың саны өсуде (2020 жылы – 39 қылмыс, 2021 жылы – 60 қылмыс). Округтарға бөлетін болсақ, ұрлық Нарынқолда – 12, Сүмбе – 7, Сарыжазда – 6, Сарыбастау – 5, Шәлкөдеде, Қайнар – 4-тен, Жамбылда, Тегістікте, Текесте – 3-тен, Қарасаз және Қақпақта – 1 қылмыстан тіркелген. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде адамды өлтірумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелмесе де, оқталумен ұштасқан қылмыстық бұзушылықтың 3 дерегі тіркелген (2020 ж. ҚК-99 бабы 1-б –1.).

        Сонымен қатар, ұрлық 25 (18), алаяқтық 1 (1), жол-көлік оқиғалары 7(6) тіркелсе, кәмелетке толмағандардың жыныстық бостандықтарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелмегені белгілі болды.

       Т.Әбековтың баяндамасындағы талдау нәтижесінде көрсетілгендей, қылмыстардың мұндай дәрежеде болуы тиісті профилактикалық іс-шаралардың жүргізілмеуіне орай деп түсіндірілді.

       Біріншіден, жалпы жасалған қылмыстардың 35%-ын ұрлық қылмысы құрайды (25 қылмыс), оның ішінде 7 мал ұрлығы және 18 басқа да ұрлықтар тіркелген.

        Екіншіден, мал ұрлығына тоқталсақ, аудан бойынша 6 айда, аудандық ПБ-нің 7 мал ұрлығы тіркелген, жалпы малдың саны – 22 (10 жылқы, 4 қой және 8 ірі қара). Барлық қылмыс мал жайылымда қараусыз жайылып жүрген жерінен ұрланған.

        Үшіншіден, айтып кететін жағдай, ол үй жануарларын автокөліктермен түнгі уақытта қағып кетуі, жыл басынан 7 жол-көлік оқиғалары орын алғанын нақтылады.

       Орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша 5 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған және 2 малдың иесі қазіргі уақытқа дейін табылмай отыр.

       Сонымен қатар, қылмыстардың 4-еуі (2020 – 6) қылмыскерлермен алкогольдік ішімдікке мас күйінде жасалған, 4-і (2020 – 7) қоғамдық орындарда жасалған және де барлық санаттағы қылмыстарды жасағандардың 100%-ы жұмыссыз тұлғалар есебінен болып шықты.

       Қазақстан Республикасы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының талаптарының дұрыс орындалмауы, атқарылатын іс-шаралардың формальды түрде, жасанды орындалатындығының нәтижесі екенін де ашық айтты.

       Ведомствоаралық жиналыстарда жиі көтерілетін мәселелердің бірібейнебақылау құралдарын орнату. Алайда, осы уақытқа дейінгі жиналыстардың хаттамалық шешімдері орындаусыз қалып, бірде — бір бейнебақылау құрылғысы орнатылмағаны айтылды. Бейнебақылау орнату мәселесіне байланысты тағы бір тұлға өз ұсынысын айтты. Сөз кезегіне ие болған аудандық Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрдәулетов бейнебақылаудың қажеттілігін салмақтай түсіндіріп, осы мәселені қатаң түрде қолға алу керектігін ұсыныс етіп жеткізді.

      Сонымен қатар, Нарынқол ауылында орнатылған көше шамдарының барлығы түн мезгілінде жанып тұрса, ол да қылмыстардың азаюына өз септігін тигізетіні алға тартылды.

       Бүгінгі күні Нарынқол ауылында тек Райымбек және Жанайұлы көшелерінде көше шамдары жанып тұр. Алайда көше шамдарын орнату жұмыстары қағаз жүзінде бітіп, 2020 жылдың аяғында қолданысқа қабылданған болатын.

        Баяндамашы кәмелет жасына толмағандар қылмысы-еліміздің ең күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі болып табылатынына да дәйекті дәлелдер келтірді.Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде кәмелетке толмағандар арасында 1 қылмыстық құқық бұзушылық жасалған.

        Қылмыстың өсуінің себебі, аудан аумағында ауыл жастарының бос уақытын ұйымдастыру жұмыстары жергілікті атқарушы органның мүлдем есінен шығып кеткендей көрінеді. Соның салдарынан, ауыл жастары кез келген уақытта қолжетімді спирттік ішімдіктерді қолданып, әр түрлі теріс қылықтар мен қылмыстар жасауда.

       Жиынның тағы бір талқылауды қажет ететін мәселесі- түзеу мекемелерінен босатылған, сондай-ақ, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазасын өтеп жүрген адамдардың жұмысқа, тұрмыстық орналасуы, әлеуметтік және өзге де көмектің басқа да түрлерінің ұйымдастырылуы.

   Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 7-бабының 1-бөлігімен белгіленген сотталғандарды түзеудің негізгі құралдарының бірі, ол қоғамға пайдалы еңбек ету, яғни оларды жұмыспен қамту болып табылатынын және статистикалық мәліметке сәйкес, 2020 жылдың 12 айында АПБ-нің есебінен, яғни бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 5 сотталған адам өткен, бүгінгі күні нақты есепте тұрғандар саны 9 адам екенін айтты.

       Сонымен қатар, аудан әкімінің 03.02.2020 жылғы №14 санды және 21.01.2021 жылғы №18, санды қаулыларымен аудандық ПҚ-нің есебінде тұрған, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдар үшін жұмыс орындарынан 5% мөлшерінде квота белгіленген,- дейді баяндамашы.

       Жиын барысында, Талғат Әбеков баяндамасынан кейін, аталған мәселелерге жауапты мекеме басшыларына сұрау салынды. Бірқатар мекеме басшылары мәселелер бойынша баяндамаларымен таныстырып, олқылықтардың орнын толтыруға әрекет ететіндерін айтты.

 Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password