ВАКЦИНАЦИЯЛАУ АРҚЫЛЫ АУРУДЫ ЖЕҢЕЙІК!

   Қауіпті вирусты жұқтыру көбейіп барады. Бұның басты себебі- вакцинациялауға қатысты жұмыстың қажетті деңгейде ұйымдастырылмауы.

      Облыс бойыншаа коронавирустық инфекцияны жұқтыру деңгейі төмендемей отыр. Алматы облысы эпидемиялық жағдайға байланысты «қызыл аймақта» тұр. Екі аптаның ішінде 4724 жағдайы тіркелді. Ал, соңғы аптада 2540 науқас анықталды. 17 тамыздағы жағдай бойынша облыста 477 науқас тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 1,3 жоғарылады. Атап айтқанда, сырқаттанушылық деңгейі Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Балқаш, Панфилов, Талғар, Текелі және Талдықорған қалаларында жоғары болып тұр. Ауданда соңғы екі аптада 15 жағдай анықталды. Ересектерден бөлек коронавирустық инфекция балалардың арасында да кездесіп жатыр. Бұл балалардың отбасындағы екпе алмаған ересектермен байланысты ауыра бастағанын айтып өту қажет. Сондықтан балаларды сақтаудың жалғыз жолы, отбасындағы ересектердің вакцина алуы.

       Вакцина салдыру – індеттің алдын алудың ғана емес, жалпы ұжымдық иммунитет қалыптастырудың жалғыз жолы. Ауданда 15180 адам коронавирус індетіне қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды. Бүгінгі күні 11200 дей адам толық иммундаудан өтті, жоспар бойынша 20903 адам егілуі тиіс. Вакцинациялауға жататын контингенттер арасында ең жоғарғы көрсеткіш құқық қорғау, прокуратура, МЧС органдарына (100%), мұғалімдер (85%), ең төменгі көрсеткіш кәсіпкерлер (50%) арасында байқалып отыр.

      Вакцина алудың екі негізгі себебі: өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды жұқпалы аурулардан қорғауға көмектеседі. Мысалы, жыл сайын штамын өзгертіп отыратын грипп, яғни тұмау ауруының тұрғындар арасында жеңіл өтуін қамтамасыз ету мақсатында күзде оған қарсы иммунизация жүргізіледі. Соның нәтижесінде, тұмау ел арасында асқынбай, жеңіл-желпі өтуде. Егер мұндай шара өткізілмесе, өткен ғасырда 50 миллион адамның өмірін жалмаған «испан тұмауы» сияқты, миллиондаған адам өміріне қауіп төнер еді. Бүгінде ковид инфекциясы әлемді шарлап кетті. Жүздеген мың (соңғы мәліметтер бойынша 1,5 миллионнан астам) адам КВИ-ден көз жұмып жатыр. Оны жоюдың бір жолы – оған қарсы вакцина әзірлеп, халық арасында екпе жүргізу. «Вакцина неге керек?» деген сұраққа жауап осындай. Коронавирустың таралу динамикасын ескере отырып, ерте ме, кеш пе, инфекцияны бәрі жұқтыратыны сөзсіз. Сондықтан, оған ағзаңызды алдын-ала дайындап, кем дегенде ішінара иммундық қорғаныспен қамтамасыз еткеніңіз жөн. Коронавирус әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті екені белгілі: оларда аутоиммундық реакция болып (бөгде вирустың орнына организм өзінің сау жасушаларына шабуыл жасай бастайды) асқыну қауіпі жоғары болуы мүмкін. Ал екпе алмаса, қауіп-қатер ұлғаяды. Бізде бұл вирусқа қарсы вакцинадан басқа қорғаныс жоқ. Екпе адамды, елді, бүкіл адамзатты құтқарады.

       Интернетте ақпарат жеткілікті, тек хайп қуатындар, журналистер, тіпті дәрігерлер хайп жасағысы келіп, «сіздерге вакцина егіп, сынақ жүргізіп жатыр» дейді. Ешқандайда сынақ жоқ, қазір әлемнің 30 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алды. АҚШ халқының 80 пайызына, Израиль – 90 пайызына вакцина салды. Екпені міндеттеу басқа елдерде нәтижесін берді.

      Әр адам өзіне-өзі өмір сүргім келсе, «вакцина аламын; ата-анам өмір сүрсін десем, оларды екпе алуға апарамын, балаларым аман болсын десем, отбасымдағы ересектердің бәріне індетке қарсы вакцина салдырамын» деген шешімді өзі қабылдауы тиіс.

      Құрметті тұрғындар! Вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылықпен өлім-жітім азаяды және шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы арта түседі.

Ф.ЕРЕЖЕПОВА,

аудандық санитариялықэпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password