ВАКЦИНА — ВИРУСТЫ ҚҰРЫҚТАУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ
Бар ғаламның басты күйзеліс себебіне айналған коронавирустың біздің еліміз бен ауданымызда салған әлегі де аз емес. Кәсіби мамандардың айтуынша, дендеп бара жатқан дертті құрықтаудың жалғыз жолы- вакцинациялау. Қоғамда вакцина алушылар саны қаншалықты көбейсе, вирус қоздырғышының адамнан адамға берілу мүмкіндігі соншалықты төмендейді. Осы мәселелер аясында аудандық аурухана директорының халыққа қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Айнабеков Төлебай Қанапияұлымен сұхбат жүргізіп, аурухананың қауырт жұмысына куә болып қайттық.
— Қайырлы күн, Төлебай Қанапияұлы! Күллі халықты қалыпты тіршіліктен оқшаулап, медицина саласын ерекше әбігерге салған індетке қарсы жалғыз жол вакцина деп нақтыладық.
— Жалпы, вакцина дегеніміз — қауіпті инфекциялық ауруларды жоюға және алдын алуға, оның кең көлемде таралмауына байланысты жасалатын іс-шаралар болып табылады. Тарихи тәжірибелерге сүйенер болсақ, баршаға белгілі, медицина қызметкерлері түрлі қауіпті індеттерге вакцина арқылы тұсау сала білген. Қазіргі жағдайда да медицина саласының қызметкерлері белгілі бір пайыздық өлшемді қамтып вакцинация жасамасақ, ауруды тоқтата алмасымыз анық.
— Аудан көлеміндегі вакцинациялау үрдісі қалай жүзеге асуда?
— Аудандағы вакцинациялау халық санына сәйкес жоспарланған және тиісінше өз дәрежесінде жүзеге асуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бізге вакцина алатын халық санын белгілеген болатын. Алайда, халықтың көші-қон немесе түрлі іс-сапар секілді алуан сипаттағы қозғалысына байланысты, халықтың нақты санын анықтау сәл қиындық туғызуда. Дегенмен, біз арнайы тексерістер жүргізу нәтижесінде, вакцина алушы адамдар санын 8946 адам деп шамаладық. Оның ішінде, 6000-ға жуық адам вакцина қабылдаса, ендігі екпе алушылар саны 3000 адам көлемінде. Осы сандарды қорытындыласақ, бүгінгі күні біз екпе жасаған адамдар саны пайыздық өлшеммен, 65,6%-ды құрап отыр.
— Тұрғындардың вакцина алуға деген белсенділіктері қаншалықты? Ашық қарсылық көрсетушілер бар ма?
— Әрине, вакцинацияның жүргізілу қарқындылығы адамдардың вакцинаға деген сұранысы мен қарсылығына тікелей байланысты. Сан мыңдаған халық ішінен екпеге қарсы адамдар тобы әсерінен жұмысымызда қиындықтар туындап отыр. Оларды вакцинаның пайдалылығына сендіру қиынға соғып тұр. Осы мәселеге байланысты әкімшілікпен де бірлесе жұмыстар жүргізіп жатқанымызға қарамастан, оң нәтиже алу қиынға соғуда. Адамдардың екпеге байланысты кереғар пікірлерін түзету мақсатында медицина қызметкерлері арнайы ұйымдар арқылы екпеге деген қатаң қарсылықты жоюға тырысуда. Екпеге қарсылық танытушылардан өзге, оның маңыздылығын түсініп, ерекше белсенділік танытатын тұрғындар да жоқ емес. Оған дәлел, жалпы халық саны ішінен, екпе қабылдағандар санының басымдығы. Екпе алуға белсенділер үшін, вакцина саны керекті мөлшерде жеткізілуде. Оларды сақтау жолдары мен мұздатқыштарда арнайы нормаларға сәйкес жабдықталған.
Елімізде вакцинаның кері әсерлері туралы да пікірлер айтылуда. Вакцинациялау басталған уақыттан бастап, ауданымызда екпенің кері әсерлері орын алған жағдайлар тіркелді ме?
Жалпы, жоғарыда аудан көлемінде 6000 адам вакцина қабылдады деп тұжырымдасақ, осы адамдар ішінде вакцина әсерінен болған ешқандай кері әсерлер мен қауіпті жағдайлар тіркелген жоқ. Әрине, екпе алушылар арасында неше түрлі адамдардың болатыны заңдылық. Мысалы, кейбір адамдардың ине ұшын көрген сәттен-ақ есінен тану жағдайлары болып жатады, келесі бір адамдардың жүйкелері төзімсіз келеді. Тағы да нақтылай кетсек, дәл вакцина әсерінен болған ешқандай асқынулар мен жеке төзе алмаушылықтар тіркелмеді.
— Қазір елімізде бірнеше вакцина түрлері қолданылып жатқаны белгілі. Біздің ауданымызда қандай вакцина түрлері салынуда?
— Ең бірінші, Ресей өнімі “Спутник V” вакцинасы, Отандық вакцина “QazVac” вакцинасы салынды, мамыр айының 22 жұлдызынан бастап, Араб елінің өнімі “Hayat-Vax” вакцинасы салынуда.
— Вакцинаның екі дозасын да алған адамдарға медициналық бетперде тағу қажеттілігі шамалы деген пікірге көзқарасыңыз?
— Бұл тұрғыда да халық арасында кереғар пікірлер көп орын алып жатқаны анық. Алайда, жақында бұл мәселеге де мамандар тарапынан нақты шешім қабылданып нүкте қойылады деген пікірдемін. Егер вакцина алушыларды 80- 90% екпемен қамтып үлгерсек, бұл жағдай да нақты шешімін табады деген сенімдемін.
— Вакцинадан кейінгі күтім жолдарына маман ретінде ұсынар кеңесіңіз қандай?
— Вакцина алғаннан кейінгі бірінші, екінші, үшінші күндері суық тиюден сақ болған абзал. Вакцина салынған орынның сәл қызарып ісінуі қауіптің белгісі емес. Дененің ұюуы және қызу көтерілу жағдайлары да болуы мүмкін, дегенмен бұл жағдайлар ұзаққа созылмайды, сол сәттерде аспирин және парацетамол сынды дәрілік таблеткаларды пайдаланып, күтінген жөн. — Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!
Әңгімелескен Ақерке БИЖАН,
«Хантәңірі».
0 Пікір