ҚУАНТАР ДҮНИЕ БАРШЫЛЫҚ

       Биылғы жылғы алтын да жарқын күзіміз әлеуметтік мәні бар тарихи оқиғамен басталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің бірінші жұлдызында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жаңа Жолдауын жариялады. Сол күні «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бастан-аяқ көріп отырдым. Маңызды құжат ойымнан шықты. Қуантатын жағдайлар молынан кездесті. Жолдауда білім саласы туралы да сөз болды. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажет»,-деді мемлекет басшысы жаңа Жолдауында. Мұның бәрі ұстаздар қауымын қуантатыны анық. Оның сыртында алдағы жылдардан бастап мектептерде бірыңғай мектеп формасы болады. Оны барлық оқушыға барынша қолжетімді ету көзделуде. Қамқорлықты қажет ететін отбасыларының балаларына мектеп формасы бюджет есебінен беріледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған Жолдауында ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтеруді ұсынды. Зейнетақы жүйесі де қайта жаңғыртылатын болды. Әйелдердің зейнеткерлік демалысқа шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде төмендетілді. 2023 жылдың қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатын болды.

       Атап айтатын қуанышты жайт, мемлекет басшысы биылғы Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынды. Бұл орайда ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Мемлекетіміздің басшысы жаңа Жолдауында көпшілікті толғандырып жүрген мәселелерге тоқталды. Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық ушығып тұрғаны рас. «Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал, жапа шеккендер мүлде қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын»,-деп атап айтты. Маңызды құжаттан білгеніміздей, биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауы, келесі жылдың алғашқы жартысында Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Жалпы, жаңа Жолдауда айтылған, қозғалған мәселелер көп. Мұның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына жарқын жол ашарына сеніміміз мол.

Бахытгүл РАЕВА,

аудандық мәслихаттың депутаты,

Қарасаз ауылындағы өнер мектебінің директоры.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password