ҚУҒЫНМЕН ӨТКЕН ӨМІР

      Тарихта әлі ашылмай жатқан неше бір заманға лайық азаматтар болған. Олар Кеңес өкіметінің өркендеуіне ғана емес, қоғамның дамуына да өзіндік үлестерін қосқан. Алайда 1931-1933 жылдары «халық жауы» атанып, өмірлері қуғын-сүргінде өткендер қаншама?! Тағдырлары қиындық пен азапты өмірдің алуан түрлерін де бастарынан кешірген. Бірі түрмеде өліп, енді бірі хабарсыз кетсе, тағы біреулері қашумен өмір өткізген. Бұлардың ішінде бір ауылдан қамалғандар да аз болмағаны да шындық. Бірі тірі қалса, енді біреулері көп уақыт қуғын көріп, жақсы өмірді бастарынан өткізбеген. Сол адамдардың өмірбаяндарына үңілген болсақ, көбі сауатты, әрі ауылдың атқамінер, әрі зиялы азаматтары да болған екен.
 
— 30-шы жылдардағы ашаршылықтың нәубеті халыққа оңай тиген жоқ. «Халық жауы» деген жаламен ұсталғандар мен тергелгендірдің арасында бізге жақын туысымыз Қашаған Елгезеков деген ағамыз болды — дейді сексеннің сеңгіріне келген қария Дүнгенбай Қодасбайұлы бізбен әңгімелескенде. – Ағамыз Кеңестің, содан кейін Қытайдың азаптау түрмесіне түсіп, мұндаға дейін өмір сүрді. Бірақ халыққа жасаған еңбегі еленбеді-деп Қашағанның өмір тарихы туралы біраз деректер айтқан болса, осындай қуғынды көрген Әлікен Сәрсенбаев деген кісінің тағдыры да Қашаған ұқсастығы жөнінде әңгіме екен еді.
Бір қызығы, екеуі де бір ауылда тұрыпты. Екеуі екі елдің түрмелеріне түсіп аман шығып, туған жерлеріне келген. Қария ол кісілерді көріп, араласқан.
Қашаған Елгезеков 1906 жылы қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылында дүниеге келіпті. Кеңес өкіметі орнағанда Жаркентте оқып білім алып, комсомолға өтеді. Заманға лайық қызмет істеген. Айт ауылында комсомол хатшысы болып қызмет етеді. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта туысқандары Қытайға кетіп, шекара асқанда НКВД-ның адамдары Қашағанның артына түсіп, қудалай бастайды. Тергеуге алып, «қамаймыз, соттаймыз» дегенде олардан әрең құтылып, Қытайдың шекарасынан өтіпті.
Шекараның арғы жағы да ол жылдары оңып тұрмағанын көзімен көреді. Қашқан елді қалмақтар тонап, малдары мен астыларындағы аттарын тартып алып, тентіретіп жібергендердің куәсі болады. Бір отбасының мүшелері бір-бірінен ажырап, әр жаққа кеткендермен де кездескен. Өзі де қайда барарын білмей шекарадан өткен туысқандарын іздейді.
Шолақтерек деген ауылға келгенде 1916 жылғы ақ патшаның зұлымдық саясатынан Қытайға үркенде елден сол жақта қалған өзінің жақын туысы, Жайтабардың тұқымы Сатқын зәңгіні тауып паналайды. Бірақ артынан қуғын түсіп, Сатқынның ауылына кісі жібергенін естігенде зәңгі Қашағанды жүк жинағыштың астына жасырып, біраз уақыт бой тасалатыпты. Дабырдың аяғы басылғанша Қашаған жүк жинайтынның астында жатқан. Ақыры Ақдала деген орыс ауылына барғанда қудалаудан құтылған. Ол жерде Кеңес өкіметінен қашып барып, өздері бір ауыл болып отырған орыстар тұрыпты. Бұл жерде өзінің ағайындары Қодасбай, Жолдасбай және қарындасы Нұрзағипаны табады. Қашаған орыс тілін білгендігі орыстарға көмегі тиген. Ауылда хатшылық қызметін атқарып, өзінің жақын туысқандарымен қауышқан. Аз уақыттан кейін Моңғолкүре ауданынына ауылшаруашылық банкінің бастығы болып қызмет істепті.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдары Қытайдан отар-отар қой мен өгіздерді Кеңестің Сүмбе шекарасына өткізу жұмысына да араласып, басықасында жүрген. Алайда, Қытайдың Гомидаң өкіметі Қашағанды «Кеңестің адамы» деп Үрімжінің түрмесіне отырғызып бір-екі жыл қамап, сұраққа алыпты. Түрмеде бір кісідей азапты көріп, құтылғаннан кейін 1949 жылы Құлжадағы Кеңес консулына қызметке тұрып, 1955 жылға дейін істейді. Сол жылдары 1931-1933 жылдары Кеңестен ауып келгендерді өздерінің туып өскен жері Қазақстанға қайтару мақсатында Іле қазақ облысындағы Моңғолкүре, Текес және басқа аудандарда орналасқандарға Кеңестің қызыл паспортын таратып, көбін туған еліне оралуға мүмкіндік жасаған. Өзі де туған жеріне оралуды ойластырып, 1955 жылы елге келіпті. Бірақ елге оралғандарды шекаралық аймаққа тұрғызбай Батыс Қазақстанның Оралына жіберіп, ол жақта Қашаған бір жылдай қызмет істеп жүргенде, шекара бұзған бандымен байланысы бар деген айып тағылып, ауылдағы бір отарлы қой бақтыруға жіберген екен. Қыста екі қасқа өгізге шана шегіп малға шөп шашып жүргенде бір танысы кездесіп, соның көмегімен туып өскен жері Қайнарға келеді. Келген бойда колхозда қарапайым жұмыс істейді. Бірақ артынан тағы да қудалау түсіпті.
1962 жылы Крупская атындағы колхоздың төрағасы Сәрсенбай Байғұлов дүкен алдына аппақ киіз тіккізіп, Алматы облысынан Рақымжан Қилыбаев деген өкілді күткен. Облыстан келген қонақ көптің алдына шығып: «Сәрсеке, мен саған келген жоқпын. Осында Қашаған Елгезеков деген азаматты іздеп келдім» деп жиылған ауыл адамдары ішінен оны ортаға шығарады. Қашаған Кеңес өкіметі орнаған жылдары комсомол жұмысында қызмет істеп, балалардың сауат ашуына және оқуына көп көмектесіп, жетім балаларды жиып, Жаркентке оқытқанын айта келіп, «Біз сияқты жастарға көмегі көп тиді, ақыл-кеңесін берді. Бәрімізге қамқоршы болды. Соның бірі мен едім. Мен Нарынқолда жетім болып жүргенімде қол ұшын берген кісі» деп Қашағанды дүйім жұртқа жете таныстырып, арнайы іздеп келгенін айтады. Жиын өтіп, Рақымжан Қилыбаев кеткен соң колхоздың төрағасы Қашағанды ауылдың қоймасына меңгеруші етіп қойған. Осыдан кейін оны қудалау тоқтап, өмірінің соңына дейін ауылда еңбек етіп, 75 жасында өмірден өтіпті.
«Қашаған Елгезековтың осындай еңбегін көп адамдар білмеді. Ал білгендер оның ел үшін еңбек етіп, ұлтқа деген жанашырлық көзқарасын жоғары бағалап, азаматтығын ертеде білгенімен оны айта алмады. Өйткені заман солай болды. Қашаған екі елдің түрмесіне түсіп, қуғын көрді» деген Дүнгенбай қария әңгімесі бізге зор әсер қалдырды.
Қашаған сияқты қашқын атанып, артынан қуғын түскен тағы бір адам Әлікен Сәрсенбаев деген кісі. Әлікен мен Қашаған бір ауылда өскен. Екеуінің тағдырлары да ұқсас. Әлікенде оқыған, әрі сөзге шешен кісі болыпты. Кеңес өкіметіне қызмет істеп, көріне бастағанда 31-33 жылдары НКВД-ның тергеуіне түсіп, Қарағандының түрмесіне айдалыпты. Ол жақтан қашып келгенде қайта ұсталып, тағы да Қарағандыға апарған. Түрмеде жүріп, сол жақтың бір жесір әйелінің қызына қосылады. Осыдан кейін Әлікен енесі үшеуі Қайнар ауылына келеді. Ол жылдары ауылда үшінші бесжылдық басталып, Қайнар ауылы «Құрамыс» колхозы деп аталған кезі болса керек.
Ауыл Әлікеннің түрмеден ерте босанып, үйленіп келгеніне біреу қуанса, әлдекімдер күдіктеніп, Сарыжаздағы әскери комендатураға бір ағайыны хабар беріп жіберіпті. Сезікті адамға Сарыжаздан әскер шығып, Әлікенді ұстамақ болғанда әйелі екеуі қашып, Қытайға өткен. Енесі ауылда жалғыз қолған. Қытайға кеткен Әлікеннің түрмеден мерзімінен бұрын шығуына өзі сияқты жолдастары көмектескен тәрізді. Картошкадан мөр жасап, ақталғандығы жөнінде құжат жасап келгендігі анықталған. Қытайға кеткен Әлікеннің артынан ол жақта да НКВД адамдары түсіп қудалапты да. Бірақ одан аман құтылып, 1956 жылы Қытайдан өзінің туып өскен Қайнар ауылына екі әйелі, он бір баласымен оралады. Ауылда қалған енесі күйеубаласы мен қызын Ескермес Абалов деген кісінің үйінде ұзақ күтіпті. Алайда күйеубаласын және қызын көре алмай 1955 жылы дүниеден өтіп кеткен екен. Қытайдан жаңадан келген Әлікенді мұнда тағы да артынан кісі түсіп, тыныштық бермеген көрінеді. Тек оны бұрыннан танитын және өзімен қызметтес болғандар оның адал, өкіметке берілген адам екенін араға түскеннен кейін ғана қудалауды тоқтатыпты. Осыдан кейін колхоздың төрағасы Әлікенді шақырып алып, түйе бақташысы еткен екен. Түйе баққан Әлікен өз жұмысына жауапты қарап, түйелердің көбеюіне өзіндік үлесін қосады. Колхоздың озат түйешісі атанып, еңбегі де жоғары бағаланыпты. Тегін жолдамамен демалысқа жіберіп, демалысынан кейін үйіне қайтқан Әлікен Алматыға келгенде жазатайым машина қағып кеткен.
Тағдыры қудалаумен өткен Әлікен Сәрсенбаев Кеңес пен Қытайдағы Үрімшінің азапты түрмесін көп көріп, жазықсыз жазаланған жанның бірі болғанын замандары да білген. Ол жасынан-ақ сөзге шешен, тілмар, зерек болыпты. Сол бір қасиет басына таяқ болып тиген. Осыны түсінген Әлікен айналасындағыларға көп жуымай тіршілігін жасаған. Оның артынан қалған шешендік сөзі де сақталмапты. Бірақ өзінің «Өмірді қуып біз жүрміз, бізді қуып өлім жүр» деген сөзін ғана көптің есінде қалған. Қуғын көрген ол кісі 70 жасқа келгенде өмірден өтіпті.
Біз әңгіме еткен екі адамның тағдыры міне осындай. Бұл да 30-жылдардағы қуғын-сүргіннің әрекетінен қалған екі адамның тарихы ғана. Ал бұдан басқа ашылмай жатқан қуғын көргендердің құпиялары қаншама?
 
Жексен АЛПАРТЕГІ,
журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password