Тыныштық күзетінде – Отан сақшылары
Шекара. Иә, осы бір айрықша мәнге ие атау ауызға алынса, ойға ең алдымен елдің шеті, желдің өті, екі мемлекет арасындағы берік қорған, белдеу сызық оралады. Сол қоршауға екі жағынан орналасқан көрші мемлекеттер халқының тыныс-тіршілігі көлбеңдеп көздің алдына келеді. Қоршаудың мықтылығы, һәм беріктігі бірінің төбесін бірі көріп,айқайласа бір-бірінің даусын анық еститін екі мемлекеттің қаншалықты мығым екендігі мен тыныштық пен бейбітшілік атты ұлағатты ұғымның мүлтіксіз сақталуынан, адамдардың пәле-жаладан қалыс мамыражай тіршілік кешіп жатқанынан толыққанды хабар беріп тұратыны анық. Бұл жайды әсіресе, қиыр жайлап, шет қонған қасиетті Тәңіртау етегінің тау мінезді ел-жұрты жақсы білетініне талас жоқ. Дүние есігін ашқаннан барша тағдыры шекарамен біте қайнасып келе жатқан аспантау аясының қарапайым халқының осы бір қасиетті ұғымға құрметпен қарауы да тегіннен тегін емес. Ал, Қытай сияқты алып мемлекетпен шектесіп жатқан Қазақстанның бұл шетіндегі шекара қызметінің орны тіпті де бөлек.
Аудан орталығының шығыс жағынан орын тепкен «Нарынқол шекара бөлімі» жайлы газетке материал дайындау көптен ойымызда жүргенімен реті осы жолы ғана келді. Бір жағы шекарашыларды төл мерекелерімен құттықтай, екінші жағынан бөлімнің қазіргі жұмысымен танысу мақсатындағы ойымызды ашық-жарқын қабақпен қарсы алған әскери басшылар одан әрі демдей түсті. Өзін Думан Бақытбекұлы Жайлаубаев деп таныстырған капитан шеніндегі дембелше жігіт шекара бөлімі бастығының орынбасары екен. Жүріс-тұрысы, сөз саптасы өз ісіне қамшы салдырмайтын жан екенін айқын аңғартып тұр. Шекара бөлімінің ауласындағы тынымсыз тіршілік, әскерилердің сап құраған қимыл-қозғалысы, бұйрықты орындаудағы жауапкершілігі, аула мен әскерлер тұратын жайлардағы тәртіп пен реттілік әскери өмірдің азаматтық өмірден айырмасы аспан мен жердей екенін дәлелдейді. Жұмыс бөлмесіне бастап алып кірген Думан сөзін бірден шекара бөлімінің қазіргі ахуалы мен жаңалық, өзгерістерінен бастап кетті.
-Өздеріңіз осы жердің төл тумасы болсаңыздар шекара жайынан молынан хабардар екендеріңіз даусыз. Шекараны әскер емес, халық күзетеді. Демек, Сіздер де біздің әріптесіміз саналасыздар. Бүгінгідей қуаныштың үстінен түсіп, ортақтаса келіп отырғандарыңызға алғысымыз шексіз,-деген капитанның әр сөзі салмақты, ойы орамды. Ең бастысы- шекаралық өмірдің жілігін шағып, майын ішкендей бес саусақтай білетіндігі бізді баурап алғаны анық.
Думанның айтуынша бұрын Шонжы шекара отрядына қарап келген бұл бөлім жақын уақыттан бері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бойынша Райымбек аудандық шекара басқармасының Нарынқол шекара бөлімі болып қайта құрылыпты. Бөлімге Кеген ауданының «Аманжол», «Қарқара», Райымбек ауданының «Байынқол», «Нарынқол», «Қостөбе», «Текес» сияқты шекара бойында орналасқан елдімекендердегі шекара бөлімшелері қарайды екен. Осынау 6 бөлімшеде барлығы 50 шақты ғана жауынгер мен әскербасылар қызмет етіп, шекара тыныштығын көздің қарашығындай қырағылықпен сақтап жүрген жайлары бар. Әскерилерге барлық жағдай жасалған. Шекарашылардың киім-кешекпен, тамақпен қамтылуы барлық талапқа сай. Жатын орындары мен саяси оқу бөлмелерінің заман талабына сай жабдықталуы, әскерлердің демалыстарын көңілді өткізуінің ұйымдастырылуы да жүрекке жылы әсер қалдырады. Көңілді күпті етіп, алаңдаушылық тудыратын келеңсіздік атаулы жоқтың қасы.
Осындай әңгімемен отырғанымызда бөлмеге подполковник шеніндегі тағы бір шекарашы кірді. Бұл келген осынау Нарынқол шекара бөлімінің бастығы Бердіқұлов Ерғанат Азатбекұлы деген азамат екен. Қазір еңбек демалысында екен. Аудандық газеттен тілшілер келді дегенді ести салысымен бізбен амандасуға келіпті. Демалысын бір сәт қоя тұрып, амандасуға асыққанын бізге көрсетілген зор құрмет ретінде қабылдадық. Шекара жайы туралы Ерғанаттың да әңгімесін естіп, бұрын хабарсыз болып келген біраз жайларға қанықтық. Шекаралық өмірдің қыр-сырынан мағұлмат алып, талайлы тағдырына ден қойдық. Шекаралық өмірді әр қырынан суретке түсірдік.
Қырандай қырағы
Сегіз сағаттық кезекшілікте шекарашылыр қырандай қырағылық танытады. Белгіленген сызықтан түскен сигнал бір түнде бірнеше мәрте белгі беріп, қауіптің алдын алуға мүмкіндік жасайды. Ол, аң болсын, ит болсын, адам болсын іске қосылатын бақылау дабылы қит еткен қимылға сергектік танытады.
35-ші учаскеден сигнал келіп түседі. Күнделікті жауынгерлік міндетке үйренген шекарашылар ылдым-жылдым қимылмен іздестіру шарасына кіріседі. Жедел топ құрамы белгі берілген жерден үш адамның аяқ ізін анықтайды. Иіс сезетін иттердің арқасында көп ұзамай үш мектеп оқушысы жасырынып отырған жерлерінен қолға түседі. Үш баланың не мақсатта өткені анықталып, ауыл әкімі, ата-аналары, учаскелік полиция қызметкерлері алдында жауапқа тартылады.
Қандайда бір дабыл болмасын, ол алдымен шекара бөліміне, содан кейін шекара жасағына, шекара жасағы Нұр-Сұлтан қаласындағы орталыққа хабар береді. Осындай жауапкершіліктің арқасында кез-келген тәртіп бұзушылық ауыздықталады.
Бұл шекарашылардың бір кездескен қиындығы емес, әр күндері арпалысқа толы мінсіз міндет иелері тік тұрып ел тыныштығын күзетуге дағдыланған.
Ішкі қауіптен, сыртқы қауіптің шекарашы үшін еш айырмасы жоқ. Қандай жағдайда да сақшы берілген бұйрыққа болаттай беріктік танытады. Оны біз күнделікті көріп жүрген сақшылардың өмірінен байқаймыз. Ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс жасайтын шекарашылар түрлі қиындықтарға да кезігіп жатады. Сондықтан ауыл азаматтары тарапынан шекарашыларға деген көзқарас дұрыс болса, жалпы шекарашылар міндетіне, жауапкершілігіне деген түсінік қалыптасса екен дейміз.
1. суретте: Нарынқол шекара бөлімінің бастығы (ортада) подполковник Ерғанат Бердіғұл, (сол жақта) «Текес» шекара бөлімінің бастығының орынбасары, лейтенант Данияр Медетбеков және капитан Думан Жайлаубаев жұмыс үстінде.
2. суретте: (сол жақта) лейтенант Назарбай Абдикаримов, (ортада) қатардағы жауынгер Диас Амангелдиев, пен (оң жақта) Азамат Аханов.
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
Серікжан МУРАСИЛОВ,
Елдос АХМЕТЖАН.
0 Пікір