ТУҒАН  ЕЛІ  МЕН  ЖЕРІН  АЯЛАЙ  БІЛГЕН

      Тұрарбек АСАНОВТЫҢ атынан бокс залы ашылды

     Туған елі мен жерін аялап, білімі мен білігін, қажыры мен-қайратын сол туған елі мен жерінің игілігіне арнап, көгеріп-көктеуіне жұмсап  жүрген азаматтар баршылық. Жырақта жүрсе де атамекен, ыстық ұясын ұмытпай, ара-тұра  ат басын бұрып, үлгі болар өнегелі ісін қарындас халқымен бөлісіп жүргеніне куә бола отырып, кеудені қуаныш кернейтіні, көңілдің көкке самғайтыны анық. Жан жүрегі елім деп соққан сондай кеңпейіл азаматтардың қатары сиремей, көбейген үстіне көбейе берсе екен, деп тілейсің. Солардың адами құндылыққа негізделген іс-әрекеттері бүгінгі ұрпаққа сабақ болса екен, дейсің!

       Жуырда Сарыжаз ауылында осы ауылдың төл перзенті, бүгіндері есімі елінің жүрегінен орын тапқан ардақты азаматтың қатысуымен өткен игілікті шара жерлестерінің көзайымына айналғанын, ақ пейілдерін асқақтатып, көңілдерін мейірім мен шапағаттың шуағына малындырғанын көріп, жоғарыдағы ойымызға берік байлам жасағанымыз анық.

     Жақсылыққа не жетсін?! Өткен сенбіде Сарыжаз ауылының тұрғындары төл перзенттері, айтулы жерлестері, белгілі қоғам қайраткері Тұрарбек Асановтың 70 жылдығын лайықты атап өтті. «Ел бағына — ер туар»,-демекші, қайда жүрсе де туған жерін ұмытпай, жүрегінде сақтап, қолынан келгенінше жақсылығын жасап жүретін Тұрарбек ағамыз да құры алақан келмей, елі-жерін үлкен қуанышқа бөледі. Тұрарбек аға 1951 жылы Сарыжаз ауылында дүниеге келген. Осы ауылда балалық шағы өрілді. Білім жолындағы алғашқы баспалдақтары басталды. Басқаны айтпағанда, ағамыз Алматы қаласындағы Медеу, Алмалы аудандарының әкімі болды. ІІІ және ІҮ сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Алматы облысының және Алматы қаласының Құрметті азаматы атанды. Елордамызда жүрген кезінде туған өлкесіне тигізген шапағаты мол. Дәл осы Сарыжаз ауылының орталығынан салдырған заманауи, сәулетті мешіт ел игілігіне айналғалы жылдар жылжып барады.

    Тұрарбек Мәжілұлы білім жолын бастаған Сарыжаз орта мектебінің мәжіліс залында қоғам қайраткерінің биылғы 70 жылдығына арналған әсерлі кеш өрнек тапты. Алғашқы болып Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов сөз алып, өңір перзентінің өмір жолы туралы әңгімелеп, аудан  тұрғындары атынан жүрекжарды ізгі тілек-ниетін жеткізді. Жерлестері атынан арқасына шапан жапты. Жұбайына да құрметін көрсетті.

     — Туған жерімнен айналайын! Әрдайым ойымда тұрады. Осында өткен балалық шағымды ұмытқан емеспін. Қабырғалары айырылып тұрған ескі мектепті өз тұсында облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Әлихан Тойбаевты ертіп келіп, көрсетіп, жаңа мектептің салынуына көп еңбектендім. Ел-жұртым аман болсын! Сарыжаздан болашақ Әлем, олимпиада чемпиондары, еліне елеулі азаматтар шықсын!,-деді Тұрарбек ағамыз шын көңілімен. Осы күні Асановтар әулеті ауылдағы әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін отбасыларының балаларына заманауи ноутбук, қажетті жабдығымен сыйға тартты. Болашағынан үміт күттіретін бірнеше оқушыға білім грантын тапсырды. Осы күні ел мен жерге ерен еңбектерін сіңірген ауылдың бірнеше қадірменді қариясы мен аптал азаматтары Алматы облысы әкімінің және облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бір күн бұрын Тұрарбек ағаның мерейлі 70 жылдығына орай волейболдан аймақтық жарыс өткізілген. Осы күні жарыстың жеңімпаздары лайықты сый-сияпатқа кенелді. Қоғам қайраткерімен сыйласып, араласып, жақсы қарым-қатынаста жүрген бір топ мәртебелі қонақтармен бірге келген Тоққожа Естенов ауылдағы бірнеше ардагер ұстаздарға облыстық білім саласындағы кәсіподақ ұйымы атынан демалыс орындарына жолдама берді. Бір топ озат ұстаздарды ұйым атынан марапатқа бөледі. Салтанатты шақта Кеген ауданының атынан аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков мерейлі қуаныш иесінің арқасына шапан жауып, жылы ниеттерін жеткізді. Ауыл азаматы Жантелі Мұқи туған жеріне бар жақсылығын жасап келе жатқан Тұрарбек ағаға барша жерлестері атынан алғысын айтты. Ардагер ұстаз Тұрсынбай Исанбеков айтулы жерлесіне арнаған арнау өлеңін шашу етті. Осы күні мерей той иесіне туған елі-жері атынан астына ат мінгізілді.

     Осы күнгі тамаша есте қаларлық оқиға – жаңа мектептің ішінен Тұрарбек Асановтың атындағы бокс залының салтанатты түрде ашылуы болды. Аталған жылы да жарық, кең залды Асановтар әулеті бокспен жаттығуға арналған барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіпті. Бұл өсер ұрпақтың келешегін қамдаған, ауыл спортын дамытуға арналған игілікті іс болды. Ауылдағы бокспен айналысатын балаларға, спорт сүйер жасөспірімдерге бокс қолғаптары, волейбол, футбол доптары сыйға тартылды. Тұрарбек ағамыз бастаған көпшілік өз тұсында Мәулен Мамыровтай олимпиаданың күміс жүлдегері, Жасұлан Қыдырбаев, Назым Қызайбай секілді Әлем чемпиондары шыққан Сарыжаз ауылынан тағы да солардың ізін жалғайтын жас ұрпақ шықсын деген ақжарма тілекте болды. Тұрарбек ағамыз кеш соңында өзі салдырған көрнекті мешіттің жанындағы қатымханада ата-бабаларына арнап үлкен ас берді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»,-демекші, туған жеріне үлкен қуаныш сыйлаған Тұрарбек ағадай азаматтар көп бола берсін!

                                                                                   Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                                   Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                                                          Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password