ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

        Әйел заты Жаратылыстың ең бір нәзік те қайталанбас шебер туындысы. Қылықты қыз бала-күллі дүниені нұрландырар сәуле іспеттес болса, ана-ұрпақ жалғастығының алтын кілті. Жүрекерге жылу сыйлап, отбасының көркін кіргізер арулар мен ардақты аналар мерекесі де келіп жетті.

    Нәзіктікке толы мерекенің көгілдір көктемнің алғашқы күндеріне тап келуі сәтті қиюласқан қос қуаныштың көрінісі. Бұл күні барша ізгі тілек пен жарқын көңіл әйел азаматшаларға арналады.

     Қызғалдақтай құлпырып, жер жүзін көркем келбет, нұрлы күлкімен безендіретін арулар-ертеңгі әлемді тербетуге қауқарлы қырық шырақты әйел-ана. Ару аналардың қоғамдағы рөлі өлшеуге келмейтін шексіздікке ие. Адамзатты дүниеге әкеліп, оны өмірге баулып, жетістігін барша бақыттан биік қойып, сәтсіздігіне өзегі қарс айырылатын аналарға көрсетілер құрметтен биік не болуы мүмкін. Әйелдердің күлкісі адамзатқа күнде мейрам екені даусыз. Дегенмен, арнайы белгіленген 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнінің орны айшықты. Бұл күн-жүрекжарды тілектер орын алып, бұрымдылар мен аналардың құшағы гүлге толатын, жанарынан сәуле шашатын күн.

          Алдымен, ардақты ана және аудандық аналар кеңесі төрайымы ретінде, барша арулар мен ардақты аналарды, ақ жаулықты әжелерді келіп жеткен көктемнің көңілашар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғамның сан саласында қажырлы еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға жұмыстарында толағай табыстар тілеймін. Ел ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеуде қайталанбас озық тәрбие үлгісін бала бойына сіңіріп, ұлтқа қайырымды перзенттердің жетістік себепкері болуларыңызға тілектестік білдіремін. Отбасының берекесі саналатын әйел затының көңіліне кірбің түспегей.

          Жанардың жауын алар бойжеткендер! Жастық шақтың жалынын қазақ қызына тән биязы көңіл, жарқын күлкімен өткізулеріңе барша қазақ аналары тілектес. Алтын жауһарларым, нәзіктік пен қайсарлықты бойына қатар сіңірген өздеріңдей арулар барда- ұрпақ ертеңі кепілді. Гүлді жердің көркіне, қызды елдің көркіне балаған қазақ ұстанымы, арулардың шоқтығын әрқашан биік ұстауға негізделген.

          Шоқтығы биік аруларым! Өздеріңді 8 наурыз — Халықаралық аналар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, қазақ қызына тән барлық асыл қасиеттердің иегері болуларыңды тілеймін!

Балжан ОМАРОВА,

аудандық аналар кеңесінің төрайымы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password