Толғауы тоқсан тіршілік

       /қысқартылып алынды/

     Әлімсақтан таңғажайып болып келген, бола да бермек, мына тіршілікке кімдер келіп, не кетпеген десек те, фәни дүниенің адам пендесі сене қоймас сырларына ой жүгіртіп көрелік. Әрине, ғарыш әлеміндегі  бірнеше миллиардтаған планеталардың тыныс-тіршілігі туралы  білмекке, арам терімізді төкпесек те болды. Неге десеңіз адамның ми жүйесінің қабілеті жетпейді, қабылдай алмайды. Осының бәрі «Он сегіз мың ғаламды» жаратушы бір Алланың құзіретінде. Сол «Он сегіз мың ғаламның» ішінде біздің өмір сүріп жатқан «Күн системасы» да бар. Күннің орбитасында ара қашықтықтарын сақтап, өзара тартылыс заңдылығымен тоғыз планета жәйлап айланып жүр. Әр планетаның өз серігі бар. Жердің серігі «Ай». Серігі жоқ планета құрдымға кетеді екен. Ал енді «Жер анамызға» көңіл бөліп көрелік. Жер шарының жетпіс бес пайызын су алып жатыр да, қалған жиырма бес пайызы, құрлықтар. Осы мұхиттар мен теңіздердің  тұңғиығында өмір сүретіндер және алты құрлықтағы тіршілік, толығымен зерттелмеген. Біздің білетініміз көзімізге не көрінеді, құлағымыз нені естиді соған ғана сене аламыз. Өзімізді қоршап тұрған табиғатқа назар аударып көрелік. Қандай «керемет дүние» десеңізші. Құстар ұшып-қонып, бұлақтың суы сылдырлап ағып, алуан түрлі өсімдіктер желмен тербеліп, жануарлар көкмайса шөпті жұлып жеп, ал адамдар болса өзіне тиесілі еңбегін істеп, бір Аллаға құлшылық жасаумен өмір сүруде. Мұның бәрі адамға белгілі көріністер. Ал енді көзіміз көре алмайтын, құлағымыз ести алмайтын, тіршіліктің «таңғажайыптары» қаншама. Осы «тылсым тіршілікпен» тілдесе алатын адамдар жер бетінде өмір сүрді емес па? Атап айтсақ, өз заманында өмір сүргендер: Нострадамус, Эдгар Кейси, Месси, болгарлық Ванга, баб Матрона, монах Авель, Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би, Григорий Распутин және тағы басқалар. Осы емші-көріпкелдер науқас адамдарға емшілік көмектерін көрсетіп, өткенді және келешектегі болатын оқиғалар жайында болжам айтқандар. Әрине, барлық құбылыстар бір Алланың қалауымен болады. «Алланың рұқсатынсыз, жапырақ та жерге түспес»-деген қағидалы сөз бекерге айтылмаса керек. Өткенді еске ала отырып, қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған заманымызда да көріпкел, емші, адамдардың бар екендігіне көңіл бөлелік. Солардің бірі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сарыбай би ауылында туылып-өскен, Сатов Мұратбек Асанұлы. Бұл азамат, менің ең жақын достарымның бірі. Он жылдың көлемінде қасында жүріп, бірнеше қасиеттерін байқадым және куәсі болдым. Бірнеше қасиеттері дегенім, адамның бойындағы сырқатын тауып, оны емдеу, жоғалған мал-жандарын тауып беру, «Барзак» дүниесіндегі рухтармен байланысқа түсу, ғарыш әлемінен түскен таңбаларды қабылдау, жердің кіндігі «порталды» табу және сол жерде тұрып «руханияттар әлемінен» мәлімет алу, бағзы заманда дүниеден қайтқан ата-бабаларымыздың қабірін табу және тағы басқалар. Иә, осындай қасиет барлық адамдарға бірдей берілетін болса, онда біз, кім болар едік, өзіңіз ойланып көріңізші…! Қазіргі таңда көріпкел мен емшілер көп-ақ. Бірақта солардың көбісі, күн көрудің қамынан аса  алмайды. Жоқ-ә, оларға тіл тигізуден аулақпын. Әркім өзінің шама-шарқына қарай әрекеттерін істейді емес па? «Астың дәмін тұз келтіреді»-демекші, Мұратбектің қасында жүріп біраз нақтылы болған оқиғалардың куәсі болдым, соны назарға алуды жөн көрдім.

    2016 жылы жаз айының бір күні, Мұратбек екеуіміз менің жеңіл көлігіме мініп туылып-өскен ауылым Текеске, Алматы-Нарынқол бағатына сапар шегіп жолға шықтық. Ауылға келіп Тегістік ауылының тұрғыны, менің үлкен ағам Дәулет атаға «Сәлем берелік» деген ниетімізбен үйіне келдік те, амандасып, ойдағы-қырдағының амандықтарын сұрасып біраз отырдық. Бір сәтте Мұратбек Дәулет атадан: «Ата, осы төңіректе адамның басына ұқсас, қара тастан қашалып жасалынған мүсін бар ма?»- деп сұрады. Ата, сәл ойланды да: «Иә, сол өзің айтқан қара тасты мал бағып жүріп, мына Шат сайының аузынан жиі көретінмін»- деді. «Ондай болса сол қара тасқа барайықшы, маған «руханияттар әлемінен» мәліметтер келіп түсті, ол жәй ғана тас емес, оның 2300-2500 жылдық тарихы бар» -деп еді, атам таң қалып: «Еее шырағым, қара таста не тарих бар ғой дейсің, жүріңдер, ертіп апарып көрсетейін»- деді де далаға шығуға бет алды. Көлігімізге отырып, Тегістік ауылының күнбатыс жағындағы Шат сайының аузына келдік. Мұратбекке келіп түскен мәлімет бойынша, осы Шат сайының иесі Аңызақ ана, 18 құрсақ көтерген жан екен. Дәулет атам әлгі тастың орнын тапты, бірақ тастың өзі жоқ. Кейіннен сұрастырып білдік, ол тасты «УАЗ» машинасының қорабына төрт адамның басып жатқанын, ішінде бір әйел адам бар, малдарын бағып жүрген бір бақташы көріпті. «Қап, әттеген-ай»-деп санымызды ұрудан басқа амал қалмады. Сол жерде көкмайсада отырып, Мұратбектен, әлгі тас жайында айтып беруін өтіндік. Мұратбек: «Маған келіп түскен мәліметтер бойынша айтып берейін»- деді де әңгімесін бастады.

    «Осы маңайда, осыдан 2300-2500 жылдай бұрын, түр-әлпеттері кавказдықтарға ұқсас, бойлары аласа келген адамдар өмір сүрген екен. Солардың Харуия есімді ханшайымы небәрі қырық жас жасап, қайтыс болыпты. Мына бейіт сол ханшайымдікі. Тереңдігі, 7-8 метр болатын қабірде өзінің дүние-мүлкімен жерлеген екен. Ал, ана Шат сайының ішінде, сол тайпа ел «патшасының» алтын тағы мен құнды бұйымдарын, тастың арасындағы үңгірге жасырыпты. Маған келіп түскен мәліметтер осындай»-деді. Мына сөзді естіген Дәулет атам Мұратбекке таңырқай қарап: «Мұның бәрін сен қалай көріп отырсың»-деп еді, Мұратбек: «Ата, мұның бәрін мен өз ойымнан құрастырып айтып отырғаным жоқ. Жаратушы, бір Алланың қалауымен менің көз алдымнан, кәдімгі, киноның лентасы тәрізді жүріп өтеді. Соны ойыма сақтап қаламын да сіздерге айтып беремін»-деді. Дәулет атам жымия күлді де отырған орнынан тұрып: «Әй Мұратбек, мынауың ертегі әлемінің әңгімесі-ғой, қой, одан да үйге қайталық»-деп, көлігімізге қарай бет алды. Біз де қарсылық көрсетпестен көлігімізге келіп отырып, таудың етегінен ауылға қарай түсіп келе жаттық. Тегістік ауылының күнбатыс жағындағы бейіттердің тұсына жеткенімізде, Дәулет атам маған: «Әй Бөлеке, осы араға тоқташы, бұл дүниеден қайтқан ата-баба, ағайын-туыстарымыздың рухтарына Құран бағышталық»-деді. Көлігімнің тежеуішін басып, тоқтаттым. Бейіттерге жақындап келіп тізерлеп отырып едік, Дәулет атам Құран оқыды. Оқып болып орнымыздан тұрмақшы болып едік, Мұратбек: «Сабыр сақтаңыздар, енді мен оқиын»-деді де, Құран Кәрімнің аяттарынан бақилық болған адамдардың рухтарына бағыштады. Бетімізді алақанымызбен сипап, орнымыздан тұрдық та көлігімізге қарай бет алдық. Осы сәтте Мұратбек Дәулет атамды  тоқтатып: «Ата, осы Тегістік ауылында жақын күндердің бірінде, жасы қырықтың шамасындағы жігіт қайтыс болған екен. Сол жігіттің денесі осы бейіттердің арасына, жер қойнауына тапсырылыпты. Өзі бір аяғын сілтіп басатын, кемтар жан екен. Сіз рухтарға арнап Құран бағыштағанда, қасыңызға келіп тұрды. Алақанымызбен бетімізді сипағанда, ол да бетін сипады. Сізге, ризашылығын білдірді»-деді. Бұл сөзді естіген Дәулет атам орнында тұрып қалып: «Мұратбек, шын айтасын ба? Ол жігітті сен танымайсың ғой. Иә, өзі бір кемтар жан еді, бір-екі күннен кейін ағайын-туыстары қырық күндігін бергелі жатыр»-деді де көлікке отырып, үйге жеткенше ойланып келді. Үйге келген соң дастархан басында отырып, Мұратбек, жалпы жаратылыс туралы оның ішінде «көріпкелділік» жайында көп әңгіме айтып берді. Дәулет атам басын изеп, арасында сұрақтарын қойып, әңгімесін мұқият тыңдап отырды. Бір мезетте Мұратбек: «Ата, сіздің шұбар атыңыз болған екен ғой. Өзінің жүріс-тұрысы басқа аттарға қарағанда  өзгешелеу болыпты, маған жағымсыз түрде көрінді. Осы атыңыз жайында өзіңіз айтып беріңізші»- деді. Дәулет атам күлімдеп: «Иә Мұратбек, дұрыс айтасың, менде ондай ат болған, айтып берейін»-деді де ыңғайланып отырып, әңгімесін бастады.

    «Кеңес Үкіметі тұсында маған бір қойшы Жабыр тауында жолығып, әлгімен таныс болдым. Астына мінген аты шұбар екен, былай сырт көзге қоңды, әдемі көрінді. Бір күні әдеттегідей колхоздың бір отар қойын бағып жайылымда жүрген едім, әлгі қойшы да қойларын жайылымға шығарып, екеуіміз де ат үстіндеміз, жолыға қалдық. Амандықты сұрасып болған соң, әлгі қойшы мінген шұбар атын мақтай жөнелді. Мені қызықтырып әбден айтты. «Өзі жорға, шу десең құйындай ұшады» деп еді, қызығып кеттім де : «Әй досым, астымдағы атымды, ол аз десең, үстінен бір ірі қара қосып берейін, екеуіміз ат айырбасталық»- дедім. Мініп жүрген атым шабан, есек мінезді еді. Әлгі қойшы көп ойланбастан келісе кетті де, бір күні келісім бойынша атымызды айырбастап міндік. Бірер күннен кейін біз көшіп, жайлауға, Үлкен Қақпақ шатқалына шығып кеттік. Шұбарат, қойшының айтқанындай болмай шықты. Үркек, арқасына тоқымдарын әрең салғызады, мінейін десем мінгізбейді, әрең дегенде мінемін. Жүрісі шоқалақтап, екі жанына теңселіп жүреді де, адамды тез шаршатады. Ой, қорлықты әбден көрсетті. Сол ат келгелі бері берекеміз кетті. Қойға қасқыр шапты. Бір күні жаңбыр жауып, найзағай бір отар қойдың үстіне түскені, біраз қойым қырылып қалды. «Бұл шұбараттың көзін қалай құртсам екен»-деп ойланып жүргенімде, бір күні үйге екі атты жолаушы келе қалды. Амандасып, киіз үйде қымыз ішіп отырғанымызда, жолаушылар: «Күзде, әкеміздің асын берелік деген ниетіміз бар еді, соған жылқы малын іздеп жүрміз»-деді. Мен : «Әй жігіттер, ниеттеріңді бір Алла қабыл алсын. Менде шұбарат бар, бір айға жуық болды мінбедім, жылқылардың арасында бос жүр. Шындығын айтайын, міністің аты емес, ал енді асқа союуға жарайды. Өздерің жылқыны көріңдер, ұнаса алыңдар»-дедім. Екі жігіт қымыздарын ішіп болып далаға шықты да: «Аға, жылқыны көрейікші»- деді. Атыма міне салып жылқыларды қайырып, құлындар байлаулы тұрған желінің басына айдап әкелдім. Шұбаратты көрді де:     «Күзге дейін жалы мен құйрығын күзеп, ауылдың төңірегіндегі таныс қойшыға қосып қоямыз. Сіз берсеңіз, атыңыздың құнын төлеп, ауылға алып кетелік»-деді. Келісе кеттім де, шұбаратты ұстап, жіңішке арқан жіптерімен ноқталап беріп едім, бірі жетектеп, бірі артынан айдап, төменге, ауылға қарай  түсіп кетіп еді»-деп, Дәулет атам әңгімесін аяқтады.

    Мұратбек күлді де: «Әңгімеңіз қызықты екен. Маған,  сіз туралы тағы да бір мәлімет келіп түсті. Коля есімді орыс жігітімен, дос болған екенсіз. Екеуіңіз, үш дөңгелекті мотоциклге мініп алып, балық аулауға ма, жоқ әлде көрші ауылға барғансыздар ма? Осы жайында айтып беріңізші» -деді.

     Бұл сөзді естіген Дәулет атам жымия күліп еді, қос жанары, екі сызық болып кетті де, сақалын оң қолымен сипалап отырып: «Әй Мұратбек, осыны айтпай-ақ қояйыншы, сендер менің баламсыңдар ғой»-деп еді, мен килігіп: «Неге айтқыңыз келмей қалды, айтыңызшы?»-деп қалдым. Мұратбек менің бүйірімнен түртіп қалып еді, құпия әңгіме екенін түсіне қойдым. Содан далаға шыққанда: «Жаңағы, атам жайында көргеніңді дұрыстап айтып берші»-деп, Мұратбектен жалынып сұрап едім: « Әй досым, атаң жас кезінде орыс жігіті Колямен дос болыпты. Екеуі, үш дөңгелекті мотоциклге мініп алып, үйдегілерге: «Біз, балық аулауға кеттік»-деп өтірік айтып, көрші ауылдың қатындарына барып жүріпті. Мен саған  айттым ғой, ымды білмеген дымды да білмейді»-деп, екеуіміз біраз күліп алдық.

       Сол жылы күзде ауылға тағы да келдік. Бұл жолы Дәулет атам Мұратбекпен, кеңінен көсіле әңгімелесті. Әңгіме арасында Мұратбек: «Ата, екі қошқарды отарыңызға қосып алыпсыз ғой, осыны көріп отырмын» -деп еді Дәулет атам: «Иә, дұрыс айтасың, оларды мен ұрлап алғамын жоқ, өздері келіп қосылды» -деп жас балаша ақталуға тырыса бастады. Әңгімелеріне мен араластым да: «Дәулет ата, олар қайдан келген қошқарлар, түсінбедік, айтып беріңізші!» -дедім. Дәулет атам отырған орнынан қозғалып қойды да, әңгімесін бастады.

      Сол жылы мен, осы Тегістік қой совхозының бір отар саулық қойын бағатынмын. Отырған күздеуіміз, Дегерез тауының бөктері еді. Күндегі әдетімше қойларымды бөктерде бағып жүрген едім, Қысаң жақтан маңырап, «архар» тектес, мүйіздері қарағайдай екі қошқар келді де, отарға қосылды. Алдынан шығып, кері қайырмадым. «Иесі, іздеп келетін шығар»  деген ойда болдым. Бірер күн тостым, жоғалған малын іздеп ешкім келмеді. Совхоздың басшыларына айтайын десем, олар ести сала келеді де көліктеріне салып, алып кетеді. Оның үстіне менің бағып жүрген бір отар саулығымның, ұрықтанатын мезгілі келіп еді.

Жұбайым Арманханға айтып едім: «Әй Дәулет, ертең совхоздың басшылары келсе, мына саулық қойларды ұрықтандыруға қошқарлар сұрайсың, одан да жүре берсін, иесі келсе өзіне қайтарып берерсің»-деген соң, ешкімге тіс жарытып айтпап едім. Сөйтіп, екі қошқар бір отар қойлардың арасына сіңіп кетіп еді»-деп осыны айтты да, жалтақтап, бізге қараумен отырып еді!

     Осындай бойында бір Алланың берген қасиеті бар,  Мұратбектің өзімен сұхбаттасқанды жөн көрдім.

– Мұратбек, 2017 жылы жаз айының бір күні Нарынқолға кетіп бара жатқанымызда жол-жөнекей «руханияттар әлемінен» бірнеше мәлімет келіп түсіп еді, осы жайында өзің айтып берсең.

­– Иә досым, бірнеше жылдан бері қасымда жүріп, бір Алланың маған берген қасиетін көріп, бірнеше рет куәсі болдың, айтып берейін!

       2017 жылы шілде айының бір күні, Алматы-Нарынқол бағытындағы теп-тегіс асфальт жолмен автокөлігімізбен кетіп бара жатып, Көкпек сайындағы  Райымбек бабамыздың бастауына аялдадық. Осы арада түскі асымызды ішіп отырған сәтімізде «руханияттар әлемінен» мәлімет келіп  түсті.

  …Қарт әже, қасына 7-8 жастағы ер баланы ертіп алыпты: «Есімім-Асыл болады, мына баланың әкесі қан майданда қайтыс болған, менің немерем, руы-Қусирақ» -деді . Асымызды ішіп болған соң, Асыл әженің және  немересінің рухына Құран бағыштадық та, сапарымызды жалғастырдық.

    Кең сайдың ішіндегі асфальт жолмен заулап отырып Көкпектің жазығына ілінгенімізде, «руханияттар әлемінен» мәліметтер келіп түсе бастап еді, екі көзімді жұмдым да мұқият қарап отырдым. Оң қол жағымдағы биік таулардың етегінде, екі мыңға жуық атты сарбаздар… аттары жер тарпып әрең тұрды. Ал, жолдың төменгі жағында он бес мыңға жуық атты сарбаздар. «Бұлар кімдер?»-деп өзімнің телепатиям арқылы сұрап едім: «Таудың етегіндегі Райымбек батыр бабамыздың сарбаздары, ал төмендегі қалмақтардың қолы»-деді. Осы қара қорым болған сарбаздардың қасына жақындап қалғанымызда, бір атты бала, күнбатысқа қарай шаба жөнелді. «Бұл бала қайда кетіп барады және есімі кім болды екен?»-деп едім: «Есімі-Қаратүрік, он екі жастағы хабаршы бала!»-деген жауабы келді. Ары қарай жүргенімізде, Райымбек батыр бабамыздың оң қолы, алып тұлғалы Сапарқұл батыр бабамыз, қалмақтармен шайқасқа түскелі тұрғанын көрдім. Қалмақтар да атойлап: «Жекпе-жек, жекпе жек»-деп екі қолбасшыны ортаға шақырып тұрды.

– Қалмақтардың қолбасшысының есімін сұрай алдың ба?

– Иә, Үрдұған есімді. Содан оң қол жақтан Сапарқұл батыр бабамыз тұлпар атымен саптан шықты да, найзасын алға ұстап, иті екеуі қалмаққа қарай тұра ұмтылды. Бірінші болып иті жетті де, Үрдұғанның оң қолынан тістеп аттан аударып түсіріп еді, Сапарқұл батыр бабамыз артынан жетті де, найзасымен, Үрдұғанды шаншып өлтірді. Қалмақтар, қолбасшының өлгенін көріп артқа қарай шегінді де, тым-тырақай жан-жаққа қаша жөнелді. Райымбек батыр бабамыздың сарбаздары лап қойып, жазық далада қара топан шайқас болып кетті. Айналаның бәрі шаң-тозаң, бір-бірін найзамен түйреп, қылышпен шауып, садақтың оғымен атып, ойран-топай болып жатты. Қалмақтардың бір шеті сайдың ішімен Балхашқа қарай қашып еді, алдыларынан Райымбек батыр бабамыздың өзі, қасында төрт жүзге жуық сарбаздарымен шыға келіп, шайқасқа кірісіп кетті. Тірі қалған қалмақтар сай-саламен қашып, тауларды асып көзден таса болды. Шайқас тоқтап еді, Көкпектің жазығы өлген сарбаздардың денесінен көрінбей кетті.

– Қазақ пен қалмақ сарбаздары араласып жатыр ғой?

– Иә, сонда менің көргенім қазақтар мен қалмақтар өз сарбаздарына шалма лақтырып, аяғына ма, қолына ілінеді ма атпен сүйреп апарып, жеке-жеке екі шұңқырға тастап жатыр. Өлген сарбаздар ісініп, иістеніп кеткен. Тасып болып еді таспен көмді де, үстінен топырақпен жауып, сарбаздар, жан-жаққа тарқап кетті…!!!

– Мұратбек, сол күні Тегістік ауылына аман есен жеттік те, Дәулет атамның үйінде қонақ болып, ертесі күні Жабыр тауындағы қора-жайына бармадық па? Осы тауда, бір төбенің үстінде тұрған кезімізде «руханияттар әлемінен» мәліметтер түсіп еді, осы жайында айтып берсең?

– Осы тұста айта кетейін, Жабырдың көне аты-Сасыр. Маған осындай мәлімет келген. Үйдің тұсындағы төбеде тұрған кезімізде, Дәулет атамыздың 2013 жылы бұл дүниеден қайтқан жұбайы, Арманхан апамыздың рухы келді де: «Әй шырағым Мұратбек, ана Дәулет атаңа айтып «Ақтаңның ақ тоғайындағы» Мергенбай батыр бабаларыңның, өгіздің терісіне орап тығып кеткен құжаттарын тауып алыңдар. Тағы айтарым, ана құданың қоңыр танасын өзіне берсін, соны Дәулетке айтшы?»-деді де тез қимылдап көзден ғайып болды. Содан Жабыр тауынан қайтып, Тегістік ауылына келдік те, Дәулет атаға Арманхан апамыздың өтінішін айтып бердік емес па?

– Иә Мұратбек, содан Дәулет атаны ертіп, Тегістік ауылының күншығыс жағындағы «Ақтаңның ақ тоғайына» келдік қой?

– Бөке, осы тоғайға келгенімізде: «Осы арада Мергенбай батырдың бастауы бар, оның иесі, ұзындығы екі метрдей болатын ақ жылан»-деген мәлімет келді. Бастауды іздеп жүріп, өте көп рухтарға кезіктік. Бір мезетте үлкен бір әулиенің рухы қасымызға келді де: «Әй шырақтарым, осы арада қытайлар мен қалмақтардың шайқасында шейіт болған ата-бабаларыңның рухтары бар, соларға арнап Құран бағыштаңдар»-деді. «Өзіңіз кім боласыз?»-деп сұрап едім: «Есімім -Ақшолақ, руым- Әлім болады, осы жаққа, батыстан ислам дінін тарқатуға келіп едік, қалып қалдық!»-деді. Сонда жаңағы әулиенің рухына үш жүз жылдан асқан екен. Дәулет ата үшеуіміз тізерлеп отырып, Құран бағыштап едік, рухтардың разы болғаны соншалықты, ауа-райы күрт өзгерді де найзағай сатырлап, жаңбыр жауып кетті. Аспанда, күншығыс жақтан бірнеше қабат кемпірқосақ пайда болды. Мұндай құбылысты бұрын-соңды көрмедік. Жаңбыр жауып тұрған соң, барған ісімізді тоқтаттық та ауылға оралдық. Дәулет атаның ортаншы ұлы Ержанның үйіне келіп едік, ұлы Арслан мен қызы Ақниет алдымыздан шығып, қасында көршілерінің бір топ ойын балалары бар, аспандағы бірнеше қабат кемпірқосақты ұялы телефондарына түсіріп алған екен, соны, жүздерінде қуаныштың арайы бар бізге көрсетіп жатты.

– Мұратбек, енді Текес ауылының тұрғыны, Мергенбай батырдың ұлы Құдайберген атаның үйінде отырып көргеніңді айта кетсең!

– Құдайберген атаның үйінде әңгімелесіп отырғанымызда «руханияттар әлемінен» мәліметтер келіп түсіп жатты, соны шетінен атадан сұрап, жауабын алып отырдық. Бірінші сұрағым: «Ата, осы өңірде «Аршалы асу» деген жер атауы бар ма?»-деп едім: «Иә бар, ол сонау Хантәңірі шыңының астындағы «ел үріккен» жылдары, Мергенбай батырдың Қытай жеріне көшкен қалың елді алып өткен «Асутөрі», оның тағы бір аты «Аршалы асу» деп аталады»-деді. Екінші сұрағым тағы да осы жер-су аттарына байланысты: «Ат өлген сай» -деген жер атауы бар  ма еді?-деп едім, ата: «Әй Мұратбек, сен бұл жақтың адамы емессің ғой? Осының бәрін саған осы жақтың адамдары айтып па еді?»-деп маған күлімдей қарады. «Жоқ-ә ата, менде Алланың берген «көріпкел» деген қасиеті бар. «Руханиятар әлемінен» мәліметтер келіп түседі, соны елге түсіндіріп айтамын, бірі түсінеді, енді бірі: «Ертегі әлемінің әңгімесін айтып отырсың»- деп өзімді жазғырады дедім. Ата жымия күлді де әңгімесін жалғастырды.

   «Әлі есімде, 1964 жылдың жаз айында екі атты адам, иықтарында асынған мылтық, қанжығаларында байланған қақпандары бар, Үлкен Қақпақ шатқалының ішінен жабайы аң қарауға шығады. Түс ауа күн күркіреп, қатты жаңбыр жауып кетеді де, екеуі, аттарын бір қарағайдың түбіне байлап, өздері басқа бір қарағайдың түбінде жаңбырдан бас сауғалап отырады. Осы сәтте найзағай жарқылдап, дәл екі ат байлаулы тұрған қарағайға келіп түседі. Екі ат та, қарағай да, жалынның астында қалып, өртеніп кетеді. Міне, сен айтқан «Ат өлген сай» деген жер аты содан қалған деп ата әңгімесін аяқтады. Иә ата, қайғылы оқиға екен, ана екі адамды, Құдай, бір ажалдан құтқарып қалыпты»-дедім.

    Бөке, сол жолғы сапарымыз әлі күнге дейін есімде сақтаулы тұр. Бір күні Текестегі, Бекен ағаңның отауына келдік. Ағаңның бұл дүниеден қайтқанына біраз жыл болыпты: «Рухына Құран бағышталық»-деген ниетпен мен Құран оқыдым. Оқып отырған сәтте бірнеше адамның рухтары үйге кірді. Құран Кәрімнің аяттарынан оқыдым да қолымды жайып тілек-ниеттерімді айтып бетімді сипам едім, олар да беттерін сипады. Ең алдыңғы қатарда 12-13 жастағы қыз бала, қап-қара шашын екі өрім ғып өрген, екі иығынан алдына қарай асырып қойыпты, маған күлімдеп қарап тұрды. Жеңгең Күмістің көзінше ештеме айтпадым да, далаға шыққан соң сенен сұрадым ғой: «Ағайын-туыстарыңның арасында 12-13 жастағы қайтыс болған қыз бала бар ма еді?»-деп.

– Иә Мұратбек, мен, біраз уақытқа дейін есіме түсіре алмай ой-санамды ақтарып, бір мезетте есіме келіп түсті. Сөйтсем, Мергенбай батыр бабамыздың 12 жастағы қызы науқастанып, сырқатына шипа қонбай, небәрі 12 жыл ғұмыр кешіп, сұм ажал алып кеткендігі жайлы талай естігенмін. Көне көз қариялардың айтуынша бойшаң келген, мөлдіреген қарақаттай қара көздері, қос бұрым шашты, өте сұлу қыз бала болған екен. Қыршынынан қиылған денесі, Қаракөлге барар жолдағы төбенің үстінде, жер қойнауында. Ары-бері өткен сайын тоқтап, рухына Құран бағыштаймыз. «Кезінде, Ұзақ батыр өзінің ұлына атастырып қойған екен»-деген әңгіме де бар. Мергенбай батыр бабамыздың: «Қызым тәуір болса, батысқа қарай көшемін»-деген сөзі де, ел аузында қалғаны бізге аян.

 – Бөке, осы 2019 жылдың 17-ші шілде күні Жаңа Текестегі үйлеріңе түс ауа келіп едік, Дәулет ата үйдің көлеңкесінде отыр екен, амандасып, әңгіме-дүкен құрып отырдық. Бір мезетте «руханияттар әлемінен» мәліметтер келіп түсе бастады. Дәулет ата, менің көріпкелдік қасиетіме әбден көзі жетіп, айтқандарымның бәрін зейін қойып тыңдап, жауабын да егжей-тегжейіне дейін жеткізіп айтатын болды. Осы ниетіммен әңгіме үстінде бірінші мәлімет бойынша былай дедім: «Дәулет ата, сіз, Қытай жерінде, 17-18 жасқа толған шағыңызда үйленіп па едіңіз, немесе сөйлесіп жүрген қызыңыз болып па еді? Бір жанға жайсыз оқиғаны көрдім»-деп едім, өзің де куәсі болдың, Дәулет ата жымия күліп: «Ой шырағым Мұратбек, сенен ештемені де жасыруға болмайды екен, айтып берейін»-деді де әңгімесін бастап кетті.

    «Қытай жерінде 1937 жылы туылып, өніп-өстім. Біздің үй, Ақсу ауылының күншығыс жағында екі бөлмелі там үй еді. Осы Ақсудың бастауыш класында оқыдым, төрт кластық білімім бар. Өзім қатарлы ұл-қыздармен ойнап-күліп, ер азамат болғанымды да байқамай қалыппын. Сол он сегізге толған шағымда әкем Қанапия, шешем Шари, бір күні маған: «Әй Дәулет, сен ер жетіп, жігіт болдың, үйленіп, өз алдыңа отау құрсаңшы»-деді. Сәл ойланып қалдым да : «Кімнің қызына»- дедім. «Бәленшенің»-деп еді, қуанып кеттім. Неге десеңіз ол қыз өте сұлу, қос бұрымды, мен сияқты бойдақ жігіттердің көздері түсіп жүретінді. Қызбен танысып, 1-2 рет тойда бірге болып, қосыла ән шырқағанбыз. Содан «жарайды» деп келісе кеттім. Әлгі қыздың әке-шешесін, менің әке-шешем жақсы танитын. Қыздың есімі ұмытпасам Күләй еді. Бір күні әке-шешем, ағайын-туыстар болып атқа мінді де, «құда түсуге» қыздың ауылына қарай жолға шықты.Олар келгенше мен енесінен ажырап қалған құлындай күй кешіп: «Ойпырмай, қыз көнер  ма екен, жоқ әлде менің әке-шешемнің бастары салбырап, әке-шешесі келіспеді деп қайтып келер ма екен»-деген оймен ары-бері сенделіп жүрдім. Кеш батып келе жатқанда, солар кеткен Қарасу ауылына баратын жолға қарасам, аттары жолдың шаңын аспанға көтеріп желе жүріп келе жатыр екен. «Әәә, жақсы хабар әкеле жатыр»-деген оймен бүйрегім бүлк дей түсті. Желіден босайтын құлындай боп тыпырлап, күтіп тұрдым. Шешем Шари маған жетер-жетпестен сонау жерден көңілді даусымен: «Әй шырағым Дәулет, құсың құтты болсын»-деп еді, шешемнің мына сөзі өн бойыма ерекше бір қуаныш шуағын құйғандай болды. Көз алдыма үстіне ақ көйлегін, басына сәукелесін киген Күләй елестеп, екеуіміз алтыбақан теуіп, бізді айнала қоршаған достарымыз ән шырқап, сол әннің әуенімен, қалықтап, қос аққудай аспан көкте ұшып кетіп бара жаттық… Осы сәтте аттардың тұяқтары топырлап маған жақындап қалғанын естіп, есімді тез жиып алдым. Құда түсуге барғандардың бәрі де аттарынан түсер-түспестен мені құттықтап жатыр. Қуаныштан тұла бойым ысып, әп-сәтте махаббаттың отына бөленіп, көңіл күйім жадыраған жаздай болып кетті. Содан ел аяғы басылғанда естігенім, қыздың әке-шешесі бұрыннан таныс адамдар, қыздың қалың малына: «Жеті, ірі қара әкелсеңдер болады»-деп қол алысып, құшақтасып, келісімдерін беріп шығарып салыпты. Екі-үш күннен кейін әкем Қанапия қасына бір ағайындыны ертіп, екеуі, екі атқа мінді де алдыларына жеті ірі қараны салып айдап, Күләйдің ауылына қарай жүріп кетіп еді, кеш батпай қайта оралды. Бәрі де ойдағыдай болды. Сол екі жақтың ата-анасының келісімі бойынша он бес күннен кейін біз барып, қызды алып кететін болыптық. Шешем Шари де тойдың қамына кірісіп, абыр-сабырға түсіп жүрді. Күндер, мен үшін алға қарай әрең жылжып, күн санап, Күләйді көруді асыға күтіп жүрдім. Бірер күннен кейін: «Күләй үйленіп кетіпті»-деген суық хабарды естідік. Мұны естіген әкем мен шешем: « Бұл қылықтары қалай, келісімдерін бұзғандары несі, а? Бұған бір себеп болған шығар, мен барып біліп келейін» -деп күйініп, әкем дереу атына ертұрманын салды да, Күләйдің ауылына қарай суыт жүріп кетті. Кеш батпай қайта оралды, әкем ашуланса үйде тыныштық орнап, жөнсіз сұрақ та қоймайтын едік. Атымен, ауладағы мамағашқа келіп аттың басын тежеп еді, мен, үнсіз қалпыммен шылбырын алдым да мамағашқа байлап қойдым. Қабағы түксиіп кеткен, атынан түсті де үсті басындағы шаңның тозаңын қағып, үйге енді, соңынан еріп мен де кірдім. Төр көрпенің шетіне малдасын құрып отыра кетіп еді, үйдегілер: «Не жағдай болыпты, айтсаңшы!»-деді. Сәл жөтеліп, күрсініп алды да әңгімесін бастады.

     «Біздің құда түскенімізді, қызды торауылдап жүрген біреулер көріпті де, қыздың жеңгесіне: «Қайын сіңліңді тойға барып келелік деп айтып, той болатын «бәленшенің» үйіне ертіп әкелші, қорықпағын, ештемеде болмайды жәй әншейін сөйлесетін әңгімеміз бар еді» -деп айтып, жеңгесін көндіреді. Әлгі жігіттер жеңгесінің таныстары екен. Жеңгесі қайын сіңлісін көндіреді де, екеуі, екі  атқа мініп той болып жатқан үйге келеді. Жастар ойын сауық құрып, ақ сүйек ойнап, алтыбақан теуіп, ән шырқалып, той болып жатқан үй қызықты кештің ортасында қалады. Осы сәтте жеңгесі Күләйдан көз жазып қалады да, ары-бері жүріп іздейді, таныстарынан: «Күләйді көрдіңдер ма?»-деп сұрайды, ешкім де көрдік, не естідік деп айтпайды, сөйтіп із-түссіз жоғалып кетеді. Жеңгесі тойдан кейін атына мініп жалғыз өзі үйге оралады. Үйдегілерге: «Алаңдамаңыздар, қазір келеді»-деп төсегіне жатып тәтті ұйқыға еніп кетеді.  Күләй сол жоқтан жоқ болып, ертесі күні түс ауа бір топ атты адамдар Күләйдің үйіне келіп, аттарының басын тежейді. Үйге енеді де, амандасып,төрден орын алған соң келген бұйымтайларын айтады. Сөйтсе бұл адамдар Күләйдің әке-шешесінен кешірім сұрауға келгендер екен. Сол той болған түні Күләйға сырттай ғашық болып жүрген жігіт, қасындағы достарымен зорлықпен алып қашып кетіп, түніменен, кемпірлер қыздың басын айландырып көндіреді де, қолынан: «Өз еркіммен келдім»-деген бір жапырақ ақ қағазға жазылған жазуды, Күләйдің әке-шешесіне әкеліп береді. Күләйдің әке-шешесінің: «Қыздың, қалың малы төленіп қойып еді» -деген сөздері далада қалып, қыз сол ауылдың жаңа түскен келіні болып қала береді. Келген кісілер бір шайын ішеді де, аттарына мініп, келген жақтарына қарай желе жүріп кетіп қалыпты» -деп әкем Қанапия әңгімесін аяқтап еді. Кейіннен, біз Совет жеріне қоныс аударып көшіп кеттік. Біздің соңымыздан Күләй да отбасымен көшіп келіп, Нарынқол өңірінің Қаратоған ауылынан қоныс тапты. Сөйтіп қалың малы төленіп қойған менің болашақ жұбайымды еріксіз түрде алып қашып кетіп,өзім құралпас бір жігіт үйленіп алды. Ал, қалың малды әкем барып сұрамады, Күләйдің әке-шешесі де жұмған ауыздарын ашпады»-деп, сексенді арқалаған Дәулет ата өткен өмірінің жайсыз күндерін есіне алып, терең бір күрсініп қойды.

– Иә Дәулет ата, адам баласы мына өмірге келген соң, жақсылықпен қоса, небір қиыншылықтарды басынан өткізеді екен ғой. Кейіннен, Арманхан апамызға үйленіп бала-шағалы болдыңыздар, немере сүйдіңіздер, соған «тәуба» деңіз!

    Келесі айтарым, жас кезіңізде жирен ат мінген екенсіз. Сол жирен атпен сапарға шығыпсыз да аттың ертұрманында байлаулы тұрған қоржынды жоғалтып алғансыз ба, жоқ әлде ұрлатып алғансыз ба, маған «руханияттар әлемінен» осындай бір мәлімет келіп түсті, осы оқиға туралы айтып беріңізші.

­– Ой Мұратбек-ау, Алланың берген қасиетімен көріп, естіп алады екенсің, одан да өзім айтып берейін. Бір ыңғайсыз әңгіме, сонда да айтайын…

     Жас кезімізде, Арманхан екеуіміз осы Текес ауылындағы Карл Маркс атындағы колхоздың бір отар ісек қойын бақтық. Сол жылы жайлауға, Байгелді шатқалына жіберіп еді. Ол кезде мына Болатхан мен Тұрсынжан, бұғаналары қата қоймаған жас балалар… Жайлауға барғанымызға бір айға жуық болған. Үйдегі азық-түлігіміз азайып, төменге, дүкенге түсуіме тура келді. Бір күні көкпарға мініп жүрген жирен атыма мініп, бір отар қойды Арманхан мен екі балаға табыстадым да, Байгелді шатқалымен еңіске қарай жүріп отырып шуамадан өттім де, Шұбартал жайлауына келдім. Бұл жазық жайлауда, Нарынқол мен Текестегі Карл Маркс колхозының сауыншылары және бірнеше қойшылары мен жылқышылары отыратын. Малшыларға арналған дүкенге келдім де, үйге керекті азық-түлігімді және екі балаға, Арманхан айтқан киімдерін сатып алдым. Алған барлық заттарымды қоржынға салып, жирен атыма теңшелеп арттым да, ердің қанжығасына мықтап байлап қойдым. Шұбартал жайлауында біздің колхоздың малшылары да бар емес па, бәрі де таныс, дүкенге келгендері амандасып: «Ой Дәуке, келіп қалыпсың ғой, бір жарты ішпейміз ба?»-деген соң, сол дүкеннің қасындағы қарағайдың көлеңкесінде отырып, үш жігіт бір бөтешті тауысып ішіп едік, жалғастырушылар көбейіп кеткені… Не керек қатты мас болып қалыппын. Оразбек ағам келіп үйлеріне ертіп әкетіпті. Бүбі шешеміз екеуі колхоздың жылқысын бағатын. Менің жағдайымды көрген екеуі: «Әй Дәулет, мына қалпыңмен жайлауға бара алмайсың, үйге қонып, ертең, ертерек шығып кетсеңші»-деген екен, оларға мен бой бермей: «Кетемін де, кетемін»-деп отырып алсам керек. Ашуланған Оразбек ағам: «Ал ендеше, баратын жеріңе аман-есен жеткін, сенімен, кейін сау кезіңде сөйлесемін» -депті де жирен атыма мінгізіп, шығарып салыпты. Шала-шарпы есімде қалыпты, кеш бата шуамаға жеткен соң: «Осы арада аттан түсіп біраз демалып алайын»- деп аттан түстім де бір қарағайдың түбіне отыра кеттім, аттың шылбыры қолымда, соны еміс-еміс білемін. Ары қарай білмеймін…таңертең бірақ ояндым. Оянсам, ат жоқ, ары-бері жүгіріп жүріп іздедім, еш нәтиже шықпады. Содан мойныма су құйылғандай болып, таң ата жаяулатып Оразбек ағаның үйіне қайтып келдім. Мені көре сала, ой ұрысты ғой келіп:« Арақ ішкенше, зәріңді неғып ішпедің» -деп. Әбден сілкілеп, Бүбі шешем таңғы асымды берді, ал, аға, өзінің торы атына ертұрманын салды да мені мінгізіп: «Ал енді, жирен атты, бала-шағаның азығы салынған қоржынды іздеп тапқын»-деді де қамшысымен аттың қамшы ұрар жағынан тәртіп қалып еді, ат тұрған орнынан атырылып кетіп, аттан шалқамнан құлай жаздадым. «Бісмілдамды» айттым да, жирен ат пен қоржынды іздеуге жолға шықтым. Шуамамен жүріп келе жатып алдыңғы жағымның бәрін екі көзіммен тінтіп қарап келемін, ешнәрсе көрінбеді. Ат аунап, қоржын түсіп қалды ма екен деген ойда болып едім. Қарсы келген екі-үш атты адамдардан сұрадым, бастарын шайқағаннан басқа ештеме айтпады. Содан Байгелді шатқалымен өрлей жүріп отырып, Күркілдек сайының аузында отыратын қойшыға жолығып сұрап едім: «Әй Дәулет, сенің жирен атың бүгін таңертең өзіңнің көршің, Уәли ағаның  жетегінде кетіп бара жатқанын алыстан көрдім, ал, қоржының бар не жоқ екенін байқай алмадым»- деді. «Еее, жирен атым бар екен, онда қоржын да бар ғой» -деген оймен астымдағы атыма қамшыны бастым. Түс ауа жайлаудағы үйге келіп жеттім. Бір отар колхоздың қойлары өзен бойын жағалап жайылып жүр екен, ал, Болатхан мен Тұрсынжан өз ойындарының қызығына кірісіп, киіз үйдің күнбатыс жағындағы қалың аршаның көлеңкесінде отырды. Екі итім абалап үріп маған қарай жүгіріп еді, аттың үстіндегі мені тани сала құйрықтарын бұлаңдатып, еркелей бастады. Үйге жақындап келіп ат байлайтын мамағашқа атымның басын тежедім де аттан түсіп, шылбырын байлап, үйге қарай бет алдым. Қураған аршадан домалақ етіп жасаған қой қораға көзіп түсіп еді, үлкен ісек қойдың терісі жайулы тұрғанын көрдім де : «Еее, мен жоқта үйге колхоздың басшылары келіп бір қойдың етін жеген екен ғой»-деген оймен үйге ендім де, Арманханмен амандасып едім, ыдыстарды жуып отыр екен, амандасты да: «Иә, өзіңнен бұрын атың келді ғой, қоржының қайда, не жағдай болды?»-деді қабағы түсіңкі қалпымен. Болған жағдайды айтып бердім де : «Үйге біреу келді ма, ана жайулы тұрған қойдың терісі …»- деп едім, Арманхан: «Кеше кешкісін қойларды қоралайық деп бас аяғын жинасақ, бір қой тастардың арасында үйелеп жатып өліп қалыпты, тері соныкі» -деді. Ана, екі бала қайда қарап жүрді, ойын ойнағанша қойға қарамады ма? Қазір мен оларға мына өрім қамшымен сыбағасын берейін»-дедім де, оң қолыма қамшымды ұстап есікке қарай ұмтылып едім, Арманхан: «Әй Дәулет, екі бала кешелі бері сені күтіп жүр. Мен оларға әкелерің дүкеннен тәтті кәмпиттер, үстілеріңе жейде мен костюм, судай жаңа аяқ киімдеріңді сатып әкеліп береді дегенмін, қайда солар… Балаларға не деп жауабын айтасың, сен соны ойладың ба? Шошаңдатпай тарт ары қамшыңды, жәйбарақат, өз ойындарын ойнап отырған балаларымды шошытасың»-деп еді, тұла бойымнан зыр-зыр етіп электр төгі жүріп өткендей болды. Киіз төсенішке отыра кеттім де, Арманхан екеуіміздің адал еңбегімізбен тапқан ақшаның, тулап аққан, Текес тау өзенінің бойымен, шашыла ағып бара жатқаны көз алдыма елестеп: «Әй қу арақ, қу арақ, ұрттай қалсаң, арқалайсың мұң мен азап!»-деген өкінішімді айтып, басымды оңды-солды шайқағаннан басқа амалым болмады.

– Дәулет ата, заманымызды Кеңес Үкіметі билеп тұрған сол бір жылдары, қу арақ, талай адамдардың тағдырын талқан етті ғой. Тәуелсіз мемлекет болдық, болашақта, жастарымыз ауыздарына алмас үшін, ішімдіктің «харам» екендігін жиі айтуымыз керек қой.

– Иә Мұратбек, Кеңес Үкіметі кезінде жас болдық, дүкендердің сөрелерінде арақтар түр-түрімен тізіліп тұратынды. Басымыз қосыла қалса: «Әй, бір жарты ішпейміз ба?»-деп бір-бірімізді үгіттей жөнелуші едік. Ол Үкімет құрыды, құрдымға кетті ғой…

– Иә, дұрысын айттыңыз! Ата, әңгімемізді ары қарай жалғастырсақ. Маған тағы да бір мәлімет келіп түсті. Сол мәлімет бойынша, екі милиция үйлеріңізге келіп тінту жұмыстарын жүргізіп, бір суық қаруды тауып алып па еді, бұл не жағдай, қашан болып еді? Мен, осындай бір көріністі көрдім.

– Ой шырағым Мұратбек-ау, осы оқиға сол Кеңес Үкіметі билеп тұрған кезде болып еді, оны да бір Алланың қалауымен көріп отыр екенсің, ондай болса айтайын…

   Үлкен ұлым Тұрсынжаным әскерден келіп, Тегістік қой совхозында мәшинесін айдап жұмысын істеп жүріп жатты. Осы тұста айта кетейін, Текестегі Карл Маркс атындағы колхоз екіге бөлініп, бізді Тегістік қой совхозына жібергенді. Сол жылы жайлаудан бір отар саулық қойды айдап түсіп, күздеуге, Тұзкөлге келіп қоныстанып едік. Күздік астықты шауып алыпты, қойдың жайылымы кеңейіп емін-еркін жайылып жүрді. Сол шабылған шабындықта, неге екенін білмедім, тышқандар қаптап кетіп еді. Тышқан жүрген жерде, оларды ұстап жейтін құстар мен аңдар көп көзге түсе береді емес па? Соның ішінде қызыл түлкілер көп жүретінді. Бір күні Тұрсынжан мәшинесімен үйге келіп : «Әке, ана жүктің арасында тығулы жатқан мылтығыңызды беріп тұрыңызшы, мен түлкі атып көрейін» -деді. Менің тығып ұстап жүрген шиті (Тоз-8) мылтығым бар еді, ондай мылтықты ұстауға  рұқсат қағаз бермейді екен, берсе, заңдастырып қояр едім ғой. Өзі әскерден келгеніне көп болмап еді, көңілін қалдырмайыншы деген оймен «ала ғой» дедім. Мылтықты мойнына асынды да аңызды бойлай таудың етегін жағалап, өрлеп кетті. Кеш батпай бір қызыл түлкіні иығына асып, үйге оралды. Оны сойып терісін алды да тұздап, ит тұмсығы жетпейтін жерге жайып қойды. Сөйтті де: «Таңертең жұмыста болуым керек»-деп мәшинесіне отырды да, Тегістікке қарай қара жолдың шаңын аспанға көтеріп жүріп кетті. Бірер күннен кейін, киіз үйдің ішіндегі төрде ілулі тұрған кілемнің дәл ортасында, әп-әдемі қызыл түлкінің терісі үйге көрік беріп, ілулі тұрды… Бір күні қойларды қайыра бағып аңызда жүрген едім, бір жеңіл машина біздің үйдің есігінің алдына келіп тоқтай қалғаны. Ойымда ештеме жоқ, ағайын-туыстар келген шығар деп болжадым да, жайбарақат, атыма шөбін жегізіп тұра бердім. Бір мезетте үйден Арманхан шықты да: «Әй Дәулееет»-деп айғайлап, қолын бұлғап үйге шақырды. Атыммен желе жүріп үйге келдім. Аттан түсіп, атымның шылбырын киіз үйдің белбеу арқанына байлай салдым да, үйге ендім. Сөйтсем жаңағы келген екі милиция екен, менімен амандасты да неге бола келгендерін айта бастады.

    «Сіздің үйде суық қару бар екен, бізге сондай бір мәлімет келіп түсті. Сол қаруды бізге беріңіздер, тиісті орынға апарып өткіземіз»- деді шені жоғары милиционер.  Куәлігі бар отыз екінші калибрлі мылтығым есіме түсе кетті де, үйдің керегесінде ілулі тұрған орнынан алып, қорамсағын, куәлігімен қоса алдыларына қойдым да: «Міне, совхоздың малын ит-құстан қорғау үшін Үкіметтің берген мылтығы осы, менде басқа мылтық жоқ»-дедім. Қатқан қара қайыстай шені төмені: «Біздің іздегеніміз бұл мылтық емес, басқа мылтық. Егерде өз еріктеріңізбен бермесеңіздер, үйге тінту жұмыстарын жүргіземіз»-деді. Содан Арманхан екеуіміздің айтқан сөздерімізді құлақтарына да қыстырмай, төрдегі жиулы тұрған көрпелерді қатқан қара қайыстайы қопара бастады. Не керек, қолы шиті мылтығыма жетті. Сыртын шүберекпен орап, тығып қойған жерімнен суырып алды да, домалақ жозының үстіне қойып еді: «Мына мылтық кімдікі, сіздікі болса құжаттарын көрсетіңізші»-деді шені жоғарысы. «Шырағым, мұндай мылтыққа құжат бермейтінін өзің де білесің ғой»-дедім. Әрі қарай: «Мына мылтық қайдан келді, кім әкеліп берді, кімнен алдыңыз»-деген сияқты сұрақтарын қойып, жарты сағат отырды. Шындығын айтсам, содан бір жыл бұрын інім Бекен, достарымен Қаракөл жайлауынан аң қарауға келіпті. Біздің үйде 3-4 күн болып, аңдарын атып, қымыздарын ішіп демалып жатты. Солардың бірі кетерінде: «Аға, мына мылтықты сізге сыйға берейінші, игілігіңізге жаратыңыз»-деп еді, мен: «Әй шырағым, Бекеннің досы екенсің, ұят болар, орнына бір тайынша алғын, кейін үлкен сиыр болып, сүтін береді»-деп едім: «Жоқ аға, алмаймын. Уақытымыз болса осылай келіп, ет жеп, қымыз ішіп, бірер күн демалғанға не жетсін, рахмет ниетіңізге»-деп айтып тастап кетіп еді. Міне, шиті мылтық маған осылай келген. Содан әлгі екеуі сұрақтың астына алып отырып: «Ана, ілулі тұрған қызыл түлкіні кім атып алды»-деп еді, Арманхан сасқалақтап: «Оны әскерден келген ұлым Тұрсынжан, мына мылтықпен атып алып еді»-дегені. Әрі қарай Тұрсынжанды сұрастыра отырып, бәрін білім алды да, бұлардың әңгімесі енді жаза қолдануға ауысты. «Балаңыз әскерден жақында келген екен, жұмыс орнына хабарлаймыз да, мынандай құжаты жоқ мылтықты ұстағаны үшін, қызыл кітапқа енген қызыл түлкіні атып алғаны үшін, ең аз дегенде бес жыл темір тордың арғы жағында отырады» -деді, екі көзін шарасынан шығара жаздап қатқан қара қайыс милиционер. Мұны естіген Арманхан екеуіміздің де жүрегіміз аттай тулап, кеудемізден шығып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Әлгі бастық сымақ милиционер ақ қағазын алды да, бірдемені жаза бастады. Қатқан қара қайыс маған қарап: «Қанеки аға, балаңызды қалай құтқарып алмақ ойыңыз бар?» -деп, маған қарап тұрған екі көзін сықсита түсіп еді, түсіне қойдым да: «Әй шырақтарым, ол балаға тиісіп әуреге салмаңдаршы, бір қой алыңдар да іс қағазын сотқа түсірмей-ақ қойыңдаршы»-деп едім, бастықсымақ милиционер сауысқанша сықылықтап күліп: «Бір қоймен, осы істің бәрін жапқын дейсіз ба?»-деді. Сәл ойланып, Арманханға қарап едім: « Ана піштірілген қара өгізшені берсеңші, балаңнан малыңды аяйсың ба, басымыз аман болсын, мал табылар»-деп еді, екеуі де үнсіз жерге қарап отырып қалды. «Енді мыналар не сұрап отыр екен» деген оймен тіземді бүгіп отыр едім, бастықсымақ милиционер: « Аға, біз екеуіміз ғана емеспіз ғой, жоғарыда бастықтар отыр, оларға, мына істі жабуға бір өгізше берді десек, күлетін шығар»-деді беті бүлк демей. «Менің сорыма қайдан ғана келіп еді, мына шиті мылтық»-деп ашуымды шақырып, ананы-мынаны айта бастап едім, Арманхан: «Әй Дәулет, далаға шығып ақылдасайық, құры бекер ашуланғаннан ештеме де өнбейді» -деді. Орнымнан тұрдым да Арманханның соңынан еріп далаға шықтым. Ашуымды баса алмай : «Мыналардың кеңірдектері кетпеннің ұңғысындай екен, қойды да, өгізшені де місе көріп отырған жоқ, бұлар жылқы сұрап отыр» -дедім. Арманхан сәл ойланып: «Бұл істі ушықтырып алмайық, әр нәрсені ойланып істегеніміз абзал. Ана, жирен биенің жабағысын мыналарға берелік. Тағы бір айтарым, осы біздің туыстар Шабанбаев Марат пен Моряк, Марат Алматыда КГБ-ның ең жоғарғы басшыларының бірі екен дегенді естіп едім, ал Моряк облыстық соттың төрағасы деген. Мына милициялар: «Жабағыны алмаймыз» -десе, онда: «Соларға барып жағдайымды айтамын да көмек сұраймын деп айтып, мына екеуін бақылап көрелік, не дер екен?» -деді. Басқа амал жоқ, үйге қайта ендік те, мен сөз бастадым: «Әй шырақтарым, бізден бір қателік кеткен екен, бір жолға кешіріңдер. Жирен биемнің жабағысын алыңдар, айыбымызды сонымен өтелік, әгарда келіспесеңдер, менің інілерім Шабанбаев Марат пен Моряк, жоғарыда, қызмет істейді, мүмкін танитын да шығарсыңдар. Соларға барып болған жағдайды айтамын да, көмек сұраймын. Тіпті, ертең-ақ жолға шығайын деп отырмын»-дедім де көз қиығымды салып қарап отырдым. Әлгі қағаз жазып отырған бастықсымақ милиционер басын көтере салып: «Өй, Шабанбаевтарды біз жақсы танимыз ғой, олар да осы біздің салада қызмет істейді, екеуі де лауазымды адамдар, сіздердің туыстарыңыз ба, а…?» -деді. Қатқан қара қайыс милиционер екі көзін жұмып-ашып: «Біздің де ағаларымыз жоғарыда отыр ғой, бізді олай қорқыта алмайсыздар»-деп қалып еді, бастықсымақ бүйірінен түртіп қалды, оны мен көрмегендей болып әңгімемді әрі қарай жалғастыра бердім. Осы екі інілерімнің есімдерін ести сала, екеуі де, төбелестен жеңіліс тауып құйрығын бұтының арасына қысқан төбет иттей кері қарай шегініп, енді басқаша сөйлей бастады. Бастықсымақ: «Иә аға, жеңге, біз біраз отырып қалдық, басқа жұмыстарымыз бастан асып жатыр, біз қайталық! Бізді осында келді деп ешкімге айтпай-ақ қойыңыздар! Балаңыздың ісін осымен жабалық, сенбесеңіздер, мінеки»- деді де шимайлап жазып отырған ақ қағазын қолына алып, дала-даласын шығарып жыртты да пештің алдына тастай салды. Осы сәтте мен ойға кеттім: «Ойпырмай, бұларға біздің үйде шиті мылтығының бар екенін, Тұрсынжанның түлкі атып алғанын кім айтты екен, а? Көршілерімізбен тату-тәтті тұрамыз. Оспан ата… көп жылдан бері бізбен көрші, басқа қойшылар да бұрыннан таныс. Кім болды екен а…? Осылай ой үстінде отыр едім, далаға шығып кеткен Арманхан дауыстап:  «Дәулет, әй Дәулет, бері далаға шықшы»-деді . Отырған орнымнан тұрдым да далаға шығып едім, қойларға дүрбі салып тұрған Арманхан: «Ойбуй, біздің қойлар Ленин колхозының жайылымына өтіп кетіпті ғой, тезірек барғын, тағы да айғай-шу болмасын»-деді. Киіз үйдің белбауында байлаулы тұрған атымның шылбырын шештім де, ширақ қимылдап атыма мініп едім, жануар да бірдемені сезгендей болып жайылымдағы қойларға қарай көсіле шаба жөнелді. Екі ит те абалап үріп жүгіріп келе жатыр еді, бірі, орта жолдан үйге қарай кері қайтты. Қой айдап маған көмекші болып жүрген Ақтөсім атпен жарыса шауып, үшеуіміз, өзіміздің күндегі бағып жүрген бір отар қойларымызға жақындай түстік…

– Еее Дәулет ата, тіршілікте жақсылық пен жамандық қатар жүреді емес па? Бірде таудың шыңына шықсаңыз, енді бірде құлдилап төмен түсіп, аман қалсаңыз, орныңыздан тұрасыз да алға қарай тырмысып, қайтадан ұмтыласыз… Ренжімесеңіз, маған тағы бір келіп түскен мәліметті, сізге айтсам деп отырмын, бұған не айтасыз?

– Не айтайын, саған келіп түскен мәліметтер әуелі бір Алланың қалауымен болады ғой. Адамдардың тағдыры, өткен өмірлерінің бір белестері. Сұрағың болса қоя бергін, мен, тек қана шындықты айтудан жалықпайын.

– Ондай болса, келесі бір көз алдыма елестеген көріністі айтып берейін. …аттың үстінде отырсыз, қарсы алдыңызда өзіңіздің балаңыздың құры секілді  жас  жігіт, ол да аттың үстінде. Бір мезетте қатты ашуландыңыз да әлгі жігітті қамшының астына алдыңыз. Бұл не оқиға, қашан болып еді, айтып беріңізші?

– «Ой шырағым Мұратбек-ау, бұл оқиға осы көктемде, яғни, 2019 жылдың маусым айында болып еді!»-деп отырған орнынан алға қарай жылжыды да, сексеннен, тоқсанға қарай қадам басқан денесін тік ұстап, әңгімесін бастап кетті…

   «Бұл әңгіме Жабыр тауындағы біздің қора- жайымыз бен мал жайылатын жайылым жайлы болмақ. Осыдан бірер жыл бұрын ұлдарым Тұрсынжан, Ержан, Беглан, Арсенді үйге шақырып алдым да: «Әй Құдайдың маған бере салғандары, мен, қартайған шағымда малға ие бола алмаймын, оның үстіне аналарың Арманхан о дүниеге кеткелі біраз жыл болды, малға біреуің ие болыңдар» -деп айтып, балаларыммен ақылдастым да, бар малды кенже ұлым Арсен мен келінім Айжанға өткізіп беріп, жайылым жердің құжаттарын (Гос. Акт) сол балама жаздырып қойғам. Өзім осы Тегістік ауылындағы үйімдемін. Анда-санда барып, қал жағдайларын біліп тұрамын. Содан кенже ұлым Арсен: «Әке, біздің Жабыр тауындағы көршіміздің ұлы барлық малдарын біздің жайылымға жаяды. Ұлына бірнеше рет жолықтым да: «Аға, бұл біздің малдың жайылымы ғой, малдарыңызды өз жайылымдарыңызға жайыңыз, мына әрекетіңізге ұялмайсыз ба? деп айтсам, өзіме дүрсе қояды»-деп айтып жүрді. Осы жылы маусым айының бір күні, Жабыр тауында торы атымды жайылтып, қойлардың бір шетінде тұрғанмын. Көршінің ұлы малдарын өргізіп әкеліп, біздің жайылымға салды. Атыммен желе жүріп үйге бардым да келінім Айжанға айтып, біздің жердің құжаттарын алып, құла атымен қойларын қайыра айдап жүрген көршінің ұлына келдім. Амандасып, үй-іші, бала-шағаларының амандықтарын сұрадым да: «Әй шырағым, мына сендердің малдарың жайылып жүрген жайылым, біздің жеке меншігімізде. Оны заң жүзінде жаздырып, жайылым жердің құжаттарын (Гос. Акт) алып қойғанбыз. Төлейтін салығын да уақтылы балаларым төлеп тұрады. Сенбеймін десең, қазір көрсетейін дедім де келінім Айжан салып берген пакетті ашып, құжаттарды алып жатсам, ана жігіт: «Жоқ, маған ондай өтірік қағаздарды көрсетпей-ақ қойыңыз, пәре беріп жасатып алғансыз ғой, мына жер біздікі» -дегені. Мына сөзді естіген соң, ой, қаным басыма көтеріліп, ашуым шегінен шығып кетті де қолымдағы өрім қамшымен әлгіні сабай жөнелдім. «Өй тексіз неме, сен қайдан шыққан пәлесің а? Сексенге келген шал маған сенбейсің, сен сонда кімге сенесің. Сенбейтін болсаң түс алдыма, ауылдың әкіміне барып көздестірейін сені»-деп айғайға басып жатыр едім, Сарыбастау ауылына қарай кетіп бара жатқан жеңіл машинадан адамдар түсті де, ажыратып, сабырлыққа шақырды. Әйтпесе біраз жерге баратын едім. Ашуымды сабасына түсірдім де, өз жайыммен кеттім. Ертесі күні, тұқымың өскір әкесі құла атымен үйге келді де, амандасып: «Әй Дәулет, менің ұлымның қылығын кешіре гөр, енді ондай өрескел мінезін көрсетпейді. Талай жылдан бері көршіміз ғой, «әй» десіп көрген жоқ едік, бұл балам қалада, Алматыда жұмыс істейтін, жұмысынан қысқарып қалып осында келіп еді» -деді. «Адам, әр нәрсенің анығына жетіп алып қимылдауы керек шығар? Бекерге мінезін көрсетіп, аққа күйе жаққан, ол-күнә болады, бір жолға кешірдім»-дедім де, біраз әңгімемізді айтып, амандық тілесіп, ол құла атымен өзінің үйіне қарай кетті, ал мен ойыма алған жұмысымды істеуге кірісіп кеттім»-деп, Дәулет ата әңгімесін аяқтады.

– Дәулет ата, сіз әңгіміңізді айтып отырған сәтте «руханияттар әлемінен» тағы бір мәлімет келіп түсті. Сол мәлімет бойынша, Қытай жерінде өмір сүргеніңізде, қасыңызда жақын досыңыз болып па еді? Бойы ұзын, дене бітімі арықтау, түр- әлпеті ұйғыр ұлтына ұқсайтын.

– Ой шырағым Мұратбек-ау, ол менің жан досым Байғожа ғой? Қайда барсақ та егіз қозыдай бірге жүретінбіз. Кейіннен олар да Советке көшіп келді. Карл Маркс колхозында, Тегістік қой совхозында әртүрлі қара жұмыстарды істеді. Өзі арық болғанымен «қара күшті» болатын. Үйленіп, балалы-шағалы болып еді, өкінішке орай, бұл дүниеден қайтқанына да біраз жыл болып қалыпты. Жатқан жері жайлы да жарық болсын деймін, жан досымның. Талай қызық-шыжықтарда бірге жүріп басымыздан өткізіп едік» -деді де, Дәулет ата өткен өмірін көз алдына елестетіп: «Еее, сөйткен өмір-ай десеңші!»-деп терең ой үстінде отырды…!

    Бөке, осы барған сапарымызда Текес ауылындағы Бекен ағаң мен Әділжан ағаңның үйлеріне барып, жеңгелерің Күміс пен Несіпханның дастарханынан дәм татып, ата-баба, ағайын-туыстарыңның және Бекен мен Әділжан ағаларыңның рухтарына Құран бағыштадық. Бекен ағаңның үйінен  далаға шығып едік, Дәулет ата: «Әй Мұратбек, Бөлеке, кеш батып келеді үйге қайталық»-деген еді қоршаудың сыртында, көшеде тұрған машинаға қарай бет алдық. Осы сәтте өзіңнің бұрынғы үйіңнің көлеңкесінде жатқан ірі денелі, құлағында ені бар, тазы иттің рухын анық көрдім. Бізді, үйдің қоршауынан шығып кеткенімізше бақылап қарап жатты. Қоршаудан ары өтіп, артыма бұрылып қарап едім, жатқан орнында жоқ екен, ғайып болып кетті.Осыны Дәулет атаға және өзіңе айтып едім, Дәулет ата: « Менде тазы ит болған емес!»- деді.

– Мұратбек,осы әңгімені ары қарай мен жалғастырсам, ренжімейсің ба?

– Жоқ-ә, несіне ренжимін, ойыңдағыны ортаға салғаныңа ма? Сенің айтайын дегенің өткен ата-бабаларымыздың өмір-тарихынан бір үзінді ғой. Сондықтан да назарымыз өзіңде!

– Сол тазы ит жайында көп ойлана жүріп, ертесі күні жауабын өздеріңе айттым ғой. Әкем Қанапия, біздің бала кезімізде үйге келген қонақтарға айтып отыратын әңгімесі есімде қалыпты. Әңгімемді басынан бастасам деймін. Үлкен әкеміз Жанболат (Жаманкөз) Албан руы, Бексейіт (Құсық) ата ұрпағынан тараған… жеті ұл бала тәрбиелеген жан. Атап айтсам, Базарбай, Базарқұл, Түзелбай, Мергенбай, Несіпбек, Нүсіпбек, ең кенже ұлы Тойғұл. Жетеуі де жастайынан атқа мініп, ел қамқоршысы болған азаматтар. Киын-қыстау заманда қолдарына қару алып, басқыншылардан , атап айтсам, ХVІII-ХІХ ғасырларда Ресей империясы тұсында сотталып, жер аударылған өңкей қанішер казак-орыстардан, күншығысындағы Қытай жеріндегі қалмақтардан, күнбатысындағы қырғыз барымташыларынан Нарынқол өңіріндегі елді, жерді қорғай білген асыл ерлер. Әрине, бұл жайында бөлек әңгіме қозғау керек. Сол үлкен әкем Нүсіпбек ата, өз дәуірінде аңшылықты кәсіп етіпті. «Бүркіт салу, қақпанмен аң ұстау, аңға тазы ит салу»-деген сияқты ата-бабаларымыздың аңшылық салт-дәстүрін Тянь-Шань тауларының Үлкен Қақпақ, Кіші Қақпақ және де басқа тау сілемдерінде жалғастырып, қилы заманда таудың жабайы аңдарын аулап, елмен бөліседі. Содан «ел үріккен» 1928-1932 жылдар аралығында, бауыры Мергенбай батыр бастаған елмен бірге Қытай жеріне өтіп, ол жақта да кәсібін ары қарай жалғастырып, өмірін аң аулаумен өткізеді. Кәрілік жеткен шағында тазы иттерді асырап, оларды түлкі ұстауға және де басқа аңдарға салып, баптайды. Бір күні аң қарауға Қытай жеріндегі Тянь-Шань тауларының етегіндегі Ақсу, Қарасу елді мекендерінің күншығыс жағындағы тау сілемдеріне шығады. Тау аралап, аң қарап жүріп, құлағы салпиған , денесі мығым, сыйрақтары ұзын тазы итінен көз жазып қалады. Ары-бері, атын айтып жүріп шақырып, іздеу салады, бірақ еш нәтиже шықпайды. Сөйтіп Нүсіпбек ата итінен күдерін үзіп, үйге оралады. Арада бірер күндер өткенде, ата, сол төңіректегі  бір  үйге, бірнеше атты адамдармен асқа баруға жолға шығады. Асқа келіп, өзінің жоғалтып алған тазы итін, осы ауылдағы иттермен жүргенін көріп, қуанып кетеді. Астан шыққан соң тазы итін ұстап алады да, мойнынан атының шылбырымен қарғыбауша байлап, аттың жетегіне алады. Тазы иті бұрын аттың жетегінде жүріп көрмеген, тартыншақтап, әбден әуреге салады. Осы сәтте Нүсіпбек ата тазы итін тастап кетуге қимай, алдына өңгеріп алады да, сапарын ары қарай жалғастырады. О бір жерге келгенде, екі тақымының арасы жып-жылы болып кетеді, қараса, тазы иті кіші дәретін жіберіп қойған екен. Үйге жеткен соң итін түсіріп, өзі де аттан түсіп, үйге кіреді де үстіндегі киімдерін шешіп тастап, суға жуынады. Бірақта көп кешікпей денесінің қызуы көтеріліп, иттің дәреті тиген орын қызарып шыға келеді.Осылайша денесіндегі қызарған орын бірер күннен кейін іріңге айланып, мүлдем жүруден қалады. Неше түрлі ем қолданады, шипа қонбайды. Сөйтіп бас-аяғы екі айға жетпей, сол шошынған науқастан төсек тартып жатып, Нүсіпбек ата қайтыс болады. Денесін, ағайын-туыстар болып Ақсудан, Мұңғұл Күреге кетіп бара жатқан асфальт жолдың күншығыс жағына жерлеген екен. 2015 жылы Дәулет атам екеуіміз Қытай жеріне барғанымызда, осы араға аялдап, рухына Құран бағыштап едік. Мінеки Мұратбек, саған көрінген тазы иттің біз білетін қысқаша тарихы осындай. Алла Тағала оның да рухын бекерге көрсетпесе керек !!!

                                                                                        Болатхан НҮСІПБЕКОВ

                                 БҰҰ Халықаралық «Адам құқығын қорғау» комитетінің

                                 Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің Бас сәулетшісі

                                                                              Мергенбай батырдың немересі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password