ТОҚСАНЫНА ТАЯҒАН АЙШЫҚТЫ БАСЫЛЫМ
Биылғы жылдың орны бөлек. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы! Мерейлі жыл аясында ХХ ғасырдың таңғажайып ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аталып өтілуде. Оның сыртында Мұқағалидай ақиық ақындарымыз жұмыс істеген өз тұсындағы Нарынқол, қазіргі Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетінің жарыққа шыға бастағанына 85 жыл толып отыр. Өз тұсындағы «Советтік шекара», қазіргі «Хантәңірі» газеті шын мәнінде Нарынқол өңірінен шыққан қара ормандай журналистердің, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қаламына қуат берген, қадамына сәттілік тілеген бірден бір басылым болды. Кешегі «Советтік шекара», бүгінгі «Хантәңірі» газеті 85 жылдық тарихында соқтықпалы-соқпақты жолдарынан өтіп келеді. 2015 жылдан ЖШС болып құрылды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ Журналистикасының қайраткері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Жұмабек Тұрдиев бастаған газет ұжымы шығармашылықпен еңбек етіп келеді. Газеттің бас редакторы Жұмабек Тәліпұлымен екеуара әңгімеміз ауданның айнасы, халықтың көзі мен тілі, үні іспетті басылым туралы өрбіді.
— Жұмабек Тәліпұлы, Аспантаулар өлкесінің айнасы, үнжариясы болған, көзімізге сондайлық ыстық газеттің кешегісі туралы әңгімелеп берсеңіз?
-85 жылдық тарихы бар өз тұсындағы «Советтік шекара», бүгінгі «Хантәңірі» газеті ең алғаш 1936 жылғы 1 қыркүйектен бастап жарық көре бастады. Өңірдің алақандай басылымына Әріпбай Сәтбаев редактор болып басшылық жасады. Одан кейін Ө. Құлмырзаев, Б. Атшабаров, Ш. Әміров, И. Құлжабаев, М. Түменов газеттің редакторы болып қызмет атқарды. Әсіресе, аты аңызға айналған майдангер, жазушы-журналист Қазақстанның Құрметті Журналисі, ауданның Құрметті азаматы Әлнұр Мейірбековтың тұсында газеттің қара шаңырағында Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов, Батық Мәжитұлы, Рысбек Сәрсенбаев, Жанболат Аупбаев, Мінуар Әкімханов, Әбітай Әденов, Алдаберген Жандаралов, Айтақын Әбдіқалов, Дәулет Желдікбаев, Рысбек Сүгірбеков, Жолымбет Кейкелов тағы да басқа көптеген ақын-жазушылар, журналистер алғашқы еңбек жолдарын бастады немесе тәжірибеден өтті. Әлнұр ағамыздан кейін көрнекті журналист, публицист қаламгер, білікті ұйымдастырушы Дәулет Желдікбаев газеттің редакторы болып елеулі еңбек етті. Жалпы, өткен ғасырда Нарынқол аудандық «Советтік шекара», шығармашылық еңбектері, уақытқа қарай жүргізген айтулы жұмыстары арқылы Бүкілодақтық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрді. Ол кезде газеттің оқырманы көп болды. Басылымда жарық көретін әрбір дүниеге, әсіресе, әдеби шығармаларға, өлеңдерге ерекше мән берілді. Тек болашағынан үлкен үміт күттірер деген жас ақындардың өлеңдері жарық көріп, сәттілік тілеп отырды. Жалпы, аудан аумағынан қанаттанған көптеген ақын-жазушылардың тырнақалды дүниелері осы газетте жарық көрді. Әлнұр Мейірбеков ағамыздың көзі тірісінде, Дәулет Желдікбаев бастаған Еркін Ібітанов, Батық Мәжитұлы, Әбітай Әденов, Мінуар Әкімханов, Қанат Тәкебаев, Рысбек Сүгірбеков секілді мүйізі қарағайдай журналистер, ақындар газетте еңбек етіп жүрген кезде көптің ұсынысымен ауданымыз Райымбек бабамыздың атымен аталды. Тәуелсіздік жылдарымен аудандық басылым «Хантәңірі» деген тамаша атауға ие болды.
— Газеттің қазіргі жағдайы қалай?
— Өздеріңіз жақсы білесіздер, 1997 жылғы мамыр айында Тұңғыш Президент — Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен Кеген ауданы таратылып, Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылына көшірілді. Сол кезден бастап Райымбек аудандық «Хантәңірі» газеті Кеген ауылынан шыға бастады. Оған өз тұсындағы Кеген аудандық «Қарқара» газетінің бас редакторы болып еңбек етіп жүрген Жолшы Бікебаев басшылық жасады. Газетіміз Кеген ауылынан шыға бастаған тұста журналистеріміздің дені қала жаққа қоныс аударды. Дүйсен Досымбаевтай журналист ағамыз Кегенге қоныс аударып жүріп, зейнет демалысына шықты. 2015 жылдың соңына қарай «Хантәңірі» газеті ЖШС болып құрылды. 2018 жылғы сәуір айында Тұңғыш Президент — Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен ауданымыз қайта қалпына келді. Өңір тұрғындарының жандарына жақын басылымдары Нарынқол ауылынан қайтадан шыға бастады.
-Аудандық газетке өзіңіз басшылыққа келгелі қандай жұмыстар атқарылуда?
-Аудандық «Хантәңірі» газетінің Нарынқол ауылынан шыға бастағанын ауыл тұрғындары қуана қарсы алды. Газет пен оқырман арасындағы байланыс жақсарды. Таралымы да жаман емес. Ел-жұртымыз бір қуаныш, бір қайғы жағдайларын да газет арқылы бөлісіп, тілек-ниеттерін көптеп білдіре бастады. Кейде газетіміздің соңғы беті мерейлі қуанышқа толы құттықтаулар болып шығады. Жалпы, газеттің әр саны жоспарланып шығарылады. Мерекелерге, атаулы күндерге орай арнаулы номерлер жарық көріп отырады. ХХ ғасырдың таңғажайып, ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Ақиық» деген атпен газет ішіндегі газетті шығарып келеміз. Редакцияның жанынан қазақтың көрнекті ақыны Еркін Ібітановтың атындағы әдеби бірлестік құрылып, жұмысын жүргізіп келеді. Ауданымыздың әкімі, өлең мен өнерді жоғары қоя білетін, ақыны мен батырын ардақ тұтқан Нұржан Құдайбергеновтей азаматқа айтар алғысымыз шексіз. Өңірдің айнасына лайықты назарларын аударып отырады. Өңір басшысының ұсынысымен Сарыжаз ауылының топырағында дүниеге келген ақын Мұқатай Жылқайдаров туралы да игілікті ісімізді қолға алдық. Ақынның қос томдық шығармалар жинағы жарық көрген кезде, ауданда өткен тұсаукесер салтанатына орай «Мұқатай мұраты» атты газет ішіндегі газет оқырманға жол тартты. Газетіміздің ұстаздарға, ақ халатты абзал жандарға, ардагерлерге, жастар мен балаларға арналған арнаулы беттері бар. Жас дарындардың қаламын ұштап, қадамына сәттілік тілейтін әдебиет бетінің де берері көп.
-Газетті жекешелендіру мәселесі қалай жүріп жатыр?
-Шын мәнінде газетті аукцион арқылы сатып алайын деп ұмтылып тұрған ешкім жоқ. Сондықтан ешкім ала алмаса, редакция ұжымы болып сенімді басқаруды қолымызға алсақ деген ойда, мақсаттамыз. Қалай десек те, әр ауданға өзінен шығатын газет керек. Ұлт мүддесін қолдайтын, мемлекет саясатын насихатттап отыратын газет қажет. Жеке адамның қолына өтіп кетсе, газет соның әулетінің, соның руының газеті болып шықпасына, көптеген мақала, басқа да дүниелердің тек ақылы болатынына кім кепілдік бере алады?! Сол жағын ойласақ, газетті бұрынғы қалпында қалдырудың берері көп. Газетіміздің 85 жылдығында қарашаңырақта жұмыс істеген журналистерге, ақын-жазушыларға амандық-есендік, шығармашылық табыс тілеймін!
әңгімелескен,
Қанат БІРЖАНСАЛ,
облыстық «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі.
0 Пікір