ТАЗЫ ТҰҚЫМЫ ЖОҒАЛМАСА ЕКЕН

     Жан-жануарлардан ит те жеті қазынамыздың бірі. Ежелден халқымыздың малына қорған, жанына жұбаныш әрі серік болып келеді. Иттің жақсы қасиеттерін жоққа шығаруға болмайды. Қазақтар ұшқыр тазымен аң аулап, жағдайын да жақсартып отырған. Қыран құс, ұшқыр тазы, жүйрік ат – қазақтың шынайы серігі, бар ниетін, ықылас-пейілін аудара айналысқан дүниелері болды. Әлі де болып келеді. Алайда, таза қанды тазымен айналысатындар аз. Соның әсерінен таза тұқымды ұшқыр тазылардың саны азайып келеді.

    Райымбек ауданында тазы өсірумен айналысатын жандардың барын естіп қуанып қалдық. Бұл әсіресе, Медет Азанбаевтай азамат ауыл әкімі болып еңбек ететін Сарыжаз ауылдық округіне тән құбылыс. Таза тұқымды тазы өсірумен, бағумен Қобыланды Дүйсенбек атты азамат айналысып жүр. Оның 3 жасар «Ақтабан» атты арлан тазысы бар. Түлкі, борсық алған. «Лашын» атты қаншық тазысы сондайлық қырағы әрі ізкесер. Қобыланды 8 жасынан бастап тазы өсіруге құмартыпты. 2019 жылы сол кездегі Райымбек ауданының әкімі, марқұм Жолан Омаровтың ұйымдастыруымен атақты Шалкөде жайлауында қымызмұрындық іс-шарасы, малшылардың тойы өрнектелді. Сол тойда ат бәйгесінің арасында тазылар жарысы өтті. Бұрын-соңды көрмеген соң қызық екен. Аңсарымыз ауа тамашалағамыз. Өзбекстан, қырғыстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 56 тазының арасынан Қобыландының «Ақтабаны» 1 орынды алған болатын.  Сарыжаз ауылында тұратын Жанат Шәденов те тазы өсірумен айналысып келеді. Таза тұқымды сары тазысы жеңімпаз. Жанат көк күшікті сонау Қарағандыдан әкелген екен. Жалпы, қасқыр алатын тұқым. Жанат та жастайынан тазы құмар болып өсіпті.

     Райымбек ауданында жалпы жетпіске тарта таза тұқымды тазы бар екен. Әр ауылда тазы бағумен айналысатын азаматтар бар. Нарынқол ауылынан Ғани атты, Текестен Саяныш атты, Қайнардан Жантелі атты, Тегістіктен Тимур атты азаматтардың есімдерін орнымен атауға болады. Сарыжаз ауылында Қобыланды Дүйсенбек, Жанат Шаденов, Болат Қонысбай, Ғалым Тұрсынбай секілді тазы бағатын жандар тұрады. Жалпы, олардың басты мақсаты – таза тұқымды тазыларды жоғалтып алмау. Бұл жақсы ниет. Жақсы құбылыс.

                                                                   Қанат Біржансал,

                                                                Сарыжаз ауылы.

Суретте: «Ақтабан» атты тазының иесі Қобыланды Дүйсенбек.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password