ТАЗАБЕК БАТЫР ЖӘНЕ ІЛЕ СҰЛТАНДЫҒЫНЫҢ КҮЙРЕУІ

      XVIII ғасырдың 18 жылы Тәуке ханның қайтыс болуына байланысты, үш жүздің ішкі ынтымағы ыдырай бастады. XIX ғасырдың бас шенінен бастап Қазақ даласында, Россия үкіметіне қарсы әр жерден шаруалар көтерілісі көтеріліп жатты. 1836-1837 жылдары Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі, Россия үкіметіне қарсы айтулы көтерілістердің бірі болды. Көтерілісшілер қосыны Россия үкіметіне қарсы қиян-кескі соғыс жасап қан төкті, патша үкіметі көтерілісті үздіксіз жаныштап, қазақтың жоғары жіктегілеріне ақша, шен беріп халықты қанаудың түрлі шараларын қарастырды. 1865 жылы шар Россия қазақ даласын билеу тәртібіне өзгеріс жасап, жаңа жоба жасаушылар комиссиясын құрды. 1868 жылға келгенде бұл комиссияның қазақ даласын басқару, билеу жөніндегі жаңа жобасын патша қабыл алып, 21-қазанда қол қойып бекітіп берді. Жаңа жоба (Қазақтар мұны «Жаңа низам» дейді) бойынша, бұрынғы сұлтандық арқылы билеу тәртібі өзгертіліп, оның орнына болыс, старшындыққа бөліп билеу тәртібі атқарылды. Екінші негізгі өзгеріс жер мәселесі болды. Жер Россия мемлекетінің меншігіне айналды да, қазақтардың тек жерден пайдалану құқығы ғана болды. «Жаңа жоба» атқарылғаннан кейін қазақ даласына орыс шаруалары көшіп келіп қала сала бастады. Қазақ шаруаларының мал бағатын жері тарайды және патша үкіметінің түрлі алым-салығы халықтың тұрмыс халін күннен-күнге төмендете берді. Бұл кездерде Шынжаңның жер-жерінде Чиң патшалығының әкімиятын аударып, жергілікті әкімияттар құрыла бастады. Сол әкімияттардың бірі 1866 жылы құрылған «Іле сұлтандығы» еді.

Мақаланың бұл бөлігінде ең алдымен сөз етпекші болған «Тазабек деген адам кім? Оның есімі шар Россияның, Қытайдің Іле өңірін жаулап алуымен нендей қатысы бар?» – деген сұрауларға негізделе отырып Тазабектің өмірбаянын қысқалай таныстырып өтелік.

Тазабек Мұсылманбайұлы XIX ғасырда өмір сүрген адам. Ол Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлмерек деген атасының Жәнібек деген тармағынан таралады.

Әкесі Мұсылманбай (тарихи деректерде Пұсырман деп те айтылады) 1000 неше түтін үйді басқарған би болған адам. Жоңғар шапқыншыларына қарсы тұрып қолына қару ұстаған ер жүрек батыр сардар еді. Мұсылманбайдың қасы екі көзін басып тұратын, адамға тіке қарамайтын сұсты адам болған. Бала көтермеген әйелдер одан бата сұраса, тілегі қабыл болып ұрпақ көреді екен деген сөз бар. Халық арасында Мұсылманбай батырдың туы желпілдесе, бәлен күні жорыққа аттанамын деп айтатын әулие шалыс адам екен деген аңыз таралған. Бұған ақын Көдек Маралбаевтың 1922 жылдары жазған «Ерлердің ерекшелігі» деген мына өлеңі куә болады:

Кәртейген Мұсылманбай мезгілі екен,

Неліктен желпілдейді туым депті.

Шабылып, ел күйзелген ахуал бар,

Хабары келіп қалар бүгін депті.

«Құртқа – Мамай шабылды, – деді жаушы, –

Олжаға келінім мен қызым кетті».

Батырың боз биені айтып сойып,

Тездікпен сарбаздарға жиыл, – депті.

Жүрерде бата жасап былай деген,

Ашулы айбарымен зілді-кекті:

«Иә, Құдай, Тоқтарбайды бергін?!

Иә, Құдай Тоқтарбайды бергін?!

Иә, Құдай, Тоқтарбайды бергін?!

Ең соңғы тілегім ғой мұным» депті.

Тал түсте бейғам жатқан Көміршіде,

Тоқаңа сүркейлі ұран-дүбір жетті.

Атына үш ұмтылып: «Міне, ағайын,

Күн бітті, тағдыр жетті, буын кетті»

Атшысы қарт күреңді мініп қашқан,

«Қумаңдар, еліне айтысын тілін» депті.

«Тоқтарбай қырылған сай» деп аталып,

Жалғасып жер аты боп бүгін кетті, – деген өлең шумақтарынан қырғыздың атақты батыры Тоқтарбайды жеңіп мал мен жанын қайтарып келген ерлігін байқауға болады. Кегеннің Сарыжазындағы сол сай содан кейін «Тоқтарбай қырылған сай» аталып кетіпті.

«Тазабек батырдың әкесі Мұсылманбайды орыстары Пұсырман дейді екен. Мұсылманбай кезінде Төле бидің баласымен бірге Алжан Хангелді батырдың інісі есебінде он тоғыз жасында Мәнжу патшалығына елшілікке барған адам. Мұсылманбай жүзден асқанда пәниден өтіпті» (Мүсілім Адырбекұлы. «Ауылдың аманаты», Текес аудандық мәдениет мекемесі.).

Бұл туралы «1758 жылы қарашада Төле бидің баласы Жаулен және Хангелдінің інісі Пұсырман елші болып Астанаға барып, Чяңлұң патшаға жолықты. Чяңлұң патша оларға Фәншәнда арнаулы қонақасы береді, Уаң Нанюан оларды ертіп жүріп гүлшырақ тамашасын тамашалатты» (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», «Шынжаң халық баспасы», 1991 жыл, ақпан, 466-467-бет.) деген деректерге ие боламыз.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Тазабек әке жолын қуып, ержүрек, халықшыл, батыр сардар болып ержетеді. Исатай, Махамбет көтерілісі жанышталғаннан кейін Тазабек 1860-1870 жылдар аралығында халықтың басын құрап, қол ұйымдастырып шар Россия үкіметіне қарсы күрес жүргізеді. Патша үкіметі Тазабекті шақырып алып шен бермекші болғанда, одан бас тартады. Бұл күресті қазақ даласындағы Албан, Суан, Дулат тайпалары мен басқа рулы елдер де қолдап-қуаттап, Тазабек бастаған халық күресіне үн қосып ат салысады. Ол, патша үкіметі белгіленген «Жаңа жобаға» қарсы шығып, қазақ халқының еркіндігін көксейді.

Тарихи деректерге қарағанда, Тазабек 1781 жылы көктемнің бас шенінде «Іле сұлтандығы» үкіметіне хат жазып, өзіне қарасты рулы елін бастап көшіп келу өтінішін білдіреді. Іле сұлтаны Әләхан Тазабектің өтінішін қабыл алып жауап хат жазады. Шар Россия бұл істен хабар тауып әскер жіберіп түн ішінде Тазабек ауылын қоршауға алады. Тазабек бірнеше күнге созылған құралды қиян-кескі соғыс жасап, қоршауды бұзып, рулы елін бастап Іле өңіріне өтеді. Әләхән бұларды қазіргі Tоғызтарау ауданына орналастырады. Орта мектепке арналған «Шынжаңның жергілікті тарихы» оқулығында: «1781 жылы көкек айынан бұрын Қытaйға қарасты қазақтың Aлбан руының ел басы Тазабек қол бастап, шар Россияның отаршылдық үстемдігіне қарсы күресіп, жеңіліске ұшырағаннан кейін 1000 неше малшы семьясын бастап, Iле сұлтандық үкіметке бағынады» деп жазылған. Тазабек oқиғасынан кейін Aлматы, Aлатау өңіріндегі қазақтар Қытaй жеріне арт-артынан көше бастайды.

Бұл oқиға шар Россияның қазақ даласына жүргізілген өктемділігін шайқалтты. Патша үкіметі қазақтардың Ілеге қоныс аударуының алдын алу үшін, Тазабекке жалғаннан жала жауып, «Ел бүлдіруші» деген сылтаумен «Іле сұлтандығына» Тазабекті тапсырып беру талабын қояды. Бірақ, бұл талаптан «Іле сұлтандығы» бас тартады.

Россия үкіметі 1871 жылы мамыр айының 8 күнi Іле сұлтаны Әләханға ең соңғы ескертуін беріп, бір апта ішінде Тазабекті тапсырып беруді өтінеді. Болмаса әскер шығарамыз деп құқай көрсетеді. Тазабекті тапсырып бермеу сылтауын желеу ете отырып мамыр айының 15 күні Ілеге шабуыл жасайды. Мамырдың 17 күні Россия үкіметі Қорғас өзенінің Батыс жағасына басып кіріп, екі күннен кейін Mазар Қорғанысын басып алады. Іледе отырықтанған әр ұлт халқы бұл жолсыздыққа төзе алмай Россия үкімет армиясына қарсы соғысқа аттанып, алдыңғылар жығылса, соңғылар күресті жалғастырады. Жаңа қарумен қаруланған Россия армиясына төтеп бере алмай, маусым айының 9 күні маңызды жер кетпен қолдан кетеді. Маусымның 27 күні Іле сұлтаны Әләхан Шар Россия шапқыншы армиясына соғыс хатын тапсырады. Іле сұлтаны Әләхан басшылығында 4000-нан астам қазақ, тараншы (Ұйғыр), қуйзу, қытай т.б. ұлттардан біріккен жергілікті армия шапқыншы армияға қарсы ерлікпен соғыс жасайды. Неше жүздеген адам ерлікпен құрбан болады. Бұл соғыста Тазабек әскерлері де патша армиясына қарсы жанын сала соғыс жасап ерекше қайсарлық көрсетеді. Халық пен жергілікті армия бірлесіп Россия армиясына қарсы күрес жүргізсе де, озық қарумен қаруланған Шар Россия армиясына төтеп бере алмай шілденің 1 күні Қорғас қалашығы қолдан кетеді. Келесі күні Тазабек батыр қолға түседі де көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Шілденің 4 күні сан қилы сұрқия тәсіл қолданып Россия патша үкіметінің Іле ұзақ жорық армиясының қолбасы, генарал Кофман Колпаковский Құлжа қаласын басып алады.

Тазабек көтерілісі туралы тарихшы Жақып Мырзаханов арнайы тоқталып: «Россия үкіметі Іле районына сұғанақтық жасау туралы 1871 жылдың 22 ақпанымен 14 наурыз күндеріндегі екі ерекше мәжілісінде ресми бекім жасап болған. Тазабекті қайтарып беру жөніндегі ақтық талабы «Іле сұлтандығы» үкіметінің қабылдамауы, оның шапқыншылық жасауына сылтау, орай болды. Тазабек оқиғасынан пайдаланып Ілені алуы және оны он жыл билеуі, сондай-ақ Қытайға қайтарып беруі арнайы тақырып» (Жақып Мырзаханов. «Қазақ халқы және оның салт санасы». «Шыңжаң халық баспасы», 1992 жыл, қараша, 355-бет.) деп жазады.

Ақын Көдек Маралбаев «Тазабек батырға» деген өлеңінде:

Тазакем өз жер-суын қорып келген,

Сондықтан шығыспапты орыспенен.

Ақыры елін бастап өрге көшті ,

Неше рет жауап берген соғыспенен.

Ойында жocпapы бар көп істерден,

Іле басы Yш Арал жеріміз бар

Бұрынғы ата-мекен қоныс деген.

Жер, суға ие етіп кетті ұрпағын,

Айлалы, асқан батыр, ой істеген, –

деген өлең шумақтарынан Тазабек батырдың халық үшін күрескен ерлігі мадақталады.

Тазабекті ұстап әкеткен Россия патшалығы Алматы (Верный) түрмесіне апарып қамап тастайды. Россия үкіметі Тазабекті өлімге үкім етсе де, қазақ даласындағы халықтардың патшаға қарсы көтеріліп кетуінен алаңдап, шығарған үкімін атқаруға шарасыз қалады. Қазақ даласындағы қазақ, қырғыз, ұйғыр халықтарының «Есіл ерімізде айып жоқ, азаматымызды босатып берсін» деген әділ де қатаң талабының арқасында 1873 жылы (мөлшермен) Тазабектi Алматы түрмесінен босатып, оның үстіне жасырын түрде у жағып жібереді. Тазабек ауылынан бірнеше адам барып Алматыда оның құр сүлдері қалған тірі қаңқасын әкеледі. Жол-жөнекей арлы-берлі аунатып, аузына су тамызып күткен екі адамға Тазабек денесіндегі у дарып оларда қоса қаза табады. Тазабек oқиғасынан кейін Россия үкіметі Ілені он жыл билейді. 1881 жылы «Қытай-Россия Іле шартына» қол қойғаннан кейін, келесі жылы наурызда Іле аумағын Қытайға ресми өткізіп береді.

Тазабек өлгеннен кейін, патша үкіметі Тазабекке туыстық қатысы бар адамдарға құпия түрде анықтау жүргізеді. Тазабекпен аталас туыс Шалтабай Алпарұлы деген ақынды «Тазабекті тірілдіруші» деген сылтаумен түрмеге жабады. Шалтабай түрмеде жатқан кездерінде Тазабек, Саурық батырлардың ерлігін есіне алып, мынандай өлең жазған екен:

«Шалтабай менің атым, әкем Алпар,

Ауылды бір көруге болдым іңкәр.

Кешегі қырық солдатты бір қайтарған,

Тазекем өтіп кетті-ау, қайран сұңқар.

Орыстың екі көзін ояр ма еді,

Пышақты өткір қайрап сояр ма еді.

Екі ағам Тазабек, Саурық тірі болса,

Шірітіп абақтыда қояр ма еді?!»

Тазабек Мұсылманбайұлы халықтың еркіндік қозғалысы үшін күрескен есіл ерлердің бірі. Ол өзінің ыстық қаны арқылы тарих бетінде шұғылалы із қалдырды. Оның есімі әр ұлт халқының жүрегінде мәңгі берік сақталады.

                            НҰРЛАН СӘРСЕНБАЕВ,

   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  

                                                                                                            жазушы, этнограф.                                                          

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password