ТАУ   ТҰЛҒАЛЫ  АЗАМАТ  ЕДІ

      Мынау қонақ болып жүрген бір күндік жалған, жарық дүниеден қымбатты жерлесіміз, асыл бауырымыз, біреудің қамқор ағасы, енді біреудің ізетті інісі, көптің сырласы, мұңдасы, досы, бауыры болып кеткен Нұрпейісов Ерболат Молдагерімұлының аттанып кете барғанына 6 жылдан асты. Тірі болса, өзі өмір есігін ашқан, жылдың басы саналатын наурыз айында 63 жасына, пайғамбар жасына толатын еді. Зейнеткер атанып, шаңырағына шаттық толып, тамаша бір той қуанышы өрнектеліп жататын еді. Әттең, дүние-ай, десеңізші, өзі іңгәлап өмірге келген наурыз айында мәңгілік жер бесігіне бөленді. Отбасын, Молдагерім әулетін беймезгіл күңірентіп кетті. Өзін жақсы көретін, сыйлайтын, құрмет тұтатын қалың елінің қабырғасын қайыстырып кетті. Неше жүздеген сыйластарын, достарын, жақын аға, інілерін мұңайтып кете барды. Небары 57 жасында Мұқағалидай аяулы ақын ағамыз жырлағанындай, мынау өмірдің бір күндік сәуле екенін ұқтырып кете барды. 57 жас бір адамның ғұмыры. Аз да емес, соншалық көп те емес. Бірақ, мынау жарық өмірді сүйген, туған елі-жерін, Отанын жанындай жақсы көрген, қоршаған ортасын сондайлық құрмет тұтқан, айналасындағы барша адамдарды, әріптестерін, туыс-туғандарын, дос-жарандарын жанына жақын көрген, құшағына тартқан біртуар перзент, айтулы ақ жарқын азамат Ерболат Молдагерімұлы үшін 57 жас тым-тым аз еді. Ерболаттай асыл азаматымыздың мынау жарық дүниеден, бір күндік сәуледен көрер жақсылығы, татар дәмі, қуанышы, сый-сияпаты алда деуші едік. Жүрген жерінде, өмір сүрген ортасында айналасына шуағын шашқан жарық күндей, арайлы таңдай, ажарлы аппақ айдай болып қана жылы жымиып қана жүретін, еш пендеге артық сөзі, жамандығы жоқ Ерболаттай азамат үшін 57 жас тым қысқа болды. Қайтейік, өзегіміз өртеніп тұрып мұның бәрі бір Алланың ісі дедік. Алланың жазғанына амалсыз көндік. Асыл азамат, біртуар перзент бір Алласына керек болған шығар деп жанымызды жұбаттық. Көзіміздің жасын құрғатуға тырыстық. Бірақ, аяулы перзент, қимас бейне, ардақты азамат, жан бауыр, жақын дос, қамқор жан жүрегіміздің төріне өшпестей ұялап қалды. Ерболаттай ақ жарқын, жаны жайдары, құшағы кең, мінезі сондайлық қарапайым, көңілі баладай пәк азаматын туған елі-жері ешқашан ұмытқан емес. Ерболаттай асыл азамат Арқа, Алтай, Атырау демекші, кең байтақ республикамыздағы таныстары, достары, сыйластары, жақсы көрген аға, інілерінің жүрегінде бірге жасасып келеді. Өйткені, бір Алламыз сондайлық қабілет-қарым, дарын берген, адамгершілік асыл қасиеттердің бәрін берген, туған елі-жеріне, Отанына, ұлтына, қазағына адал қызметін жасау үшін өмірге келген Ерболаттай азамат ешқашан ұмытылмақ емес. Ерболаттай азаматтың еткен ерен еңбегі, жасаған қыруар шаруасы, ізгілікті істері, жайдары да жарқын жүзі ешқашан ұмытылмақ емес. Біз солай ойлаймыз. Бір кезде өзі білім алған, қиясына қанаттанған сол тұстағы «Коммунизм» орта мектебіндегі, бүгінгі Жәмеңке орта мектебіндегі мәжіліс залына Нұрпейісов Ерболат Молдагерімұлының есімінің берілуі соның жарқын көрінісі іспетті. Осы мектеп салынғанда қуанған жан. Мәжіліс залын уақыт талабына сай жасауға да негіз қалаған азамат, бірегей түлек.

      Ерболат Молдагерімұлы 1958 жылы 14 наурызда Қақпақ ауылында дүниеге келді. Құлдыраңдаған құлындай балалық шағы осы ауылда өтті. «Екінші» деп аталатын шағын ауылда қарсы алдындағы Дегерез тауына, күн батыстағы Лабасы тауына, күн шығыстағы Жабырдың өңіріне көз салып өсті. Өзінің қатарлас қара домалақтарды ертіп алып ауылдың етек жағындағы Саз алқабына барып, жаз маусымында армансыз суына шомылып қайтатын. Балық аулаймыз деп Сулы Шатқалды, Үлкен Қақпақты бетке алып, жүздері күнге күйіп оралатын. Шын мәнінде, ауылдың шаңдақ көшесінде доп қуалып, асық атып, жармақ теуіп өскен балалардың бірі болды. Сулы Шатқал өзенінен өте салған жерде орналасқан мектебінің ең зерек, ұғымтал, ақылды, тәртіпті шәкірттерінің бірі болды. Шын мәнінде, ата-анасының және ұстаздарының болашағынан үлкен үміт күткен балапандарының бірі болғанын көзін көрген құрдастары ұмытқан жоқ. Үш Қақпақ өңірінің арайлы таңдарын қарсы алып жүріп асқақ армандарына талпына ер жетті. Алдына биік мақсаттар қойды. Білімді, білікті, еңбекқор, өз ісіне сондайлық тиянақты, қолға алған шаруасын тыңғылықты бітірмей тұра алмайтын азамат алдына қойған мақсатына сәтімен жетіп отырды. Ерболаттай азаматтың әскер қатарына шақырылғанға дейін мектепте мұғалім болғанын, азаматтық борышын сонау Венгрияда шектеулі әскер контигенті құрамында өтегенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Әскер өмірі де үлкен азамат болып қалыптасуына, ұқыпты, тиянақты, табанды болуына, қандай қиындық болса да көтере, жеңе білуіне үйретті. Көп ұзамай Алматы қаласындағы энергетика институтын инженер-энергетик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Өз мамандығының шынайы шебері, білгір маманы еңбек еткен ортасында да сондайлық сыйлы, құрметті бола білді. Адал еңбегінің арқасында мерейі үстем болып, әрдайым жұлдызы жарқырай жүрді. Орыс тілін де ана тіліндей білетін азамат ұжымдағы кез-келген адаммен тез тіл табысып, жақын бауыры, жақын досындай болып кете баратын. Үнемі шуақ шаша күлімдеп қана тұратын Ерболаттай азамат жылы жүзі, жайдары өңімен, әзілі аралас сөзімен әркімді өзіне тарта үйіріп алатын. Бала кезінен армандаған суретшілік өнеріне бір табан жақындығы да өз ісіне көмегін тигізіп отырды. Қай кезде де жақсы істің бастамасын жасай білді. Игілікті шаруаларына негіз қалап отырды. Адамдарға ең қажетті ізгілікті дүниелерін де қамдай жүрді. Жетістікке жетудің көзін таба білді. Жауапты қызметте жүрген кезінде шын мәнінде қолынан келгенінше адамдарға, айналасындағыларға барынша жақсылығын жасады. Көмегін тигізді. Мейіріне бөледі. Сөйтіп, көптеген адамдардың алғысын алды. Батасына шомылды. Елден қарғыс алған жоқ, алғыс қана алды. Пейілі ақ, жаны адал, ниеті түзу азаматтың өмірдегі жолы да жаман болған жоқ. Сүрлеу-соқпақтарында көптеген қиындықтарды көрсе, ауыртпалықтарды жеңсе, соның бәрін ақылымен, адалдығымен, табандылығымен жеңіп отырды. Өнегелі өмір жолында әсіресе, жерлестеріне, алдына қиналып келген жандарға жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Ерболат Молдагерімұлы институтты бітірген соң ұзақ жылдар Амангелді Ермегияев ағамыз басқарған «Алматы-құрылыс» Ұлттық Холдингтік компаниясында абыройлы еңбек етті. Алғаш энергетик, одан соң бас инженер, «Алматы-құрылыс» тресі тұрғын үй коммуналдық басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Білімді, іскер, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы мол, қандай да бір мәселені орнықты шеше алатын, көппен тіл табыса алатын азамат басшылықтың сенімін арқалады. Содан болар «Алматы-құрылыс» тресі бас директорының орынбасары, кейін басқарма бастығы болды. Өмірінің соңғы жылдарында «Алматы-құрылыс» Ұлттық Холдингтік компаниясы «Жәрдем» филиалының директоры, «Алматы инженерлік құрылыс» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары болып жемісті еңбек етті. Құрылыс саласы бойынша Алматы қаласынан бастап, Елордамызға дейін, туған елі-жерінде, Аспантаулар өлкесінде жүргізген жұмыстары, игілікті шаруалары, ерен еңбегі, маңдай тері үшін көптеген Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. «Даңқты құрылысшы», Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Аптал, еңбекқор азаматтың еліміздің құрылыс саласына, сәулет өнеріне қосқан еңбегі зор.

    Ұлтын, қазағын, елі-жерін, саф алтындай киелі өнерін, салт-дәстүрін жанындай жақсы көрген азаматтың туған ауылы десе, пейілі ерек болды. Хантәңірі шыңы көрік берген, Шалкөде, Шұбарталдай жайлаулары ажарын ашқан Аспантаулар өлкесі әрдайым жанында, жүрегінде тұрды. Алыста жүрсе де кішкентай жүрегі бірге соғып, ел-жұртымен, ауылдастарымен бірге жүрді. Елінің жақсылығына қуанды. Жайдарман жаңалықтарына жанын жұбатты. Қайғыларына ортақтаса жүрді. Қиналғандарына дем берді, қолдауын көрсетті. Ауыл үшін жұмыс жасайтын, игілікті істерге ұйытқы болатын азаматтардың басын қосты. Ауылға арналған арнайы қоғамдық қор құруға ат салысты. Үш Қақпақ өңірі туралы жазылған  «Қарашада қара үй тұр. Қарайлай жүр артыңа» атты тарихи-танымдық кітаптың жарық көруіне мүдделі болды. Елім-жерім деген асыл азамат жарты ғасырдан астам саналы ғұмырында ұйқысыз түндерін, күлкісіз күндерін басынан өткерді. Ел игілігін құраған сан мақсаты үшін жанына бір сәт те тыным берген жоқ. Ерте тұратын, жұмысынан кеш қайтатын. Туған ауылына келсе, арайлы таңымен таласа тұрып, Сулы Шатқалдан әрі асып Көксай мен Көкбелді, Қарабатыр, Қарасай, Шұбарталды аралап кететін. Күз маусымында келсе, бала кезінде аузында дәмі қалған бүлдірген мен қой қарақатты тамсап қайтатын. Туған жерінің неше түрлі қырмызы гүлдеріне де қызыға қарайтын. Мөлдір тау өзеніне шомылып, ақ балығын ұстап, қиясынан аң атып тамаша әсерімен қалаға оралатын.

    Ерболат Молдагерімұлы – айналасына шуағын шашқан сәулелі ғұмырында салт-дәстүріміздің шынай құрметтеушісі, қолдаушысы бола білді. Тілімізді, дінімізді ардақ тұтты. Жылдың басы саналатын Наурыз мерекесін, жайдары көгілдір көктем күндерін жақсы көретін. Ұлтымыздың ат бәйгесі, көкпар секілді ат спортына деген көңілі бөлек еді. Көзінің тірісінде қазақтың маңдайына біткен өнер адамдарымен, ақын-жазушылармен, суретшілермен дос болды. Жақын араласты, туған бауырларындай болып кетті. Мынау бір күндік жарық дүниеде сирек кездесетін, сондайлық көркем мінезге бай, жарты ғасырлық ғұмырында жиған-тергені, көргені, алғаны жетерлік, елі-жеріне ұсынғаны ұшан-теңіз азамат қазір арамызда жоқ. Жылдар жылжып өтсе де Ерболаттай азаматтың есімі мен ісі өлмек емес. Саналы, мәнді де мағыналы ғұмырында үлгілі отбасының иесі болды. Молдагерім әулетіндегі ағасы Нұрболатқа, інісі Жанатқа, қарындастары Гүлжанар мен Гүлнарға деген бауырлық сезімі бөлек те ерек еді. Мынау жарық дүниеде бауырларын арқа тұтып, мақтан етіп, қолынан келгенінше қолдауын көрсетіп кетті. Өмірлік серігі Сәулеге қымбатты, қызы Мөлдірге деген пейілі мен мейірі ерекше болды. Бүгінде қарашаңырағының отын жағып отырған Сәуле Халықаралық білім беру корпорациясы, Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясының профессоры, ұлағатты ұстаз.  Қызы Мөлдір Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының магистрі, PhD докторы, Жоғары оқу орнынан кейінгі ғылыми-практикалық және академиялық-мобильділік орталығы жетекшісінің орынбасары.

    «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді»,-демекші, артына ұлан-ғайыр ізгілікті ісін қалдырып кеткен Ерболат Молдагерімұлы жұртының жүрегінде. Қалың елінің көңілінде. Туған өлкесінен бір көшенің атын берсе артық етпейтін азамат. Болашақта Жәмеңке орта мектебінің құшағынан Үш Қақпақ өңірінің өлкетану музейі ашылса, оның ішінен ауылдан шыққан аптал азаматтар туралы арнайы бұрыштар жасалса, оның төрінде Ерболат Нұрпейісовке арналған көрнекті дүние орын алса, нұр үстіне нұр болар еді. Ерболат Молдагерімұлының өмір жолы, еңбегі туралы «Тау мінезді тағдыр» атты әсерлі, әдемі кітап жарық көрді. Бұл артына өшпес, өнегелі ізін қалдырған азамат үшін жасалған тамаша дүние, тағылымы мол ескерткіш іспетті болды. Кітаптың жарық көруіне көптен-көп мүдделі болған, жиған-терген, құрастырған әрі редакторы болған тумаса да туған қарындасындай болып кеткен қаламгер жерлесіміз, қарымды журналист, алтындай қыз Жанар Оразымбетоваға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Үлкен жүректі, игі тілекті, парасат-пайымды азаматтың өмір жолы, еткен еңбегі, жасаған ісі – бүгінгі жас ұрпаққа тағылым.

    Ерболаттай асыл азаматты ұмытқамыз жоқ. Есігімізден жылы жымиып, бар әлемнің сәулесін шаша жарқырай кіріп келетіндей сезінеміз. Әсем тауларының құшағынан, жасыл жайлауларының төрінен, елі-жұртының ортасынан көріп қалатындай күйде боламыз. Алматы қаласынан,  Аспантаулар өлкесінен іздейміз, алаңдаймыз. Жоқ дегенге ешқашан қиғымыз жоқ. Текті тұяқты, көркем мінезді азамат мәңгілік жүрегімізде. Жақсы көретін жүрегіміздің нәзік лүпілімен бірге жасай береді. Жаныңыз Жәннаттың төрінде болсын, жан аға!

Қанат  БІРЖАНСАЛ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Суретте: «Даңқты құрылысшы», Райымбек ауданының Құрметті азаматы Нұрпейісов Ерболат Молдагерімұлы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password