ТАУ МІНЕЗДІ, СОНЫ СОҚПАҚТЫ ақын Биғайша Медеу 70 жаста
Қазақта нәзік жанды ақын қыздар баршылық. Қазақ әдебиетінің тарихында есімдері ұмытылмастай жазылып қалған Мария Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина секілді ақындардың ізін жалғаған, әйгілі Хантәңірі шыңының етегінде дүниеге келген Биғайша Медеу бар. Биғайшадай әпкеміз ең алдымен тарихшы, бар мәнді ғұмырында шәкірттеріне тарих пәнінен дәрісін берген ұлағатты ұстаз. Биғайшадай әпкеміз ұрпағын өмірге әкеліп, аялап өсіріп, қанаттандырған асыл ана. Биғайшадай әпкеміз өз тұсында ұлтымыздың айтыс өнеріне өзіндік үлесін қосқан, аналар арасынан шыққан айтыскер ақын. Биғайшадай әпкеміз Фаризадай ақын әпкесінің ыстық ықыласына бөленген, қазақ әдебиетіне өзіндік үні, бөлек болмысы, соны соқпағымен қолтаңбасын қалдырып келе жатқан айтулы ақын. Соның бәрін жинақтай келсек, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдың иесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иесі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Өз тұсында оқырманының жүрегіне жылы ұялап қалған «Жанымның жапырақтары»,«Ұларсарын», «Ақ боз атты арулар», «Тұрпанға шапқан ту ұстап» атты жыр жинақтарының авторы. Бірнеше дүркін республикалық жыр мүшәйраларының, ақындар айтысының жүлдегері.
Хантәңірі – сағындырған,
Ақ бастауға шомылдырған.
Ақ бесігім әлдилеген,
Ақ босағам табындырған,-деп жырлағанындай, Тәңіртаудың етегінде, туған жерінің ыстық құшағында Биғайша әпкеміздің 70 жылдық мерейлі тойы аясында «Жан жырымды жазамын гүл мен мұзға» атты әдемі, әсерлі шығармашылық кеші өректелді. Хантәңірі шыңын, Байынқол өңірін, Қаратоғандай ауылын сағынып келген қыз туған жеріне келіп мауқын басты. Өз қызындай аялаған ел-жұртының ыстық құшағына кіргендей тамаша күйге бөленді.
Тас бетінен мені іздеңіз сабылып,
Тас сияқты мықтымын мен көнтерлі.
Шаршайсыздар, өшіре алмай жабылып,
Миығыма қонақтаған Вольтерді,- деп жазғанындай, Биғайша әпкеміз кішкентай кезінен Қаратоған ауылының маңындағы Тастөбеге шығып, Тастөбенің тас жуасын жеп өскен қыз. Сол Тастөбеге бірге шығып жүрген балапандар бір-бірін жетектей биік белестеріне көтерілді. Сол Тастөбеден нәр алған Биғайшадай әпкеміз өлең өлкесінде өзіндік орнын тапты. Қастерлі де қасиетті өңір ауылдың қарапайым ғана кішкентай қара домалақ қызының бойына саф алтындай сан қырлы өнерін дарытты. Қиялын алыстарға қалықтатты.
Оралам саған, орманым,
Он орап ойдың орамын.
Бақытқа қолды созғаным
Ол менің ҚАРАТОҒАНЫМ!
Ашылсын есік, қақпаңда,
Аяулы жандар аман ба?
Сағыныш әйнек қаққанда,
Келемін Қаратоғанға!,-деп жырлаған туған мекені, Нарынқолдың төрі ақын қыздың жырына шомыла әдемі әсеріне бөленді. Биғайшадай ақын әпкеміз Хантәңірі шыңының етегінде дүниеге келіп, арынды Байынқол өзенінің, ну орман-тоғайдың жағасында, кеуделі әсем тауларының құшағында өскен тау қызы. Байынқолдың тулай аққан өзеніне ақ жанын шомылдыра, құшағын гүлге, мөп-мөлдір шықтай ізгі дүниелерге толтыра ер жетті. Тас жуаны тере жүріп-ақ жанын асқақ армандарына талпындыра жүрді. Жырға құмар, ізгілікке іңкәр, жақсылыққа құштар болып бойын түзеді. Содан да болар көзін ашқаннан көрген туған жері, ойы-қыры ойынан кетпейді. Қаратоғаны, Байынқолы, Тастөбесі жүрегінің бір бөлшегіне айналып кеткені қашан?! Содан да болар, жан жырынан тау бұлағының үні естіледі, қырмызы гүлдерінің көркі көрінеді, тауының ерке самалы, жылы құшағы сезіліп жатады.
…кейде менің қылығым қызық, көкем,
бар бөгетті талқан қып бұзып өтем, тауға қарай!
Тағы да тауға қарай!
…әр төбеге желек-жыр іліп кетем!,-деп жырлауы сондықтан. Ақын әпкеміздің аппақ қардай көңілі ояу, мазасыз лүпілдей соққан жүрегі мынау дүниенің тыныс-тіршілігімен біте-қайнаса, адамзат тағдыры үшін алаңдай береді.
Жаным. Жаным. Жаным-ай, қансыраған,
Қорқыттаймыз…мәңгілік Жан сұраған.
Адамдарды Айыра көрме, Құдай,
Көк шалғыннан мөлдір шық тамшылаған.
Жаным. Жаным. Жаным-ай- Әппақ ғалам,
Көзін ашып қарайды Бақбақ маған…
…Қай түкпірге әкетіп, қай қиырға,
Боталарым, Сендерді сақтап қалам?-дейді ақын замананың мұңын мұңдап. Ұлтымыздың арғы-бергі тарихын бес саусағындай білетін ақын әпкеміз Тәуелсіздігіміздің тұғырлы да ғұмырлы болуын, адамзат баласының бейбітшілік бесігінде тербетілгенін жан-жүрегімен қалайды.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, Нарынқол мен Байынқолдың, Қаратоғанның өңірі екі күні бойы Биғайшадай ақын әпкеміздің 70 жылдық мерейлі қуанышы аясындағы шығармашылық шаттығына, гүл мен мұзға жазып қалдырған жан жырына шомылып тұрды. Жанды баурай, жүректі толқытқан тау мінезді өлеңдер зеңгір көкке қалықтап жатты. Бір кезде ақын қыздың тамаша өлеңдері Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде, түрлі басылымдарда жарық көріп жатқан тұста Биғайшадай сан қырлы талант иесі жаңадан қолға алына бастаған айтыс өнеріне қатысып, алдымен аудандық айтыстарда топ жарды. Одан кейін облыстық, республикалық айтыстарда жүлделі орындарды иеленгені белгілі. Соған орай жұма күні кеуделі таулардың иығына жұлдыздар қонған айлы түнде Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде мерейтой аясында ақындар айтысы болып өтті. Жыр додасының беташарын Биғайша Медеу мен Даубай Әбдісаев ашып, бірнеше қайырым жырларын толғап, жұртты бір желпінтіп тастады. Нарынқолдың төрін ақындар айтысының көмкермегеніне де біраз уақыт болып қалған екен-ау?! Зал толы жұртшылық ұлттық өнерімізде қалыптасып келе жатқан жас буын өкілдерінің айтысын көріп көңілдерін тоғайтты. Айтыс өнерінде өзіндік үні бар жас ақындар шоғырының бой түзеп келе жатқанына жандарын жұбатты, жүректерін қуантты. Қарымды қаламгерлер Қасымхан Бегманов, Нұрлан Әбдібеков, Дүйсен Мүсірәліұлы қазылық жасаған айтыстың қорытындысымен Жамбыл ауданынан келген Жалғас Садырұлы бірінші орынды иеленді. Алматы қаласынан келген Қазыбек Жеңісхан мен Райымбек ауданынан қатысқан Айдын Жәмәли қалған орындарды бөлісті. Ақындар лайықты марапатталды. Оның жүгін ақын ананың әулеті көтеріп алды. «Оразалыдай ақтаңкер ақынымыздан айырылып қалғаннан кейін, қанатымыз қайырылып қалғандай күй кешіп едік. Бүгінгі айтысты көріп жанымды жұбаттым. Оразалының ізін жалғар талантты жас ақындардың барына қуандым»,-деген Биғайша әпкеміздің сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Фаризаның жолын жалғаған, болмысы бөлек ақын қызды дүниеге келген Қаратоған ауылы да мерейлі қуанышқа үлкен дайындық жасапты. Н. Өмірзақов атындағы орта мектепте жылы жүздесу болып өтті. Білім шаңырағының өнерлі өрендері ақынның «Жансая» атты поэмасына негізделген шағын сахналық көріністерін көрсетті. Қаратоғанның қарадомалақ балалары ақынның жырын жатқа айтып көңілді сүйіндірді. Тағы бір қуанып, жұбанғанымыз дәл биылғы жылдан бастау алған Биғайша оқуларының алғашқы жеңімпаздары белгілі болды. Ауданның әр мектебінен келген жырға құштар, өлеңге таудай талабы бар Асқар Мұқағали, Аяла Әділ, Ақерке Мақсат, Жайна Оразай, Айдар Қали, Ақбота Асыл секілді ондаған өнерлі оқушылар лайықты марапатталды. Осы күні Н. Өмірзақов атындағы орта мектепте оқу жылы аясында жыл сайын беріліп тұратын ақын Биғайша атындағы алғашқы шәкіртақы білім шаңырағының ең үздік оқушысы Жәнібек Әлиасқарға тапсырылды. Осы күні мектептің екінші қабатынан ақын Биғайша Медеу атындағы тарих сынып бөлмесі салтанатты түрде ашылды. Сынып бөлмесі заманауи жабдықталыпты. Ақын әпкеміздің суреті орын алған төрдегі қабырғадан жыр жүйрігі, өлең саңлағы туралы жанға жағымды мағлұмат алуға болады. Ақын тойы дәл осындай ізгілікті дүниелерімен көңілімізді көркейте түсті. Сан бояқ тамаша түсіне енген Байынқол өңіріне, Биғайшадай әпкеміз жас кезінде талай-талай шығып өскен Тастөбесіне қарай-қарай жанымыз жадырады.
Ақын тойына Қазақстан Жазушылар Одағынан Бауыржан Жақып, Мереке Құлкенов, Қасымхан Бегманов, Әлия Бөпежанова бастаған бір топ ақын-жазушылары келді. Жалпы, ақын қуанышына Жазушылар Одағы көшіп келгендей әсер алдық. Бұл шын мәнінде, қазақ әдебиетінің поэзия әлеміне ешкімге ұқсамайтын дара, соны соқпағымен, тау мінезі, тау көркіндей болмысымен келген Биғайшадай ақынға деген шынайы құрметтің белгісі еді. Бұл шын мәнінде, Хантәңірі етегінен қанаттанып, өлең өлкесіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, ел жүрегіне жылы ұялаған ақынға деген қалың оқырманының ыстық ықыласының көрінісі болды. Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінің кең залында Биғайша Медеудің баспадан жаңадан шыққан «Күнге қол созған қалалар» атты жыр жинағының тұсаукесер салтанаты болды. Таулы өлкеден шыққан айтулы перзенттерінің бірі, Жетісу жерінің денсаулық саласына мол үлесін қосқан Мұхтар Әлімов ақынға ақжарма тілегін арнап, құтты болсын айтты. Мәжіліс залындағы іргелі басқосуда, шығармашылық кеште Райымбек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Жусанбаев туған елі-жерінің атынан ізгі тілегін айтып, құрметін көрсетті. Салтанатты сәтте Биғайша Медеуге Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтауы жеткізілді. Филология ғылымының докторы, академик, ақын Бауыржан Жақып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын жеткізіп, Одақ атынан сый-құрметтерін көрсетті. «Біз Биғайшадай әпкеміздің жанымызға жылы тиетін болмысы бөлек отты өлеңдеріне сусындап өстік. Ұлтымыздың тарихын жақсы білетін Биғайша Медеу – көне түркі, сақ қоғамының құндылықтарын үндеп жүрген түбімізді түгендеуші, жоғымызды жоқтаушы, Тұмар мен Заринадай батыр қыздарымызды жырлаған ақын. Сол арқылы оқырманын Отаншылдыққа үндейді. Сол арқылы оқырманын елін-жерін сүюге, құрметтеуге талпындырады. Ақынның тұп-тұнық өлең өлкесі адам жанын ғажайып күйіне бөлеп, ізгі дүниелерге талпынтады. Бір қонақ дүниенің сәулелі шақтарын, жақсылықты жақтарын көруге, сезе білуге ұмтылдырады. Аналық мейір-шапағатына толы ақын жүрек дүниенің тұтастығын тілейді. Сол бір тұнық ниет пен тілектен туған жырлар оқырманын баурап келеді»,-деді Бауыржан Жақып ақынға толайым шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тіледі. Ақынның бірнеше өлеңдерін тебірене оқып, жүректен шыққан өлеңдерінің жыр сүйер қалың қауымға берер жақсы жақтарын, рухани құндылықтарын сөз етті. Осынау жыр кешіне Елордамыздан ат арылтып арнайы келген қазақтың талантты жас ақын қыздарының бірі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса ортақтасты. Биғайшадай жерлес ақын әпкесін жанындай жақсы көретін, ізін, жолын жалғап, көркем жырларымен көрікті етіп келе жатқан Мақпал әкпесіне лайықты сый-сияпатын жасады. Жақсы сөзін арнады. Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров әпкеміздің кеудесіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Бір мезгілде Іле ауданы әкімінің құттықтау хаты, гүл шоқтары тапсырылды. Шуақты сәттерде республикалық әдеби-мәдени «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы журнал ұжымы атынан құттықтап, арнау өлеңін оқыды. Республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Мүсірәліұлы халықаралық Мұқағали қорының ақын атындағы алтын төс белгісін табыстап, жақсы тілектерін жеткізді. Қазақтың Биғайшадай ақын қызының тойына ортақтасқан бір топ қаламгер қыз-келіншектердің атынан Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, сыншы, аудармашы, әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иесі Әлия Бөпежанова құттықтады. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, арқалы ақын Сәлім Жусанбай отты өлеңін арнады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова жыр кешіне Биғайша әпкеміздің өлеңіне жазылған туған жер туралы әсерлі әнімен шашу шашты. Салтанатты сәттерде сахна төрінен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, айтулы ақындары Иран-Ғайыптың, Ғалым Жайлыбайдың бейне көрінісі арқылы құттықтауы көрсетіліп, жеткізілді. Нарынқолдың төрі мен көгін шуақтандыра түскен шығармашылық кеш Биғайша Медеудің жырларына, оның ішінде Абай мен Мұқағалиға, Еркін мен Сағатқа, Тұманбай мен Фаризаға арнаған өлеңдеріне негізделіп әзірленген сахналық қойылымдар арқылы ажарланды.
Ауыл десе, кішіріп, ұсақтаймын,
Ақ боз атын жанымның тұсатпаймын.
Қарағайға әкем деп сүйенемін,
Ақ қайыңды анам деп құшақтаймын!,- деп жырлаған Биғайшадай әпкеміздің 70 жылдық мерейлі тойына негізделген дүниелердің бәрі жанымызды жадыратты, көңілімізді албыратты. Ақынның тойы – халқының, жырын сүйер қалың оқырманының қуанышы екенін сезіндік. Ақын үшін бұдан асқан бақыт пен қуаныш жоқ шығар. Соған қуандық.
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
Қанат БІРЖАНСАЛ.
0 Пікір