ТАУ БАЛАСЫ ТАУҒА ҚАРАП ӨСЕДІ немесе елінің елеулісі Жантелі Мұқи туралы сыр

        Иә, Аспантаулар өлкесіне қызыға қарайсың. Сүйсіне көз саласың. Басында мәңгі аппақ қар жатқан асқақ таулар, зеңгір көкке найзадай шаншылған Хантәңірі, жасыл шыршалы, көк кілемді жазиралы дала төсі жаныңды еліктіріп, қиялыңды қияға жетелей түседі. Шұрайлы жер, шырайлы мекеннің құшағында өмір сүріп жүрген адамдары қандай десеңші?! Тауларындай тұлғалы, бұлақтарындай тұнық, келбеттері  де даласындай келісті болып келеді. Істері қандай, ойлары қандай, адамдық қадыр-қасиеттері қандай десеңші?!  Соның бәрі қасиетті топырақтан жаралғандықтан, көркем тауларынан нәр алғандықтан.

    Мен білетін, мен көп жылдардан құрмет тұтатын Жантелі Мұқи дәл сондай жан. Бірегей азамат. Елім деп ет жүрегі езілген, жерім деп  жаны егілген, туған жерім деп көз ілген жан. Туған жерін тұғыр еткен, соның ыстық құшағын ғұмыр еткен  айтулы перзент. Елім деген ері болмаса, мынау байтақ жұрты қайда барады демекші, халқының арқа сүйері, көш бастарына айналған Жантелі Мұқидай қымбатты ағамыздың орны да, жөні де бөлек.

                                 1.Спорты жанындай

     Таулы өлкенің барша тұрғындары Жантелі Мұқиды бірден-бір спортшы деп бағалайды. Рас, Райымбектей әулие, батыр бабаларына тартқан тау ұлдары қайсар, қайтпас, қажырлы келеді. Айтарын бірақ айтады. Екі сөйлемейді. Белдесе кеткеннің белін үзердей қауқарлы болады. Алласына сыйынып, ақ жүреді. Турасын бірақ айтады. Біз білетін Жантелі ағамыз дәл сондай. «Тау баласы тауға қарап өседі» -дегендей, өзі дүниеге келген Сарыжаз ауылына көрік берген Лабасының көркем де ғажайып, асқақ тауларына күн сайын көз сала өскен Жәкең құлдыраңдаған құлындай күнінен бастап спортқа жақын болды. Оның бұл ниетіне тауының қатал табиғаты, дауылы мен жауыны, ыстығы мен суығы дем бергендей, буыны қатпаған кезінен-ақ ширатып сала түскендей.

    Мектеп қабырғасында жүргенде  Әбдірахман Айнабековтей  жаттықтырушының қарауында еркін күреспен айналысты. Кеңес Армиясының қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген кезінде жаны сүйген дүниесін одан әрі жалғастырды. Белдесе кеткенді шаршы кілем үстінде шаң қаптыратын. Талайлардың таңдайын қақтырып жүрген Жантелі әскерден кейін Нарынқол ауылындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек жолын бастады. Жүрек қалауымен Алматы қаласындағы дене тәрбиесі институтын бітірді. Институтта жүрген кездер Жантелі үшін биік шыңдарын бағындырған, естен кетпес жылдар болып қала берді. Сол үшін де ол өзіне  дәріс берген, жаттықтырған Металбек Болғанбаев, Ерғали Мұқидинов, Георгий Юрченко секілді жаттықтырушы ағаларын ешқашан жадынан шығармайды. Жаттыға-жаттыға шынығып, шыңдалып, шиыршық атқан, күрестің әдіс-тәсілін сондайлық меңгерген Жантелі қолына іліккенді қаусыра бүктеп, жер қаптыратын. Соның жемісіндей, 1983 жылы қазақ күресінен Қазақ КСР-ның чемпионы болып, қазақ күресінен Қазақ КСР спорт шебері атанды.  Бұл күрестегі алғашқы алған қамалы болса, жеңісті күндері алда еді. 1984 жылы Белорусияның астанасы Минск қаласында Бүкілодақтық студенттердің дүбірлі додасында чемпион болды. Сөйтіп, самбо күресінен КСРО спорт шебері атанды. Бұл Жантелінің спорттағы тамаша жетістігі болды. Спортшылар үшін айтқанда, жеңісті жолдар мұнымен біткен жоқ. Жантеліні тағы да бір үлкен жарыс күтіп тұрған болатын. Айтулы палуан, бірегей күрескер көп ұзамай Литва КСР-інің Паневежис қаласында өткен Бүкілодақтық Еңбек резервтері Орталық Кеңесінің ашық біріншілігіне  қатысты. Қарсыластарының бәрін шаршы кілемде жер қаптырған палуан жігіт сол жолы дзюдо күресінен  КСРО чемпионы болды. Осылайша, аталған күрес түрінен  КСРО спорт шебері атанды.

    Спортшы үшін жаттықтырушылық ең сүйікті кәсіпқой. Жантелі ағамыз көп жылдар қымбатты ісімен айналысты. Жанын сала, барын жұмсай шәкірттерін тәрбиеледі. Күреске баулыды. Спортшы болсам, күрескер болсам деген балғын талаптарды ұштады. «Шәкіртсіз ұстаз тұл»-деген емес пе, үмітін ақтаған шәкірттері аз емес. Жүзден аса балалардың спорт әлеміне жолын ашса, солардың арасынан Еркін Сайдақов Азия чемпионы болды. Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Ринат Мүсірбаев, Ермек Төлемісов, Азамат Үсенов, Ғалымжан Мырқасымов секілді шәкірттері республика чемпиондары атанды. Олардың дені спорт жолына түсіп кетті. Көпшілігі Жантелі ағаларындай жаттықтырушылық жолға түсті. Мұның бәрі Жантелінің жанын жайландырып, көңілін өсіре түседі. Шәкірттерінен айналайық, бәрекелді, олар ағаларының алпыс жылдығының құрметіне Өтеген батыр кентінде футболдан облыстық деңгейде жарыс өткізді. Игі шараға сол кездегі  «Қазақ әдебиеті»  газетінің бас редакторы, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚР Еңбегі сіңген әртісі, күміс көмей дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев бастаған қаламгерлер мен өнер шеберлері арнайы келіп, Жантелідей ағаларына ақжарма тілектерін арнады. Бұл да болса еткен еңбек, төккен тердің арқасы.  Жәкең әлі де спортымен бірге. Спорты жанындай. Күн сайын таңертең жүгіріп қояды. Футболдан ардагерлер арасындағы жарыстан қалған емес. Футболдан, волейболдан өзі жасақтаған командалары бар. Бұл оның өмірдегі жаны сүйетін сүйікті ісі. Сүйікті ісі өміріне нәр, жүрегіне әр, жанына дем беріп келеді. Одан асқан бақыт жоқ.

  1. Елі-жері барындай

  — Әй, осы шәкірттерім мені әлі-де бала көретін сияқты. Жасымның алпысқа келгенін білмей ме?  Үйге келсем футболдан бір жарыс өткізіп жатыр едік, келіңізші аға деп қиылып тұр. Көңілін қалдырмай барып келдім,- деп жылы жымиған, сол тұста Нарынқол ауылдық округінің әкімі болып жемісті жұмыс істеп жүрген Жантелі ағамыздың бір сәті, бір сөзі ойымызда қалыпты. Рас, сөз шындығынан бұзылмайды. Жантелі ағамыз ешқашан ауыл әкімі боламын деп ойламапты. Алайда, өмір өз дегенін істейді екен. Ауданның халқы Жантелі Мұқи туралы салауаттылық, имандылық жолында жүрген бірегей жан, мықты спортшы деп қана қараған жоқ. Әділ, іскер, бастамашыл, ұйымдастырушылық әрі адамгершілік қадыр-қасиеті мол, жұрттың  көшін бастар, елдің арқа сүйер азаматы деп бағалады. Сонау шаруашылықтар тарап, Тәуелсіздігімізді жаңадан алған қиындыққа толы кезеңде  туған жеріндегі ел-жұрттың қалауымен Сарыжаз ауылының әкімі болды. Қиналғанға дем берді. Тығырықтан шығар жолдарды табуға жанын сала кірісті. Кейбір ең қажетті азық-түлік түрлері тапшы болып  тұрғанда, тіркемесімен бір «Камаз» өмір өзегіндей ұн әкелген күндерін қалай ұмытар?!  Халқы қаласа, елі үміт артар ерім деп бағаласа, қандай істен тартынсын?! Біз сөз етіп отырған Жантелі Мұқи 1996 жылдардан бері қарай зейнет демалысына шыққанға дейін мемлекеттік қызметте болды. Ел басқару ісінде жүрді. Оны да бар жанымен жүргізіп, елінің көңілінен шығатындай етіп адал еңбегімен, таза пейілімен, жан-жүрегінің ыстық ықыласымен атқарды. Шүкір, жұртынан алғыс естімесе, артынан жаман сөз ерген емес. Қасиетті Қарасаз ауылының әкімі болып жүрген кезінде  аудан ішінде «Жыл әкімі» атанды. Ауданда алғаш рет спорт бөлімі құрылған кезде оның да тізгінін сеніммен қолына алды. Облыс бойынша көш соңында жүрген ауданды алтыншы орынға көтерді. Спорттың барлық түрін жандандыруға күш салды. Оның бәрі өмірінің жарқын беттері іспетті. Жантелі ағамыздың үлкен қолтаңбасын қалдырған жері бұрын аудан орталығы болған Нарынқол ауылы болды. Округ әкімі болып жүрген кезінде  «Қарлығаш» балалар бақшасы күрделі жөндеуден өтіп, құшағы балапандарына толды. Аудандық балалар кітапханасы күрделі жөндеуден өтті. Емхана қалыпқа келді. Ауылда ауыз су мәселесі шешімін тапты. Бір сөзбен айтқанда, Жантелі ағамыз ауыл әкімі болып еңбек еткен Сарыжаз, Қарасаз, Нарынқол ауылдарының тұрғындары айтулы азаматтың атқарған ісін, жүргізген шаруасын ризашылықпен әңгімелеп, әрдайым атына жылы лебіздерін, алғыстарын айтып отырады. Жастайынан спортпен шыңдала өскен азамат өте еңбекқор болды. Қолына алған ісін бітірмей тынбайтын. Ел мен жердің түйінді жайлары, жақсылығы деп ұйқысыз түндерін, күлкісіз күндерін өткізгенін ешқашан ұмытқан емес. Еткен еңбек, төккен тері елеусіз қалған емес. Жәкең өз тұсында «Нұр Отан» партиясының кезекті съезіне аудан атынан делегат болып қатысып қайтты. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс Хатымен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. Ең бастысы, асыл ағамыз марапаттың ең үлкені – халқының өзіне деген сенімі мен жылы сөзі, ақ жүрегі мен ақ көңілі деп бағалайды.  Шын мәнінде, Жантелі ағамыз Аспантаулар өлкесінің құрметтісі. Биылғы қоңыр күз айында өзін құрметтейтін жерлестері, ауыл азаматтары, шәкірттері Алматы қаласында Жантелі ағамыздың атынан шағын футболдан жарыс өткізді. Бұл зейнет демалысында жүрген ағамызға деген үлкен құрмет болды. Жақсылық жақсылыққа жалғасып жатыр. Асыл ағамыз жақында ғана облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және ұзақ жылдарғы жемісті еңбегі үшін Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Ұлт жанашыры» атты төсбелгінің иесі болды. Мұның бәрі елі-жерін, ұлтын сүйетін, тілін, салт-дәстүрін қадір тұтатын ағамызға көрсетілген орынды құрмет. Жантелі ағамыздың биыл 90 жылдығы аталып өтіп жатқан Мұқағалидай ақиық ұлы ақынға деген көңілі мен пейілі бөлек те ерек. Ақынның әр жылдардағы мерейлі жақсылықтарынан шет қалған жері жоқ. Үлкен тойдың жүгін көтерісіп бел ортасында жүреді. Биыл да солай болды. Ақынның мерейлі 90 жылдығына арналып өткізілген ат бәйгесін ұйымдыстырушылардың бірі ретінде көп еңбегін сіңірді. Бәйгенің басы-қасында жүрді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»,-демекші, елім-жерім деген асыл азаматтан айналайық! Жаны жамандық көрмей, өмірлік серігі  екеуі тең қартайып, ұрпағының бар қызығын көріп, жастары жүзге келсін!

                                     Түйін

    Спортын жанындай, елі-жерін барындай бағалайтын Жантелі ағамыз өткен жылы тауының құшағында, ел-жұртының ортасында зейнеткерлік жасына келді. Аялап өсірген Ұлан, Назерке, Назым, Заңғар, Еркежан секілді күндері мен гүлдерінің алды жоғары оқу орындарын бітіріп, халқына қызмет етуге жарады. Ұядай жып-жылы қара шаңырағында дәмді тамағын әзірлеп күтіп отыратын Жазирадай жары бар. Жан жары екеуі немерелерін аялаған бақытты ата мен әже. Шашының ағарғаны аппақ қарлы асқақ тауларын көзге келтіреді. Жарасып тұр. Әлі де орда бұзар отызы мен қамал алар қырықтағы шағындай Жантелі ағамыз қайратты, қажырлы қалпында. Өмірлік бақытының бағына бөленген. Бұл мәнді де мағыналы ғұмырының жемісіндей. Күн сайын тауларына қарап алып, шаруа қожалығының жұмыстарына, жанындай жақсы көретін елі-жерінің жақсылықтарына аттанып бара жатады. Еңбек қуанышы, өмір бақыты, ұрпақ шаттығы жанын жадыратып, көңілін албырата түседі.

                                                          Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                             журналист,

                                                           Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password