ТАСТАНДЫ ТАҒДЫР

 Жаны мұңлы жан екен. Ашылып сыр ақтармады.

Бұл да шаужайламай, тек өзі туралы тайқазанның қақпағын ашып салды. Ол одан сайын мұңайып, жанашырлық танытып: «Қап, болмаған екен. Білмеген екенмін. Қойшы, еңіреп, еске ала бермеші. Доғарғаның дұрыс болар», – дей берді, жүзі балбұл жанып.

– Қайтесің, аңқылдап, ақ сөйлеп, ала жіпті аттамай өткен күніңді қиялға балап. Асар тауыңды асарсың, өмірде иық тірестірер азаматтар қолтығыңнан демер. Өзің де ақылсыз емессің. Асыл армандарыңды шашып алма. Жолың болсын. Кездесер күн бұлыңғыр. Меңің де арманым бар. Бірақ, ол торға түсіп қалған. Қош бол, менің арманым, – деді де, тана көздерінен моншақтап шыққан қос тамшыға «аға бер» дегендей сүртпеді. Шық моншақтар жарыса, төсіне сырғақтайды-ай кеп.

Кегеннің ерке самалы көңілді қытықтай ескенімен, екеуінің кеудесіндегі екі арманды кенеттен соққан дүлей жел екі атырапқа ала қашқандай, салқын қоштасты. Ол бұдан телефон шалуын сұрады. Бұл өзін жетімдігі құмжілік қып кеткендей, ештеңені тіктеп, мандытып айта алмады.

Қайқы асуынан асқанда ғана жүрегіне сағыныш оты құйылып, асылынан мәңгі айырылғандай, төбесінен біреу ауыр күрзімен ұрғандай есеңгіреп қалды. Көз алдында өткен күндер елесі көлбеңдеп тұрып алды.

«Қайран менің Кегенім, сенің алтын күрек желіңді жұттым. Өзеніңе шомылып, балық ұстадым. Еңіреп жүріп, ер жеттім. Менің тағдырым – өз тағдырым. Тастанды бала екенімді өзім ғана білемін. Баққан шешемнен айналайын. Шыр-пыр болып, талай арама түсіп, таяқ жеп, төсек те тартып жатты ғой…»

* * *

Бұдан екі жас үлкен сол үйдің ұлы күн бермейді. Оның ескісін кисе де, тартып алып, кескілеп тастайды. Әлімжеттілік жасап, ұрмайтын күні болмайтын. Бұл өксіп, өкіріп жылайды. «Мынау маза бермеді» деп, әлгі тентектің әкесі қоса сабайды. Жаны жараланып, жылаудан басқаны білмейтін. Жылап-жылап, талықсып барып, ұйқыға кететін.

«Қарғам, қайдасың?» деп үстіне аппақ көйлек киген таныс емес адам мейірлене қысады. Жаны жай тауып, шуақты өмір құшағына еніп, анасын аймалап, бақыт базарында екі қалтасы кәмпитке толып, «анаы ішемін, мынаны жемеймін» деп тояттап тұрады.

– Әй, өліп қалғасың ба, тұр! – деп, көрпесін сілкіп қалған тентектің әкесінің дауысын естігенде, төбе шашы тік тұрды. «Анашым, қайдасың?» деп еңіреп, қайта жылап жібергенінде, дауысы қатты шығып кетсе керек.

– Ей, саған қайдағы ана? Сен тастанды, қу жетімсің. Қарай гөр ана іздегішін. «Көк сиырдың қиын шығарып, қойға шөп сал», – дедім ғой. Ей, бір жерің сынып қалған ба?! «Тұр» дедім ғой, шапалақ тимей тұрғанда, – деді зілденіп тентектің әкесі.

Ұшып тұрды. Қораға жеткенше үстіне біреу мұз бүріккендей болды. Таңғы тәтті қиялынан адасып, есеңгіреп қалды. Көк сиырдың астын тазалап, қойларға шөп салды. Бұның таңғы түсінде олардың шаруалары да жоқ. «Байғұс-ай, саған обал болды ғой», – деп, бастарын бұрған да жоқ. Көк шөпті күрт-күрт шайнайды. Енесі жарытпаған жалқы қозы ғана маңыранып, әр саулықты бір түртпектейді.

Аш қозыға жаны ашып, мойнынан ұстаған күйі көк сиырдың емшегіне тұмсығын тигізіп еді, енесін тапқандай құшырлана еме жөнелді. Қозының қарны томпайып қалғанда, кенет есік айқара ашылып, жетіп келген тентектің әкесі бұны ұзыннан түсірді. Қозы қолынан ұшып кетіп, басы діңгекке тиіп, есін білмей, құлады…

Қанша жатқанын кім білсін, бейтаныс біреу келіп, басын көтеріп, тізесіне қойып, үстін қақты.

– Бұларың не? Байғұс баланы өлімші ғып сабайтындай не жазығы бар? Нелеріңді бүлдіріп қойды? – деді де, бұны көтерген күйі үйге әкеліп, төрге жастық салғызып, жамбасына көрпе төсетті.

Қамқоршы жанның аялы алақанынан түспей, мойнына асылайын десе, тентектің әкесі ала көзімен адырайып қарап отыр екен. Еріксіз көзін жұмып, төренің баласындай қисайып жатты. Ол кісі жанай отырды.

– Бата тимесе, қата тиеді. Оның не? Бір күні өтіріп аларсың, – деді зілсіз.

– Не сонша, жетімекке емекейіңіз езіліп отыр. Сол күні кеш қайтқан мен тауып алмағанда, күресінде жатқан шарананы ит жеп қоюшы еді ғой. Қайта маған Алла рахметін айтар. Бағып-қағу оңай болған жоқ. Сол жылы жер сілкіністен қираған үйлерді жөндеп, жаңа құрылыс салған қай студент қыздан қалғанын Құдай білсін.

– Жә, жетер енді. Жырлай берме. Ауырсынсаңдар, мен-ақ әкетейін.

– Судың да сұрауы бар. Қойдың артына салайын деп отырсыз. Айлық еңбекақысының төлемін қалай өтейсіз?

– Ей, не сандалып отырсың?! Жиен болмай, садаға кет. Қаршадай баланы саудаға салайын деп отырсың ба? Өй, антұрған! Жақсыдан жаман туған. Жездемнің азаматтығының бір түйірі де саған бұйырмапты. Айтып отырған сөзін қарай гөр. Келін, шәйіңә рахмет.

– Жәке-ау, ас әзір. Жолдыбайды алам десеңіз, бала – әні. Барам десе, қолынан қақпаймыз. Өзі қағылез. Биыл күзде оқуға барар. Туу туралы куәлігі әлі алынған жоқ.

– Қыңқ етпе, бәрін өзім жөңдеймін, – деді де, орнынан тұра беріп, бұны құшақтай алды.

Не деген ыстық құшақ, не деген мейірім! Жүрегі атша тулады. Кеудесі қысыла түсті. Одан сайын балқып барады. Күні бүгінге шейін бұны ешкім аялап көрген жоқ. Тентектің әкесі үйдегі пәкене итті еркелететін. Оны сипалап, нан тастап, сүйек мұжытатын. Сонда бұл сол күшіктің жанына жата кетіп, тастаған нан мен етті жұлқысып жегісі келіп кететін. Құшағына алған шомбал сары кісінің қолтығына тығыла түсті. Ол да бұны өзіне тартты…

* * *

– Тұр! Соңғы сөзің.

– Дат, сот ханым. Қарсы алдыңда – тастанды азамат. Азаматтық сөзімді айтамын. Мені емес, баласын алжапқышқа орап тастаған ананы соттауыңыз керек. Мен ана сүтін ембей, ана құшағының жылуын көрмей, ана алақаны маңдайыма тимей өстім. Ал, бүгін айыпкер ретінде алдыңызда тұрмын. Мен айыпкер емеспін. Кінәм – айыпкерлермен бір пәтерде тұрғаным ғана.

Тергеуші менің артымда іздер, сұрар адамы жоқ екенімді аңғарды да, айыпкер екі жігітті сүттен ақ, судан таза қып ақтап жіберді. Заңгердің заң алдындағы адалдығы қайда? Адами қасиетін өзі таптап, мені тұтқындап, заң алдында қылмыс жасағанын ар соты соттай ма? Менің адвокат жалдауға да жағдайым жоқ екенін түсінген ол құрбандыққа шалды. Алған пұлына қақалып, неге сот залынан жедел жәрдем алып кетпейді?

Сот ханым, ақ-қарасына жетпей, маған да кесіміңіз айқындалып қойғанын білемін. Ол сіздің де ар алдында жауап берер күніңіз туар әлі, – деді де, сылқ етіп, отыра кетті.

Көзі қарауытып, жүрегі лоқсып, таңдайына кермек дәм келді. Түсінде көріп жүрген ана бейнесі көз алдына келді. «Қайран анам, қайдасың?» деген сөз көмейінен дірілмен шықты.

– Сотталушы, не айтқыңыз келді?

– Жоқ, анаға сағынышым ғой. Сіздер бәрібір кереңсіздер. Айтты не, айтпады не, үкіміңізді оқи беріңіз, – деді, ойын да, бойын да жинап алып.

Үкім оқылғанда, қайта сылқ етіп, орнына отыра кетті. «Жаза арқалайтындай қылмысым жоқ еді ғой» дегенді сан рет қайталаса да, оны еститін жанында жанашыр құлақ болған жоқ.

Тентектің әкесінен бетер зеки сөйлеп, желкелеп итергенде, «не үшін?» деген сұрақтың жауабын таба алмады. Куәгер болған екі пәтерлесінің ата-анасы, бетіне қан жүгіріп, бұған жиіркене қарады. Дәл осы сәтте тілін тістеп, бар өксікті табанымен таптап, бойын қайта жиды. «Ер адамға серуен де бір, сергелдең де бір» деген сөзді қайталады. Күңгір күннің түнегін емес, жарық сәулесін аңсап, курстас жолдастарының қарап қалмайтынына сенді.

* * *

«Қайран менің Сарымсақты сайым!..»

Алдында – ақтылы қой. Қонышында – кітап. Ақтөсін ертіп, «қаптап жайылған мал осылай келеді-ау» деген биіктеу белге шығып, кітабын оқиды. Өмірдің қызығы осы екен ғой.

Жарықтық көкесі бір жақсы жан. Бұны алты жасынан алдына алып, сарымсақты, сулы сайдағы үйіне әкелді. Ақлима кемпірі де жаны жайсаң, көпті көрген жан екен. Есіктен кіргеннен-ақ оң қабақ танытты. Бұл да бірден жайраңдай кеткен жоқ. Босағадан аспай, төмендеп, сөзін бағып, дастарқанға сұғынбай, тояр-тоймаста «болдым» деп отырды.

Ақтөс көзін жаңа ашқан күшік болатын. Ермегі – Ақтөс. Ол да бұл далаға шықса, артынан қалмайды.

Далаға шықса, шыбық мініп, Ақтөсті ерте, мал қайыру, суға түсіру, отын кіргізуге жарап-ақ қалды. Тап бір пейішке келгендей. «Ай» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ.

Ең рақаты – атасы алдына алып, көрші Етекбайдың үйіне барғанды айтсаңшы. Жирен қысқа жануар желдей есіп, атасы бұның кеудесінен қыса ұстап, «айттым сәлем, қалам қасты» бар дауысымен айтып, тау ішін жаңғырыққа толтырады. «Баламысың» деген, бұл болса, «Қаламқасы қайда жүр екен?» деген ой шырмауында болады.

Етекбай жирен қысқаның шылбырына жармасып, бұны көтеріп алды. Атасын қолтығынан демеп, құрмет көрсетіп, табанын жерге тигізгей, үйіне кіргізді. Бұл да шаужайлап қалмайды. «Төрің осы ма?» дегендей, атасы қабат-қабат құрақ көрпенің үстіне жайғасты.

Етекбай малдас құрып отыра бере, түйе жүн ақ шекпенінің етегін астына жіберді.

– Қара суық қысып барады. Қыстауға ерте көшейік деген ойымыз бар. Қасқыр да ашық қорадан қой-қозыны тартып кетіп тұр. Борсық, суық ерте жатты, білем, – деді, өңкиген ебедейсіз денесін бір қозғап қойып.

– Кеше қалың қарағайдың астындағы шөл текшеде төрт-бес күшігін ертіп қалың қарағанға кіргенін байқадым. Маза кетіретіні анық, – деп қоштады атасы. – Сақ болайық. Қайтер дерсің. Атып қырғанмен, «иттің иесі болса, бөрінің киесі бар» демей ме?

Атасы тегі әңгімешіл. Үйге алыс-жақыннан бір бейтаныс адамдар келсе, тарихын да, кешегі өткен тайпа, ру басы, батырлары мен көсемдерін де өнеге тұтып, айтып отырады. Содан да айналасы аттан құрметтеп көтеріп алатын сыйлы жан. Атасы бас ұстайды, құлақ – бұнікі. «Жәкемнің баласына» деп келін-кепшіктер де бұған ерекше қызмет жасайды. Бұл масаттанбайды. Қарны тойғанын ойлап отырады. Кейінірек ойлап қараса, уыз сүтіне жарымаған екен ғой. Қайтсін.

* * *

Атасының көңілі көтеріңкі. «Шашыңды жібіт», – деді де, ұстарасын жани бастады. Кейде ұстарасы өтпей құйқасын кесіп кететін кездері көп. «Ештеме етпейді» деп, қан шыққан жеріне газетті оймақтай ғып кесіп, шаптай салады. Басын таза жумаса, құмға тиген ұстара мұқалып, құйқасын кеседі. Сабындап жууға тырысады.

– Бүгін әкемнің мектебімен сөйлесемін. Оқушының арнайы киімін әперемін, – деді, атасы шашын алып жатып.

Атасының «киім әперемін» деген сөзі қатты ұнады. Бұған дейін киімді апасы тігіп беретін. Балаларының ескі киімдерін кішірейтіп бере қоятын.

Атасы түнде сойған қойдың етін қызыл қоржынға екі бөліп салды. Құрт-майы және бар. Жирен қасқаның жорғасына салып, «Қорланның» әуенімен екеуі ауыл шетіндегі үйге түсті. Күтіп алған ешкім болған жоқ. Үйдің ішіне енгенде, бұрышта іс тігіп отырған әйел:

– О, Жәке, төрлетіңіз. Құдағидың дені-қарны сау ма, – деп, жік-жапар болды.

– Шүкір Аллаға. Мынау құдағиыңның сәлемдемесі, – деп, атасы босағаға қойған қызыл қоржынды нұсқады.

– Ой, несін әуре болдыңыздар, – деген әйел қоржынды ашып, бір қойдың еті мен құрт-майды көргесін жаны жадырап сала берді.

– Енді, құдағи, сен әуре боласың. Мына балам сендердікінде жүріп оқиды. Ертерек ким-кешегін алып қояйын деп келдім, – деді атасы.

– Бір балаға үй тарлық қылмайды. Өз баламыздай көреміз. Арнайы ас әзірлемесек те, біздің ішкенімізді ішіп, жегенімізді жеп жүрер, – деп, құдағиы атасының алдында құрақ ұшты.

Енді атасы мен Ақлима апасын сағынатын болды. Әр екінші жетіде үйге апарады. Ақтөсі арсалаңдап, бұл аттан түспей жатып, жирен қасқаның жалына оралып, секіреді. Су жаңа бәтіңкесінің тұмсығын жалап, мауқын басады. Апасы дабырды, иттің үргенін естіп, тысқа шығысымен бұны атасының алдынан көтеріп алады. Сол сәт бұдан бақытты ешкім жоқ. Бұл үйге кіргенде, Ақтөс есікке телміре қарап, етпеттей жатады.

Апасы қайта-қайта сүйіп:

– Міне, «жігіт болды» деген осы. Бастауышыңды бітірсең, анау Кегеннің өзіне барып оқисың. Сабағың қалай? – деп сұрайды.

– Ой, кемпір айтпа. Мұғалимасы: «Ата балаңыз жақсы оқиды, тәртібі де өте жақсы», – деп, барған сайын қуантады.

– О, айналайын. Әкелші бетіңнен, – деп, апасы қайта сүйеді. Бұл қоразданып, алдына қойған жілікті құшырлана мұжиды.

* * *

Кезекті сабаққа қоңырау шалынды. Дәлізге шықса, тентек тұр. «Жолдыбай, сені шешем «шәй ішсін» деп шақырды. Сабақтан кейін бірге қайтайық, – деді, кәдімгідей үлкендігін білдіріп. Бірақ, оны суқаны сүймейді. Ол қарсы келе жатса, бұл теріс айналады.

«Сені шешем «шәй ішсін» деп шақырды» дегенге ол кісіні көруге асықты. Бұны алты жасқа дейін бағып, бар ауырпалығын көтерді ғой. Еріксіз барды. Жүдеу екен. Бетінен сүйді. «Үлкен жігіт болыпсың. Құдай апаң мен атаңа қуат берсін», – деп, маңдайынан иіскеді.

Тентек ойынға шақырды. «Есі кірген бе?» деп, бұның іші жылып қалды. Шешініп, оның «дәл болады» деген ескі киімдерін киіп, ойын салды. Бір сәт тентек ұшты-күйлі жоғалып кетті. Бұл да сол маңның балаларына білген рахметін айтып, үйге кіргенде, пеш тартпай, бықсып жатыр екен. Матаның күйік иісі көзді ашытып, тұншықтырып тұр.

Даладан кірген тентектің анасы: «Үй өртеніп жатыр ма? Шешек, нені құрттың?! Мана сіріңке сұрағаныңнан шошып едім», – деп, пештің аузын ашып еді, бұның мектепке киетін формасы жартылай күйіп, бықсып жатыр екен. Дереу жұлып алып, тысқа жүгірді. Іске жарамсыз. Шалбары, жейдесі ғана аман. Тентектің шешесі бұрқырап ашуға басты. Пештің алдында сүйеулі тұрған шетен көстекпен тентекті бір салды. Ол «ойбайын» айтып, мұрттай ұшты. Бақырып, өкіріп: «Не, маған жақсы кәстөм әпермедіңдер, сол үшін өртедім. Ол неге жақсы кәстөм киюі керек?» – деді. Шешесі: «Жолдыбай қалай кисе де, ылайық. Сабағын тек бестікке оқиды. Тәртібі де тамаша. Сен ше? Ұстаз келе жатса, теріс айналып кетемін. Сен туралы оңды сөз айтпайды. Жердей боламын. Сен жерге кіргір қашан адам боласың?!» – деді де, бұны қолынан ұстап, жетектеген күйі дүкенге қарай тартты.

– Қалқам, мынаған шақ мектеп киімі бар ма? Маған жазып қой да, берші, айналайын, – деді есіктен кіре сала, сатушы келіншекке жалына, өтініш жасап.

* * *

– Ағай, Жолдыбай Мұратұлы сотталып кетті!..

– Дәл біз студенттер конференциясына әзірленген күні жанындағы пәтерлес екі жігіт қылмыс жасаған. Тергеуші Жолдыбайға жапқан.

– Қалай? – деді де, факультет деканы үнсіз қалды. Сәлден кейін барып басын көтеріп: «Тергеуші шатасқан екен. Олай бола қоймас», – деді де, көмекшілеріне тапсырма берді.

– Азамат, Жолдыбайдың Ұлттық кітапханаға кірген мерзімі мен шыққан мерзімін анықтайтын құжаттардың анықтамасын ал. Қандай кітаптарға сұраныс берді? Оны қай мерзімде өткізді? Әрқайсысын қызметкерлерден түсінік алыңдар. Сол күні үшеуің жұптарыңды жазбай жатақханаға келіп, түнгі сағат нешеге дейін қағаз жазғандарыңды растайтын, оның жатақханаға қай мезгілде кіріп, ертесі қай мезгілде шыққанын растайтын қолхатын алғын. Қалғанымен өзім айналысамын.

Ертесінде бәрін жіпке тізгендей тізіп, іс қағаздар қатталып, республиканың бас заңгеріне жіберілді. Артынша бұлар бас заңгердің кеңсесінен бір-ақ шықты.

Декан: «Қарағым, «профессор бәлен келіп отыр» деп хабарлашы. Кіргізбей қайтара ма», – деп еді, хатшы қыз күлімдеп, «күтіңіз» деді жайдары дауыспен. Бұлар күте-күте сарғайды. Салиқалы екі заңгер кірді. Олар қайта шыққанда, біреуінің қолтығының астынан Азамат әзірлеген құжаттар көрінді. Декан жайраңдап, құрыс-тырысы жазылып: «Жолымыз болды», –деді, шаттанып.

* * *

Жаман хабар жатсын ба? «Әлгі Жолдыбай жетімек сотталып кетіпті» деген әңгімені тентектің әкесі Сарымсақты сайда отырған нағашысына сүйінші сұрай жеткізді.

Бәсе, бағжиып бетіне қарағаны сау емес еді. Ақсақал: «Тілің тасқа! Аузың неткен қи сасыған былғаныш еді? Тәйт әрі! Қан аққан сөзің қара басыңа», – деді де, теріс қарап жатып алды. Бүк түсіп, үш күн орнынан тұрмады. Тек төртінші күні кәрі тартқан Ақтөстің үнінен селт етіп, басын көтерді. Ақтөс Жолдыбай келе жатқанда, дауысы жарықшақтанбай, Сарымсақты сайды басына көтеріп, «Жолдыбай келе жатыр» деп жар салатын. Мына үні ақсақалдың құлағына жақты. «Қарашы, мәшіне тоқтады», – деді кемпіріне.

Таяққа сүйеніп тысқа шыққан Ақлима апасын көріп, қуанып кеткен Жолдыбай «Апа!» деп айқайлап жібергенде, дауысы сулы сайды жаңғырықтырып жіберді. Осы кезде атасы да сыртқа шығып, табалдырықты аттай берген. «Ата» деп құшақтай алғанда, алпамсадай жігіттің құшағында ақсақалдың белі кірт ете қалды. «Ауруымнан жазылдым, қатты қысып, құяңымды үзіп жібердің ғой», – деп, мәре-сәре болып жатыр.

– Ата, мыналар менің курстас достарым. Сізге сәлем беруге келді, – деп, Жолдыбай қасындағыларды таныстыра бастады. – Мына жігіт – Атыраудың Азаматы, мынау мен сияқты қара жігіт – Қостанайдың Қуанышы. Бірге оқимыз. Аз күнге демалысқа шығып едік, қонаққа шақырған бетім ғой.

«Өксік атқан өмірдің қырқасына шықсаң, шаттанасың. Ал, ылдиласаң, көкірегің тапталып, тұсаласың. Ала бұлт, қаптаған қорғасын бұлт, шарбы бұлт, аспан әлемінде де алалық бар. Айдың жартысы жарық, жартысы қараңғы. Жолдыбай, сенің де айың оңынан туар».

* * *

Қуанышында шек жоқ. Не пісіріп, нені дастарханға қоя алмай, абыр-сабыр. Манадан бері төргі үйге кіріп, дабырласып, Жолдыбайдың альбомын көріп отырған қыз:

– Шешей, не көмегім керек. Қолғабыс жасайын. Кәне, мен жуып жіберейін, –  деп, бір табақ судағы қасық, шыныларды шайқай бастады.

– Қалқам, демалсаңшы. Сонша жер жүріп келдіңдер, – десе де, талдырмаш қыздың ойнақы мінезі, қағылездігі ұнап қалған. «Мынаны кие қойшы» деп берген мауыты бешпеті денесін мүсіндеп тұр. «Құдайым бар болса, дәл осындай қыз Жолдыбайға келіссе ғой. Несін айтасың. Мен келініме келін болып, екі қолын жылы суға салып-ақ, бауырыма басар едім. Тек Жолдыбайымның бақытты болуына бәріне әзірмін», – деп, іштей күбірлеп қойды. Шәй үстінде де осы жарасты ойынан айныған жоқ.

– Апашым, кеш батпай, Кегенге барамыз. Үлкен жұмыс бар. Ақ бөртпе орамалыңды әзірлей бер. Кімбайдың кіші қызын…

Апасы ары қарай естіген жоқ. Жүрегі атша тулап: «Жаным, күнім, құлыным, дегеніңе жет. Атаң болса ғой, бүгін ақ түйесі ақтарылар еді. Тілегің орындалсын. Қарғашым, абай бол», – деп, күбірлей берді.

Олар Сарымсақты сайдың соңғы белесін асқанша көз алмай қарап тұрды.

– Е, Қалима, қайдасың? Не аяқ баспай қойдың. Жүр бермен. Үйді жина. Сандықтағы ақ бөртпемді алып қой, қағып-сілкіп. Сен келін болғанда басыңа жапқан үлкен салы-шы. Иә, соны алғын. Қайда ана Мұрат? Мал сойсын, айғайла. Малшыны да шақыр. Малын жақындатсын. Жолдыбайым келін әкеп қалса, қол қусырып отырмайық. Құда түсіп, ырым-сырымын кейін жасап алармыз. Сәтін салса, қалаға бірге кетпекші ойы бар. Мені де әкетемін дейді. Құдай-ау, қаласы несі. Енді қартайғанда, терезе бағып нем бар? Көңілін қалдырмай, «жарайды» дей салдым, – деді, екпіндете сөйлеп. Көңілі алабұртып, тіптен алғаш келін түсірердей өзін қоярға жер таппай тұр.

– Маған да: «Жеңге, әзірлен, сәтіне қарай көреміз» деген, – деді келіні.

– Әй, сәт-мәтті қой. Қане, әзірлен, семізін сойғыз. Қазанды көтер. Кегеннен анша-мұнша жолдастары да ере келер. Ұятқа қалмайық, – деді, келінін ширатып.

– Мұратжан, Жолдыбай бекер кеткен жоқ. Бір қуаныш бар.

– Содан кейін ғой, малды да қораға қарай жақындаттырғаным. Қам жемеңіз, балаңыз ақылды ғой. Бір мәнісі болар. Кешегі қаладан әкелген азық-түліктің де шеті ойылған жоқ. Бір қонағыңызға жарар.

* * *

Таныс көше, таныс үй. Терезе түбінде талай сырласқан сәттер. «Жолдыбай, қалаға бара, хат жаз. Қалың қыздың ортасына түсіп кетіп, біз жақты ұмытпа» деген сөзі Жолдыбайдың құлағында жатталып қалған. Жақындаған сайын жүрегі дүрсілдеп, сағыныш сезімі тулап қоя берді.

Қыздың әкесі Жолдыбайдың сырын білетін секілді. Қызына кесіп айтыпты: «Жолама, ондай қаңғыбас толып жатыр. Оқып та, шекесі қызатын адам емес. Аулақ жүр». Қыз көнсін бе, Жолдыбайға бәрін ақтарған. Айтпай, Алматыға кетіп, ағайын-туған сабасына түсіргенше тұра тұруға да сөз байласқан.

«Тана көзі мөлдіреп, ақ бота келбеті бір қызарып, бір бозарып отыр ма екен? Хатымды алса, оң сапарға оқталып та отырған шығар. Жүрегінің маған деген асау сезімдері тайша тулап, махаббат бесігінде тербетіліп, жан шуағы нұр шашқан жүзін көрсем, менің де жүрегім байыз табар».

Көшенің кіреберісіндегі досы Мұхамедке кірді. Әкесі алдынан шығып, бетінен кезек-кезек сүйді: «Азамат, оқуың қалай? Досың үйде».

Достардың құшағы қауышты.

– Жолбарысым, не жатыс қызыл іңірде? – деп сұрады Жолдыбай.

– Жұмысбастылық. Мектепке орналастым. Биылша мамандығым бойынша емес, бастауыш сыныпты берді. Өте қызық. Ұстаздарымыздың шуағын енді білдік. Хатыңды алғанмын. Шәй әзір болғанша тысқа шыға тұралық, – деп, Мұхамед шешесіне қарай бұрылды. – Апатай, шәйіңізді қоя беріңіз, қазір қайта кіреміз.

Сыртқа шыққасын досы: «Жағдайды естімеген екенсің, – деп, басын шайқай сөйледі. – Бүгін бесінші күн. Сенің ақ арманыңды алып қашып кетті. Әке-шешесінің шешімі. Баласы әскерден келген біреу. Көрші ауылда тұратын көрінеді». Жолдыбай әрмен қарай естіген жоқ: «Не дейді, құдай-ау?».

Әлі де самбырлап сөйлеп тұрған Мұхамедтің қолтығынан қыса ұстап, қашаға қарай сүйреледі. Мәшинеге жеткенде ғана, есі кіріп:

– Жүр, кеттік, тартып әкетеміз. Онсыз маған өмір жоқ. Кәне, отыр мәшинеге, – деп еді, Мұхамед көнбей, досын үйге қарай сүйреледі. Мәшинеде отырған қыз бен жігіт сыртқа шықты. Олар да аң-таң. Әңгіменің мән-жайын естіп-білгенде, олар да «қой, болмайдыға» басты.

– Жолдыбай, шәй әзір, – деп, үшінші рет шықты Мұхамедтің шешесі.

Бір байламға келмей тұрған жігіттердің ортасын бұза-жара кірген Мұхамедтің әкесі Жолдыбайды қолтықтаған күйі үйге беттеді.

Дастарқан басында Жолдыбайға басу айтты.

– Білем, ер жігіттің басында не болмайды. Ешкімнің мақсаты орындалған емес. Адам баласының төрт құбыласын тең жаратқан ба? Кем дүние менмұндалап тұрған заман. Қарағым, шәй алыңдар. Мұхамед екеуің тай-құлындай тебісіп, бірге оқыдыңдар. Сен де менің баламсың. Шешең әне, шәй құйып отыр. Қыз талшыбықтай бұралған, Ақбота десе Ақбота, ақылды бала еді. Амал қанша? Тағдырдың тәлкегі. Басқа үйдің отын жақты. Болары болып, бояуы сіңді. Ата-анасы қызының бақытын табанға салғанын құдай да кешпейді. Балада жазық жоқ. Былайша айтқанда, байлап берді. Мұхамедтің шешесі-ау, қазаныңа тас түсіп кетті ме, манадан бері екі ет пісетін уақыт болды ғой.

Айшуақ қолғабыс жасап, жүгіріп жүр. Нан илеп болып: «Кеспе ғып кесеміз бе, жоқ, әлде жайма қыламыз ба?» – деп, апайымен келісіп жатыр. Мұхамедтің шешесі оған сүйсіне қарап:

– Ой, айналайын, саусағыңнан май аққан бала екенсің. Е, Жолдыбай, сенің көзіңе шел қаптап кеткен бе, немене? Алтын асықтай Айшуақты көрмей, қайдағы бір сумұрынның қызына ғашық болып. Тәйт әрі, Айшуақтың ата-анасына өзім құда түсіп барамын, – деді қызды-қыздымен.

Манадан бері сөзге араласпай отырған курстасы Мәлік:

– Солай істеңіз, апай. Мен сізді қолдаймын. Біздің курста Жолдыбайды Айшуақ өлердей жақсы көреді. Ғашық болудың керегі не? Үй болғаннан кейін тату болса, махаббат деген сол, – деп салды.

Айшуақтың екі беті ду ете қалды. Қыз сырын сыртқа шығарған сезім қолындағы кесені түсіртіп ала жаздады. Ұрттаған сорпасы тамағына тығылып, төмен қарады. Мұхамедтің шешесі: «Міне, Айшуақтың өзі де кетәрі емес екенін аңғартты», – деді. Айшуақ болса, не бар, не жоқ деп айтуға шамасы келмей, жұтқыншағына тас тіреліп тұрғандай үнсіз қалды.

Сонда ғана Жолдыбай Айшуаққа алғаш рет тесіле қарады. Одан бір аяушылық күткендей. ««Жоқ» демеші, «иә» дегенді ауызыңа салшы» дегендей, емірене, іштей міңгірледі. Аласұрған жүрек қайта сабасына түсіп, қарсы отырған Айшуақтың жүзінде «маған деген асыл сезімдердің лүпілі бар ма екен?» деп, көз қиығын салады. Сыр алдырмас қыздың сұлу өңі балбұл жанады.

«Неге қарайсың? Күнде жаныңда жүргенім жоқпын ба? Сен түрмеден шыққанша талай түнді ұйқысыз, талай күнді күлкісіз, жылап-сықтап өткізген жоқпын ба? Неге сен соны сезбедің? Жүрегің тас болмаса, маған деген бір бұлқынысы байқалар еді ғой. Енді, міне, алакөзденіп, көзіңнің астымен бір, үстімен бір қарап отырғаның анау. «Кеттік үйге, шешемді қуантайық» десең, жүрегім жарылып кетер, сірә. Мен сені жанымдай жақсы көремін, жаным. Мен саған әйел емес, жаныңа жар болуға жараймын. Неге аузыңды байлап, үнсіз отырсың?» деген жүрдек ойлар Айшуақ жүрегінен жарыса шығып жатыр.

Осы кезде Мұхамедтің әкесі:

– Не отырыс? Айшуақ балам, Жолдыбайды жақсы білесің. Біз де бұл баланың азаматтығынан басқа қылығын естігеміз жоқ. Сен қыз бізге ұнадың. Кәрі қойдың жасындай жасы қалған Ақлима апамыз да қуанып қалар. Сені келін ғып түсіреміз. Алып қашпаймыз. Келісті деген осы. Ал, ертерек аттанайық, – деп, ұйғарымын айтты.

– Ақлима апа, сүйінші! Келін келді. Біздің үйге келген екен, ақылдасайық деп. Ақылдасуымыздың нәтижесі осы.

– Ой, мынау Айшуақ қой!

– «Жақсыны жатқа жіберме» деген. Бұйрық солай.

– Ой, айналып кетейін. Бұдан артық баланың керегі жоқ. Әкел ақ бөртпені. Осы үйге түскен келіннің бәріне ақ бөртпе салынды. Бісміллә, – деп, Ақлима апа басына орамал салғанда, Айшуақтың өңі алабұртып, екі көзінен жас моншақтады. Келін болудың бақыт жасы.

* * *

Ойы ойпы-тойпы. Не істеп, не қоярын білмей отыр. Қағазға үңіледі. Неге? Қарсы алдындағы көп кітаптардан көз тойды. Нені іздейді, беймәлім. Кешегі сотталушы жасөспірім көңіл түкпірінен шығар емес. Неге?..

Істі қайта алдырды. Бұзылды. Қайта тергеуге кетті. От жүректі, орақ ауызды болмаса да, сөзі нық, жанып тұрған жас. Айтпақшы, «Кегенненмін» деді ғой. Дәл сол сәтте жүрегі мұздап сала берді…

Жастықты кінәлағанмен, ашылмаған аралдар құпиясын қайдан білген. Өмір солай. Сөз байласып, «үй боламыз» деп жүргенде, асыл арман аяқ асты күл-талқан болды. «Енді ертең, бүрсігүні келіп қалармен» жол күтіп жүрген кезі еді. Студенттердің құрылыс отрядында жүрген кезде Оңалбегі «жол апатынан қаза болды» деген жеделхат алған. Жылау қайда, ауыр аяққа оңай соққан жоқ.

«Қайран ғашық дәурен, қор болғаның-ай. Көмейге у құйылып, қапаста қалғаным-ай. Арман бағы, аяқ асты көр үңгіріндей үңірейіп қалғаның-ай. Барар жер, басар тауымды қара тікен қаптап, кешегі қызғалдақ терген қырлар қайда? Батырларша орнымнан тік көтеріп, «еркетайым» деген сөзді кім айтады? Тағдыр-ай, осынша неткен қатыгез болдың?! Біздің жастық дәуреніміз қайда? Балалар үйнде көргеніміз аз ба еді? Адамзаттың асыл мақсаттары неге орындалмайды? Құдай-ау, біздің жарық дүниеге жасаған жаманшылығымыз жоқ еді ғой? Қайдасың, мені дүниеге әкелген анам?» – деп, қатты ышқына шыңғырғанда, іңгәлаған баланың дауысы естілді. Жатқан орнында талықсып құлады…

Үшінші күн дегенде есін жиды. Бауырын сорғыштаған сәбиге жиіркене қарады. Кеудесінен жұлып алып, есіктен атып жібергісі келді.

«Сен менің Оңалбегімнен әулие емессің. Балалар үйінде мені туғанындай аялап, алақанына салған асылымнан аулақ. Жолы болмаған екенсің. Қан ұстап, біздің бақытымыздың жолын кестің. Сені қайтіп бауырыма басам? Сенен қандай опа табам? Жоқ, қалаға кетем. Көршілердің күресінінде қаласың. Таң бозынан жолға шығам. Оңалбектің анық-қанығын біліп, жерленген жерінен орын тисе, мен де сонда барып жатам», – деп, ойын бекемдей түсті.

Сәбиді тойдыра емізіп, бар киім-кешекке орап, таң бозында алтыншы үйдің ауласына тастады. Жаны сыздаса да, жаралы көңілін жаман ойлар жегідей жеп, жолға шықты.

Салдырлап, көмірін түсіріп қайтқан мәшинеге отырып, дауысы дірілдеп, солқылдай келіп жылады. «Жолдасым қайтыс болды» деген сөзді әрең айтты. Сәбиімен тірідей қош айтысқаны тағы бар. Еңіресе, етегі толады.

Жатақханаға жете құлады. Жедел жәрдем алып кетіп, ауруханада айлап жатты.

* * *

– Апа, қонақ келіп тұр. Сізді «іздеп келдім» дейді.

– Кірсін. Қонаққа есік ашық.

«Неғылған адам? Менде несі бар. Жә, жүрген бір жолаушы шығар», – деп, Ақлима ой тұжырымдап үлгергенше, бидай өңді, орта бойлы, орта жастағы әйел имене басып, үйге кірді.

– Апа, амансыз ба? – деді де, жоғалтқан ескі танысын тапқандай, кемпірді құшаққа алды. Ішкі өксігін айта алмай, тілі күрмеліп, жаралы жанының емшісін тапқандай толықсыды. Ақлима да, кәрі кеудесі жүйрік емес пе, бір әйелдің ерте ме, кеш пе келетінін іші білген.

– Қарағым, төрлет. Жол болсын, – деді де, бейтаныс келіншектің жүзіне үңіле түсіп: «Жолдыбайымның анасы ғой, – деді іштей. – Ұқсамаса, тумай қалғыр. Қарашы, көзі, жимысы, бет-әлпеті айнымай тартқанын».

– Айта алмай тұрмын, – деді келіншек, жанары жасаурап.

– Айтпай-ақ қой, қалқам. «Болар іс болды, бояуы сіңді» деген осы болар. Балаң ержетті. Атасының қолғанаты болды. Мектебін жақсы бітірді. Азамат. Біздің әулеттің ақылшысы, қуанышымыз. Кешікпей келін екеуі де келіп қалар. Таң атқалы күтіп отырмын. Кішкентайы қылықты. «Апа баламын» деп арқамнан түспейді. Жайғас, қарағым.

Ақлима танауы делдиген балаға қарап: «Шақыршы келінді», – деп бұйырды.

– Апа, жәй ма? – деп, сұрай кірді келіні.

– Қонақ келді. Жолдыбай мен келін де келе жатыр. Мал алғыз, – деді ол.

– Қазанға ет салып едім, – деді келіні, бүгежектеп.

– Алып қой, – деді енесі. Сонда ғана келіні әлгі әйелдің жай қонақ емес екенін аңғарды.

Ақлима қонағымен ашылып әңгімелеспесе де, шүйіркелесіп, білісіп отырған.

Жолдыбай есікті ашып қалғанда, қарсы алдынан баяғы сағым болған, «Қайдасың, анашым?» деп, асыл бейнесі жүрегіне жатталып қалған анасын көрді. Дәл өзі. Тастаған да осы анасы, соттаған да осы анасы.

Жақыпжан Нұрқожа                                                                          

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password