ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ
Көз сүрінер табиғатымен тамсандыратын таулы өңіріміз өз алдына жеке аудан болып құрылғанына биыл тура 85 жыл толады. Осы бір ауыз сөздің өзі-ақ, ауданымыздың өткен тарихын жете түсініп, оны кейінгі буын жас ұрпаққа жеткізіп отырудың өзі — бүгінгі күннің өмір талабы. Аудан тарихы жайлы баспасөз бетінде жариялап отыруды жоспарлаған редакция ұжымының ұсынысына қосыла отырып, «Тарихқа тағзым» атты тақырыппен аудан тарихынан негізгі үзінділерді жазуды бастаймыз. Тарих бірнеше тақырыптан тұрады. Сол тақырыптар бойынша алдағы уақытта аудандық төл газетімізде үзінділер шығып тұратын болады.
КЕҢЕС ҮКІМЕТІНЕ ДЕЙІНГІ АУДАННЫҢ ЖАҒДАЙЫ
Өткен тарихқа көз жіберсек Ұлы жүздің орналасуы жайлы Қытайдың «Хан патшалығы. Батыс өңір шежіресі» деп аталатын жылнамасында Қытайдың батыс теріскей өңірін көне заманда мекендеген ұлыстардың бірі «Ұлы йозі» деп аталғаны айтылады. 1957 жылы археолог К.Ақышев арнайы зерттеу жүргізіп осы аймақта біздің заманымыздан бұрынғы 11- ғасырдан біздің заманымыздың V-ші ғасырына дейін Үйсіндер (Үйсін деген сөз-топтасу, ынтымақтасу, ұйысу деген мағана береді) болғанын жазған. Сонымен қатар, түркітанушы – археолог А.Досымбаевтың мәліметіне қарағанда Жетісу жеріндегі Үйсін және түркі дәуіріндегі археологиялық ескерткіштер кешені өзара тығыз байланыста дамығанын айтқан. Демек біздердің ата-бабаларымыз осы жерлердің иесі болып өмір сүрген. Ал қытайлар Балхаш теңізіне дейін өз шекарасына кіргізіп қойған картасы шындыққа жанаспайды. Осы ата қонысымызды 18-ғасырда Жоңғар басқыншылары басып алып, көп жыл солардың иелегінде болған. «Үкірші», «Шәкірамбал» солардан қалған атаулар. Басқыншылыққа дайын болмаған бабаларымыз олармен соғыса жүріп амалсыз оңтүстік батысқа көшіп кеткен. Батыр бабаларымыз жоңғарлармен соғысып, ел мен жерін қорғаған. «Ханкелді батыр, Бәйсейіт, Райымбек, Биеке, Еспенбет, Бердіқожа, Рыскелді батырлар ел бірлігіне ұйытқы болып, елеулі еңбек сіңірген»- деп жазған П.Румянцев «Жетісу уездері»атты еңбегінде. 1864 жылы 7 қазанда Шәуешек қаласында қол Қытай мен Ресейдің жауапты адамдары келісім шартқа қол қойған соң тыныш өмір басталған. Осы тыныштық 1916 жылы Ресей Патшасының «16 июнь жарлығынан» соң бұзылып, Жәмеңке мен Ұзақ батыр бастаған Албандар көтерілісіне жалғасқан. (Ол өзі жеке үлкен тақырып). Біздің Нарынқол өңірі 1867-1882 жылдары Түркістан генерал-губернаторы қарауында болған. 1882 жылдан бастап 1897 жылға дейін Жетісу облысының дала губернаторына қараған. 1897 жылы қайтіп Түркістан құрамына кірген. Нарынқол өңіріне Кеңес үкіметі 1918 жылы сәуір айының басында орнаған. Бұрын Түркістан құрамында болған Нарынқол 1918 жылдан бастап Жетісу облысына қарасты болды. Бұл жылдары халық мәселені толық түсінбей біреулер қызылдарды, біреулер ақтарды жақтап тұрған. Осы жылы желтоқсан айында ақ гвардияшылар жергілікті Советтердің кеңселерін өртеп, адамдарын атып кету, ауылды аяусыз тонап кету сияқты келеңсіз қылмысты оқиғалар жиі болып тұрды. Бұлардың әрекеттеріне қазақтар ғана емес орнығып қалған орыстарда наразы болды. Елді қорғау мақсатында 1920 жылы қазақтар мен орыстар біріккен жасақ құрған. Ауылдардан құрылған жасақтарды Текесбаев Айдарәлі, Дәлденбаев Іргебай, Қазыбеков Оразымбет, Сауранбаев Қабылбек, Анарбеков Битіман,Қожамжаров Қасенбай ,Сәрсебеков Байқожа,Сұлтанқұлов Жақыпберді сияқты елдің қамын ойлаған азаматтарға басшылық жасаған. Ауданда құрылған қарулы жасақтарға жалпы басшылық жасау Құдайберсін Жауғашовқа жүктелген. Орыс жасақтарын Петр Назаренко мен Дмитрий Бочкарев басқарған. Ақтардың қарулы әскерлерін жеңіп, ауданда Кеңес үкіметін орнатуда осы жасақтар айтарлықтай жұмыстар жүргізген. Осындай жеңістің нәтижесінде Нарынқолда Кеңес үкіметі қалпына келді. Жергілікті үкімет енді Байынқол болыстық революциялық комитетін құрған. Ол құрылған революциялық комитетке Нарынқол, Қақпақ, Үкірші және Текес қарады. Оның төрағасы болып Серебаев Жазылбек тағайындалған. Комитет мүшелері болып Алпысбаев Ахмет, Сәрсебеков Байқожа, Дәлденбаев Іргебай және Текесбаев Айдарәлі сайланған. Ал Тұзкөл болыстық ревкомына Сүмбе, Шалкөде, Кеген, Сарыжаз бен Қарасаз кіріп,Қожамжаров Қасенбай басшы болған. Мүшелері болып Анарбеков Битіман, Сауранбаев Қабылбек сайланған. Сонымен, 1921 жылға дейін Түркістан Республикасы Жетісу облысы Жаркент уезіне қараған Қарқара ауданынан 1931 жылы Бүкілодақтық Орталық Комитетінің 22 мамырдағы қаулысына сай, Еңбекші-Қазақ ауданының біраз бөлігімен орталығы Құмтекей болып, Нарынқол өңірі Кеген ауданына қарады. Верный қаласы 5 ақпан 1921 жылы Алма-Ата қаласы болып аталып, облыс орталығы болған. Кеңес үкіметі орнаған жылдары аудан аумағында көшпелі болыстық басқару болған. Олар Шалкөде өңіріндегі Тұзкөл болысы, Алжан болысы, Шартастағы Айт болысы, Ақкердегі Құрман болыстары болып жұмыс істеген. 1926 жылы Тұзкөл болыстық комитетінің хатшысы болып 1893 жылы Қайнар ауылында туған Анарбеков Битіман істеген. 1927 жылы осы болыстық атқару комитетінің басшысы болып Т.Нұрәлиев, орынбасары Қойшыбекұлы, іс басқарушысы болып Арғынұлы қызмет істеген.1928 жылы 8 маусымда Қарқара болыстық комитетінің бастығы қызметін Тілеуқабылұлы атқарған. Осы жылдары Текесте (бұрын Красноярский селосы) Михайловский болыстық, Нарынқолда Байынқол болыстық комитеттері болған. 1928 жылы 17 қаңтарда Жетісу губерниясы жойылып, олардың уездерімен болыстық комитеттері Алма-Ата губерниясына қараған. Ауданға орыстар қоныстана бастаған жылдары Нарынқолды –Охотнический, Қақпақты- Мещанский, Сарыжазды-Таврическое деп атаған. (Жалғасы бар).
БЕРКІН ӘКЕБАЕВ,
ҚР «Алтын қалам» сыйлығының иегері.
0 Пікір