ТАБЫС ТАСАДА, ЖЕТІСТІК ЖЕРДЕ ҚАЛМАЙДЫ Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясынан

        Ағымдағы аптанның сәрсенбісінде YII шақырылған Райымбек аудандық мәслихатының кезекті ХХХIII сессиясы өткізілді. Сессия жұмысына аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, аудан әкімінің орынбасарлары,  ауылдық округ әкімдері, ауданның атқарушы, құқық қорғау орындарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым өкілдері шақырылса, шақырылғандардың басым көпшілігі қатысып отырды.

                                       Сессияның күн тәртібіне:

  1. Аудан әкімінің өз құзыреті шегінде, аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген міндеттері мен іс-жоспарының орындалуы туралы есебі;
  2. Аудандық мәслихаттың инновациялық даму, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, коммуникация, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауылшаруашылығы және жер қатынастарын реттеу, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі тұрақты комиссияның қызметі туралы есебі;
  3. Райымбек ауданы бойынша жер комиссиясының құрамын бекіту туралы мәселелер қойылып, көпшіліктің талқылауына ұсынылды.

    Сессияны аудандық мәслихат хатшысы, депутат Гүлнара Арипова жүргізіп отырды.

     Сессияның күн тәртібіне қойылған: «Аудан әкімінің өз құзыреті шегінде аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген міндеттер мен іс-жоспарының орындалуы, Райымбек ауданының 2022 жылдың 1-жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алда тұрған жоспарлы шаралар, межелі міндеттер туралы» бірінші мәселе бойынша аудан әкімі  Нұржан  Құдайбергенов есепті баяндама жасады.

Құрметті депутаттар!

 Құрметті жиынға қатысушылар!

    Райымбек ауданы бойынша 2022 жылдың I жартыжылдығында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 753,3 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 58,2%-ға орындалды. 2021 жылы 1 549,1 млн. теңге, нақты көлем индексі 187,5%.

2021 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында «НарынГолд» ЖШС-гі 827,7 млн. теңгеге 33 килограмм алтын өндірді. 2021 жылдың қазан айында серіктестік қайта өңделетін өнім қорының (руда) бітуіне байланысты жұмыстарын тоқтатты.

2022 жылдың 6 айында «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы Ойқарағай көмір кенінен 11 244,5 тонна көмір өндірді. 34 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

2022 жылдың шілде-тамыз айларында Қарасаз ауылынан «SNB Biz & Group» ЖШС-гі сүт өнімдерін өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарымен сүт қажеттілігін жабу үшін келіссөздер жүргізілуде. Кәсіпорын тәулігіне 10 тонна сүт өңдейді. Мақсаты: сүт, қаймақ, ірімшік, құрт, айран өндіру.

Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 млрд. 600,0 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 85,0%-ға жетеді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта «Конаев и Компания» ЖШС-гі қуаттылығы 2,2 МВт болатын Қақпақ су электр станциясының құрылыс жұмыстарын бастады. Жобалық құны 1,2 млрд. теңге. 2023 жылдың соңында кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда.

2022 жылдың 6 айында ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 11 434,3 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 98,5%-ға орындалды. 2021 жылы 9 633,8 млн. теңге, нақты көлем индексі 102,9%. Шілде айында 13 350,0 млн. теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексін 100,9%-ға жеткізу күтілуде. Жыл соңына дейін 41 752,4 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2%-ға орындалады деп жоспарлануда.

Ауданда сүтті бағытта жұмыс атқарған «Талас» АӨК-і Кеген ауданынан сүт-тауарлы фермасын салып, ірі қара малдарын көшіруіне байланысты сүт өндіру 1014 тоннаға азайды. Үй шаруашылығы және шаруа қожалықтардағы құс санының азаюына байланысты жұмыртқа өндіру 104 мың данаға азайды. Есесіне өткен жылмен салыстырғанда тірі салмақтағы ет өндіру 449 тоннаға өсті немесе 105,5%. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара малының саны 13 187 басқа немесе 118,9%-ға (83 139 бас), қой мен ешкінің саны 84 462 басқа немесе 126,2%-ға (407 242 бас), жылқының саны 3217 басқа немесе 107,1%-ға (48 518 бас) көбейіп отыр.

Ірі қара және қой шаруашылығын асылдандыру жұмыстарымен ауданымызда 136 шаруа қожалығы айналысып отыр. Малды асылдандыру көрсеткішін көтеру бойынша 98 бас асыл тұқымды бұқа қолданылуда.

Ауданда 23401 гектар суғармалы егістік жер бар. Оның ішінде 18080 гектар жер 8 шаруашылық аралық каналдар арқылы суғарылады. Аталған каналдардың барлығы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қазіргі уақытта «Белтоған», «Ортатоған» каналдарының жөндеу жұмыстарына жасалынған ЖСҚ мерзімі өткен, жобаға түзету жұмыстары қажет. «Казачий 1-2-3», «Жаңа-Жеміс», «Үкірші» каналдарының ЖСҚ-на түзету жұмыстары жүргізілуде.

«Дараты», «Үлкен Қақпақ», «Қаратоған» каналдарына сараптама қорытындысы бар. Жобалық құны 974,8 млн. теңге.

Бұдан бөлек 12 ішкі шаруашылық каналдар арқылы 5321 гектар жер суғарылады. Аталған каналдарды жөндеу жұмыстарына ЖСҚ жасалынып, сараптамадан өткен. Жобалық құны 3 млрд. 189,2 млн. теңге.

Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен жөндеу жұмыстарына 1,0 млрд. теңге бөлініп, қазіргі уақытта конкурс рәсімдері жүргізілуде.

2022 жылы республикалық бюджеттен Шәлкөде ауылдық округіндегі «Шолақ», «Шибұт» тоспаларының құрылысына 444,0 млн. теңге, Сарыжаз ауылдық округіндегі «Қабанды» тоспасының құрылысына 116,0 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта конкурс рәсімдері жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Ұзынбұлақ» (600 гектар), «Белбұлақ» (400 гектар), «Ауыл» (750 гектар) тоспаларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 1750 гектар суармалы егістік жер айналымға қосылады.

2022 жылы 38854 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себілді. Оның ішінде дәнді-дақыл-11300 гектар, картоп-5500 гектар, көкөніс-260 гектар, көп жылдық шөп-21794 гектар.

«Ретай» шаруа қожалығы 40,0 млн. теңгеге Нидерландиядан элиталық «Аризона» картоп тұқымын және картоп тұқымын нығайтуға арналған минералды тыңайтқыштарды сатып алды.

 Бүгінгі күні ауданда 6-шы сервистік дайындау орталығы құрылып, 300,0 млн. теңгеге «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ауылшаруашылық техникалары алынуда. 2022 жылы аудан шаруа қожалықтары 93,5 млн. теңгеге 7 бірлік трактор, 7 бірлік ауылшаруашылығы техникаларын алды.

Бүгінде ауданның белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2860 бірлікті құрайды. Бұл салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 4090 адамнан артты.

2022 жылдың 6 айында бөлшек тауар айналымы 590,0 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 97,1%-ға орындалды. Себебі, 2022 жылдың ақпан айынан бастап аудандағы ірі жанар-жағар май сатумен айналысатын «Raiymbek-Oil» ЖШС-гі Нарынқол, Текес ауылдарындағы жанар-жағар май құю бекеттерін жауып, жұмысын тоқтатты. Қазіргі уақытта Алматы қаласында және облыстың басқа да аудандарында тіркелген, бірақ Райымбек ауданында бизнеспен айналысатын заңды тұлғалармен жұмыстар жүргізілуде.

2022 жылдың I жартыжылдығында ауданға тартылған инвестиция көлемі 2 145,9 млн. теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 113,9%. 2021 жылы 1 804,9 млн. теңге, нақты көлем индексі 50,5%.

Қазіргі уақытта «Конаев и Компания» ЖШС-гі қуаттылығы 2,2 МВт болатын Қақпақ су электр станциясының құрылыс жұмыстарын бастады. Тартылатын инвестиция көлемі 1,2 млрд. теңге. 2022 жылы тартылатын инвестиция көлемі 500,0 млн. теңге.

2022 жылдың мамыр айында «Карасаз Агро» ЖШС-гі Қарасаз ауылдық округінен балық шаруашылығы жұмыстарын бастады.  Кәсіпорын құрылысына 10 гектар жер белгіленіп, арнайы қазылған бассейндерге балық шабақтары жіберіліп, демалушыларға қызмет көрсетуде. 4 адам жұмыспен қамтылды.

Жыл соңына дейін жалпы 8 319,4 млн. теңгенің инвестициясын тарту жоспарлануда, нақты көлем индексі 148,6%. Оның ішінде бюджеттік емес инвестиция 2145,0 млн. теңге (жалпы инвестицияның 25,8%) (Қақпақ СЭС-500,0 млн. теңге, сүтті бағыттағы ірі қара малын сатып алуға-120,0 млн. теңге, ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу-160, сервистік дайындау орталығы-300, жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру-1065,0 млн. теңге).

2023-2024 жылдары «Energy Development Company» ЖШС-гі Текес өзенінің бойынан қуаттылығы 24,8 МВт болатын су электр станциясының құрылыс жұмыстарын жоспарлауда. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуда. Тартылатын инвестиция көлемі 14,1 млрд. теңге.

2025-2027 жылдары осы серіктестік Байынқол өзенінің бойынан қуаттылығы 32,8 МВт болатын су электр станциясының құрылыс жұмыстарын жоспарлауда. Тартылатын инвестиция көлемі 18,5 млрд. теңге.

Бюджет кірісінің 6 айдағы болжамы  694,2 млн. теңге, орындалғаны 838,7 млн. теңге немесе 120,8%. 2021 жылы түскені 553,6 млн. теңге.

Республикалық бюджет бойынша болжам 133,3 млн. теңге, 6 айда түскені 140,1 млн. теңге немесе 105,1%. 2021 жылы түскені 41,5 млн. теңге.

Жергілікті бюджет бойынша болжам 560,9 млн. теңге, 6 айда түскені 698,6 млн. теңге немесе 124,5%. Оның ішінде: облыстық бюджеттің жоспары 431,7 млн. теңге, орындалғаны 495,3 млн. теңге, аудандық бюджеттің жоспары 129,2 млн. теңге, орындалғаны 203,3 млн. теңге.2021 жылы түскені 512,1 млн. теңге.

Бюджет шығысында жоспарланған 1 млрд. 528,7 млн. теңгенің 1 млрд. 505,7 млн. теңгесі игерілді немесе 98,5%.

2022 жылдың I жартыжылдығында 2 055 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда 100,9%. Жылдық жоспар 2500 шаршы метр.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес ауданда 2022 жылдың I жартыжылдығында 1 075,2 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Нақты көлем индексі 90,8%. 2021 жылы 1 136,0 млн. теңге, нақты көлем индексі 36,7%. Себебі, ауданда құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігерлердің статистикаға құрылыс жұмыстары бойынша 1-КС, 2-КС есептерін қате енгізуіне байланысты статистикалық есеп төмен болып отыр.

Нақты 2022 жылдың 6 айында бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің құрылыс жұмыстары бойынша игерген қаржысы 1 702,0 млн. теңгені құрайды, нақты көлем индексі 151,2%.

Қазіргі уақытта статистика басқармасымен арнайы есептер жүргізіліп, құрылыс жұмыстары бойынша есептерін дұрыс енгізбеген мердігерлерге ескертулер жасалды. Шілде-қыркүйек айларына құрылыс жұмыстары бойынша қосымша есептерін тапсырады. Жыл соңына дейін 7 млрд. 104,4 млн. теңгенің құрылыс жұмыстарын орындау жоспарлануда, нақты көлем индексі 150,5%.

Нарынқол ауылынан салынып жатқан аудандық мұрағат ғимаратының құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Қазіргі уақытта жобаға құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптамадан өтті. Түзетуден кейінгі жоба құны 252,7 млн. теңге.   2022 жылға құрылыс жұмыстарын аяқтауға қосымша 32,0 млн. теңгеге облыстық бюджетке өтінім берілді. (Мердігер «ЭнергоСтрой Проект» ЖШС-гі)

 Нарынқол ауылдық әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстарының 65%-ы аяқталды. Қазіргі уақытта жобаға құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптамадан өтті. Түзетуден кейінгі жоба құны 194,5 млн. теңге.   2022 жылға құрылыс жұмыстарын аяқтауға қосымша 1,5 млн. теңгеге облыстық бюджетке өтінім берілді. (Мердігер «Golden City DS» ЖШС-гі)

Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарының 15%-ы аяқталды. Жоба құны 412,0 млн. теңге.   (Мердігер «Монолит Строй» ЖШС-гі)

Сүмбе ауылындағы Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарының 30%-ы аяқталды. Жоба құны 475,0 млн. теңге.   (Мердігер «Golden City DS»  ЖШС-гі)

 Нарынқол ауылынан салынып жатқан аудандық өрт сөндіру ғимаратының құрылыс жұмыстарының 45%-ы аяқталды.  Жобаның құны 288,0 млн. теңге. (Мердігер «Дәулет Серпин 603» ЖШС-гі)

Нарынқол ауылындағы 20 жалгерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 330,0 млн. теңге. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қаңтар айында аяқталады.   (Мердігер «Техно Снаб 2003» ЖШС-гі)

Нарынқол ауылындағы 20 жалгерлік тұрғын үйдің ИКЖ құрылысы. Жобалаушы «Геодезия  сервис» ЖШС-гі. Қазіргі уақытта жобаға сараптама жүргізілуде. Тамыз айында қорытындысы шығады.

Сарыбастау ауылынан салынатын 2 коммуналдық тұрғын үй құрылысы. Жобалаушы «ЭлМ» ЖШС-гі. Қазіргі уақытта жобаға сараптама жүргізілуде. Тамыз айында қорытындысы шығады.

Жаңа Текес ауылындағы медициналық пункт ғимараттарының құрылысы. Жоба құны 116,8 млн. теңге. Мердігер «Асан – М компани» ЖШС-гі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30%-ы бітті.

 Қаратоған ауылындағы ФАП құрылысы. Жоба құны 189,5 млн. теңге. Мердігер «Асан – М компани» ЖШС-гі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 40%-ы аяқталды.

Талас ауылындағы ФАП құрылысы. Жоба құны 141,1 млн. теңге. Мердігер «Асан – М компани» ЖШС.  Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 40%-ы аяқталды.

Көмірші ауылындағы медициналық пункт ғимаратының құрылысы. Жоба құны 134,2 млн. теңге. Жобалаушы «Геодезия Сервис» ЖШС-гі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына конкурс жарияланды. Қыркүйек айында мердігер анықталады.

Сүмбе ауылындағы «Шағын спорт кешенінің құрылысы». Жоба құны 1035,7 млн. теңге. Мердігер «Гунн Строй» ЖШС-гі. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының 20%-ы атқарылды.

 Қызылшекара ауылындағы «Шағын спорт кешенінің құрылысы». Жоба құны 774,5 млн. теңге. Мердігер «Асан М компаний» ЖШС-гі. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының 10%-ы атқарылды.

 «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасының аясында Қарасаз ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Дәнекер» ЖШС-гі. Жоба құны 381,4 млн. теңге. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының талапқа сай, уақытылы жүргізілмеуіне байланысты құжаттары ауданаралық экономикалық сотқа жолданды.

Шәлкөде ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталды. Мердігер «Дәнекер» ЖШС-гі. Жоба құны 360,5 млн. теңге. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының талапқа сай, уақытылы жүргізілмеуіне байланысты құжаттары ауданаралық экономикалық сотқа жолданды.

Жаңа-Текес ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына 43,1 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жобалық құны 433,3 млн. теңге. Мердігер «Әлем құрылыс» ЖШС-гі.

Сонымен  қатар Тегістік ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына 300,0 млн. теңге бөлініп, конкурс рәсімдері жүргізілуде. Жоба құны 623,6 млн. теңге.

Көкбел (619,9 млн. теңге), Тұзкөл (464,8 млн. теңге)  ауылдарының  ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткен. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд. 708,3 млн. теңгеге республикалық бюджетке өтінім берілді.

Қаратоған ауылының ауыз су жүйесінің құрылысына ЖСҚ жасалынған. Қазіргі уақытта атқарылған құрылыс жұмыстарының нақты көлемін анықтау мақсатында техникалық аудит жүргізу үшін облыстық бюджетке 3,0 млн. теңгеге өтінім берілді. 2023 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Нарынқол ауылының орталығынан М.Мақатаев атындағы жастар саябағының құрылыс жұмыстарын аяқтауға 100,0 млн. теңге бөлінген. Жалпы жобалық құны 306,0 млн. теңге. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталды. Мердігер «Голден Сити ДС» ЖШС-гі.

Қайнар, Сарыжаз, Текес, Тұзкөл ауылдарына көше жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 160,3 млн. теңге. Қараша айында пайдалануға беріледі. Мердігер «АСБ электромонтаж» ЖШС-гі.

Аудан аумағында 66 шақырым республикалық маңызы бар, 240 шақырым облыстық маңызы бар, 282 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары бар, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 58,2%.

Облыстық маңызы бар, Қарасаз-Тұзкөл ауылдарының аралығындағы 19 шақырым автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 30.11.2022 жыл. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Жоба құны 1 млрд. 852 млн. теңге. Мердігер «AblBekAi company» ЖШС-гі.

Облыстық маңызы бар, Қарасаз-Шәлкөде-Талас ауылдарының аралығындағы 19 шақырым автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 540,0 млн. теңге. Аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр. Мердігер «AblBekAi company»  ЖШС-гі.

Облыстық маңызы бар, Сарыжаз-Көмірші ауылдарының аралығындағы 22 шақырым автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 740,0 млн. теңге. Мердігер «AblBekAi company»  ЖШС-гі. Жөндеу жұмыс ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталатын болады. Сонымен қатар, Текес пен Сарыбастау арасын жалғайтын облыстық маңызы бар автожолды жөндеуден өткізуге де тиісті қаражат бөлініп отыр. Байпақ кезеңінің жолына да жеткілікті қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Жамбыл (125,0 млн. теңге),  Қақпақ (163,3 млн. теңге), Қызылшекара (120,0 млн. теңге), Нарынқол (157,9 млн. теңге) Талас (156,8 млн. теңге), Шәлкөде (100,8 млн. теңге) ауылдарының көше жолдарын орташа жөндеуге 823,8 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Ал, Сүмбе ауылының жолын жөндеу келесі жылдан қолға алынбақ. Қазір жобасы жасалынып, жұмсалатын қаржы көлемі анықталу үстінде.

Жыл басынан бері 20 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді. 4 азаматқа Ұлттық жоба шеңберінде грант берілді. Жұмыссыз ретінде 649 азамат тіркеліп, оның 408-і жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмысқа 192 адамға жолдама берілді (жоспар 80). Әлеуметтік жұмыс орындарына 32 адам тартылды (жоспар 30 адам). Жастар тәжірибесіне 26 жас маман жұмысқа жіберілді (жоспар 45 адам). Пробация  қызметінің есебінде тұрған 15 азамат  ақылы қоғамдық  жұмысқа жіберілсе, 4 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.

Ауданда 8 туристік нысандар демалушыларға қызмет көрсетеді (4 қонақ үй, 3 аңшылар үйі, 1 спорттық сауықтыру лагері).

Қазіргі уақытта «Қарасай Жайлауы» ЖШС-гі Қақпақ ауылынан 25 шақырымда орналасқан тәулігіне 50 адам қабылдайтын демалыс орнын іске қосып, жұмыс жасауда. Демалыс аймағында туристерге қызмет көрсететін 7 қонақ үй, 5 киіз үй, 1 қоғамдық монша, 30 адамға арналған 1 асхана  және 50 адамға арналған 1 мейрамхана жұмыс істейді. 6 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.

2022 жылы жеке кәсіпкер Смағұлов Алмас туристерді қабылдайтын «Хан-тәңірі» сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын аяқтады. Жоба құны 100,0 млн. теңге. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ауданда 19 орта, 1 негізгі және 2 бастауыш мектеп бар. Оларда 6076 оқушы білім алады.

0-6 жас аралығында 3747 бала есепте тұрады. 3-6 жас аралығында 2322 бала бар. Балаларды мектепке дейінгі қамту көрсеткіші 96,6%.

Биылғы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Тұзкөл ауылындағы Т.Мұсақұлов атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталды. Мердігер «Golden City DS» ЖШС-гі. Жоба құны 546,9 млн. теңге.

2022 жылға Көмірші ауылындағы Көмірші орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарына 595,1 млн. теңге, Көкбел ауылындағы Көксай орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарына 562,5 млн. теңге бөлінді.

Сарыбастау ауылындағы С.Сауранбаев атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға 500,0 млн. теңге бөлінді. Жобалық құны 1 млрд. 303,0 млн. теңге. (Жобалаушы «СТРОЙТЕКС» ЖШС-гі)

Қарасаз ауылындағы өнер мектебінің құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Жобалық құны 690,0 млн. теңге.

Денсаулық сақтау саласында аудан бойынша 18 нысан бар. Оларда 57 дәрігер, 247 орта буын және 101 кіші буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді.

2022 жылы туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 17,81 құрады (256 бала), 2021 жылы 18,50 (300 бала).

Жалпы өлім 1000 адамға шаққанда 6,66 құрады (116 адам), 2021 жылы 6,15 (115 адам).

2022 жылы ана өлімі тіркелген жоқ.

2022 жылы 4 сәби өлімі тіркелді, 2021 жылы 2 сәби өлімі тіркелген.

Онкологиялық аурулармен диспансерлік есепте тұратын науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші жоғарылады, вирустық гепатит пен бруцеллез ауруына шалдығу айтарлықтай төмендеді.

Аудан таулы аймақта орналасқандықтан гипертониялық аурулар саны көп тіркеледі. Бүгінгі күні жүрек қантамыр жүйесі ауруларымен 1227 адам диспансерлік есепте тұрады. Оның ішінде 40,2%-ы 65 жастан асқан адамдар. Олар уақытында скринингтік тексеруден өтіп, кардиолог, невропатолог, ангиохирург мамандарынан кеңестер алады.

Ауданда 6 айда 31 қылмыс тіркелді. 2021 жылы 6 айда 38 қылмыс тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 7-ге немесе 18,4%-ға азайды. Оның ішінде ауыр қылмыс 4 (2021 жылы 13), өте ауыр қылымыс тіркелген жоқ (2021 жылы 1).

Құрметті депутаттар, жиынға қатысушылар! Табыс тасада, жетістік жерде қалмайды. Ол атқарылып, жүзеге асырылған іс-әрекеттер арқылы айқындалып отыруы тиіс. Осы уақытқа дейін аудан көлемінде оңды нәтижесін беріп, халық игілігіне айналған жұмыстар жоғарыдағы тәмсілге нақты дәлел болатынын нық сеніммен айта аламын. Алдымызда осынау қол жеткен сүбелі жетістіктерді жалғастырып, табысты одан әрі тасқындата беру міндеті тұрғаны белгілі. Сондықтан ортақ міндетке бәріміз де жұдырықтай жұмылып, ұтқыр ұйымшылдық танытуымыз керек. Сонда ғана межелі міндеттің абыроймен орындалуына қол жеткізе аламыз. Сіздерді ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына ұйымшылдықпен атсалысуға шақырамын.

  Аудан әкімінің баяндамасы бойынша жарыссөзде алғашқы болып мінбеге көтерілген аудандық мәслихат депутаты, Қарасаз өнер мектебінің директоры Бақыт Раева өз ойын былайша жеткізді.

      -Аудан бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мектеп, мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Бұған аудан тұрғындары тарапынан ризашылықтар айтылып жатқаны анық.

         Менің айтайын дегенім, депутаттар тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы. Басты мәселе, әр жұмыстың сапасына мән беру керек. Ауданда әр сала бойынша жауапты мамандар бар. Сондықтан сапаға көңіл бөліп, талапты күшейту керек.

         Тағы бір айтайын дегенім, жуырда облыс әкімі Марат  Елеусізұлы өңірімізге келіп, жерімізді көрді. Жұртшылықпен кездесіп, елдің жайынан хабардар болды. Менің көңілімді қобалжытқаны облыс әкімінің аудан тұрғындарымен болған осы басқосу жиынында ауданымыздағы ел ағалары қатарының алдыңғы легінде жүрген  бетке ұстар ақсақал ағамыз бен кейбір азаматтардың ауданның тыныс-тіршілігі жайлы кереағар көзқарастары мен мәдениеттілікке, әдептілікке жатпайтын іс-әрекеттері болды. Ауданда жұмыс жоқ, мәслихат депутаттары жұмыс істемейді деген пікірлеріне өз басым қосыла алмаймын. Ауданда неге жұмыс жоқ. Өз алдына аудан орталығы болған Нарынқол ауылының түлеп-түрленуі, мәдени тұрғыда дамуы  ауданды басқарып отырған азаматтардың ұйымдастырушылық қабылеттерінің нәтижесі емес пе? Оны қалай жоққа шығарамыз. Мәслихат депутаттарының атқарып жатқан жұмыстары әлеуметтік желілерде, атап айтқанда ФБ, Инстаграм желісі арқылы жариялануда. Сондықтан істелініп жатқан жұмысымызды көргісі келмеген азаматтар өз сөздеріне, көңілге қонымсыз іс-әркеттеріне жауап беретін шығар деген ойдамын. Бүгінгі сессияда осынау мінберді пайдалана отырып, Қарасаз ауылындағы өнер мектебінің жаңадан салынуына 9 айлықпен қаражат бөлінуіне Нұржан Кеңесұлы, Сіздің көмектесуіңізді сұраймын.

   Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихат депутаты, Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Самат Мүсірбаев өзін толғандырып жүрген көкейтесті мәселелерді көпшілік назарына ұсынды.

-Құрметті жиынға қатысушылар! Міне бүгін, аудан әкімі Нұржан Кеңесұлының өз құзіреті шегінде  аудандық мәслихат депутаттары алдындағы есебін тыңдадық. Баяндамашы ауданымыздың дамыту жоспары, экономикалық және әлеуметтік     салада жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарлар жайлы нақтылап айтып өтті.

   Сайлаушылардың  аманатын орындау — аудандық мәслихат депутатарының алдындағы басты мақсатымыз деп білеміз. Алға қойған мақсаттан табылу жолында ынтымақ пен бірлікті бір арнада тоғыстырып, ауданның жан-жақты көркейіп, алдыңғы қатарлы аудандардың бірі болуына бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз.

 Құрметті Нұржан Кеңесұлы! Ауданымыздың мәслихат депутаттары және аудан халқы алдағы уақытта да  Райымбек ауданының өсіп-өркендеуіне, құрылыс, жол және тағы сол сияқты жақсы істердің  басында өзіңіз тұратынына кәміл сенеді.

Берілген қаржыны игеруге бірлесіп жұмыс атқарайық,- деген Самат Сартаубайұлы аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы Құдайбергеновтың есепті баяндамасына «қанағаттанарлық» деген баға беретінін жеткізді.

    Өз кезегінде сөз тізгінін ұстаған облыстық мәслихаттың депутаты Нұрбол Алиев аудан көлемінде жаңа нысандардың құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың атқарып отырған жұмыстарындағы кемшіліктердің себеп-салдарын тілге тиек етті. Көңілге кірбің түсірер керағар құбылыстарды жоюдың оңтайлы жолдарын ұсынды.

   Сөйлеушілер сөзін жалғастырған  Гүлнара  Рауанқызы аудандағы білім сапасын сөзіне арқау етті. Мектептердің материалдық базаларының көңіл көншітпейтінін, аудандық аурухананың ішкі-сыртқы көріністері күрделі жөндеуді қажет ететінін, туриззм саласындағы шешімін күткен жайлар туралы ойларын ортаға салды.

    Баяндаманы талқылау барысында айтылған ұсыныстарды ескере келіп, депутаттар назарына шешімнің жобасы ұсынылды:

   Сессия:1. Райымбек ауданының әкімі Нұржан Кеңесұлы Құдайбергеновтың өз құзыреті шегінде, аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген міндеттері мен іс-жоспарының 2022 жылдың алғашқы жарты жартыжылдығындағы орындалуы туралы есебінің еске алынуы;

  1. Аудан әкімінің атына түскен ұсыныс-пікірлер мен талап-тілектердің жүзеге асырылуын қамтамасыз ету аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновтың назарына ұсынылуы туралы шешім қабылдады.

     Сессияның күн тәртібіндегі: «Райымбек аудандық мәслихатының инновациялық даму, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, коммуникация, энергетика, отын ресурстары, ауылшаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиыні есебі туралы» екінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық мәслихат тұрақты комиссиясының төрағасы, «Нарынқол орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің орман қорғау инженері Ербол Жұмақанов есепті баяндама жасады.

    Сессия есепті баяндаманы назарға алу жөнінде шешім қабылдады.

    Сессияныі күн тәртібіндегі: «Райымбек ауданы бойынша жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» екінші мәселе бойынша аудандық «Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Рыскелді Иембергенов хабарлама жасады. Қайтадан тағайындалған жер комиссиясының құрамын депутаттар қарауына ұсынды. Ұсыныс депутаттардың көпшілік даусымен толықтай мақұлданды.

     Сессия Райымбек ауданы бойынша жер комиссиясының құрамын бекіту туралы шешім қабылдады.

     Сессияда аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов қорытынды сөз сөйледі.

                                                                        Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                               арнаулы тілшіміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password