Тәуелсіздіктің тарихи жетістіктері
Өткен тарихымызды саралап көрсек,өзекті өртер өкініштің бар екеніне көз жеткізетініміз анық. Ойға тежеу, тілге тұсау салған тоталитарлық қатаң тәртіптің салдарынан ұлтым, елім деген қайраткерлер «халық жауы» атанған қилы кезеңдерді бастан өткердік. Елім деген азаматтарды бораған оқтың өтіне өзіміз аттандырдық. «Қаңғып келген шүрегейдің көлге пана болмайтынын» білсек те ата-бабадан мұраға қалған жерімізді жатқа таптатып, еліміздің билігін басқаға беріп, өз ұлымызды өзекке тептік. Босып та кеттік. Қаракөз қыздарымыздың бұрымы кесіліп, күң болғанына да көндік, «үндістерше қаңғытамын» дегендердің тепкісіне де шыдадық. Десе де қайтпас қайсарлығымыздан ұлт болып сақталып қалдық, Батыр бабаларымыз ұлан байтақ далаға, ата-мекенге қорған бола алды.
Мына алмағайып дүниеде орнымызды тауып, шекарамызды шегендедік. Өйткені ел іргесін бекіту-Елбасының саясаттағы ең негізгі міндеті екенін осы тұста тағы бір бағамдадық. Егемендік алған тұста нарықтық экономикаға бірден көшудің мүмкін еместігін болжаған тұңғыш Президентіміз, еркеше экономикалық және әлеуметтік маңызы бар ірі кәсіпорындарды шетелдік инвесторларға басқаруға берді. Оларға талап қоя отырып, өнеркәсіп орындарының тұраламауын және жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруын қамтамасыз етуге тырысты.
Ел басқару еш уақытта оңай болмаған. Ал, ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізген қиын кезеңде мың батпан жүкті ердің ерінің ғана көтеретінін тарих тағы бір дәлелдеп берді. Өйткені экономиканы көтеру, халықтың жағдайын жасау мәселелері өзекті еді. Содан кейін де әлемдік қаржы дағдарысы елді мазалай бастаған тұста халықаралық сарапшылар мен саяси институттар «Қазақ халқы дағдарыс жағдайында өз мемлекеттілігін сақтап қала ала ма?» деген мәселені көлденең қойып, жиі көтере бастады. Осылайша дербестігіміз, елдігіміз сынға түсті. Десе де дағдарысқа қарсы атқарылған тың жобалар, елімізді бұл тығырықтан да алып шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында; «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол-бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де қаншалықты қажет»-деп, елдік сананың, ынтымақ пен татулықтың аса маңызды екендігін атап көрсеткенін ұмытуға болмас. Қазақстандықтар бүгінгі таңда сол бірлік пен ынтымақтың нәтижесін көріп, дәмін татып отыр; өндіріс өркендеп, әлеуметтің әлеуеті артты, қала мен ауылда ірі кәсіпорындар құрылып, жолдар жасалып, кем-кетігіміз толықты. Оларды саусақпен санаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Нәтижесі жыл сайын еліміздің жалпы ішкі өнімі 5-6 пайыздық өсіммен өсіп отыр. Еліміз халықаралық деңгейде көш бастамаса да, жаңағыдай көрсеткіштер бойынша дамыған елдердің арасында алдыңғы қатарда. Көтеріліп жатқан бағалы бастамаларымыздың жаһандық қауіпсіздікке қосып жатқан үлесі өз алдына бір төбе.
Қуатты мемлекеттің экономикасы да қалыпты дамуды қажет етеді. Бұл орынды. Экономика қарқынды дамыған елімізде білікті мамандарға деген сұраныс та күн санап арта түседі.
Халқымызда — «Еңбек етсең, емерсің» деген аталы сөз бар, осы нақыл жастардың қаперінде жүрсе деймін. «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді» деген даналықты да дәйім назарда ұстағанымыз жөн. Кәсіпкерлікпен, бизнеспен айналысудың пайдалы екенін жастарымыздың түсінгені жөн. Қазақтың қолынан іс келмейтін болса кезінде Римді жаулап, кешегі Тәжмахалды, бүгінгі Астананы салмас еді. «Алма піс, аузыма түс» деп отыра беретін берекесіз болса, осыншама ұланғайыр өлкеге иелік ете алмас еді. Басқалардың айдауына көніп, айдағанына, барына қанағат ететін бейқам болса, қытайға қорған соқтырып, іргесі сөгілмейтіндей болған КСРО-ның іргетасын бұзып тәуелсіздік алмас еді. Тексіз болса, дуалы ауыз даналар Төле мен Қазыбек, Әйтекені тудырмас еді. Демек, қазақ ешқашан дана, дара тұлғалардан кемшін болмаған. Кир патшаның басын шапқан Томирис, Римді жаулаған Еділ патша, крестшілерді талқандаған Бейбарыс, жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек, Қоқанды қоқандатпай ұстаған Хақназар, жоңғарды жойған Абылай, ұлт намысын ту еткен Кенесары хан бұлардан басқа да әлем тарихына өшпес із қалдырған Қабанбай, Қарасай мен Ағынтай және басқа да ұлы тұлғалардың ұлылығын асқақтатқан қазақ емеспіз бе?!
Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары қолға алынды. Олар елдің өшкенін жандырып, өткенін түгендеуге үлкен септігін тигізді. Алдымызда Елбасы айтқандай, мәңгілік қазақ елін құрудан басқа жол жоқ. Ел боламыз, өркендейміз десек , ұлтжанды да батыр қазақ рухы арқылы бүгінгі жаңа қазақтың жігерін жануымыз, салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеуіміз қажет. Ар-ұжданды ақшадан биік қойып, «Кіп-кішкентай торғай да балапанын қорғайды» деген қазақы ынтымақтан, Отанға, елге деген елжандылықтан айырылмағанымыз жөн.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент сайлауларында төтесінен қойылған сауалдарға ; « Мен сендердің төбелеріңнен алтын жаудырамын деп уәде бермеймін, бұдан да қиын кезеңді бастан кешіреміз» — деп ойлы жауап берді. Жаңа Қазақстан құру жолында мемлекет, қоғам қайраткері санатында жаңашылдығымен күрескерлігімен, реформаторлығымен ерекшелінді. Айдарынан жел ескен қуатты мемлекеттердің өзінің экономикасын тұралататын дағдарысты ауыздықтаған күш жігерінің арқасында еліміз өркендеп отыр. Қай саланы алсаңыз да өсу мен өркендеудің , алға ұмтылудың жарқын болашақтың лебі еседі.
Тәуелсіз мемлекеттің Туы, мемлекеттік Гимні, елтаңбасы, төл теңгесі, мемлекттік тілі, астанасы туралы сөз қозғаудан сескеніп, қарадай қуыстанғанымыздың жалғандығы жоқ. Ұлтжанды Көшбасшымыз республика тағдыры өз қолына тиген соң, ғасырлар бойы ұлы арманға айналған , күрмеуі қиын мәселелерді шешуге батыл кірісті. Ұлттық рәміздерімізді заңды түрде бекіткен соң, енді астана жайлы ойларға ауысты. Ақыры қуатты мемлекеттің төл астанасы қасиетті қазақ жерінің кіндігінде, Еуропа мен Азияның құшағы қауышқан Ақмола қаласында орын тебуі қажет деген шешімге тоқтады. Жаңа астананың бүгінде Нұр-Сұлтан есімін иеленіп , әлемнің ең күрмеулі мәселелері шешілетін ірі қалаға айналғанын көргенде әр қазақ марқаяды деп топшылаймын. Тәубе қазір, қазақ еліне басқалар да байыппен қарайтын болды. Бұл деңгейге жету, әрине оңай болған жоқ. Кеңес дәуіріндегі талқысы мол тіршіліктің сан соқпағында шыңдалып, жоқ нәрсені бар еткен аға буынның ерен еңбегін ескермей кетуге болмайды. Біз сол кезеңнің адамдарға төзімділік пен аяушылықты және өз ісіне адалдықты үйреткенін жоққа шығара алмаймыз.Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ мемлекеттің гүлденуі жастардың жасампаздығына тікелей қатысты болады екен. « Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай тәуелсіз елдің ертеңі жастардың қолында « Атадан жақсы ұл туса елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді» деген. Бүгінде елдің қамын жейтін, оның болашағын ойлайтын жастарымыз бар. Мен соған қуанамын.
Ауыл- қазақтың ырысы. Қазір ауылдарда жастардың білек күшін талап ететін жұмыстар жетіп артылады. Бүгінде бір кездері даланы дүбірге бөлеген механизатор мен комбайншылардың жасы келгені зейнетте. Малшы кәсібіне деген сұраныс та жоғары. Бірақ, осы кәсіптерге баратындар жоқтың қасы деуге болады. Бейнет көрмей — дәулет жоқ екенін түсінген жөн. Мына өмірдің сәні мен мәні – еңбек. «Үкімет не берер екен?» деген тілемсек ниеттен арылатын уақыттың келгенін әлі де мойындамайтындар кездеседі.
Көп балалы аналардың арасында әлеуметтік жағдайлары сын көтермейтіндер бар. Оны мойындау керек. Бірақ, жағдайлары тәуір болса да алақан жайып, тегін көмек алғысы келетіндерге не айтуға болады. Жер-жерде қалталы азаматтар бар. Солар өз елді – мекендеріндегі жеткіліксіз қамтылған отбасыларын қамқорлыққа алса, бұл да бір сауапты іс. Халқымыз қай кезде де жетімін жылатпаған ғой…
Жаһанданудың бүгінгі шарты-бәсекеге қабілеттілік таныту.Демек қай сала болсын жігеріңді жанып, біліміңді шыңдауыңды,еңбегіңді еселеп,қайратыңды, қайрауыңды талап етеді. Жастар осы жолды таңдағанды ғана көшіміз көлікті, еліміз көрікті болып, көк байрағымыздың биікте желбірейтіні анық.
Бүгінгі таңда қазақ елі көшінің тізгінін Президент Қасым — Жомарт Тоқаев қолына алды.Әлемдік саясаттың талай сынынан өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы салған сара жолды жалғастырып, қазақстандықтарды нұрлы болашаққа жеткізу үшін бар білімі мен біліктілігін арнайтынын білдірді. Әрине бұған ел сенеді, Елбасымыз да үлкен үміт күтіп отыр. Тәуелсіз елдің ертеңі үшін тер төгетін ұрпағымыз сабырлы, саналы болсын деп тілеймін! Бұл- ұлтымыздың қанындағы ұлы қасиет.
Ел ертеңіне алаңдап, халқының қамын ойлаған осындай тұлғалары бар қазақ халқының қамын ойлаған осындай тұлғалары бар қазақ халқы бақытты. Сондықтан келешегіміздің кемел, ертеңіміздің нұрлы болатынына да сеніміміз мол. Ол үшін әр күні еселі еңбек етіп, тер төгуіміз қажет. Тәуелсіз елдің болашағына әр азаматының жауапты екенін ұмытпайық, ағайын!
Алтай БАЙБОСЫНОВ,
зейнеткер-ұстаз, тарихшы,
Текес ауылы.
0 Пікір