ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АҚ ТАҢЫ

      Желтоқсан бірде,

     Ел тосқан түрде,

     Келетін мүлде жайдарлы.

     Сол жылы бірақ,

     Әдеттен жырақ

     Көрінді шын ақ айбарлы.

     Тоңдырды мені,

     Тоңдырды сені

     Желтоқсан желі ызғарлы.

     Солдырды гүлді,

     Оңдырды нұрды,

      Көңілде мұңды із қалды – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – әр қазақтың жан жарасы. Қалың тарихтың парақтарына қанмен жазылған бұл күндер жайында толғана да тебірене де айтуға болады. Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды.

     Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр себеледі. Себебі, 16 желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің ақ таңын әкелді. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған сол бір тарихи күні, 1991 жылдың 16 желтоқсанда жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Гимнімен айбатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, дініміз, тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.

    Мен азаттықтың алғашқы он жылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Екінші он жылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуметіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды.

    Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылдық. Тәуелсіздік — ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні — ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың аңсаған арманы. Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабамыздың орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы.

    Тәуелсіздік ақ таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз.

    Қазірде елімізге тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз.

    Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күніміз сөнбей, Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбірей берсін деп тілеймін.

Мадина ТӨЛЕЙБАЕВА,

М.Мақатаевтың әдебимемориалды

музейінің экскурсия жүргізушісі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password