Тәуелсіздік — Тәңірден келген тәтті сый!

       Тәуелсіздік… Бұл – жанға ерекше еркіндік сезімін сыйлайтын, шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын, елдіктің дара жолын бейнелейтін киелі ұғым. Тәуелсіздік, тек мемлекеттің дербестігімен емес, сол мемлекетте ғұмыр кешетін әр адамның тәуелсіз мүмкіндіктерімен сипатталады.

        Егемендік самалының қазақ жұртшылығының маңдайынан ескеніне биыл отызыншы жыл. Сөзге жеңіл болғанымен, отыз жылдың уақыттық мерзімі аса салмақты әрекеттердің куәсі болғандай. Бұл салмақты өзгерістердің оң бағытта болуытәуелсіздіктің жемісі. Еркіндіктің жемісі тәтті болғанымен, жету жолы қан мен терге толы күрделі соқпақ болды. Осы тұста, француз философы Франсуа Вольтердің “Ешқашанда үлкен қиыншылықтарсыз үлкен іс болмайды”,- деген нақыл сөзі ойға оралады. Шын мәнінде, тағылымы терең тарихымызға үңілер болсақ, егемендік үшін төгілген тер мен қанның бағасын беру мүмкін емес. Себебі, ілгері замандарда қолына қылыш алып, қазақ хандығын қорғамақ болған батыр бабаларымыздан бастап, уақыт пойызымен жылжи келе, кезінде құрамында болған аты дардай Кеңес Одағы үшін қолына мылтық алып, оқ асынған батыр ұлдар мен қыздардың еңбегін ең ірі өлшеммен саралаудың өзі аздық етеді. Аталған соғыстардан өзге, сол кездегі ірі держава саналатын Ресейдің жерімізге көз тігіп, ұлтты жоюға бағытталған сұм саясатына қарсы тұрған зиялылардың еңбегін атамай өту үлкен әбестік. Бәрін айт та, бірін айт, өз тарихымен тыңғылықты танысқан әр қандасымызға тәуелсіздіктің қандай жолмен келгені аян. Өздері жер қойнауында жатқанымен, есімдері ел жадында жаңғырып, тарих парақтарында көш бастайтын шейіттерді егемен ұрпақ ұмытпақ емес.

        Бүгінде, тәуелсіздік туы көгімізде қалықтауда. Еліміз отыз жылдан бері күнделікті жаңа өзгерістермен жандануда. Елдегі тәуелсіздік жетістіктерін нақтылау үшін, отыз жыл кері шегінсек.

        70 жылға жуық уақыт шамасында көп ұлтты және социалистік мемлекет саналатын Кеңес Одағы құрамында болған қазақ халқы 1991 жылы ызғарлы желтоқсан айының 16 жұлдызында өз алдына дербес мемлекет болып жарияланды. Осы сәттен бастап, дербес елдің нышандары пайда болып, көш бастар елбасымыз сайланды, мемлекеттік рәміздеріміз қабылданып, ел экономикасын дамыту мен дербес халық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттің өзіндік саясаты жүзеге аса бастады. Одақ құрамында шұбарланған, тіпті қолданысынан айырылған ана тіліміз өз дәрежесіне қайта көтеріліп, қазақ тілі 1993 жылы мемлекеттік тіл болып жарияланды. Экономика ілгерілету бағытында, жекешелендіру саясаты жүзеге асты. Әрине, қалыптасып қалған жүйеге үйренген қалың жұртшылық үшін жаңа үрдісті қабылдау бірден жүзеге аса қоятын бейімділікке ие болмады. Дегенмен, бастысы, егемендікке ие болғандықтан, басқа мәселелердің шешімін табу, қарапайым қиындықтармен күресу аса күрделі болмай шықты. Осындай бірқатар ілгерілеу жұмыстары жүргізіліп, тұғыры биік Қазақстанның әлемдік аренадағы орны да анықтала бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ еліміздің қуанышына ортақтасқан әлем елдері табыла кетті. Олардың алғашқысы, тәуелсіздік жайлы сөз болған тұста халқымыз ерекше құрметпен тілге тиек ететін Түркия мемлекеті. Түп тегіміз бір түркілерден таралған Түркия мемлекеті елімізге ерекше қолдау көрсетіп, егемендігімізді мойындағандардың алдыңғысы болды. Дегенмен, қазақ халқына қиындықтың бәрі тәуелсіздікке дейінгі уақыттың еншісінде қалды деп ешкім қамсыздық жасай алмайды. Әр уақыттың өз қиындығы мен қуанышы бар. Тәуелсіздіктің жету жолының қиындығы мен оны сақтау жолындағы қиындықтың ара салмағы бірдей. Тәуелсіздікке жеткізгендердің еңбегі есте қалады, ал тәуелсіздіктің болашағына жауаптылар сол құрбандардың өмір жолы мен патриоттық рухтарынан үлгі алып, сара жолдарын жалғастыра білулері шарт. Егемендіктің ертеңіне жауаптылар — жас буын екені талассыз. Жалынды жастар, жеке бас қамы мен қарын тоқтығы үшін емес, елдің ертеңі үшін қызмет етіп, патриоттық рух жетегінде жұмыс жасаса нәтиженің болары анық. Еліміздегі әр саланың қызметкерлері қызмет мақсатының басым мазмұнын мемлекеттің игілігіне жоспарласа мәңгілік елдіктің нышаны болмақ!

        Тәуелсіздік киесі қазақ даласының өркендеуіне өз ықпалын тигізер үлкен күш. Бұл күштің өз қасиетінен айнымауы адами фактордың, яғни еліміздің әрбір азаматы мен азаматшасының ел жолындағы ерен еңбегімен тікелей байланысты.

Ақерке Бижан,

Тұран университеті Журналистика

факультетінің 2 курс студенті.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password