Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый
Ағымдағы аптаның дүйсенбісі күні, аудандық Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде еліміздің ең ұлық та, қастерлі мейрамы Тәуелсіздік мерекесі өз деңгейінде аталып өтті. Ата-бабаларымыздың сан-ғасырлар бойы армандаған осы бір азаттықтың ақ таңы арайлап атқанына да 29 жыл толды. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылдың 16 желтоқсанында атқан болатын.
Тәуелсіздік мерекесі – мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. Биыл рухы асқақ, тұғыры биік егемен елімізге 29 жыл толуда. Ширек ғасырдан аса уақыт аралығында мемлекетіміз қаншама сүрлеу-соқпақтардан өтіп, әлемдік аренада өз орнын қалыптастырып үлгерді. Осы тұрғыда аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов сөз алып, көпшілікті егемендігіміздің нышаны – Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаса, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев баяндама жасап, тарихқа аз-кем тоқталып өтті.
Шарада Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 9 қарашадағы Жарлығы бойынша Әкімхан Жоспарханұлы Нүсіпқожаев «Қазақстан Конституциясына-25 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Сонымен қатар, ұлық мейрам қарсаңында ауданның дамуы мен өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосып жүрген түрлі салада қызмет істейтін аудандағы бірқатар маман иелері облыс пен аудан әкімдігі арнайы тағайындаған «Құрмет грамоталар» және «Алғыс хаттармен» марапатталды. Сондай-ақ, ауданға аты танымал Жұмағали Абайбекұлы, Сайлаубай Толықбайұлы, Мәдени Нұрдәулетов және Бақытжан Суамбеков сынды азаматтарға арнайы төсбелгі мен Райымбек ауданының Құрметті азаматы атағы салтанатты түрде табысталды.
Жиын соңында мемлекеттік қызметке алғаш кірген ауданның ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Б.Кемелжан, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Б.Чайниет пен Тегістік ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ж. Райымберді салтанатты түрде ант қабылдады.
Мереке Тәуелсіздік – егемендіктің ерекше символы. Ол — ұлттық мереке, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық» атты тақырыпта аудан көркемөнерпаздарының дайындаған мерекелік концертіне жалғасты.
Елдос Ахметжанов,
« Хантәңірі».
0 Пікір