ТӘУЕЛСІЗДІК – МАҢДАЙДАҒЫ БАҒЫМЫЗ!

        Биылғы жылдың орны бөлек, жөні ерек. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы! Орда бұзар отыздағы ер азаматтың жасындағы қымбатты Отанымыздың алар асулары, шығар биіктері алда. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев «Тәуелсіздік – маңдайымызға біткен бағымыз», — деп атап айтты. 1991 жылдан бері қарай дүниеге келген жаңа да жас ұрпақ үшін Тәуелсіздігіміз шын мәнінде үлкен бақыт, ерен қуаныш болды. Осынау күнді, осынау сәтті ата-бабаларымыз сан ғасыр аңсады. Хангелді, Райымбек, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Малай, Жетен секілді батыр бабаларымыз кең байтақ қазыналы жерімізге сан жылдар көздерін алартып келген жауларына қарсы күресті. Қасиетті жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғады. Батыр бабаларымыз жаудан қорғап, аманаттап кеткен жерімізде бақытты ғұмыр кешіп келеміз. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырындыны, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды»,-деп бастан кешкенімізге тоқталып өтті. Басқаны айтпағанның өзінде таулы өлкенің құшағында болған 1916 жылғы әйгілі Албан – Қарқара көтерілісінде Ұзақ пен Жәмеңке, Әубәкір мен Тұрлықожа, Қазыбек, Монай мен Мұқан Ұзақбайұлдары секілді ата-бабаларымыз Ресей патшасының жарлығына қарсы шықты. «Бала өлгенше, шал өлсін»,-деген ұранмен қолдарындағы барымен патшаның әскеріне қарсы күресті. Бұл да батыр бабаларымыздың Тәуелсіздігімізді аңсаған, соған жасаған қадамының бірі болып тарих бетінде қалды. Араға тұп-тура 70 жыл салып 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісі де ел жадында ұмытылмастай болып қалды. Қылышынан қан тамған Мәскеудің билігі тұсында «Өз елі-жерімізге өз қандасымыз бірінші басшы болсын!»,-деген студент және жұмысшы жастардың көтерілісі де Тәуелсіздігімізді аңсаған жастардың бір мақсат, бір тілек, бір жүректегі бұлқынған білегі, қайралған намысы, Отанға деген патриоттық сезімінің жарқын көрінісі болды.

      Қазақстан!

      Пай, пай, пай!

      Ардағым-ай!

      Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай.

      Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,

      Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!, — деп ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев жырлағанындай, туған Тәуелсіз Отанымыздан ыстық, туған мекенімізден артық, туған елі-жерімізден қымбатты да құдіретті ештеңе жоқ! Біздің бар бақытымыз да, бар байлығымыз да осынау сүйікті Отанымыз! Отыз жылдың ішінде Райымбектей батыр бабамыздың атындағы ауданымыз қайта қалпына келді. Оның орталығы Нарынқол ауылы күн өткен сайын жаңғырып, жайнап келеді. Жақында ғана республикада жоқ жаңа жобалы үлкен спорттық — сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Биыл күн сайын 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысы басталмақ. Мұның бәрі көңілімізге қуаныш ұялатуда. Тәуелсіз елімізге 30 жыл толғалы тұрса, жерлес ақынымыз, «ХХ ғасырдың таңғажайып, ұлы ақыны» атанған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы іс-шараларына толы. Ақын дүниеге келген Қарасаз ауылына дейінгі жол былтыр жасалды. Биыл ақынның мемориалдық музейі мен ауылдық мәдениет үйіне, мектеп гимназияға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Біз үшін үлкен қуаныш – осындағы балалар өнер мектебіне жаңадан ғимарат салып берудің жұмыстары қолға алынуда. Бұл үшін облысымыздың әкімі Амандық Ғаббасұлының, ауданымыздың әкімі Нұржан Кеңесұлының атына алғысымызды айтамыз.

       Тәуелсіздік- еліміздің жарқын болашағының тұтқасы. Қазіргі бейбіт күннің көрінісі кешегі аққан тер мен төгілген қанның арқасы. Ұрпақтардың қайғысыз күлкісінің себепкері талай жол торабындағы сан соқпақта салы суға кетпей жауға қарсы найза ұстап, атқа қонған, білек пен білімдері сыналған ата-бабаларымыз. Сол жандардың еңбегімен келген тәуелсіздік әрине бізге аса бағалы. Барымыз, бақытымыз, маңдайдағы бағымыз – Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ғұмыры мәңгілік бола берсін!

Бақытгүл РАЕВА,

аудандық мәслихаттың депутаты,

Қарасаз өнер мектебінің директоры.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password