ТӘУЕЛСІЗДІК — ҰЛЫ АМАНАТ!

        Тәуелсіздік – сан ғасырлық ата-баба аңсауы. Төгілген қанның, сұралған жанның, езілген жүрек пен ағылған тердің өтеуі, келешек ұрпаққа сарымайдай сақтау үшін берілген ұлы аманат. Тәуелсіздік түсінген адамға әлемнің ең бірінші кереметі. Қаншама жылдар, ғасырлар бойы өзгенің тепкісі мен отаршылдығы, жаншуы, әділетсіздігі әрбір адамның намысына тиіп, тәуелсіздікті аңсатары анық. Мен тәуелсіздікке жету жолындағы ата-баба төзіміне, намысын қайрағанына, елі, жері үшін жанын садаға еткеніне қайран қалдым. Тарихының терең тамырын ата-бабаның көрген қасіретін қазіргі бейбіт күн нәрі сусындатқан іспеттес. Осы тәуелсіздік арқасында біздің атқан таңымыз арайлы, шыққан күніміз шуақты, аспанымыз көгілдір және қыранымыз айнала самғауда. Қазыналы, кең байтақ жеріміздің қанша топырағына аунаймыз десекте, қай түкпіріне барсақ та еш қыспақтаусыз «келеғой, қазағым» — деп мейірленген елімізде, шексіз де шетсіз шұрайлы жерімізде қанша еркелесек те өз еркіміз.

        Тәуелсіздік алмаған кезінде қазақ елі шекара бөлінбей жер үшін талай мәрте кеудесін оққа тосты. Шыбын жандары кеудесінен шыққанша аянып қалған жоқ. Жерге күрес жолындағы әр жеңіс өз жемісін берген сайын, еліміздің рухы қайралды, намысы шыңдалды, ұйымшылдық күшейіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ақырында соғыс соңы ұлан-асыр кең байтақ жерді қанжығамызға байлап берді. Алайда, осыдан кейін де қазақ елінің басына үйірілген тұман сейілді деп айта алмаймын. Орыс отаршылдығы қазақ елінің шаңырағына аман-саулықсыз кіріп, қызын күң, ұлын құл етуден тайынбады. Құйтырқы жоспарларымен қазақ ішінде бытыраңқылық орнатты, қазақты бір-бірімен қас қылып қою арқылы ақырында қазаққа үстемдік қылды. Таң мен түнді ажырата алмастай қараңғылық түбіне әр күнін үрейлене қарсы алдырды. Талай елінің намысын қорғаған боздақтардың табанын жер бастыруға қимады. Бертін келе, алашордашылардың көрмеске айналған қазақтың көзін ашып, сауатты болуына жағдай жасағанына орыс үкіметі қарап қалсын ба? Қазақтың оянуына үндеген білімпаздардың да бірін қалдырмады. Осындай талай әрекет құрбанына айналған қазақ жастары ендігі «не көрсек те бірге!» деген мақсатпен соңғы бар күшін жинап, өліспей беріспеуге бет бұрды. Жастарымызды қырып салуға бекінген зұлмат боздақтарымыздың қанын судай ағызды, қыстың қақаған суығына үстіртті, қыздарымыздың шашынан арбаша сүйреді, ұлдарымызды түрмеге тоғытып, жынды жасады. Бірақ бұл әрекетінен дым өнген жоқ. Қазақ жұртының бұл жолы қарасы қалың болды, бұл жолы бәріне төтеп берді. Бұл 1986-шы ызғарлы жылдың келбеті еді… Амалы құрыған сұмдар ақыры қазақ тәуелсіздігін, басшылығын өз қолымызға берді. Осылайша, 1991 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Қазақтың күйреуге айналған, сөнген үміті қайта жанды.

        Қорытындылап айтар болсам, тәуелсіздік жолындағы қайғы-қасіретті біз көрмедік. Ондай ауыр қиыншылыққа төзбес пе едік бәлкім?! Алайда, ата-бабамыз сол қиыншылықты біз көрмес үшін күрескенін ұмытпайық. Мойнымыздағы аманат жүгі ауыр. Одан айырылсақ қазақ тағдырын отқа лақтырғанмен пара-пар боламыз. Сол себепті де өзімізден кейінгі ұрпаққа аманатқа қиянат жасамауды үйретіп, аманнаттағанымыз абзал.

Еңлік Жұмаш,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password