Тәуелсіздік – ең басты құндылық Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ аудан әкімі

      Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Ел еркіндігі.

       1991 жылы 16 желтоқсан әлем картасында жаңа жас Қазақстан Республикасы пайда болды. Бұл тәуелсіздік ғасырлар бойы армандап келе жатқан ата-бабаларымыздың аққанат арманы мен аналарымыздың көз жасы. Қазақстан тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына биыл 30 жыл болмақ. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Тарих қойнауына енген отыз жылдың ішінде ауыз толтырып айтар ауқымды істер де аз болмады. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Тәуелсіздігіміз тұғырына қонғалы қазақ мектептері мен балабақшалар саны көбейді. Білім мен денсаулық жағдайына мәртебелі мән берілді. Тұрақтылықтың арқасында өзге елдермен қарым-қатынасымыз нығайып, саяси, мәдени байланысымыз үдей түсті. Еліміздің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрін – тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз.

       Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер ретінде тарихта аты қалады. Жазық далаға ел жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласын тұрғызып, оны әлем жұртына жария таныта білді. Тәуелсіз еліміздің өркенді ісі мен өрелі бастамасын мұқым әлем мойындай білді. Еуразияның жүрегінде орналасқан Алаш елінің тереңнен тартқан тарихын, тағдырлы сүрлеуін құрмет тұтып, қызығатын елдер қаншама? Осыдан-ақ егемендік – қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы десек артық айтқандық емес.

       Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартты. Осылайша күні арайлы күллі жаһанға қазақтың қайраты мен айбатын танытты білдік. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сол ата-бабаларымыздың аңсаған арманы – тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп, еркін өмір сүріп жатқан біздер шынайы бақытты жандармыз. «Аман-саулық – адамның нағыз бақыты болса, тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты!» – деп Махатма Ганди бекерге айтпаса керек. Ендігі мақсат, осы еркіндікті баянды ету, көздің қарашығындай сақтау – біздің басты парызымыз саналмақ.

       «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» екенін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында анық аңғартты. «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет. Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.

       Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» – деген болатын. Мемлекет басшысы айтқандай Тәуелсіздігіміз барша мемлекет тұрғындары үшін ең басты құндылығы, баға жетпес байлығы, жалғыз қастерлер қасиеті десек жаңылмаймыз.

       Райымбек ауданы өз алдына жеке аудан болып қайта құрылғанда қуанбаған ел болмады. Ел жағдайын етек-жеңді жинаудан бастаған көптеген көңіл қуантар жұмыстар жүйелі жолын тапты. Аз ғана уақытта ауыз толтырып айтар жаңалықтар болды. Осыншама жұмыстардың басында облыс әкімі Амандық Баталовтың аты құрметпен аталады. Тәуелсіздіктің туын биікке көтерген облыс әкімі бастаған азаматтардың арқасында аудан тұрғындарының әл-ауқаты көтеріліп, тұрмыс-жағдайы жақсарды. Оның сыртында кезең-келбетімен кезегін күткен жоба жұмыстар қаншама.

     Әрине, осының бәріне – тыныштық, бейбітшілік, ауызбіршілік, татулық сияқты ұғымдарды бір арнаға тоғыстырған – Тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын. Тұғыры биіктеп, ірге тасы беки берсін. Басымызға бақ болып қонған бостандығымыз баянды болғай.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password