Тәуелсіздік – бабалар аманаты

        Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толмақ. Керегесі кең, өзге елдермен терезесі тең ел болдық. Ендігі озық 30 мемлекеттің қатарынан табылуға бет алдық. Ел президенті ҚасымЖомарт Тоқаев: «Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес» – деп, атап өтті «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Шынымен де, ел үшін азат болудан артық бақыт жоқ.

        Төл мәдениетіміз, тіліміз бен дініміз, экономика, спорт саласы, жалпы ел болудағы аталған алғышарттар 30 жылдың ішінде кемеліне келіп кеңінен дамыды. Бүгінде Қазақстанды әлемнің алпауыт мемлекеттері мойындап, шекарасы шегендеулі, етек-жеңін жиған ел ретінде таниды.

        Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында азаттықтың алғашқы жылдарынан-ақ, бейбіт те берік, сара да дана саясатты ұстанды. Атап айтсақ, Семей сынақ алаңының жабылып, ел іші ядролық қарудан арылды. Бұл қадамдар еліміздің алғашқы күннен бейбітсүйгіш екенімізді танытса, 120 ұлт пен ұлыс өкілдерін бір үйдің баласындай ұйыта білген қадамдар Ата заңымыздың алғашқы баптарында көрініс тапты. Онда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп жазылды.

       Сондай-ақ, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында атап көрсеткендей Есіл өзенінің жағасынан еңселі Елордамыз бой көтерді. Бүгінде Елбасының есімі берілген қала қазақтың дархан даласының төсінде көз қуанышымызға айналып отыр. Сәулет өнерінің сәуегейлері бас қосып, соңғы үлгідегі архитектура қолданылған нысандар еліміздің мақтанышы.

       «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік» – деді, Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында. Бұл шынымен де әркімге бұйыра бермейтін бақыт. Сол Тәуелсіздік үшін әлемде әлі күнге соғыстар мен алапат шайқастар орын алып отырғанын ескерсек, сансыз нәубеттер мен қиыншылықтарды өткерген халқымыздың азаттығы құны жоқ құндылық екеніне көз жеткізесің.

Меруерт СҮГІРБЕК.

аудандық Кірістер басқармасының

салықтық бақылау және өндіріп алу

бөлімінің бас маманы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password