ТҮСІМ  МОЛ, КӨҢІЛ ОРНЫНДА

     Хантәңірі шыңының баурайындағы таулы өлкеге алтын да жарқын қоңыр күз келді. Әсіресе, орман-тоғайлар түрлі-түске боялып, көзді тарта түседі. Сан бояққа малынған әсем өңірде картоп жинау науқаны шешуші кезеңіне аяқ басты. Аудан тұрғындарының ырыс-құт көзінің біріне айналған картоптың жайы жаман емес. Райымбек ауданында биыл 6050 гектар жерге таулы өңірдің дархан дақылы отырғызылған болатын. Соңғы апталарға дейін 5000 гектар жердің картобы қазылып алынды. Әр гектарға шаққанда 216 центнерден өнім жиналуда. Бұл жақсы көрсеткіш, елеулі нәтиже. Диқан еңбегі, маңдай терінің өтелгені десек, артық айтпаймыз. Жалпы, теңіз деңгейінен екі мың метрге дейінгі биік құнарлы жерде өсірілген, сапалы, дәмді картоп сұранысқа ие. Ауданда соңғы жылдары «Хантәңірі», «Үш Қақпақ» атты бірнеше картоп өсіру бағытындағы сервистік дайындау орталықтары құрылып, жұмыстарын жемісті жүргізіп келеді. Олар негізінен Голландиядан әкелінген картоптың супер-элиталық «Санта», «Агрия» атты тұқымдарын өсіріп, нәтижелі өнімге қол жеткізуде.

    Біз сындарлы шақта Текес ауылдық округіне қарасты Мұрат Малдыбаев басқаратын «Ерік» шаруа қожалығындағы картоп жинау науқанына куә болып қайттық. Мұраттай еңбекқор азамат басқаратын қожалық аудандағы ең алдыңғы қатарлы, уақыт көшіне ілескен, мақтаулы құрылым. Төрт түлік мал өсірумен де, егіншілікпен де айналысады. Ең бастысы, үлкен сұранысқа ие болып келе жатқан Нарынқол өңірінің сапалы картобын өсірумен шынайы айналысып келеді. Бір сөзбен айтқанда, Мұрат басқаратын «Ерік» шаруа қожалығы аудандағы берері көп берекелі картоп өсіру бағытындағы бірден-бір қожалық, тұқым шаруашылығы.  Қожалықтың «Өрнек» өңірінде 25 гектар картоп алқабы бар. Оған негізінен Голландиядан әкелінген «Санта» және «Агрия» атты супер-элиталық тұқым отырғызылған. Соңғы аптаға дейін 15 гектар жердің картобы қазылып алынды. Әр гектарға шаққанда 200 центнерден жоғары өнім алынуда. Ал, «Санта» мен «Агрия» атты берері көп тұқым отырғызылған алқаптардан әр гектарға шаққанда 300 центнерден сапалы картоп жиналуда. Күн көзіне шағылысып алтындай жарқырап жататын ақ сары түсті картоп – қожалықтың ырысы мен құты, берекесі әрі ұжым мүшелерінің жыл бойғы еткен еңбек, төккен терлерінің нәрлі нәтижесі. Дала төсінде картоп жинайтын бір комбайн, тасымалдайтын бірнеше жүк көлігі, одан бөлек картоп қазатын бірнеше агрегат жұмыс жасауда. Картоп жинауға атсалысып жатқан қарапайым көпшіліктің де жүздері жарқын, қимылдары ерек.

-Қаласы мен даласын бірдей асырап отырған ауылшаруашылығына деген мемлекетіміздің қамқорлығы мен қолдауы жақсара берсе, нұр үстіне нұр болмақ. Жаман індеттің ауылы алыс болсын, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!,-дейді «Ерік» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Малдыбаев.

                                                                                Қ. САТЫБАЛДЫ,

                                                                                    Текес ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password