ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

        Халқымыз бесікті киелі, қасиетті, құтты мүлік ретінде санаған. Төле би бабамыз «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» десе, дана халқымыз «туған жер – алтын бесік» деп о баста айтып кеткен. Туып өскен, кіндік қаның тамған жерді бесікке теңеуі тегін емес. Жаңа туған жас нәрестенің шыр етіп дүниеге келуі, тек оның ата-анасының ғана емес, ағайын-туыс пен ел-жұрттың да қуанышы екендігі белгілі.

        Жуырда аудандық Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен жас сәбиді бесікке салу рәсімі өткізілді. Қазақ халқы ықылым заманнан бері көшпелі өмір салтын кешіп, зұлмат жылдарды өткерсе де әрқашан өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпынан айныған емес. Осы мақсатта өткізілген шарада ауданның атынан құрылған «Алтын қазына» әжелер ансамблінің қатысуымен жас нәрестені бесікке салды.Ең бірінші бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон, жабу, жүген және қамшы сияқты бұйымдармен жабады. Тон, шапан жабу ержеткенде нәрестенің халықшыл болуына, жүген — баланың тез өсіп, ат үстіне ойнақ салсын дегені. Сондай-ақ, кебенек пен қамшы — ел қорғайтын ер болсын деген ақ тілегі. Баланы бесікке салудың алғашқы ережесі бойынша нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бесікке бөлеуден бұрын бесікті айналдыра ырымдайды. Кейде бесіктің бел ағашына қыздырылған темір тигізіп те ырымдайды.Әжелер ансамблінің құрамында Жұпархан Жылқыбаева, Аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова, Бисехан Намазбекова, Бақытгүл Байболова, Бақыт Қожабекова мен ұстаз, көпбалалы ана Әсем Қабылбекова сынды аналарымыз ұлтымыздың осы бір игі дәстүрін үлгісін көрсетті. Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеген асыл аналарымыз бен немересіне ертегі айтудан жалықпаған ақ жүзді әжелеріміздің дәстүрімізді дәріптеп, келешек ұрпаққа мол мұра қалдыратындығы анық.

       Қазақ халқының маңдайына біткен Төле, Қазыбек пен Әйтеке билер сынды ақылгөй даналар да, елді аузына қаратқан шешен, билер мен төрелер жатып өскен бесік еш уақытта ескірмек емес. Аналарымыздың бесік жыры үзілмесін, сәбилердің ұйқысы тыныш болсын. Бесігімізді аялайық, ағайын!

Е.СЕРІКҰЛЫ,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password