«ТӘҢІР ТАУЫНЫҢ ТАРЛАНДАРЫ»

       Жерлесіміз, қарымды қаламгер Беркін Әкебаевтың бұл тың тақырыпқа құрылған алғашқы кітабы. Кітапқа негізінен Аспантау аясындағы спорт өнерінің талайлы тағдыры, даму барысы мен жеткен жетістіктері арқау болған. Аты айтып тұрғандай ауданнан шыққан әлем чемпиондары, халықаралық жарыстарда оза шауып, бәйге төрінен көрінген тарлан спортшылар жайлы мағлұматтар молынан қамтылған. Сол сияқты әрбір спорт ойындарының шығу тарихы, әлемдік спорт ұйымдарына біздің еліміз қай жылы мүше болып қабылданғаны туралы тарихи мәліметке де кеңінен орын берілген. Дене тәрбиесінің ұстаздары мен аудан спортшыларына демеуші болған кәсіпкерлер және спортқа арналған құрылыс орындары мен алаңдарын жасауға атсалысқан ауыл басшылары, бірегей азаматтар енгізілген. Сондай-ақ, аудан спортшылары Бозбашаев Дүйсенбек, Әшимов Қазбек, Ұзақов Бағжан, Құныпияев Жанболат, Алтай Асқарбаев, Қайрат Солтанқұлов сынды т.б көптеген спортшылар қамтылған.

              Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Рәсімге ауданның есімдері аудан, облыс, республикаға кеңінен танымал саңлақ спортшылар, спорт ардагерлері, өнерін өрге жүздіріп, ел намысын қорғап жүрген жас спортшылар, аудан, ауыл әкімдері, мекеме, ұйым өкілдері қатысып, «Тәңір тауының тарландары» атты кітаптың тұсау кесер қуанышына ортақтасты.

              Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов аудан спортшылары жайлы тұңғыш кітаптың қадамына сәттілік, кітап авторына алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тіледі. Кітап авторы Беркін Әкебаевтың арқасына аудан халқы атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Беркін ағамыз кітапты жазудағы мақсатын, ізгі мұрат жолындағы ізденістерін баяндады. Кітаптың жазылуына қолдау білдіріп, көмек көрсеткен азаматтарға ыстық ықыласқа толы алғысын жеткізді. Бекболат Бірбаев, Жанболат Құныпияев, Жантелі Мұқи, Нұрлан Әкімбаев, Болат Әкімханов сияқты спорт ардагерлері, «Хантәңірі қырандары» спорттық қордың атынан Берік Сәрсенбаев, ауыл әкімдері атынан Текес ауылдық округінің әкімі Нұрболат Таубалдиев сөйлеп, жаңа кітап жайлы өздерінің ой, пікірлерін білдірді. Ұсыныстарын айтты.

               Алматы қаласындағы «Курсив» баспасынан жарық көрген «Тәңір тауының тарландары» атты жаңа кітаптың мазмұны терең, тілі шұрайлы. Тарихи оқиғаларға бай, бұрын құлақтанбаған тың жаңалықтарға толы. Спортшылар мен спорт жанкүйерлерін ғана емес, былайғы оқырмандарды да жалықтырмайды деген ойдамыз. Сондай-ақ, дене тәрбиесінің мұғалімдеріне көмекші құрал, спортты кәсіп етуге жаңа бет бұрып жүрген жастар мен жасөспірімдерге бағытбағдар беріп, жолбасшы болатын құнды дүниеге айналатыны анық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password