СУ ЕМЕС СУАТЫНАН ҚЫМЫЗ АҚҚАН

     

       Жайлау деп жайлауын айт, Шәлкөлденің,

       Еңсесі мыңғырған мал әр төбенің.

       Су емес, суатынан қымыз аққан,

    Пау, шіркін! Қандай ғажап өлкем едің!, — деп ұлы ақын Мұқағали жырына қосқан әйгілі Шәлкөде жайлауына бет алып келеміз. Жанымызды өзгеше күй тербейді. Ұлылардың аяғы тиген өлке ғой, бұған қалайша тебіренбессің?! Көдек пен Шарғын, Бердібек пен Баққожа, Мұқағали мен Еркін жүрген қастерлі топырақ. Райымбектей батыр бабаларымыз дүбірлетіп өткен жер. Шоқан асқан деп аталған жер бекер аталмаған. Айғайтас, Түзу, Қисық, Шәкірамбал, Есекартқан секілді атаулардың бәрінің өзіндік сыры бар. Тарихи атаулар шертер әңгіме жетерлік. Шәлкөде жайлауы – ежелден құтты қоныс. Шұрайлы өрісін Райымбек ауданындағы Шәлкөде, Қарасаз, Сарыбастау ауылдық округінің малшылары, көршілес Ұйғыр ауданының малшылары төрт түлік малын жайып, өсіріп-өндіріп, берекесін кіргізді, мерекесін жарастырды. Қастерлі өлкеде толқын-толқын ұрпақтың балалық, жастық шағы өрілді. Ата – бабаларымыздың ақ таяғы атадан балаға, әкеден балаға дарыды. Немере-шөбереге ұласты. Мұнда талай-талай іргелі тойлардың, тұяқтары қара жердің төсін дүбірлеткен аламан бәйгелердің ізі қалды.

      Күзге салым уақыт-қой. Жайлау төрі сарғыш тарта бастапты. Тамыз айының бас кезіндегі аптапты ыстықтың да әсері жоқ емес. Дегенмен, тобықтан келер шөбі шүйгін. Құты қашпаған. Дәмі бөлек. Таң атпай өріп кететін аяқты мал түске қарай тойынып алып, өзеннің жағасында демалып жатыр. Бір жағына үйірлі жылқылар, бір жағына бұзау-танасы аралас іріқаралар, үйездеп жатқан қой-ешкілер көрік береді. Малдың бәрі семіріп кеткен. Жайлаудың шапағаты. Қалайша ойымыздан шығады. 2018 жылы сәуір айында Орталығы Нарынқол ауылы болып Райымбек ауданы қайта құрылған кезде аудан әкімі марқұм Жолан Омаров Шәлкөде жайлауында екі жыл қатарынан қымызмұрындық, малшылардың тойын ұйымдастырып еді, «Жетісу жүйрігі» деп аталатын әйгілі республикалық ат жарысы сол кезден бастау алды. Жоландай азамат озат малшыларға бір жапырақ қағаз бен қарапайым сыйлық емес, әрқайсысына тамаша ертоқым сыйлап еді. Солар «мынау ертоқымды Жолан марқұмның қолынан алып едік. Көзіндей көріп сақтап жүрміз»,-деп аттарына ертеп, мініп жүрген шығар.

       «Жетісу жүйрігі» атты ат бәйгесі биыл да жайлау төсін дүбірлетіп өтті. Жай жарыс болған жоқ. Жолан Омаровты еске алуға арналған республикалық ат бәйгесі болды. Аламан бәйгенің алдына Жоланның Ұландай бауырлары жеңіл көлік тарту етті. Бұл жылда жалғасын тапса деген тілек пен ниет бар. Ел көшін бастаған азаматтар аман болса, бұл үрдіс жылда жалғасатыны анық.

       Іргелі той өтіп жүрген, ат бәйгесі өрнек тауып жүрген өңірде биыл да жағалай малшылар отыр. Алғашқы кезіктіргеніміз Қарасаз, Шәлкөде ауылдарының малшылары болса, түкпірлей қоныстанған Сарыбастаудың азаматтары екен. Одан әрі Ұйғыр ауданынан келген ағайындар да бар. Биылғы жақсы жаңалық — мұнда көшпелі монша әкелініп қойылып, жаздай малшыларға қызмет көрсетіпті. Медициналық пункт, қымызхана, қонақ үй деп жазылған арнайы киіз үйлер де ұйымдастырылыпты. Рас, хан жайлау, бал жайлаудың төріне неше түрлі қонақтардың, туристердің келетіні шындық қой, мұның бәрі керек. Әрине, ұйымдастырғандар ақылы түрде жүзеге асырған. Бұл да жаз жайлаудағы маусымдық жаңа жұмыс орын іспетті.

        Біз Шәлкөде өзенінің жағасына қатар қоныс тепкен Ғанибай Мұсаев пен Әбдіғали Біләловтың құтты қонысында болдық . Екеуінің қыстауы да іргелес екен. Бұл жақсы дүние. Ғанибайдың қаны қырғыз болғанымен жаны қазақ. Сарыбастау ауылының аптал азаматы. Бір шаруа қожалығының тасын өрге домалатып келе жатқан еңбекқор жан. Биыл шілде айының 7-жұлдызында 63 жасқа толып, зейнеткер атаныпты. Жүзіне қарасаң қырықтың қырқасын бересің. Ширақ, қажырлы, қайратты. Жүзден аса жылқысы, елуге тарта іріқарасы, бір отар қойы өрісіне сән беріп тұр. Ескірек «УАЗ» автокөліктері бар көрінеді. Биыл көктемде тауға қолайлы «НИВА» көлігін сатып алыпты. Бір емес бірнеше жараулы аттары тұр. Төрт түлік мал дегенің алыс ұзамай үйдің, өзеннің маңында жүр. Жанның рахаты деген осы. Мал қайырып, жоқ іздеп жандарын ауыртып жүрген жоқ. Ғанибай Рысжандай жары екеуі қыз ұзатқан. Келін түсірсек деген жақсы ниеттері бар. Бір Алла ол жақсылыққа да қолдарын жеткізсін!

        Бүгінде алпыстың бесеуіне келген Әбдіғали ағамыз да қартайып тұрған жоқ. Жан жары Айгүл Нұрбатырова екеуі Шәлкөде жайлауын киелі қоныс етіп келе жатқандарына көп жыл болыпты. «Саурық» атты шаруа қожалықтарын құрғалы 22 жыл болса, хан жайлауды мекендегелі де осынша уақыт.

        — Маусым айының орта шенінде келгенбіз. Бір айдан соң қыстауға көшеміз. Жайлаудың жайы жаман болған жоқ.Шүкір, малымыздың бәрі қоңды. Қоңды малдың — төлді болатыны да шындық. Біздің өмірлік несібеміз – төрт түлік мал болған соң жайлау төрін тиімді пайдаланғанға не жетсін?!,-дейді Әбдіғали ағамыз күлімдей тіл қатып.

        — Жайлау да бір жатқан тамаша өмір. Ғажайып шақ. Есімізде қаларлықтай етіп өткіземіз. Апта сайын моншамызға түсіп тұрдық. Ерулік тойымыздың алтын арқау, жібек жолын биыл да үзбедік. Тұсау кесер, сүндет той қуаныштарында көкпар ұйымдастырдық. Теңге ілу, қыз қуудың да қызығы аз болған жоқ,-дейді Ғанибайдай алтын бауырымыз ортақ әңгімені жалғап.

        Әбдіғали басқаратын «Саурық» шаруа қожалығында екі жүз жылқы, екі жүз іріқара, екі жүз қой өсірілуде. Жағдайлары жақсы. Арадағы сәл ғана тыныштықты Ғанибайдың жұбайы Рысжанның сыңғырлаған үні бөлді.

       — Тамаққа келіңіздер, қозының етінен жасалған сірне дайын десем де болады. Алыстан ат арылтып келіп қалған қадірменді қонақтарымыздың қадамдары құтты болсын!,-деді қолын бұлғап.

       — Біздің жан жардың да тамағы дайын болып қалған екен. Үйга қарай беттейік!,-деді Ғанибай жол бастап.

       — Рысжан, мен күбідегі қымыздан ала барайын. Тамақтан кейін жақсы болады ғой,-деп Айгүл ырғала басып киіз үйлеріне қарай бет алды. Хан жайлаудың әсері ғой, Рысжан мен Айгүлдің өңдері қырмызы гүлдей құлпыра, жайнай түседі. Ғанибай мен Әбдіғалидың жүзі бұрыннан шырайлы. Қатал қыс қатайтып, көгілдір көктем жайнатып, жарқын жаз жайната түскен жүз.

      Үлкен астан, жайлаудың дәмінен сырт қалғанымыз жараспас деп Ғанибайдың соңынан ілестік. Әбдіғали мен Ғанибайдың әңгімесі малды ауылдың тірлігі.

        — Биыл көктемгі төл қалай болды?,-деп әңгімеге тарттық.

     — Жаман болған жоқ. Қыс маусымы да, көктемгі төл уақыты да қолайлы мінезін танытты. Адал еңбектенсең, шын ниетіңмен теріңді шығарсаң, жақсы тілектің құшағында жүрсең, бір Алла да пейіліңе жеткізеді. Әр жүз саулықтың соңынан жүзден қозы ілесті. Жетпістен бұзау, осы шамада құлын алдық,-деді Әбдіғали.

        — Менің де төрт түлік малым ренжіткен жоқ. Көңіліміз орнында. Жақсы көңіл күй ауанымен жайлауға шығып кеткен жайымыз бар. Бір Алламыз лайым жақсылығынан айырмасын!,-деді Ғанибай бүгінгі әңгіменің түйінін қойғандай.

        Биылғы жайлаудың, малды ауылдың жайы осындай. Ғанибайдай аптал азаматтың қонақжай шаңырағындағы ақ дастархандағы үлкен астан, бал қымыздан дәм татып, жолға шықтық. Дастархандағы май мен маңыздың, ірімшіктің дәмін айтсаңызшы?! Осы күні ақ дастарханның басында зейнеткер атанған Ғанибайды, әр күнгі сыралғы серігі Рысжанды достары лайықты марапаттап жатты. Бәрекелді! Жақсылық деген осы. Арнасында ақ балығы тулаған Шәлкөде өзенінің мөп-мөлдір, суық суының, сары қымыздың дәмі таңдайымызда қалғандай. Жан сарайымызды аша түскен жусан мен жуаның, көкемаралдың бұрқыраған иісі мұрнымыздан кетер емес. Тынысымызды кеңіткен салқын саумал самалын айтсаңызшы?! Келесі жылы аман-есен құшағыңа оралғанша,- дедік іштей.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Шәлкөде жайлауы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password