ҮСТЕМ БОЛСЫН МЕРЕЙІҢ!

       Қанат Біржансал қаламы қарымды журналист ретінде аудан ғана емес, облыс, республика көлеміндегі қалың оқырманға кеңінен танымал. Оның қаламынан туған ел мен жер, мәдениет, тәлім-тәрбие, салтдәстүр тақырыбын қамтитын материалдар қалың қауымның жүрегіне жол тауып, көңілінен шығып келе жатқаны анық. Сондай-ақ, ауданымыздағы еңбек майталмандары мен кәсібін жұртшылықтың нәсібіне айналдырып жүрген бірегей азаматтарды бейнелі сөзбен сомдап, көпшілікке үлгі ретінде насихаттауы да ризашылықтың жарқын көрінісін айқындайды.

        Қаламы қарымды әріптесіміз бұл күндері облыстық «Жетісу» газетінің ауданымыздағы меншікті тілшісі болып жемісті қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар, талабын тағалап, қаламын ұштаған «Хантәңірі» газетімен де тығыз байланыста. Таулы өңірдегі жайдарман жаңалықтары, ауданның экономикалық тұрғыда дамуына, түлеп-түрленуіне, мәдениетінің көтерілуіне сүбелі үлес қосып жүрген жайсаң жандар туралы жазған дүниелері аудандық газет бетінде ұдайы жарық көріп, оқырманға жол тартудан жаңылған емес.

       Биыл Қанат үшін айрықша жыл болғаны анық. Олай дейтін себебіміз, ағымдағы жылғы «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні» мерекесінде әріптесіміздің ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Айта кетерлігі, журналистерге арналған бұл медаль биыл тұңғыш рет жарыққа шығып отырғандығы. Және Қанат соның алғашқы иегері. «Еңбек ардагері» медалін 28 маусымда Талдықорғанда өткен журналистердің төл мерекесіне арнайы ортақтасқан облыс әкімі Амандық Баталов Қанаттың өңіріне өз қолымен тағып, еңбегіне сәттілік тіледі.

       Реті келгенде, біз де қаламы қарымды әріптесімізді осынау абыройлы атағымен құттықтап, деніне саулық, отбасына жақсылық, еңбегіне табыс тілейміз. Мерейің үстем болсын, ардақты әріптес Қанат Біржансал!

Зор құрметпен: «Хантәңірі» газеті ұжымының атынан

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password