ҰСТАЗЫМА ТАҒЗЫМ (Телғожа Жанұзақовтың туғанына 95 жыл толуына орай)

      «Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деген ән жолдары сырттай қарағанда, «шәкірт, ұстаз алдында қашан да шәкірт» деген жолдарымен үндесіп жатқандай. Соның бірегейі, менің ғылым жолыма бағыт-бағдар берген ұстазым – Телқожа (Телағаң) Жанұзақов.

       1978 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) ҚазМУ-ді бітіріп, елге қайту болатын. Бір күні Мархабат Томанов ағаймен Университет алдында кездесіп қалдым. Ол менен алдағы жоспарымды сұрады да, сен елге қайтпа. Ауыл ешқайда қашпайды. Сен Тіл білімі институтына (қазіргі А. Байтұрсынов атындағы) барып көрші, мүмкін, жұмысқа алар, алмаса бәрібір ауылыңа қайтасың ғой,- деді, екі ойлы пікірмен. Сөйтіп, бір күнде Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері болып шыға келдім. Ағайдың жұмыс орнына барып, жұмысқа орналасқанымды айтсам, ағай миығынан күліп, анау жақсы, мынау жақсы демей, қазақ ономастикасына хал қадірінше үлес қос,-деді де, қазақ тіл білімінің қара шаңырағындағы жұмысыңа сәттілік,-деп, ұстаз бен шәкірт арасындағы кездесу әлі есімде. Сөйтіп, мен Телағамен осылай таныстым. Сондықтан биыл 95 жасқа келген аса қадірлі ұстазым Телағаға деген құрметім барысында Мархабат ағайды еске алуым заңдылық деп білемін. Мен үшін қос ұстазым бірін-бірі толықтырып тұрғандай, себебі, Мархабат ағайда биыл 90-жасқа толды…

       Ұстаз үшін әрбір шәкірт өз орнымен дараланады. Ал шәкірт ұстазының ақыл-кеңесінен ғылыми бағыттағы бағдаршамын көреді, оның ғылымдағы қолтаңбасын танып-біледі, үйренеді, сол арқылы шәкірт ұстазымен мақтанады…

         Осы орайда, Телағаңның шапағатына бөленген бір кездегі ондаған шәкірттерінің бірі ретінде ағаның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында ұстазыма құрметпен тағзым етіп, оның алдында шәкірттік парызымды өтеу адамшылық ісім деп, соның бір-екеуіне тоқталуды жөн көрдім.

   Ұмытпасам,В.И.Лениннің туғанына 100-жыл толуына орай, ҚазССР ҒА (қазіргі Ұлттық ҒА) ұйымдастыруымен Жас ғалымдарға арналған ғылыми-теориялық конференция өтетін болды. Конференция жұмысына қатысу үшін ҚазССР ҒА кітапханасында материалдар қарап отырсам, қайдан келгенін білмеймін, жаныма Мархабат ағай келіп, хал-жағдайымды, не істеп жүргенімді сұрап білген соң, ұмытпасам, сен осы 3-курста менің басшылығыммен «Халық ауыз әдебиеті шығармаларындағы топонимдер мен гидронимдер» деген тақырыпта курстық жұмыс жазған болатынсың ғой. Соны осы конференцияда неге қозғамасқа демесі бар ма? Бір жағынан қуандым, екінші жағынан қорықтым. Себебі, ол кезде ғылыми жетекшім Телағаң болатын. Сөйтіп, Телағаң Мархабат ағайды қолдап, жоғарыда аталған тақырыпта конференцияда шығып сөйледім. Конференция жұмысына кейін Телағаң біресе Мархабат ағайдың өткенді ұмытпайтын қасиетін мақтаса, біресе мені мақтай жөнелді. Сол сәтте, менің алғаш рет ғылымдағы ұстазымнан мақтау сөз есіткен күйдегі сезімімді жеткізе алмаймын, тек Телағаңнан жаңалыққа жаны құмар, ақылшы ұстаз бейнесін танып, Мархабат ағайға іштей алғысымды айта бердім.

        Уақыт шіркін, зымырап өте шықты. Кандидаттық ғылыми жұмысымның қорғау күні белгіленіп, Мархабат ағай жұмысыма 1-ші оппонент болған кезде қуандым және қатты таңқалғанымды көріп, жетекшім Телағаң маған Махаң (Мархабат ағайды әріптестері мен замандастары осылай айтатын) сенен үміт күтіп еді, үмітін ақтадың. Махаң уәдесінде тұрып, саған 1-ші оппонент болды,- деді.

        Ұстаздарым алдында сасқанымнан, Мархабат ағай, бұл қалай, Сіздің үмітіңізді ақтай алмасам, Телағаңның алдында ұятқа қалатын едіңіз ғой дегенімде, ағайдың «ұстаз жүрегі, сенімі алдамайды»,- деген сөзі қос ғалым-ұстазымның алдында, сол сәтте, «рахмет» деген сөзден әрі аспадым.

        Қазақта «бұлақ көрсең-көзін аш» дегендей, Телағаң шәкірт бойындағы қандай да бір жақсы қасиетін байқаса, соны ашуға тырысатынын, оны бізден кейін де ағайдан тәлім-тәрбие алған ондаған шәкірттерінен және көз көрген замандастарынан талай рет есіттім және ағаймен кездесіп жүргенімде де көрдім.

        Телағаңмен кездескен сайын, маған жазылған жұмыстарыңды жариялауды естен шығарма, оқырман өзіне қажеттісін алады,- деп, ғылыми бағыт-бағдар беруімен бірге, ұстаздық, ағалық ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес…

         Кейде Телағаң маған көңілі толмай қалған кезде Мархабат ағайдың «Телағаңның айтқанын бұлжытпай орында (күліп, оған мән берме)»,- деген сөзі ойыма жиі оралады. Ағайдың осы сөзінен әріптес, әрі үзеңгілес Телағаңа деген риясыз пейілін, шексіз құрметін сезінетінмін.

         Ағай бойындағы ерекше бір қасиеті қандай да бір іске көңілі толғанда, осы бағытың дұрыс деп, қолдау көрсетіп, қанаттандырып отыратын… Адамдармен қарым-қатынас үнемі бірдей бола бермейді ғой, бірақ та шәкірттеріңнің, тіпті, әріптестеріңнің әрбір ісіне қуана біл, сонда ғана жақсы ұстаз, жақсы әріптес бола аласың,- деген ақыл-кеңесі әлі күнге дейін есімде. Ағайдың осы сөзі жоғары оқу орындарында ұстаздық еткен, кейін мемлекеттік органдарда атқарған жылдарымда да менің өмірлік ұстанымыма айналды.

     Қазақ ономастикасының негізін қалаушылардың бірі, еліміздегі ономастикалық мектепті қалыптастырушы ұстаз-ғалым Телағаң: «… осынау қасиетті де құдіретті жеріміз тұтас шежіре – оның беті құпиясы ашылмаған кітап, ғаламат сырлы сөз. Бұл сөздердің бәрі де халықтың өзі таққан, аялап қойған атаулар. Бұл қат-қабат атаулардың баршасы тарихи ескерткіш – ғасырлық мұрамыз»,- деп айтқандай, оның қаламынан шыққан әрбір ғылыми туындылары келер ұрпақ үшін халқымыздың өткен дәуіріндегі тарихын, әдет-ғұрпын және көрші елдермен жасалған мәдени қарым-қатынасын танып білуде атқарар рөлі зор.

         Осы орайда, ғалым-ұстазым Телағаның ғылыми еңбектерінен мына екі нәрсені атап өткім келеді: бірі — отандық білім-ғылым саласындағы қазақ ономастикасының дамуы мен орнын айқындауда, қазақтың әрі-бері тарихы, ру аттары туралы айтылған санқырлы еңбектерін саралап, зерделеуді; екіншісі — қазақ тілі сөздігін құрастырудағы өлшеусіз еңбегі өз алдына жеке зерттеуді қажет ететін проблема.

         Сөз соңында, қазақ ономастика тарихында Телағаның сөз әлемі шексіз,- деп, туған жерден нәр алып, Хантәңірінен қуат алып, бүгінде 95 жасқа келген ұстазымды шын жүректен құттықтай отырып, ғылым жолындағы ондаған шәкірттерінің бірі ретінде мерейтойыңыз қарсаңында, Сіздің «Құны атан түйеге бергісіз» сүбелі ғылыми еңбектеріңіз болашақта қазақ ономастикасының ғылыми-теориялық тұрғыдан дамуына да талай уақыт қызмет ететіні сөзсіз және ғылыми әлеміңіз биіктей береді,- демекпін.

Ізгі тілекпен, шәкірті Манасбай ҚОЖАНҰЛЫ,

«ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі иегері,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password