Ұстаздықпен өрнектелген өмір

           (зейнеткер ұстаз сыр шертеді)

       Жыл сайын қоңыр күзде ұстаздар қауымы өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Қиындығы мен қызығы мол,таңның атысы мен  кештің батысы аралығында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге бүкіл ғұмырын арнаған осы бір аяулы мамандық иелерін келе жатқан төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне шығармашылық табыс тілеймін!

       Ұзақ жылдар жас ұрпаққа білім беріп, бағбанша олардың бойында адамгершіліктің асыл қасиеттерін қалыптастыруға тәрбиеледім. Менің бұл еңбегім ақталып, өз жемісін беруде. Қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын еңбек етіп жүрген кешегі шәкірттерім бүгінгі мамандық иелері жолыққан кезде жылы амандасып, өздерінің жүрек жарды ыстық лебіздерін білдіріп  жатады. Мен үшін, бұдан асқан мәртебе, бұдан асқан қуаныш жоқ.

       Уақыты жетіп, зейнеткерлікке де шықтым. Кешегі күні үйдегі отбасылық тіршілік пен  мектептегі  жұмысыңа уақыт жетпей күн кешкен ол заманда артта қалып, қоңыржай күйбең тіршілікке негізделген өмір белесі қалыптасты. Бір уақыт өткен өміріңе көз салып, талдау жасайсың, сол бір күндерді сағына еске аласың, кейбір жайттар еске  түскенде еріксіз езу тартсаң, сол уақытта жаныңда болған адамдардың қазіргі  уақытта бақилық болғаны жаныңа батып, еріксіз күрсінесің. Тіпті, кейде олардың рухтарымен үнсіз тілдесіп, қиялға да шомасың.

       Менің ұстаздық жолды қалауыма тағдырыма жазылған мына бір оқиға әсер еткен болуы керек. Алғашқы  мүшел жасқа толған кезде әкемнің орнын жоқтатпай, бар мейірім шуағын төккен аяулы анамның мезгілсіз қазасы мені  қатты есеңгіретіп кетті. Аялап, арқамнан қағып, мейірлене маңдайымнан иіскейтін анамның шуақты құшағы мен алақанының жылылығын іздеп, томаға тұйықтыққа бет бұрдым. Мен үшін мәні де, сәні де кеткен осы уақытта жылы сөздерімен жабырқаулы жанымды жұбатып, ертеңгі өмірге деген, сенімді қалыптастырған ұстаздарым еді. Олар  қолдарынан келген бар  жақсылықтарын жасады. Қателігім болса кешіріп, түзетіп, түсіндіріп, жақсылығым болса қуанып, бірге бөлісті. Осы бір оқиғадан кейін болашақта мен мұғалім боламын деп алдыма мақсат қойдым, әрі мақсатыма жеттім.

       1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының тарих факультетін бітіріп, туған жерге оралдым. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әбіжан Құтпанбаев жылы қабылдап, Сүмбе ауылындағы Абай орта мектебіне жолдама берді. Мектеп директоры Таубалды Шәңгереев оқу ісінің меңгерушілерімен ақылдаса отырып, 12 сағаттың апталық жүктемені беріп, мұғалімдік қызметіме ақжол тіледі. Осылай бейтаныс ортаға тап болдым. Ол кездері 3-4 курста оқып жүргенде еңбек тәжірибесінен қала мектептерінде өтіп, іс-тәжірибе жинақтайтынбыз. Мен сияқты теориялық білімі болғанмен, методикалық шеберлігі қалыптаспаған жас маманның болашақта нағыз ұстазға айналуы үшін көрігі мықты, шебер ұстаның жанында болу өмір қажеттілігі еді. Ол кездері Абай орта  мектебі аудандағы іргелі мектептердің бірі еді. Аға буын өкілдері – Үсейінов Тәкен,  Ыдырысов Оразалы, Әбішов Асқар, Дөненбаев Телібай тағы да басқа ұстаздардан оқушыларға білім берудің әдіс-тәсілдерін үйренсем, Тұраров Ұзақбай, Сағындықов Қанатбек, Мұсабаев Сабырбек секілді мектеп басшыларынан мектеп құжаттары мен  басшылық жөнінде мол тәжірибе жинақтадым.

        1982 жылы тамызда республикалық телеарнадан «Біз мектепке барамыз» телебағдарламасына қатынасып, іс-тәжірибемнің таратылуы бірінші Алланың рақымы болса, екінші өзім еңбек еткен Абай орта мектебінің педагогикалық ұжымының арқасы еді. Мұғалім болып қалыптасуымда ірге тасымды қалаған, киелі  Сүмбе топырағындағы сол аға буын ұстаздарға қашан да қарыздар екенімді ұмытпаймын.

       КСРО – білім беру ісінің үздігі, 30-жылға таяу  мектеп директоры болған Мұсаев Шоғанбай ағадан үйренгенім көп болды. Шежіреші туған өлке  тарихына  сұңғыла  Шоғанбай ата  мұғалімнің  беделі мен мәртебесін әмәнда қызғыштай  қорып, жоғары қоятын. «Жаман, нашар оқушы болмайды. Оны тәрбиелей алмаған , білім бере алмаған  нашар мұғалім  болады», — деген  қанатты сөз  ол кісінің  өмірлік ұстанымы болып өтті. Жас ұстаздардың  сабағына  жиі-жиі  қатынасып, үнемі  ізденісте болуды  талап ететін. Нәтижесінде, аудандық  білім бөлімінде  жұмыс жасайтын  Сақалов Тілеужан  ағамен байланыс  орнаттым.  Көненің көзіндей  болған, әдебиеттің  жілігін шағып, майын ішкен Таңжарық  Жолдыұлының  шығармашылығына  терең  бойлаған Тілеужан аға  мені аудан  мектептерін  тексеріп,  методикалық  көмек көрсететін  комиссияның  құрамына қосып, аудан мектептерінде  жұмыс жасайтын  тәжірибелі  мұғалімдердің  іс-тәжірибесін  үйренуіме  жағдай  жасады. Ол кезде   педагогика  саласында  жаңашылдық  көбейіп, ұстаздарға қойылатын  талаптарда  қатаңдаған еді.

       Осы тұста аудандық  білім бөлімінің басшылығына  Орынбаев Нұрбатыр  келген еді.  Жаңашылдыққа  жаны құмар,  талапшыл  басшы  алғашқы күннен  бастап-ақ, аудан  мектептерін  аралап, мұғалімдер  қауымымен  танысып,  мектептің  оқу процестері мен  техникалық  базасын  саралап, жеткен  жетістіктері мен  кеткен кемшіліктерін  бағамдап, болашақ өз жұмысының  бағдарын түзген-ді. Менен 3-4 жас үлкендігі бар Нұрбатыр  мектеп директорының  кабинетіне шақырып танысып, 5-10 минут әңгімелескен болатын. Осы таныстық басшы мен мұғалімнің арасында ұзақ жылдарға созылған қызметтік байланысқа негіз болды.

       Басшылық қызметке келгеннен кейін Нұрбатырдың  ең алғаш қолға алған  жұмысы – білім бөлімі  жанындағы  әдістемелік кабинеттің  құрамын жаңалауы еді. Методкабинетте  отырған  зейнетке  шыққанына  бірнеше жыл  болған, шау тартқан ағаларды құрметпен шығарып салып, орындарына  «сен тұр, мен атайын» деген, аудан мұғалімдерінің  алдыңғы  легінен  көрінген  Тұманбек Ібітанов  бастаған  қыз-жігіттерді  алды, олардың жағдайын жасап, жұмысқа  жекті. Нұрбатырдың  үміті  ақталды.  Аудандық  білім бөлімінің  жұмысы  жақсарып,  облыста  ғана емес  республикада  да алдыңғы  орындардан  көрінді. Тіпті, сабақ процесін  оптималдандыру  жөнінде  үлкен  кеңесте өтті.

       Нұрбатырдың  екінші қолға алғаны – мектеп басшыларын  жаңалауы еді.  Жаңашылдыққа  ілесе алмай , ескі сарында «топайкөкпен» жүрген  мектеп  директорларының  орнына  іскер де  жас басшылар  келді. Олар өздерімен  бірге мектеп  өміріне  жаңа леп,  жаңа  қарқын  ала келді.  Өз кезегінде  мектептер  жаңа белестерге аяқ басып, томаға  тұйықтықтан  арылды. Осы жылдар  ширек  ғасырдан  астам  ауданның  білім саласын  басқарған Нұрбатырдың «жұлдызды шағы» немесе жемісті  жылдары болды.

      Бұл өмірде бітім  болмысы кіршіксіз таза, төрт қыбыласы  сай адам бола ма, жоқ па  білмеймін, әй бірақ болмайды  деп  ойлаймын.  Өйткені, мені  басшылық  қызметке  шақырса  немесе  ұсынса  әйтеуір,  бір сылтау  тауып бас тарту  міндет. Әрине,  сол қызметті  атқара  алмағандықтан  немесе  жауапкершіліктен  бас тарту емес,  қызметке  қызықпаудан  туған  әрекет еді. Бойымдағы  бар  білімімді  оқушыға беріп, дұрыс тәрбиеге  бағыттау мен үшін шын бақыт, дұрыс шешім болатын. Нұрбатырдың  мені білім бөліміне жұмысқа  шақырғанда  және мектеп  директорының  қызметіне  ұсынғанда  бас тартуымның  себебі осы еді.

       1988-2007 жылдар аралығында  облыстық  эксперттік  комиссиясының  құрамында  жұмыс жасадым.  Облыстық  білім басқармасының  бас маманы  Л.Н. Королеваның  басшылығымен  бұрынғы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Шелек, Кеген аудандарын, кейін Алакөл аудандарын  аралап, мұғалімдердің  жұмысына  баға беріп қайттым.  Республикаға  әйгілі небір тамаша  ұстаздармен  бірге жүру  бақытына ие болдым. Аралап, серуендеу емес, Нұрбатырдың  тапсырмасы бойынша барған, тексерген мектептердегі  үздік  педагогикалық  жаңалықтарды ауданға жеткізу басты парызымыз болды.

       Осындай эксперттік комиссия ауданға келерден 2-3 ай бұрын 5-6 ұстаздан  мобильдік топтар құрып, мектептерді аралататын. Топтың  негізгі  міндеті, сабақтарға қатысу емес, мектеп құжаттарының толтырылуы, баға нормативтерінің  орындалуы, күнтізбе-сабақ жоспары-журналдың сәйкестігі т.б. жұмыстарды тексеріп, қорытынды  жазып, мектеп директоры немесе оқу ісінің меңгерушісіне  таныстырып, Нұрбатырға  өткізетінбіз. Мобильдік топтың жұмысына  білім  бөлімінің қызметкерлері ешқашан  араласпайтын. Облыстық  тексерудің қорытындысы мен  мобильдік топтың анықтамасын  салыстырып  Нұрбатыр өзі  шешім қабылдайтын. Бұл да болса  іскер басшының өзіндік  методы еді.

       Менің пешенеме Тұманбек Ібітанов секілді жаны жайсаң, арамдықтан ада, адалдықты ту етіп көтерген  арда азаматпен  қызметтес болуды жазған екен.  Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасына таман Б. Соқпақбаев атындағы  мектепке директор қызметіне келген Тұманбек бар жан тәнімен мектеп жұмысына құлшына кірісті. Мектепті гимназия дәрежесіне көтеруге белсене араласты және де мақсатына жетті. М.Мақатаев поэзиясын  терең зерттеуге  ден қойды, әрі аудан оқушылары арасында Мұқағали  онкүндігін алғашқылардың бірі болып ұйымдастырған еді. Сабақтарға қатынасып, оны талқылау Тұманның басқалардан ерекшелігін көрсететін. Сабақ этаптарының сақталуы, мақсат қою, оған жету, оқушы білімін бағалау, үйге тапсырма беру, тіпті уақыттың жету-жетпеуіне дейін дәлелді деректермен түйіндейтін. Өзі үйреніп қана  қоймай, үйретері де көп Тұманбектің орны қазір ойсырап тұрғаны анық.

       Абай орта  мектебінде қызмет істеп жүріп Марат және Бердібек есімді оқушылардан домбыра тартуды үйрендім. Ол кезде аудан мектептерінде сауатты   музыка мамандары тапшы болғандықтан  өнерге бейімі бар ұстаздарды  1-2 айға жинап, облыстық немесе республикалық байқауларға апаратын.  Аудандық музыка  мектебінің директоры  Тиязов Қойшыбайдың бірақ өнерді «құдайындай» құрметтейтін сурет пәнінің мұғалімі Сырғабаев  Болат, дене шынықтыру  пәнінің мұғалімі Қаупенбаев  Мұхит, математика  пәнінің мұғалімі Хасенов Дәлелхандармен бірге  байқауларға оркестрдің құрамында қатыстым. Әзілге бай, өмірде ешқандай мұқтажы  жоқтай көрінетін  осы ағаларды еске алсам, сағынамын.

       Біздің балалық шағымызда  ауыл балалары есекке мініп жарысып, ләңгі  теуіп, асық  ойнап, жердің шаңын шығарып күресіп жататын. Спорттың  балалық түрі  есейген шағымызда  артта қалып, волейбол, баскетбол, футбол секілді  командалық түрі алмастырды. Ұзақ жылдар мектеп, аудан құрамасының  қатарында  түрлі деңгейдегі   жарыстарда олжа да салдық. Тәжиев Нұрым (лақап есімі Шегір) ағамызбен, Күшікбаев Жұматай, Ұсабаев  Марат секілді  інілерімізбен  иықтаса  жүріп, намысты қолдан  бермедік.  Халақов Шаймерден мен Ибрагимов Ағзам секілді волейбол ойынының  жампоздарынан  да үйренгенім көп болды.  Қара жерге  волейбол  добын шегеше қадайтын Шәкен мен Ағзамның  мінезге бай, мұқтаждарға көмек қолын беруге асығатын ақкөңілділігін екінің бірі біле бермейтін. Қашан көрсең де «ағалап» жанымнан табылатын осы екеуін көп іздеймін. «Қайырылмас істің  қайырымы болмайды» дегендей Аллаға да жақсы адамдар керек екенін мойындайсың.

       «Советтік шекара» газетінде пейілі таза, қаламы жүйрік, әзілге бай Әденов Әбітай деген ағамыздың мұрындық болуымен баскетболдан облыстық жарысқа бардық. Баспасөз күні қарсаңында өткізілген бұл жарыста  мерейіміз үстем болып, ауылға жеңімпаз болып оралдық. Бұл да мен алған өмір асуларының бірі болып есте қалды.

       Қоғамдық өмір сан салалы болатыны  баршамызға аян. Соның ішінде сайлау науқандары сан түрлі көзқарас ағымдарының тоқайласып, сын тезіне түсетін мезгілі. 1984-2004 жылдар аралығында қарапайым мұғалім болсам да учаскелік  сайлау комиссиясына басшылық еттім. Қым-қиғаш шытырман оқиғаларға толы бұл сайлау науқандарын да абыроймен атқарып шықтым.

       Ғасырлар тоғысы Қазақстан халқының өмірінде саяси оқиғаларға толы кезең болды. Саясат  сахнасына Алтынбек Сәрсенбайұлы бастаған жас реформаторлардың шығуы халықтың көкейінде  болашаққа деген үміт отын жақты. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдің саяси, экономикалық және рухани өмірінде болған тоқыраулар халықты қажытып, көңіл күйін түсірген еді. Халықтың еңсесін көтеріп, болашаққа деген  сенімін қалыптастыруда Алтынбектің атқарған ісі, көтерген жүгі қаншалықты ауыр екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақтың аяулы  азаматы Алтынбекпен және оның серіктерімен танысып, пікірлесіп, ауданымыздың қоғамдық саяси өміріне біршама уақыт араласу да менің  маңдайыма жазылыпты. Өз ойымды ашық айтып, халықтың сөзін сөйлегенім үшін билік тарапынан азды-көпті қысым көргенімде ақиқат.

        Көңілде жүрген ойлар көп. Олардың бәрін қағазға түсіріп, халыққа ұсынуды құп көрмедім. Осы мақаламда менің ұстаз болып қалыптасуыма ықпал еткен, азды-көпті  шарапаты тиген, бүгіндері бақилық болған адамдардың аттарын атап, түстерін түстеп отырмын. Оларды ұмыту мүмкін емес. Өйткені, олардың сөйлеген сөздері мен іс-әрекеттерін айналаңда жүрген адамдардың бойынан көретінің анық. Тіпті, кейде сол адамдар алдыңнан шыға келетіндей көрінеді. Өкініштісі сол…

                                                                      Құдайберген НОҒАЙБАЕВ,

                                                         Зейнеткер-ұстаз.ҚР Ағарту ісінің үздігі. Ы.Алтынсарин медалінің иегері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password