Ұстаз –ұлы есім
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім –мектептің жүрегі», — деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, өмірдің өзі — ұстаз. Бірақ, осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін асыл қасиет. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру, тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер.Әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін ең бірінші ұстазға жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті, алдына келген шәкірттерін сауаттандыру
Осындай жандардың бірі Сатымбаева Бинара Нұрсоветқызы дер едім. Білім негізі –бастауышта десек, сол тарыдай болып келген балаларды таудай етіп шығару, ұстаз үшін оңай шаруа емес екендігі даусыз. 1984 жылы Есік педагогикалық колледжін тәмамдаған Бинара, үзіліссіз Нарынқол ауылындағы Тельман Жанұзақов орта мектебінде 33 жыл табандап еңбек етіп келеді. 1999 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық Университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша аталған қара шаңырақты аяқтады. Осы жылдар аралығында мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, алды шет мемлекетте болса, қалған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде сан алуан қызмет атқарып жүр. Бинара шәкірттерін ұйымшылдыққа, білімге, құштарлыққа, адамгершілікке тәрбиелей білетін білікті ұстаз. Ол оқытқан кез келген бала апайы Бинараны өте жақсы көретіндіктерін, тентектіктерін кешіріп, әрқайсысынан жақсы үміт күтетіндіктерін қызыға әңгімелейді. Мен Бинарамен 30 жыл бірге жұмыс жасадым. Бастауышты іріктеп бөлетін кезде, мен өз баламды Бинараға оқытамын деген ата-ананың қарасы көп болды. Ол сабағында әр баламен оның ерекшелігін ескеріп, жеке жұмыс жүргізе біледі. Бастауышта ұстаз жанын салып, тер төгіп еңбектенсе ғана, бала жоғары сыныпта сауатты оқушы болады. Осы қағиданы жіті түсінген Бинара әр баланы жеке тұлға ретінде зерттеп,оның ішкі жан сырына тереңірек үңіле білді. Ұстаз жеткен биіктік ешқашан аласарған емес. 2017 жылы «Сырым бар жүрегімде» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауда «Алғыс хатпен» марапатталды. Осы жылы Республикалық «Ғұмыр дария» байқауында Диляра Юсупова ІІ-дәрежелі дипломмен, «Нұрлы болашақ» Республикалық байқауда Жанерке Мұхтарқызы, Альтайр Нұрбол І-дәрежелі дипломмен «Критериалды бағалау жүйесі-сапалы білім кепілі» атты облыстық семинардан білімнің жақсы мазмұны бойынша шеберлік идеясын іске асыруға күш салған еңбегі үшін «Құрмет грамотасы» тапсырылды. 2018 жылы «BILGEN» ақыл ойды дамыту орталығындағы Республикалық байқауда Аяла Досымбек ІІІ-орынды иеленсе, «Ақбота» интеллектуалдық марафонында Айым Әкімжан ІІІ-орынды иеленді. Осындай жетістіктерін ескере келіп, 2019 жылы Бинара Сатымбаева «Үздік жыл адамы», Құрмет Грамотасымен марапатталды. Ұстаз оқытқан оқушыларын бәйгеге қосып, одан озып шыққанда ғана еңбегі жанады емес пе?! Өткен 2020 жылы Бинараға облыстық семинарға белсене қатысқаны үшін «Құрмет грамотасы» берілді. Айта берсек, ұстаздың жетістіктері көбеймесе азаймады. Ол алған биіктік аласармайтынын да ескеруіміз керек. Жылма-жыл бастауыш бітірген шәкірттері жоғары сыныпта бірден Бинараның оқытқаны деп тайға таңба басқандай белгі беріп тұрады. Осындай қарапайымдылық пен тілге тиек етіп отырған жанның бойына салмақты, сызылған анасынан келгендей көпбалалы жанұядан шыққан Бинара ешқашан мақтанған емес. Оның бойынан биазылық, сыпайылық, жауапкершілік менмұндалап тұрғандай. Қазіргі уақытта ол, Т.Жанұзақов орта мектебінде педагог-зерттеуші, біліктілік санатымен ұстаздық етуде. Бүгінде Бинара 1 сыныптың ұстазы. Қоғамдық жұмыстан да тыс қалған емес. Сонымен қатар, мектептегі кәсіподақ ұйымының жетекшісі. Ақырын жүріп, анық басқанда ғана ұстаздың алар асуы көп болар. Ата-ененің қолында тұрып, олардың батасын алу, әр келіннің парызы болса, Бинара сол міндетті кіршіксіз орындап келеді. Жары Мұхтар екеуі бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешуде. Бинараның әлі де алар асуы мен шығар биіктері алда. Тек, әрдайым шәкірттерінің алғысын алып, биікке самға деген тілек айтамыз.
Балжан Омарова,
зейнеткер ұстаз,
Райымбек ауданының «Құрметті азаматы»,
аудандық аналар кеңесінің төрайымы.
0 Пікір