СПОРТШЫ ҰСТАЗ

        Ауданымыздың спортын дамытуға және осы салада мектеп оқушыларын спортқа дайындауда елеулі үлес қосқан дене пәнінің ұстаздарын шәкірттері үнемі еске алып жүреді. Олардың қатарына ауданымыздағы алғашқы спорт шебері болған ұстаз Айдаров Асқарбек, тәлімгер әрі бапкер Жылкелдиев Кемелхан, көп жыл ұстаз болған сүмбелік Айсаев Зкрия, жамбылдық Абиров Есен және нарынқолдық Сауранбаев Марат сынды ұстаздар шәкірттерінің есінде. Осындай ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегінің нәтижесінде ауданымыздан Спатаев Тимур, Елеусізқызы Қымбат, Назаров Ардақ пен Бейбіт, Ермекбай Гаухар, Бектұрсынов Сырым, Ержікенов Қайрат, Қыдырбаев Жасұлан, Әшімов Қазыбек және Нүрпейісов Нұрсұлтан сынды әлемнің көптеген чемпиондары шығып отыр. Осы чемпиондардың бапкерлері өз ауданымыздың ұстаздары. Аудандағы ұлағатты ұстаз және қарт спортшы бапкерлердің қатарына текестік Сайлаубек Еңсебаевты қосуға болады.

       Сайлаубек 1947 жылы 18 ақпанда, атақты Мергенбай батырмен бірге Кеңес үкіметін жауларына қарсы ұрыстарға қатысқан Еңсебайдың жанұясында Үлкен Талды сайда дүниеге келген. Жасынан спортқа жақын болып өскен Сайлаубек өз өмірін жастарды спортқа тәрбиелеу саласына арнаған. Мектепті 1955 жылы Текес ауылындағы орталау мектебінде бастап, 1966 жылы Нарынқол ауылынан 11 жылдықты бітіріп шыққан. Сол жылы әскер қатарына алынып, Қиыр шығыста 3 жыл болып әскерлік міндетін орындап келген. Оқушы кезінде Қожабеков Тұрғанбек ұстазынан спорт түрінен тәлім алған Сайлаубек шаңғы спортынан Қиыр шығыста Кеңес Армиясы сарбаздарының арасында өткен шаңғы жарыстарында үнемі алда болып, бірнеше мәрте округтің чемпионы атанған. Спорттағы жақсы көрсеткіштері үшін марапат ретінде округ басшыларының рұқсатымен ауылына 10 күнге демалысқа келіп қайтқан. Озат спортшы Отан қорғаудағы азаматтық борышы аяқталғанша спорт бөлімінде әскери міндетін өтеп келген. Әскери міндетін өтеп елге келген соң еңбек жолын Текес орта мектебінде дене тәрбиесінен ұстаз болып бастаған. Сол жылдары мектеп оқушыларын спорттың көптеген түрлерінен дайындап, аудандық және облыстық жарыстарға апарып қатыстырған. Аудандық оқушылар арасындағы жарыстарда шәкірттері жүлделі орындарға ие болып отырған. Шәкірттері Асхат Қаржауов, Ерқанат Тілеубердиев, және Е.Қожабергенов пен С.Байтөлековтар облыс көлемінде жүлдегер болған спортшылар. Аудандағы спортты дамыту барысында, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ұлықтау мақсатында соғыс ардагері Бейқұтбай Дембаев атындағы спорт жарысын өткізген. Сонымен қатар, өзі де ауданның намысын қорғап, облыстық шаңғы жарыстарында облыстың чемпионы атанған. Шаңғы спортымен қатар, Текес ауылындағы волейбол командасының белді мүшесі болып ауыл намысын қорғап келген. Мектепте ұстаз болумен қатар Текес ауылынан спорт клубын ашуға ат салысып, сол клубтың жұмысына басшылық жасаған. Спорттан арнаулы жоғарғы білімі бар маманды аудан басшылары Жаңа Текес ауылындағы ГПТУ -142 ші мамандар даярлайтын училищеге маман етіп жіберген. Осы 1975 жылы Алматы облысы бойынша «Трудовой резерв» спорт қоғамының жарысына қатысқан курсанттары жүлделі 1-ші орынға ие болған. Өз жұмысын жақсы жағынан көрсете білген маманды Аудандық партия комитеті мен Аудандық Атқару комитеті және Аудандық білім бөлімі 1986 жылы Жаңа Текестегі орталау мектебіне директор етіп тағайындаған. Мектепті заман талабына сай басқарып, оқушыларды егеменді еліміздің болашақ түлектері етіп тәрбиелей білген. 1991-1995 жылдары Текес ауылындағы «Текес спорт клубын» басқарып, Текес ауылының спортын жақсартуда елеулі еңбек еткен. Қызмет барысында Сайлаубек Еңсебайұлы Қазақ ССР Оқу министрлігінің Алғыс хаттарымен және аудандық, облыстық спорт комитеттерінің көптеген Мақтау грамоталарымен марапатталған. 1996 жылы қызмет бабымен Талғар ауданына ауысып, Талғар қаласындағы №9-шы орта білім беретін мектепке ұстаз болып істеген. Ұстаз бола жүріп мектеп оқушыларына қазақтың «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойынын үйретіп жаттықтырған. 1998 жылы дайындаған шәкірттері облыстық жарысқа қатысып облыс чемпиондары болған. Көп жыл «Ақ бидай» спартакиядасының тұрақты қатысушысы болып, өнер көрсеткен. Спорттағы және мектеп оқушыларына ұстаздық еткен еңбектері бағаланып, ҚР Туризм және Спорт министрлігінің «Дене тәрбиесі мен спортқа қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталған. Үстіміздегі жылы аудан спортын көтеруде елеулі еңбек еткен облыстың чемпионы болған қарт спортшы әрі үлгілі ұстаз Сайлаубек Еңсебайұлы 75 жасқа толып отыр. Жолдасы жоғарғы білімді ұстаз және ұлағатты ана Қарлығаш екеуі көп жыл мектеп оқушыларына білім беріп, еңбек еткен. Қазір немерелеріне ұлттық тәрбие беріп Талғар қаласында тұрады. Ауылдастары мен спорттағы замандастары және шәкірттері үлгілі ұстаз Сайлаубекті туған күнімен құттықтап ұзақ өмір тілейді.

 Беркін ӘКЕБАЕВ,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password