СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛДЫ

           Аптаның бірінші күні аудан орталығында үлкен қуаныш болды.

       Бұл қуанышқа облыс әкімінің орынбасары Арсылан Дәндібаев, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Еркебұлан Усманбаев, грек-рим күресінен еліміздің екі дүркін чемпионы Азамат Дүмбіров, ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы, әлем кубогінің иегері Ардақ Назаров, кикбокстан әлем кубогінің иегері, екі дүркін еуропа чемпионы Елмұрат Қайымжанов, бокстан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі AИБА төрешісі Ержан Нұрхалық, дене шынықтыру сауықтыру орталығы құрылысын атқарған ФудМС мердігерлік компаниясының төрағасы Сейтжан Құсайынов сынды қонақтар ортақтасты.

        – Аудан болғалы қайта қалпына келтіру мен әкімшілік ғимараттар салу жұмыстары қарқынды іске асты. Аз ғана уақыттың ішінде толағай табыстарға қол жеткіздік. Ауданның даму жағдайы күн өткен сайын үдей түсуде. Елдің шетінде, желдің өтінде шаңырақ көтерген Райымбек ауданы жаңа кейіпке енді. Бүгіннен бастап пайдалануға берілгелі отырған дене шынықтыру сауықтыру орталығы ел игілігі үшін жұмыс жасайды. Осы орайда сіздерге Жетісу жұртшылығы атынан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының ризашылығын жеткізгім келеді,–деді облыс әкімінің орынбасары А.Момышұлы.

       Тәуелсіздігіміздің отыз, Мұқағали Мақатаевтың тоқсан жылдығы, қарсаңында ашылған кешен құрылысына жергілікті бюджеттен 1 млрд. 200 мың теңге жұмсалған. Әрі жарық, әрі кең спорт кешенінің іші заманауи құралдармен жабдықталған. Осынау зор мүмкіндікті сыйлаған басшыларға, құрылысын жүргізуге атсалысқан ауыл азаматтарына, сын сағатта демескен аудан жұртшылығына тілектер толастаған жоқ. Жерлесіміз ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы А.Назаров: «Ауылымызда ақ түйенің қарны жарылып жатыр. Спорт кешенінің ашылуы – болашақ ел мақтаныштары мен олимпиада чемпиондарын дайындауға мол мүмкіндік тудырады» десе, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Бірбаев талапты жастарға зор үміт артты.

       Ауыл ақсақалы Медетхан Абиыров ақ батасын берген соң облыс әкімінің орынбасары Арсылан Дәндібаев, аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев, ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы Ардақ Назаров салтанатты түрде кешеннің лентасын қиды. Іші сыртына сай екі қабатты ғимаратты қызықтаған қонақтар көп іске көзайым болды. Алаңы атшаптырым футбол, күрес, бокс, жаттығу сияқты залдары мен киім ауыстыру, жуыну, медициналық тексеру бөлмелерін аралады. Өз кезегінде, жас спортшылар қонақтарға Мұқағалидың жыр-маржандарын арнап, алғыстан жаңбыр жаудырды.

Серікжан НҰРБАҚЫТҰЛЫ,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password