СОЛ БІР САРЫБАСТАУ САПАРЫ белгілі журналист Әбітай Әденовты еске алғанда
Қолыма қалам алып, өлең жазуға құмарым ауған мен сол тұстардағы «Советтік шекара» аталатын аудандық газетінің әр санын асыға күтіп, оның әр бетіндегі жазылған дүниелерді бүге-шүгесіне дейін қалдырмай оқуды әдетке айналдырған едім.Соларды оқи отырып, соны жазған қаламгерлердей болуды армандадым. Сол арман төл газеттегі аттары мен атақ-дәрежелерінен ат үркетін ағаларымның қолдап-қолпаштауы нәтижесінде газет жұмысына араласуыма жол ашты.
80 жылдардың басында өзіме есімі етене таныс емес Әбітай Әденов деген журналистің қаламгерлігі, ойының терең де көркемдігі, тілінің шұрайлылығы, сөз байлығы мені қатты қызықтырды. Газет бетіндегі елдің саяси әлеуметтік ахуалы, қоғамдағы көкейкесті мәселелер, ұлттық салт-дәстүрге қатысты танымдық дүниелер Әбекеңнің жүрдек қаламы арқылы құлаш-құлаш болып, оқырманға жол тартып жататын. Шіркін, сол ағаммен кездессем, ақыл-кеңесін тыңдап, сол ағадай елге танылған журналист болсам деген арман қуыс кеуденің бір түкпірінен өшпестей орын алғанды. Құдайдан шын тілесе, не бермейді демекші, арманның орындалып, тілеген тілекке қол жететін күнге де қол жетеді екен ғой.Әбітай ағамен алғаш кездесіп, арманға қол жеткізген сол бір қуанышты сәтке де 35 жылдың жүзі болыпты.
Газетке фото тілші қажет деген хабарландыруды оқысымен, екі өкпемді қолыма алып, редакцияға «ұштым». Күпті көңіл, алаң оймен өзім асқар тауға балайтын қасиетті шаңырақтың босағасына имене аттап, аттарына сырттай қанық ағаларыма келген жұмысымның жайын айттым. Осыған дейін жазған дүниелеріме оңды көзқарас танытып жүрген қалам иелері бұрын фото өнерінен хабарым жоқтығын естігенде, сенімсіздік кейіп танытып, фототілшілік жұмыстың ауыр екенін ескертті. Сол шақта ортамызға жаңа келіп, әңгімеге қаныққан ұзын бойлы, қапсағай денелі, артына қайырған салалы шаштары, қара торы өңіне жарасып тұрған, жүзінен жылылық шашылған бір ағай араға түскенін, үзілуге айналған үмітімнің қайта ширауына мұрындық болғанын қалайша ұмытамын.
-Жазуға талаптанып жүрген баланың меселін қайтаруға болмас. Болашағы алда. Шындап ықылас қойып, іздене білсе, фотоөнерін меңгеріп кетеді. Осында істейтін деніміз фототілшілік өнерден хабарымыз бар. Көптеп көмектессек, үйретіп аламыз, — деп басшыға да, басқаларға да бет-беделін сала отырып, сөзін өткізгені бар. Осыған дейін қызмет істеген мекемеме де өз аяғымен барып,ондағы басшыларды да айтқанына көндірді. Сөйтіп, менің ендігі жерде киелі жерде қызмет етуіме мүмкіндік тудырды. Қажет кезінде қамқор қолын созып, ақылшы аға бола білген, бір кезде өзім кездесуге, әңгімелесуге құмартқан, арман еткен журналист осы Әбітай Әденов еді.
Газеттің мәдениет және тұрмыс бөлімін басқарған, кейіннен жауапты хатшы болып қызмет атқарған Әбітай ағамен ол кісі Тұзкөл орта мектебіне директор болып ауысқанша азды-көпті 10 жыл бірге жұмыс істеппін.
Осы жылдар ішінде көзім анық жеткен нәрсе – ол кісінің өзіне-өзінің талап қоя қарайтыны. Жауапкершілікті жете сезініп, сенімге селкеу түсірмеуді өмірлік серігі етіп ұстана білгендігі. Қай кезде үлгеретінін кім білсін, іс-сапарға шығып келген күннің ертесі-ақ көркем ой, кестелі тілмен жазылған дүниесі газет бетінен көлемді орын алып, жарыққа шығып бара жататын. Ал, жауапты хатшы болған тұстарда макет жұмысына ерекше назар аударып, көркем де тартымды болуына ден қойды және өзіне қоятын талапты өзгелерден де күтті. Көңіліне қонбаған дүние болса, қатыра сынап, көзқарасын, ұсынысын айтатын. Ақыл-кеңесін беретін. Ол кісінің сынына өзім де көбірек ұшырадым. Бірақ абзал ағаның ашуы алдында, ақылы артында келуші еді. Ешнәрсені кек сақтамайтын. Маған деген ағалық қамқорлығы, жанашырлығы, көрсеткен көмегі басқа мінезінің бәрін басып, салмақ тартып жатушы еді.
Аудандық партия комитетінің органы атанған редакцияның ұжымы шағын болса да, партия ұйымы жұмыс істейтін. Әбітай аға да сол ұйымдағы санаулы коммунистің бірі болатын. Ол кісінің тура жүріп, тура сөйлеуі өз басына шоқпар болып тигені, партбилетін алдырғаны туралы алып қашты әңгімеден хабарым бар еді. Жұмыр басты пенденің тағдырын талқыға салатын сол партбилетті басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, қайтарып алғанын да естігенмін. Ленин атындағы колхоздың шаруа жайы туралы газетке дөңгелек үстел ұйымдастыру мақсатында екеуміз бірге шыққан Сарыбастау сапарында сол бір партбилеттің тағдырынан толық мағлұмат алғаным бар. Барған жерімізде қонай – түней жатқан шақта Әбекеңнің әңгімесін түннің бір уағына дейін ұйып тыңдадық. Қандай журналист болмасын қоғамның қалтарыс – бұлтарысына, кереғар құбылысқа сын көзбен қарамайтыны некен – саяқ. Әбекең де жақсы мен жайсаң бас қосқан дастархан басында Кеңес үкіметіне, оның бір жақты саясатына, адамды алалап — бөлелейтін жымысқы, жылмаң ұстанымына өз көзқарасын білдіріп, ағынан жарылған ғой. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайдының кебімен, ертесі-ақ аудандық партия комитеті мәселесін қарап, партбилетін тапсыруды мәжбүрлейді. Ал, ол тұста партбилеттен айырылу – сотталғанмен бір есепте болатынын сол шақтың көзі тірі куәлары әлі ұмыта қойған жоқ. Әбітай аға сол түнгі отырыста, осы партбилет жайлы майын тамыза әңгімелегені бар. «Күн көсемнің» басы бейнеленген алақандай ғана қызыл қатырма ойға-қырға сүйреп, небір лауазымды кеңселердің босағасынан сығалатыпты. Әділетсіз қоғамнан әділдік іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.Ғазиз басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, ақыр соңында аппақ арына балаған партбилетті Мәскеудің тіке өзіне барып, СОКП орталық комитеті жанындағы бақылау – тексеру комитетінің бастығы А. Я. Пельшенің қолынан алыпты. Қайсыбіреулердің айтуынша, ол кісінің партбилеттен айырылуына бірге жүріп, бірге тұрған жақын жолдастарының бірі себепші болған көрінеді. Бірақ, Әбекең сол түнгі отырыста артына шала байлаған әлгі азаматты ақтап, бұл оқиғаға оның ешқандай қатысы жоғын дәлелдеді. Және оған деген сый – құрметінің де ерекше екенін шын көңілмен тілге тиек етті. Сол бір айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген қызыл империяның ұр да-жық ұстанымы бір түкпірдегі қалам иесін тәлкекке салса да Әбекеңнің сағы сынбай, ағысқа қарсы жүзуді мақсат тұтып, қиындықты қайыспай көтеретін атпал азамат екеніне сол сапарда тағы да көз жеткіздім.
Әбітай ағамен қызметтес болған 10 жыл уақыт ішінде ол кісіні адамгершілік қырынан жақсы таныдым. Еңбекқорлылығы, табандылығы, маңызды әңгімесі мен жұмыс арасындағы әзіл-қалжыңы таудай тұлғасына жарасып тұратын. Ешкімді алаламайтын қасиеті айналасындағыларды жылы әсерге бөлейтін. Іске деген жігерін жанып, талабын қамшылайтын. Ал, маған деген ақ пейілі мен ыстық ықыласы, ағалық мейір – шапағатынан еш уақытта айныған емес. Үнемі ізденуді, еңбектенуді, көп оқу қажет екенін айтатын. Үлкен мақсатқа үлкен талап, талмай іздену, еңбектену арқылы ғана жетуге болатынын түсіндіретін. Ағаның айтқан ақылы санама қанша сіңгенін кім білсін, сол тұста қанша қайраса да өтпейтін ағаш пышақтың керін келтірген жайлар да аз болған жоқ. Бұл бәлкім таланттың кемдігі, жалқаулықтың басымдығы шығар. Бүгінгі таңда сол қалыптан шыға алмай жүрген жайды жасыруға болмас. Бәрін де таразы уақыт айырады. Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние пендесін шыр көбелек айналдырып, өз дегеніне көндірем дегенше өткен күннің белгілері ойдан шығып та кетеді. Бірақ, Әбітай ағамен қызметтес болған кезеңдер, сол бір Сарыбастау сапары өткен күннің бір белгісіндей есімде мәңгі қалып қойыпты.
Әбітай аға бүгінде өмірде жоқ. Егер тірі болса,жасы 80-ге жуықтаған шағында да кәрілікке мойынсынбай, төл газеті «Хантәңіріне» ара-тұра бас сұғатыны, өкшесін басып келе жатқан әріптес інілер мен қаламды серік етіп жүрген балаларына жақсы тілектер айтатыны, басылымның өткен кеткен тарихы туралы құнды деректерге толы,оқырманын әсерге бөлейтін көлемді дүние жазып, газет мазмұнының қалыңдай түсуіне лайықты үлес қосатыны ақиқат еді. Амал не? Жазмышқа шара жоқ. Жатқан жерің жайлы, иманың қасыңда болсын, жаны жайдары,жайсаң аға!
Түсін, ұлым!
Түсіне ме кісінің кісі мұңын,
Құлан таза, пәк көңіл кішілігін,
Ақымаққа бір тиын айтқан уәжің,
Қара бақыр жасаған кісілігін.
Түсін, ұлым!
Түсіне ме кісінің кісі мұңын,
Кісі тектес кісінің кісілігін.
Қас наданға бәрібір бұл жалғанда,
Құрметің, көрсеткен кішілігің!…
Түсін, ұлым!
Қайда кетіп барасың, білесің бе?
Алынбаған нең қалды үлесіңде.
Бір күн тастап кетеді мына жалған,
Қоқыр-соқыр жайлаған күресінге.
Бір күн тастап кетеді мынау жалған,
Өшеді өмір, таусылып, сөнеді арман,
Қылған қайыр, біреуге өткен зорлық,
Түбінде бір қылтиып шығады алдан.
Қайда кетіп барамыз сеземісің,
Төрт бұрышын дүниенің кеземісің!
Бәрін-бәрін тонайды қу дүние,
Талақ қып дүниені беземісің.
Безе алмайсың, безбегін, безінбегін,
Көңілің алаң, білемін, көзіңде мұң.
Құрық бір күн түседі қу жаныңа,
Дұрыс шығар осыны сезінгенің.
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
0 Пікір