Сол ауыл, кездесулер…
Шыр етіп дүниеге келген жеріміз — сол ауыл. Есіміз кірді,алаңсыз ойнадық.Жетіге жеттік те сол ауылдағы мектепте табан аудармай он жыл оқыдық.Әр сыныптан кейінгі үш ай демалыс үш жүз күннен де көп,ұзақ болып көрінетін.Үш ай демалыс кезеңдерінде де сол ауылға қатысты оңтүстік жағы Сырт жайлауына дейінгі, батыс жақ бөлігі Шұбартал жайлауына дейінгі аралықта болдық. Ауылдағы кітапханадан кітап алып оқу арқылы ғана өзге жерлерді шарлаған шығармыз, бәлкім?!
«Сол ауыл», жүрекке жақын ол ауыл — кәдімгі Қақпақ ауылы («Коммунизм» совхозы деп те аталған ).
Он алты жасқа иек артып паспорт алғаннан,мектепті бітіргеннен кейін барып ауылдан ұзап аулақтана бастадық, өмір аулақтата бастады.
Ауылымның атауына жан-жақты мән беру тұрғысында кезінде өзіндік бір ой-пікір қозғаған едік.
Өзеннің жағасы ырғын көк бақ болып,
Аталып кетті ме екен Қақпақ болып?
Сан мәрте есіміңе ой жүгіртіп,
Отырмын бір жауабын таппақ болып.
Тау өзені адуын, өрекпіген,
Жолында кездескенді өр екпінмен
Қақпақыл ғып лақтырып оңды-солды,
«Қақпақыл.Қақпақ» деп атқа ие болды.
Бір кездері, ертеде, бір заманда
Болғанда елім дүрбелең,шырғалаңда
Жұртыңды паналатып ырзалықпен,
Тұрдың ба қақпақ болып сыртқы жауға.
Пак есімді дүр кәріс мұнда тұрып,
Келімсек көршілесі мойнын бұрып:
«Как, Пак?» деп хал-жағдайын сұрасты ма…
Байқаста бұл жағын да сұрастыра.
Дөп жауап жоқ, неге осылай аталды,
Жамандаман тегімді, арғы атамды.
Қадымнан енші болған әрбір атау
Таңдай қаға тамсантар барша жанды.
Кішкене кезімізде бір әжемізден өздерінің жастық шақтарында ауыл жанындағы Кіші Қақпақ өзенінің жағасынан рауғаш тергендіктерін айтқанын естіген едік.
Күні кеше емес пе еді мектеп бітіргендігіміздің жиырма жылдық кездесуін өткізгендігіміз?! Ол кезде қазіргідей қалта телефон, смартфон деген жоқ,сонда да бір-бірімізді іздеп тауып,содан алыста жатқан ауылға барып бас қосқанымыз.Бастауышта тек бізге ғана сабақ берген,қала жаққа көшіп кеткеннен кейін басқа жұмыста жүрген тәтейімізді іздеп тауып,ауылдағы жиырма жылдыққа баруына мұрындық болғанымыз.Қатары көп сетінемеген ауылдағы мұғалімдермен кездесулер… Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ,бәрі де жүйелі түрде болғандай екен-ау…
Жылдар, жылдар,
Ұсынсаң сыйыңды алам,
Сыйсыз қалған кездерім қиын маған.
Бір жылдарым байқатпай баяу басса,
Бір жылдарым ала өкпе құйындаған.
Жүзімді жылдар менің шиырлаған,
Сезімдерді, сенімді жиі алдаған.
Бәрі кетіп кеудемнен өшкенде үміт,
Жағдайым әне сонда қиындаған.
Демеймін түрім жаман,күйім жаман,
Жылдарымнан қорқамын бұйырмаған.
Белгілі ғой,көрдік қой,өтеді өмір,
Қиылды кей құрдасым,қиылды анам…
Түбі оңбайды бәрібір сиынбаған,
«Бауырым» деп, «Жұртым» деп жиылмаған.
Бір Алладан тілейік тілер болсақ:
Көрсетуін қара жұрт үйімді аман,
Бір шеттегі аңқау ел қиырды аман!..
* * *
Ойланғаным толғанып,бар ұққаным:
Ай тауларым — ақылгөй алыптарым.
Бабалардың бабасын көрсең-дағы,
Ризығын бұйыртып берсең-дағы,
Қасқиясың,маңғазым,жалықпағын!
Көрсет,өмір,алдыда жарық барын,
Оқиыншы тауымның танып бәрін.
Тауларымнан әл-қуат, нәр жинасам,
Жіберер ем жауымның жарып бәрін.
Білмеймін,не болады,не қалады,
Неге жарар аз ғана бар ұққаным.
Ниеттің өзгертті ме нарық бәрін,
Қуанта алсаң жақсының барып бәрін.
Қуғын,қорлық көп көрген жұртың едім,
Қалады нұр кеудеде тарихтағың.
Тарықпағын,уа жұртым,тарықпағын!
Кездесуімізге, соған байланысты ауылға ерекше көңіл бөлуімізге орай туындаған шумақтар еді бұл.
2020 жыл әлем елдеріне,адамдарына оңайға соқпады,атышулы індет әлекке салды.Төтенше жағдай жарияланбай тұрғанда болған «Мектеп бітіруіміздің 40 жылдығын қалай өткіземіз?» тұрғысындағы бір ақылдасуда сыныптастың «Ауылға барғанда қайда қонамыз? Жер шалғай,үш-төрт күн әуре болмай осы қалада-ақ өткізейік» деген пікірін жиналғандардың барлығы дерлік қолдады. Бұл пікірді мен іштей құптамадым. Соны айтып нақты қарсы да шыға алмадым. Қарсы пікір қалай айтайын:бұл сөзінің жаны бар. Ауылдан түп-тамырымен, тұқым-тұяғымен кетіп қалғандар аз емес. Олай болмаған күннің өзінде ауылдағы жақын ағайынның заманауи ниетін де ескермей болмайды.
Ал аталмыш кесімді, ащы сөзін қалай ғана қолдайын?! Жоғары қарап аспанды, төмен қарап қара жерді көргеніміз, өсіп өнгеніміз, бұрынғымыздың баршасы ауылмен байланысты еді ғой. Ауылсыз, мектепсіз, өзені мен тауынсыз, ауылдағы бізге қатысты адамдарсыз болған 40 жылдық кездесуіміздің ойға қонымды мән-мағынасы, маңызы бола ма?! Иә, қазақтық,адамдық болмысымыздағы сол ауылдың,сол өңірдің орны ерекше еді ғой…
Тура жолдан тайдырып ілмектенген,
Тіршілік құралған ба дүрмектерден?!
Өмір жайлы түйін сөз айтар болсам:
Өмір деген — ұлы көш,жүрдек керуен.
Солай екен ұлы көш,жүрдек керуен,
Көктем,жазы, қысы мен күзді өткерген.
Сонау ғасыр,бабалар осы өңірге
«Құтты қоныс, мекен» деп іздеп келген.
Үлкен, Орта, Кішісі реттелген,
Үшқақпақ — жер атауы тізбектелген.
Үш шатқалда екі өзен, бірі Құрғақ,
Атаулар ғой санада құрметтелген.
Қатарлас боп ауылға тұйықталып,
Дегерез тұр шатқалды қиып салып.
Ауылы таяу тау бар ма дәл осындай
Маңғазданған еңселі, биік, алып.
Сағыныштан сарғайған қайда барар?
«Қақпақ» десем Дегерез ойға оралар.
Ауыл барып, Дегерез ары аспасам,
Бармағандай бір сезім пайда болар.
Ары асқан жер арғы атам мекен еткен,
Бес ұлын болашаққа бекем еткен.
Кезеңде, Қорғандыда жатқан жері,
Тие берсін оқылған дұға көптен.
Күтетіндей өренін барын баптап,
Дегерезден бергі жақ — ауылым Қақпақ.
Бұзылған үй,қиралған нысандар бар,
Өз мүлкімдей іздеймін, жүрем жоқтап.
Құбыла жақ шеткі тұс қорымданған,
Фәни дүние бітірген орын алған.
Ата, әке, шеше бар,бауырлар бар,
Құрдастар бар, бәрі бар сағымданған.
Қозғалмай жер,іргеден соқпай дауыл,
Сенде туып,сенде өстім, Қақпақ ауыл.
Болғанымен алыста ауыл жақын,
Жүрекке үңіл,ойыңды ақтара біл,
Шежіресін шертісіп мақтана біл.
Сұғындырмай сұқ көзді сақтана жүр…
Әй ауылдас…
Рыскелді Сабырбай,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
0 Пікір