ШУАҒЫН  ШАШҚАН  МЕЙІРІМДІ  АНА

     Атыңнан айналайын асыл аналарымыз – өмірдің тірегі, адамзаттың жаратушысы. Мынау жарық дүниеде ананың ыстық құшағына, жан жылуына, күндей көңілі мен ақ қардай мейірі мен пейіліне жететін ештеңе жоқ?! Жүздері жылылығына, алтын сандық кеуделері ұлылығына толы аналар өмірге әкелген ұл-қыздарының ғана амандығын, жақсылығын тілеп қоймайды, заманның тыныштығын, қоғамның тұтастығын, ел мен жұрттың бақытын көксейді.

       Кеңес Одағы кезінде көп балалы аналарды «батыр» ана дейтін. Бұл теңеу орнымен айтылған. Шаңырақты базарына толтыратын балапандарды дүниеге әкелу, бағып-қағу, тәлім мен тәрбие беру, қанаттандыру – оңай шаруа емес. Айтуға ғана оңай, тілге ғана жеңіл. Туған ел мен жерге тірек болар азаматтар мен азаматшаларды қалыптастыру батырлық емей немене?! Сондай батыр аналардың, ардақты аналардың бірі – «Алтын алқалы» ана Солтанқұлова Үмітхан Маманқызы Қақпақ ауылында өмір сүріп келеді. Өмірге әкелген, өсірген ұрпағыңмен шағын ауылға айналу деген қандай бақыт десеңізші?! Мынау жарық дүниеден өтіп кеткеніне отыз жылдан асып кеткен анашымның көзін көрген Үмітхан анаға қарасам, құшақтасаң құшағың жетпейтін, тамыры тереңіне тартқан, жапырағы, жемісі төгіліп тұрған биік бәйтерек көз алдыма келгендей болады. Асыл анамыз ұрпағымен өсіп-өнген, көгеріп-көктеген, жайқала жайнаған, жадырап, албырай түскен бақытты ана, сексеннің алтауына аяқ басқан мейірімді әже.

    Қақпақ ауылының тау жағына орналасқан көшелердің біріне орналасқан еңселі шаңырақ көзімізге сондайлық оттай басылды. Талай келген, дәм татқан жып-жылы шаңырақ. Заманға лайық көріктене, келбеттене түскен. Өзіміздің үй болған соң еркін басып, ішке ендік. Жанымызға жайлы жылылық сезіледі. Төргі бөлмеден анамызды көріп, қуанып қалдық.

    — Қалыңыз қалай? Ауырмай жүрсіз бе?,-деп жүзі жадырай, күлімдей қарсы алған анамыздың ыстық құшағына кіріп кеттік. Бір кезде бірге жүрген анамыз да есімізге түсіп кетті ме, жанарымызға шамалы жас та келіп кеткендей.

     — Ой, айналайын, балам! Өзіңнің қалың қалай? Бала-шаға аман-есен бе? Келіннің қалы қалай? Жұмыстарың орынша болар. Кішкентайларың өсіп жатыр ма?, деп анамыз маңдайымыздан сүйді. Ананың жылы құшағына, мейірімі төгілген жүзіне жетер не бар, мынау ғаламда?! Біз де анамыздың жылы жүзінен сүйіп, кеудемізге басып тұрып қалдық.

      — Бәрі жақсы! Аман-есенбіз! Үнемі ойымда тұрасыз. Бір келіп жайыңызды білсем деп жүруші едім. Соның реті бүгін келгендей. Ренжімеңіз, сыртта жүрсем де амандығыңызды тілеп жүрем. Шешемнің көзіндей-сіз, осы ауылда үлкендерден өзіңіз, сосын әйгілі күйші Қожекенің немересі болып келетін Алтынхан атты бір әпкеміз қалды. Аман-есен болыңыздар,-дедік шын көңілімізбен.

      — Рахмет, балам! Көңілім бір көтеріліп қалды. Өстіп келіп тұрсаңдаршы! Бір күн ауру, бір күн сау, әйтеуір жүріп жатырмыз, қарағым,-дейді анамыз жылы жымиып. Тоқсанға қарай аяңдаған анамыз сергек көрінді. Қуанып қалдық. Сол баяғы қалпы. Қимыл-қозғалысы да ширақ. Әңгімесі де жақсы. Осының бәрі бізге жақсы әсерін сыйлады.

   Осынау қарашаңырақтың отағасы, тірегі болған, қайтыс болғанына 30 жылдан асып кеткен Омар Солтанқұловтай әкемізді ешқашан ұмытқамыз жоқ. Қытай жерінен атамекенімізге оралғаннан мал бағумен айналысты. Омар атамызды бүкіл ауыл тұрғындары сыйлап, құрметтеді. Тура сөйлейтін, мінезі қаталдау еді. Байқамай сәлеміңнен, атаның салтынан жаңылсаң, қолындағы қамшысымен арқаңнан бір осып өтетін. Осының өзі үлкен тәрбие еді-ғой, шіркін?! Сол әкеміздің қатал әрі орынды тәрбиесінен, ақыл-кеңесінен, өмір мен еңбек өнегесінен ешкім жаман болған жоқ. Өсірген ұрпағы да ізетті, ақылды, еңбекқор болып ер жетті. Әке-шешелерінің үміттерін ақтады.

     Ардақты анамыз, «Алтын алқалы» анамыз тумысынан қарапайым, жүзінен мейірімі төгілген жан. Балажанды ана орынсыз қабақ шытпайды, қатты сөйлемейді. Келін болып түскенінен ізетінен, қонақжайлылығынан ажыраған жоқ. Ағайын-туыс, көрші-қолаңның бәрін жақын көреді. Жанына тарта жүреді. Марқұм  Омар атамыз бен Үмітхан анамыздың қарашаңырағынан 11 ұл мен қыз өмірге келіп, барлығы өсіп-өніп, бір-бір шаңырақ иелері болып кетті. Батимахан, Зікірия, Екия, Ауғанбай, Тасболат, Бақытгүл, Теңлік, Алмагүл, Майгүл, Бағдагүл, Аққу атты күндері мен гүлдері ұрпақтарымен шағын ауылға айналды. Бұл күнде асыл да ардақты анамыз қырыққа тарта немерелі, алпыстан аса шөберелі, оншақты шөпшекті болды. Міне, ана бақыты, ана қуанышы, ұрпақ шаттығы деген осы.

     Асқар таудай әкелері мен ардақты аналарының тәлім-тәрбиесімен өскен ұрпағының бәрі еңбекқор, тірлікке бейім. Қақпақ ауылында тұратын Зікірия мен Ауғанбай, қарашаңырағындағы кенже ұлы Теңлік өз алдына бір-бір шаруа қожалықтарының иелері. Атакәсіппен айналысып келеді. Арпа, бидай, картоп пен көп жылдық шөп өсіреді. Төрт түлік малмен жағдайларын жақсартып келеді. Шаруаларына қажетті трактор, техникаларының бәрі бар.

   Үмітхан анамыз қарашаңырағындағы кенже ұлы Теңлік пен келіні Айгүлдің қолында. Асыл ана шаңырақтағы Талшын, Торғын, Олжас атты немерелерін айналып, толғанып жүреді. Келіні Айгүл Жәмеңке орта мектебінде шәкірттеріне орыс тілі пәнінен дәріс беретін ұлағатты ұстаз. Осыдан біраз жыл бұрын анамыздың ұрпағы сексен жылдық мерейлі тойын жасап, ел мен жұрттың басын қосып, ақ баталарын алған болатын. Қастерлі шаңырақтан асыл анамызды тоқсан мен жүздің төрінен, дәл сондай мерейлі қуаныштардан көрейік деген ізгі ниетпен аттандық. Батыр анамызға, ардақты жанымызға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.

                                                         Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                                Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password