ШОҚТЫҒЫ БИІК ШОҒАН АБЫЗ
Ғұмырының әр белесі өнеге, өмір жолы ізгілік нұрына толы, болмысы бөлек жандар болады. Олардың өткен жолдарын ұрпақтары әрі қарай жалғастыра бермесе тіпті ел аузынан да кетіп, бірте-бірте естен де шығып келешек ұрпақтарға жетпей қалатыны анық. Бұны тарих та, бабалар рухы да кешірмейді.
Міне осыған орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «туған жер» бағдарламасы ұлттық тамырымызға қан жүгіртіп, елдік істерге серпіліс бергені анық. Біздің азаматтық парызымыз – ұлттық құндылықтарымызды зерттеп, зерделей отырып, бабаларымыздың мемлекеттік сананы қалыптастыру жолындағы асыл армандары мен туған жерге, елге деген қажырлы еңбектерін болашаққа жеткізу болса, осындай тариха тұлғаларымыздың бірегейі – Сүйерқұлұлы Шоған абыз бабамыз.
Шоған абыздың ел ішіндегі татулық, ағайын-туыс арасындағы бірлік пен сыйластықтарды, ел, рулар арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру тұрғысындағы ізгілік еңбектері бір төбе. Сондай-ақ, жетім-жесірлер мен өмір сүрудегі жолдан адасқандарға қамқоршы болудағы ықылас нұрының, құдірет-күшінің ерекше екені жайлы ел арасында айтылатын аңыз-әңгімелерден аңғаруға болады. Шоған абыздың Албан елінде алатын орны ерекше. «Ағайынның аз болмағы — басынан, көп болмағы — жасынан, бір-біріне сүттей ұйып, қорғасындай қоруы таразы басын тең басатын — қазыналы қариясынан» деп толғаған абыз бабамыз атқа мінген кезде Албан елінің төрт атаға жаңа толған, он-он бес ауылдан аспаған кезі екен. Ел ісіне ерте араласқан. Көзінің тірісінде сарабдал саңлақ атанып, есімі ауыл-аймағына кең жайылған. Сан рет сарапқа түсіп, небір үлкен дау-жанжалдарда әділ билік айтқан данагөй дарын иесі. Осындай ақыл-парасатының арқасында атағы шығып, өз дәуірінің оза шапқан тұлпары болғандықтан, атына абыз сөзі қосылып «Шоған абыз» атануы да сондықтан. Оған «абыз» атағы Есімханның тұсында халық арасында өткізілген сайлау арқылы берілген деуге толық негіз бар. Жібек жолы кезінде бірде керуенбасы болып, енді бірде мықты, қарулы жігіттерден жасақ құрып, сондағы сауда жол қатынасын реттеп және қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған. Шоғанның өмірінің көбі ат үстінде ел аралаумен өткен. Бұл орайда халыққа жасаған жақсылық шарапаты мен істеген еңбегі ел ішінде ерекше бағаланады. Абыздың ең елеулі еңбектерінің бірі – Мәмбет пен Үмбет атты екі балаға ықыласының ауғандығы. Одан тарағандар Алжан мен Шажа екені көпшілік қауымға аян. Бұлардан басқа бірге туған Айттың інісі Бозым жас кезінде бір жағдайлармен саудагерлерге ілесіп, алысқа аттанады. Бозым сол кеткеннен мол кетіп, біраз жылдар орала қоймайды. Оны да іздеп тауып, үйіріне қосқан тағы да Шоған екен. Сондағы Бозым бірлестігінен: Сары, Таз, Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан және Қаракісі дейтін үлкенді-кішілі жеті ру ата өрбіп отыр. Бабасы Бәйдібекке тарта туған Шоған, Ұлы жүз тармағындағы Бақтиярдан кейінгі Албандардың алғашқы ел ұраны екенінен хабардармыз.
Абыз бабамыздың ұрпақтары бүгінде есімін ұлықтап, еңбегін естен шығарған емес. Қайнар ауылының тумасы, абыз бабамыздың тікелей ұрпағы ақын Мақпал Мысаның Шоған Абызға арнап жазған поэмасында:
Бірі еді Бахадүрдің о да нағыз,
Байқасақ аз қалмапты одан аңыз.
Алаштың баласына аға болған,
Атыңнан айналайын, Шоған абыз!
Тірліктің шыққан кезде сағымы алдан,
Ол дағы жаралыпты бағы бардан.
Затыңды ұмытпайды қалың қазақ,
Атыңды ұмытпайды қалың албан.
Сақадай сапар басы сай тұрғасын,
Бұл қазақ әспеттемес қай тұлғасын?
Ежелгі хандық дәуір сөз болғанда,
Би, шешен, абыз неге айтылмасын?!
Өткенге ескі сүрлеу тартады алдан,
Нар едің ағайынға арқа болған.
Ұрандап әруағыңды шақырады,
Ат қосса аламанға алқалы албан.
Жырменен маржан ойдың затын тіздім,
Жаттайтын кезіміз ғой атын біздің.
Рухы Досбол, Мөңке, Бөлтіріктің,
Аузына сөз саларсың ақын қыздың!… – деп толғай келе Абыздың барлық қырларын оқырманға айқын, жіте жеткізген.
Қайнар ауылының төріне қойылған ұлық билердің бірі болған тарихи тұлға Шоған Абыз бен оның ұрпақтары: Дәуім, Тұғыжым, Мәмбет (Алжан), Ұмбетке(Шажа) қойылған ескерткішке заманның талабына сай жаңаша үлгіде жөндеу жұмыстары аяқталуына орай, Абыз рухына Құран бағышталып, бата берілді. Салтанатты түрде ашылу рәсіміне жиылған қарақорым халықтың ішінен еңбегі еленген елағасы Стахан Белғожаев, облыстық маслихаттың депутаты, қоғам қайраткері Ызғарбек Бектұрсынов, Райымбек ауданы әкімінің бірінші орынбасары Мәдени Нұрдәулетов, аудандық прокурор Шәміл Құтелов, ұйымдастыру алқасының төрағасы Тұрарбек Төлендиев және сол ауылдан шыққан халық әртісі Қанатпен Айткүл Құдайбергеновтер, сондай-ақ, Кеген, Шонжы, Еңбекшіқазақ аудандарынан келген қонақтар мен Райымбек ауданының жұртшылығы қонақ болды. Қуанышымызға ортақтасып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
«Албан елі, Сүйерқұлұлы Шоған абыз бабамыздың мыстан құйылған еңселі кесенесі аспантаулар етегінде, Хантәңірі баурайындағы осы Қайнар ауылында ұрпақтарының бастамасымен және ел-жұртының қаражатына биік тұғырға 2001 жылдың 11 тамызында орнатылған болатын. Ең алғаш Меліс Бұғыбаев, Серік Ретаев, Майра қарындасымыз, сол кездегі аудан әкімі Бағжан Сабаншиев және Сатыбай Құныпияұлы, Ілияс Дәркенбайұлы сынды бір топ азаматтар ескерткіштің бой көтеруіне ықпал еткен болатын. Ал мүсінді мыстан құйып, өз шеберханасында жасаған Құрақбай Егізбаев деген бауырымыз еді. Міне, содан бері 17 жыл аралығында кесене табиғаттың төрт мерзімінің үрдісіне төтеп бергенмен, өзінің алғашқы қалпынан тозыңқырап, көркі де, сымбаты да кетіп қалған еді. Еркерткішті қалпына келтіру үшін ауыл әкімдігінің біраз тер төккенін жоққа шығаруға болмайды. Жөндеу жұмыстарын жүргізу бағытында біраз азаматтарымызбен бас қосып, өңі кеткен кесенені сапалы гранит тастармен қалап,сынған жерлерін қалпына келтіріп, бояп, кесененің ауласын кеңейтіп, гүл, газон, қарағай ағаштарын отырғызып, жарық түсіруге, сонымен қатар ауласын қоршап әсемдеп безендіруге жоспар құрып, жұмысқа білек сыбана кірістік. Әрине бұндай жұмысты атқару үшін қыруар қаражат керек екені белгілі. Сол себепті осы жылдың 8 тамызында есеп шот ашып, абыз бабамыздың ұрпақтары, ел жанашырлары болып қолдан келген көмектерін беріп, аз уақыттың ішінде жиналған қаражатпен бастаған ісіміздің нәтиежесін көрдік. Ендігі жерде, бұл қассиетті жерге мейірімділікпен қарап, әрі күтіп, күнделікті назар аударуға тура келеді. Бұл шараларды ауыл азаматтары мен ауыл әкімдігі ұмыт қалдырмайды деп сенеміз» — деп абыз бабамыздың ұрпағы ҚР денсаулық саласының үздігі, қоғам қайраткері Тұрарбек Төлендиев кесененің тарихын толғап, ауыл азаматтарына сенім артты.
Сонынмен қатар, Қайнар ауылының әкімі Серік Шалов салтанатты жиынға жиналған көпшілікке алғысын айта отырып, абыз бабамыздың ескерткішінің жаңалануына атсалысқан азаматтарды алғыс хаттармен марапаттап, шапан жауып сый құрмет көрсетті. Шуағын шашқан шұғылалы күнгі шарапатты шара бабамызға арналып берілген астың дастарханына жалғасты.
Рухани жаңғыру аясында қолға алынған бұл жұмыс тек ескіні бүтіндеп, қайтадан жаңалау емес, сонымен бірге сананың, ой-өрістің жаңғыруы мен халықтың әл-ауқатының да дамуы десек те қателеспейміз.
Айнаш Әлдибек,
Қайнар ауылы
0 Пікір