ШЕЙІТ

    1987 жыл. Қаңтар айы. «Қазақстан коммунисі» журналында жұмыс істеп жүрген кезім.  Телефон шыр ете түсті. Әшірбек Көпішев ағамыз екен.

– Кезінде «Лениншіл жаста» бірге қызмет істедік. Сондағы үш жыл ішіндегі  тізе қосып тындырған тірлігімізді әлі ұмытқаным жоқ, – деп бастады ол кісі аман-саулықтан кейінгі әңгімесін. – Сол уақыттағы еңбекқорлығың есіме түсіп саған бір өтініш жасағалы отырмын.

– Айтыңыз.

– Республикамызда студент-жас­тар өміріне арналған «Арай» – «Заря» атты қос тілді жаңа журнал шығайын деп жатыр. Сол мәселеге ­байланысты Мәскеуден келіп тұрған бетім осы. Онда ВЛКСМ Орталық Комитеті мені аталмыш басылымға редактор етіп бекітті.  Орынбасарым орыс жігіті болмақшы. Ал жауапты хатшының орны бос. Соған келсең, қайтеді?

– Жоқ, – дедім мен бірден. – Болмайды.

– Неге?

Осы  жерде оқиғадан сәл озып, жағдайды оқырманға түсіндіре кетейін. Мәселе былай еді. Ол уақыт менің «Лениншіл жаста» табан аудармай 14 жыл жұмыс істеген соң, «Қазақстан коммунисі» журналына жаңадан ауысып келген кезім болатын. Яғни бұл жерде қызмет істей бастағаныма  бар-жоғы 9 ай ғана толған еді. Соған қарамай басылым басшысы Кәкімжан  Қазыбаев  ағамыз жастар газетінде шеше алмаған тіршілік түйініме нүкте қойып,  үш бөлмелі үй алып берген болатын. Әрі жұмысқа жаңадан келіп,  әрі пәтер алып жатқан менің жоғарыдағыдай өтінішке: «Жоқ, болмайды», – деп жауап беруім содан еді. Егер: «Жарайды», – деп елп ете түссем ел не дейді? «Табанының бүрі жоқ неткен жан бұл? Келді де кетті. Кімнің тарысы  піссе,  соның тауығы екен  ғой…» демей ме.

Мен Әшекеңе осы жағдайды тілімнің жеткенінше түсіндіріп,  шақырған жұмысына  бара алмайтынымды айттым. Уәжімнің орынды екеніне көзі жеткен ол кісі: «Онда бұған кім лайықты деп ойлайсың?» – ­деген қарама-қарсы сұрағын қойып қалды.

Есіме ҚазТАГ директорының орынбасары Нұрмахан Оразбеков пен өзіміздің бас ­редакторымыз Кәкімжан Қазыбаевтың әңгімелері түсті. Ара-тұра жүздесулерде Нұрағаң: «Бізге Алтынбек пен Бағылан деген екі жас жігіт жұмысқа келді. Екеуі де алғыр, тындырымды. Келбеттеріне қарасаң көз тояды. Қазақ балалары кішірейіп, шөжіп кеткен мына заманда көңілге демеу ғой бұл сабаздар. Әсіресе Алтынбектің жүріс-тұрысы мен қарым-қабілеті ерекше. Мәскеудің мектебі деген осы-ау…» – десе, лездемелердегі пікір алысуларда Кәкең: «Маған Марат Тәжин және Алтынбек Сәрсенбаев деген екі жігіт кезек-кезек мақала әкеліп жүр. Біреуі орысша, екіншісі қазақша жазады екен. Тақырыптары тың. Мәселені тереңнен қозғайды қасқалар. Батылдықтарына бас шайқамасқа болмайды. Қазіргі қайта құрудағы жаңаша ойлау машығы осы-ау, сірә», – дейтін.

Бірі ақпараттың атасы саналған алып агенттікте шашын ағартқан, екіншісі кезінде республикамыздың бас идеологы болған жоғарыдағы Нұрмахан мен Кәкімжан ағаларымыздың әлгі сөздері есіме түскен мен Әшекеңе осы жайды айттым. Әңгіме сонымен бітті.

Арада апта, одан кейін арбаның дөңгелегіндей айналып айлар өтті. Бір күні ертемен жұмысқа келе жатып киоскіге бұрылсам, оның әйнек жақтаушасынан «Арай» – «Заря» атты мұқабасы әдемі журналды көзім шалып қалмасы бар ма?! «Жақсыны көрмекке» деген. Жаңа басылымның тұңғыш нөмірін сатып алып, кабинетке келіп қарасам: «Редактор – Әшірбек Көпішев, редактордың орынбасары – Василий Столяров, жауапты хатшы – Алтынбек Сәрсенбаев» деген фамилиялар тұр!

…Бұл жерде былайғы жұрт: «Автордың маналы бері ақ тер, көк терге түсіп, болымсыз нәрсені сағыздай соза баяндауға күш салғаны несі?» деп осы жолдардың иесін қыжырта кінәлауы мүмкін. Иә, әбден мүмкін. Мәселе осы «болымсыз нәрседе» болып тұр, құрметті оқырман. Бұлай дейтінім, бірінші, Алтынбектің «Арай» – «Заря» журналына жауапты хатшы болуы қалай дегенде де оның болашақ басшылық жұмыстағы бірінші баспалдағы болатын. Екінші, республикалық студент-жастар басылымындағы бұл лауазым қазіргі өлшеммен алып қарағанда бәлендей үлкен болып көрінбегенімен, сол кез үшін ол ерекше бағаланатын. Өйткені 80-ші жылдар газет-журналдардың бүгінгідей саңырауқұлақша қаптаған кезі емес-ті. Қазақ тіліндегі басылымдар өте аз еді. Ал олардың басшылық сатыларына номенкулатуралық резервте тұрған небір жампоздар жігіт ағасы дерлік жаста-тын. Бәсеке мен таңдаудың сондай күшті кезінде өзі өте аз бұқаралық ақпарат құралдарының біріне 24 жасар жігіттің басшылық қызметке келуі үлкен оқиға еді. Салыстыру үшін айтайық, 40 жастағы ғылым кандидатын «жас ғалым» деп есептейтін сол кездегі қоғамды көз алдыға елестетіп көріңізші… Міне, сондай уақытта адам атаулыны алыстан танитын асыл ағаларының көзіне түскен азамат еді Алтынбек.

…Жә, содан екі жыл өткен соң ол маңдайы жарқырап студенттер мен жастардың жаңадан ашылған «Өркен» – «Горизонт» атты қазақ және орыс тілдерінде шығатын апталығының бас редакторы болды дейсің! Бұл 1988 жылы еді. Ол кезде Алтынбек 26 жаста-тын. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздік алып, елімізде ақжарылқап күн туғанда, ең алдымен Үкімет Кеңсесі жасақталып, құрыла бастады. Сол кезде, яғни 1992 жылдың қаңтарында 30 жасқа енді іліккен кейіпкеріміз республика Министрлер Кабинетіндегі Мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. ­Содан бір жыл өткен соң Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі болып, биік баспалдаққа бір-ақ шыққаны бар.

Ол бір қиын уақыт еді. Өтпелі кезеңдегі өлара шақ қой, айтайық деп отырғанымыз. Азық-түлік пен киім-кешек тапшылығы және жұмыссыздық пен қылмыстың өршіп, адамгершілік құндылықтардың жоғала ­бастауын былай қойғанда, түпкі ойлары жат секталар мен кеудемсоқ пиғылдағы шовинистік ұйымдардың құрылып, бас көтере бастаған кезі-тін бұл уақыт. Республикада Орал казачествосы мен Целиноградтағы славяндық «Лад» қозғалыстары қауіп төндіріп, чешендердің Шығыс Қазақстандағы Ключи оқиғасы алаңдатып тұрды. Мұның сыртында ниеті мен пиғылы бұзық шетелдік қорлар қаржыландыратын «Караван» басылымы мен «КТК», «Таң» сияқты жекеменшік телеарналардың қитұрқы әрекеттері қаншама еді десеңізші. Осылардың барлығы, міне, сол 1991–1993 ­жылдары алдымен ­республика Министрлер Кабинетіндегі Мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі болған, содан кейін Баспасөз және бұқаралық ақпарат министріне тағайындалған Алтынбек Сәрсенбаевтың иығына ауыр жүк болып түскен-тін. Айтпақшы, «Караван» газеті демекші…

1994 жылғы қаңтар айының соңғы күндері еді. Бір топ мемлекеттік газет-журнал өкілдері министрлікке шақырылдық. Бізді өзінің кабинетінде қабылдаған Алтынбектің сөзі өте қысқа әрі нақты тапсырма беруімен есте қалды. «Өздеріңіз білетін мына «Караван» газеті, – деді түйіле отырып сөз бастаған ведомство басшысы, – шектен шығып барады. Ел мен жерді мысқылдап, әжуаға айналдыруда. Тәуелсіздігімізге тіл тигізіп, Мемлекет басшысына оспадар сөздер айтуда. Осыған қалай тосқауыл қоюға болады? Бұл бассыздықты қалай тоқтатамыз? Міне, соған бәріміз бірігіп жауап іздеп көрсек деймін. Ойланып-толғануға бір сағат уақыт беріледі. Осы мерзімде туындаған пікір, тұжырымдарыңызды БАҚ басқармасының бөлмесіне барып жазып, менің көмекшіме әкеп берулеріңізді өтінемін. Ал одан кейінгі шаруа… Бұл енді біздің жұмысымыз.

Ол кезде мен «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары едім. Ой қорытуға «Советы ­Казахстана» басылымының басшысы Юрий Андреевич Тараков екеуміз қатар отырдық. Әріптесімнің не деп жазғанын білмеймін, өз басым сонда: «Караван» Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінен тіркеуден өтті емес пе? Сондықтан оның осындағы тәртіп ­бойынша қалдырылып, сақталатын бір дана Жарғысын алып қарау керек. ­«Газет немен шұғылданады, бағыт-бағдары қандай болады?» – деген бапқа не деп жазылды екен? Егер Жарғыдағы сөздері мен өмірдегі істеп отырғандары бір-бірімен қабыспай, бөлек-бөлек болса, онда «Караванның» осындай жанды жерінен ұстауға болады», – деген пікірді қағазға түсіргенім есімде.

Содан 4-5 күн өткен соң қызық болды. Ел-жұртты шулатып, ешкімге ерік бермей жүрген «Караван» Алматы киоскілеріне түспей қалды. Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға-тын. Екі күн солай болды. Тек аптаның аяғынан бастап қана оны таратушылар көшелерде ақырындап көріне бастады. Сөйтсек, Жарғыдағы көрсеткен талапты өрескел бұзғаны үшін атышулы газеттің шығуына Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі тыйым салыпты. Ал сол жетінің аяғында көшелерде пайда бола бастаған газет ол Қырғызстан астанасы Бішкекте уақытша келісіммен басылып, содан жасырын әкелінген тираждар болып шықты. Мұны бізге айтқан министрліктегі бөлім бастығы Аида Абнизова деген келіншек еді. «Министр рахмет айтып жатыр, – деді ол жоғарыдағы оқиғадан он шақты күн өткен соң. – «Караван» өзінің Жарғысындағы: «…Газет саясатпен айналыспайды, рекламалар жариялап, коммерциямен шұғылданады, танымдық мақалалар жариялауды өзіне негізгі бағдар етіп алады», – деп жазған екен. Біз бұл басылымды, міне, осы талапты орындамағаны үшін уақытша жауып, тәртіпке шақырдық».

Министр Алтынбек Сәрсенбаевтың «Караванды» тәубесіне келтіріп, шектен шықпауын қатаң ескерткен кездері жалғыз жоғарыдағы ғана шара емес дер едім өз басым. 1995 жылдың көктеміндегі бір жиналыста ол оның басшыларына көзін тіктей қарай отырып: «Осы отырған көпшіліктің көзінше сіздерге мынаны ескертіп айтқым келеді. Мені жұмысыма байланысты сынаңыздар. Келісемін. Сол жұмысымдағы түрлі кемшілігімді жазыңыздар. Қарсылығым жоқ. Бірақ сын мен сынау осы екен деп ата-анама, бала-шағама тиіспеңіздер. Қызмет пен отбасы екеуі екі басқа дүние. Маған соңғысы қымбат. Ол – ар-намыс мәселесі. Сондықтан мұндай жағдай қайталанса, мен Тәуелсіз Қазақстанның жаңа заңдары негізінде сіздерді сотқа беремін. Өйткені «Известия» газетіндегі Ардаев секілді тілшілердің заманы өткен. Осыны біліп қойыңыздар», – деді. Мына сөзден кейін «Караван» жақтан айтылған жауап сөз де күні бүгінге дейін санамда жаңғырып тұр. Ол сол кездегі жоғарыдағы құрылым басшыларының бірі Борис Гиллердің уәдесі еді. «Мәселе дұрыс қойылып, дұрыс қозғалып және өз уақытында дұрыс ескертіліп отыр, – деді сөз иесі. – Мұны енді алдағы уақытта ұмытпайтын боламыз».

…Мақаламды Алтынбек туралы тағы бір мынадай есте қалған жайтпен жалғастырғым келіп отыр. 90-шы жылдардың аяғына қарай Алматыдағы жағдай қатты күрделеніп кетті. Жұмыссыздық белең алып, еңбекақы айлар бойы берілмей жатты. Қалада электр жарығы жиі сөніп, үйлерге жылу беретін жүйені сатып алған шетелдік «Трактабель» компаниясы жұртты қатты жауратты. Колхоз, совхоз тараған соң қаңырап қалған ауылдардан бері қарай босқан жұрт Алматының тыныс-тіршілігін одан әрі қиындатып жіберді. Көшеге шықсаң, ызалы кейіп. Автобусқа кірсең, ұрыс-керіс. Түн болса бітті, ұрлық пен қарлық. Осындай жағдайда, яғни 1997 жылдың қарашасында астана Ақмолаға көшті. Алдыңғы лекпен Ауыл шаруашылығы, одан соң Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі қозғалған. 1998 жылдың ақпанында «Қазақстан» телерадио компаниясының вице-президенті Сауытбек Абдрахмановтан хабар алдым. Елордада «Ақмола ақшамы» деген қалалық газет ашылыпты. «Соған бас редактордың орынбасарлығына келуге қалайсың? – дейді әріптесім. – Жұрт әлі көп ештеңені білмей жатыр. Елдің Алматыдан кеткісі жоқ. Бірақ түбінде тіршілік көзі осы жерден бастау алатыны анық. Қиындықтан қорықпай кел. Кейін кеш болады. Газет жаңадан ашылып жатқандықтан, үй беріп қалуы да ықтимал».

Мына сөзді естігеннен кейін: «Тәуекел!» деп, жалғыз өзім тарттым да кеттім. Пойыздан түскен бойда «Ақмола ақшамы» газетіне келдім. Қызметке қабылдандым. Жұмысты бастадым. Ұжым мүшелері әр жақтан жиналыпты. Тату болдық. Энтузиазммен еңбек еттік. Сөйтіп, газетті жұтындырып, ел оқитындай қызықты етіп шығарып жаттық. Бірақ қала әкімі Әділбек Жақсыбековтен хабар жоқ. «Үй беремін» деген сөзін жұтқан сияқты. «Қой, – дедім арада сегіз ай өткен соң. – Жағдай осылай бола берсе, жылдың соңына қарай еңбек демалысын алайын да ­Алматыма кетейін. Содан бұл жерге қайта оралмай-ақ қояйын». Осындай оймен жүргенде қараша өтті. Желтоқсан туды. Бір күні: «Егемен Қазақстанда» өзгеріс болып, Уәлихан Қалижан ағамыз басқа жұмысқа ауысыпты да, Ержұман Смайыл бас редакторлыққа тағайындалыпты», – деп естідік. «Е, жарайды», – дедік те қойдық бұл хабарға. Өйткені Алматыдағы «Егемен» қайда, біз қайда?.. Жан-жаққа бұрылып қарайтын шама жоқ. Қарбалас тірлік. «Енді екі аптаға шыдасам болды, үйге кетемін», – деймін ішімнен. «Ақиқат» журналындағы Ахат Жақсыбаев ағам: «Орныңа әлі ешкімді алған жоқпын, келсең қызметің дайын», – деген әнеу күні. «Жақсы!», – дегенмін ол кісіге риза болып.

22 желтоқсан еді. Күн суық. Кешкісін боран басталды. Баспаханаға ұшып-жығылып кірсем, артымнан екінші орынбасар болып жұмыс істейтін Талғат Батырхан телефон соғады шырылдап. «Ойбай аға, сізді министрлік іздестіріп жатыр» деп. Сұрастырған – ­Анатолий Гурский екен. Анатолий Степанович екеуміз «Совета ­Казахстана», «Халық кеңесі» газеттерінде қатар қызмет еткенбіз. Астанада ол сол уақытта Баспасөз және ақпарат министрлігіндегі департамент директоры-тын. Редакцияға келіп, телефон соқтым. Әріптесімнің аман-саулықтан кейінгі айтқаны: ­«Министр Алтынбек Сәрсенбаев іздеп жатыр. Мына нөмірге телефон соқ», – деген сөзі болды. Хабарластым. Алтынбек Президент сайлауының қарсаңында Елбасымен Семейдегі Жидебайға, Абай баба басына барғанын, жолда тұмау тиіп үш-төрт күннен бері ауруханада емделіп жатқанын айтты да, хал-жағдайымды сұрады. Содан соң «Астана ақшамының» макеті мен материалдарының мазмұнына, авторлар контингентіне көңілі толатынын айта келіп: «Енді онда сіз істейтін ештеңе қалған жоқ. Газет үлкен жолға түсті. Сондықтан ертеңнен бастап «Егемен Қазақстанға» бет алғаныңыз дұрыс болар. Біз солай деп шештік. Бас редакторға орынбасар болып барасыз. Қол қойған бұйрығым вице-министр Бектұрғановтың алдында жатыр. Соны алыңыз да таңертең Алматыға ұшыңыз», – деді.

Қайран, азамат-ай… Астананың ақ боранды көшесіндегі аязда дірдектеп жүргенімде жасаған жақсылығыңды қайтіп, қалай ұмытайын!..

…Мен бұл мақаланы не үшін жазып отырмын? Ашығын айтайын, мұның үш себебі бар. Бірінші, 2000–2005 жылдар аралығында біздің осы «Егемен Қазақстанда» аға әріптес, белсенді авторымыз Нөгербек Мағзұмовтың Алаш арысы Әлімхан Ермековтен 1968 жылы магнитафонға жазылып алынған интервьюі жеке-жеке мақала болып, екі рет жарияланды. Сол уақытта Қарағанды облыстық радиосында жұмыс істеген Нөгербек ағамыз Әлекеңмен арадағы бұл әңгіменің эфирге жіберілмейтінін біле тұра, түбінде керек болар деген оймен сұхбаттасқан ғой. Сондағы магнитафон таспасындағы өмір, тіршілік туралы бір пайымдауында Әлімхан Ермеков: «Мойнымда Абайдың Тұрағұлының қарызы кетіп барады. Ол маған көп жақсылық жасаған адам еді. Соны мен елге айтып, артыма қалдыра алмадым. Оған уақыт ырық бермеді», – дейді.

Сіздер оқып отырған жоғарыдағы естелік жолдарын осы мақаланың иесі өзінің көңілінде титтей де дерлік сондай өкініш болмас үшін жазып отыр деп ойлаңыздар, құрметті оқырман! Адам көзі тірісінде өзі жақсы көрген, сыйлаған, қиын кезде қолұшын берген жандар туралы лебізін жұртқа үлгі етіп айтса, жазып қалдырса, қандай ғанибет! Сонда сенің кімнің алдында да бір парызың өтелгендей болады, жүзің жарқын жүреді. Бабаларымыз айтқан адамшылық парызы, мұсылмандық белгісі осы шығар, сірә!

Екінші. Димекең, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өмірдегі күтпеген жерден кездесіп қалатын қиын жағдаяттарды: «Екі адам білгенді ертең ел білмей тұрмайды. Сондықтан ештеңені жасырып-жаппау керек. Халыққа шындықты айту қажет», – дейді екен. Бірақ ­Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты қайғылы оқиғада, өкінішке қарай, олай болмады. Билік тарапынан ол бұлтарылды. Бүркемеленді. Сөйтіп, шейіт кеткен жанға обал жасалды. «Шейіт» сөзі мұнда тектен тек қолданылып отырған жоқ. Шын мәнінде бұл солай. Оны қай ұғымның да мәнін бәрімізден артық білетін Қабдеш Жұмаділов, Дулат ­Исабеков, Ғаббас Қабышұлы, Оразбек Сәрсенбаев, ­Тынымбай Нұрмағамбетов, Баққожа Мұқай, Смағұл Елубаев сияқты ағаларымыз сол 2006 жылы-ақ айтқан. Жазған. Солардың ішіндегі Мұхаң, Мұхтар аға Мағауиннің сөзі ерекше. «Біздің қазақта, мұсылманда «шейіт» деген қасиетті ұғым бар, – дейді көрнекті қаламгер. – Қысастық, қазаға ұшыраған жандар – шейіт. Ақ жолда, ұлт жолында, әділдік жолында қаза болған адам – шейіт. Алтынбек бауырымыз қай жағынан алғанда да солай. Шейіт. Әзіз шейіт. Амал жоқ… Ұлттық мұрат, ұлттық мүдде деген ұғым бар. Ұлы халықтарда да, кіші халықтарда да ұлт мәселесі жолында, тәуелсіздік жолында еңбек еткен адамдар бар. Олар ұлттық дәрежеде насихатталады. Бізге жетпей жатқаны – осы».

Неге?

Енді осы жерден келіп үшінші ой ­туады. Ол Алтынбек Сәрсенбаевты ауызға алып айтып, жазудағы қолдан жасалған кедергі. Жоғарыда біз есімі елге елеулі тұлғалар арыс азаматымыз жөнінде мерзімді баспасөзде қадери халдерінше қалам тартты дедік. Ішінде өзіміз де бар ол материалдардың нақты саны – 46. Міне, осыларға жоғарғы жақтан ескерту жасалып, доқ көрсетілген жоқ қой. Егер ондай жағдай болса, олар газет-журналдарда жарияланбас еді. Мәселені бөгде бағытқа бұрып жүрген басқалар. Өйткені Алтынбекке көше, мектеп атын беру жөнінде мәселе көтеріп өкімет орындарына барған ­бастама иелерін қабылдайтындарға: «Жер-жердегі қоғамдық пікір бойынша былай етейік деп едік. Бірақ бізден де жоғары отырғандар олай істеткізбеді. Білмеппіз. Бұл ауызша бұйрық берілген жабық тақырып екен ғой», – деген сылтау керек болды. Алғашқы кездерде, мүмкін: «Байқаңдар!» деген сөз болған шығар. Өйткені жел соқпаса, шөп басы қимылдамайтыны анық. Бірақ одан бері қай заман… Міне, шенеуніктер қоян жылғы сол сөздің құрсауынан әлі шыға алмай келеді. Сөйтіп, атқарушы билік баспалдақтарындағы олар: «Жаңбырлы күні терек бір жауса, жапырақ екі ­жауады» дегеннің керін келтірді. Мұны біз бишігештердің әсіре сақтығы дер едік. Иә, солай. Олар бұл әдістің өздеріне тиімді екенін білді. Білген соң солай істеді. Сөйтіп, аталмыш жағдайға байланысты жолданған хаттардан, аманат арқалаған адамдардан құтылу үшін «ауызша нұсқау», «жабық тақырып» атты аңыздарды ойлап тапты. Осылайша, бір тобы зейнетке жеткенше, екінші тобы кешегі оқиғадан кейін әлдері кеткенше өздерінің қолдан жасалған жоғарыдағыдай қамалдарының қалқасында отырып, асыл азамат ауылдастарының түрлі тілек, өтініштерін алға жібермей келді. Шенеуніктердің өстіп жалпылама сөйлейтіні жаман. Жіптің ұштығын ұстай алмайсың.

Әйтпесе Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты барлық мәселені осы бәріміз бірігіп шешіп тастамағанымызбен, оған байланысты тоңды жібітіп, сеңді сөгуімізге болады екен. Оған өмірден алынған мына мысал дәлел. 2019 жылдың тамызында Алматы облысындағы Райымбек ауданының орталығы Нарынқолда үлкен рухани іс-шара өтті. Ол осы ауылдың перзенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Баққожа Мұқайға мәдениет үйі атының берілуі еді. Кештетіп біткен жиыннан соң журналист Рысбек Сәрсенбай аудан әкімі Жолан Омаровқа бұрылып, бір әңгіме бастады. Әріптесімнің сөзіне қарағанда, жергілікті жердегі ынталы топ мүшелері Сарыжаздағы Алтынбек Сәрсенбаев оқыған мектепке ескерткіш тақта қою жөнінде бастама көтереді. Оған сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов рұқсат беріп, мәрмәр белгі сол білім ұясы қабырғасына ілінеді. Кейін, осы бертінде аталмыш мектеп ескі әрі тарлық ете бастаған соң жаңа ғимарат салынып, бәрі соған көшпей ме? Міне, сонда әлгі тақтаға: «Рұқсат керек» деген сылтау пайда болады. Сөйтіп, ол жаңа мектеп қабырғасына ілінбей қалады. «Сонда бұл не? Мұны қалай түсінуге болады?» деген Рекеңнің ренішіне: «Менің бұдан хабарым жоқ еді, аға, – деді аудан басшысы. – Кезінде дұрыс ұйғарым жасалып, шешімін тапқан мәселеге қайта рұқсат сұрау… Ол – жалтақтық. Біреулердің әсіре сақтығынан туған әрекет. ­Айтарым, сол ескерткіш тақта таңертең жаңа мектептің қабырғасында тұратын болады. Осы сөзім – сөз. ­Алтынбек Сәрсенбаев «халық жауы» емес қой. Сеніңіз маған!».

Ертесінде кері қайтуға жиналдық. Келген қонақтардың бір тобы Сарытоғай маңындағы Жарты баба кешенін барып көретін болды. Соларды түгендесек, Рысбек жоқ. Сөйтсек ол Алматыға тіке тартатын әріптестерінің ортасында екен. «Рахмет, – деді шақыруымызға. – Мен мына топпен Сарыжазға жетейін. Ондағы Алтынбек оқыған мектепке соғайын. Әкімнің кешегі уәдесі орындалды ма, жоқ па, өз көзіммен көрейін. Соны ойлап, соған алаңдап тұрмын».

Содан арада 2-3 күн өткен. Мен де ­ауылдан Алматыға қайтқанмын. Елордаға жүрер алдында әуежайдан Рекеңе телефон соқтым. Ойым – әріптесімнен әнеу күнгі өзі айтқан Сарыжаздағы жағдайды білу. Рекең көңілді екен. «Аудан әкімі Жолан бауырыма алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді ол кісі. – Өзіңмен сөйлескеннен кейін кештетіп Сарыжазға соқсам, ескерткіш тақта мектеп қабырғасында ілулі тұр. Мұндай қуанбаспын! Бірсөзділігі үшін азаматқа мың да бір рахмет!»

Бұдан түйер ой, егер Алтынбекті білген, егемендіктің елең-алаңындағы оның ерекше еңбегін көзімен көрген үлкенді-кішілі деңгейдегі әрбір басшы өз қолдарынан келгенін жасап, жалтақтамай әрекет етсе, талай игілікті іске жол ашылар еді. Жоғарыда айтқан Жолан Омаров, Алматы облысындағы Райымбек ауданының әкімі, міне, сондай жігіт болатын. Оның Нарынқол жұрты алдында берген уәдесінде арыс азаматқа арналған жыл сайынғы футбол турнирін өткізуден бастап, кіндік қаны тамған Қайнарда көше атын беру, ол оқыған Сарыжаздағы орта мектепті марқұмның есімімен атау, кітаптарын шығару сияқты бастамалар бар-ды. Осы жоспарын облыстық әкімдікке барып айтып, мақұлдаттырып жүргенде, пандемияның алғашқы толқынынан опат болып кетті.

Сөз ретіне қарай айта кетейік, жауап­кершіліктен қашқан билік өкілдерінің ел алдында көп айтатын бір жаттанды ақыл-кеңесі бар. Ол: «Бастама төменгі жақтан болсын» деген талап. Сол төменгі жақ – Райымбек ауданындағы әр ауыл тұрғындары емес пе? Олар 2018 жылдан бері бұл мәселені жергілікті жиындарда қол көтеріп, қолдап келеді ғой. Бұдан артық не керек? Мұндай іс-шаралардан Алтынбек Сәрсенбаев алғаш рет жоғары оқу орнына түскен, кейін қызмет жолын сонда бастап, табандылықпен еңбек еткен Алматы қаласының жұртшылығы да қалыс қалмас деп ойлаймыз. Ал Елордадағы жанашыр дос, әріптестері не дейді? Халықтан шыққан қайраткердің биылғы күздегі 60 жылдығына дейін біраз игілікті істер қолға алынып, жүзеге асса жақсы болар еді.

Республикалық «Ана тілі» газетінен,

7 сәуір, 2022 жыл.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password